КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
507 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Білегін сыбанып, үйдегі бар тізгінді Гуля өз қолына алды, әкеден қалған бар дүние-мүлікті мұрагері деп күйеуіне заңдастырып қойды, сатқызатынды сатқызып, қалғанын өз атына аударып, шетел машинасын мінді, екі сұлулық салоны, бір шаштараз, түрік товарының дүкенін ашып тастады.

Қарбалас қым-қуыт шаруа қамымен жүргенінде Шегір жолыға кетіп, сезімін астан-кестең шығарды. Ынтық болып іздейтін, қайда деп алаңдайтын, кездесуге өзі шақыратын, көрмесе тұра алмайтын күйге ұшырады.

Ал, Гуляның бұл қылығын тез байқаған Шегір енді мұны саз балшықша илеп, айтқанын екі етпей орындайтын халге жеткізді. Бірге істейтін Жанна құрбысы банктегі үлкен ұрлықты күйеуімнен естідім деп айтып бергенде онша мән бермеген-ді.

Кешқұрым Жоржигі аласұрып, қарақшылардың алты миллион евроны тапа-тал түсте алып қашып кеткенін айтқанда аң-таң болды.

– Мұны істеткен банк бастығы болуы мүмкін. Сені де орныма қойып қояр-ау деп әдейі қол қойдырып, құртып жібермек болды. Ол қасқабас бастығыңнан бәрін күтуге болады – деп Гуля өз ойын айтты.

Шегір ертесіне мұны сылқым келіншектен естігенде миығынан күліп сыр бермеді.

– Жаным, саған сырымды да, шынымды да айтайыншыы. Күйеуімнің жанына жатқым келмейді, жиіркенемін. Дача, осындағы бір үйін сатқызып кредитімнен құтылған соң, жеке пәтер сатып алып одан біржола кетемін, – деп бұған үздіге қараған.

– Қаланың өзің ұнатқан жерінен қалаған пәтерді өзім сатып әперемін саған жаным, – деп Шегірдің көзі қылиланып, бұлқынған келіншекті құшағына тартты. – Мен біраз күн сапарға барып келемін, әзірге жарата тұр – деп бір миллион теңге ұсынды.

Гуляның көздерінде зымиян от ұшқындары құбыла ойнап, қылықтана сыңқ-сыңқ күліп Шегірді өліп-өшіп аймалай бастады.

Арада он шақты күн өткенде қалта телефонына Шегір қоңырау шалып:

– Жаным, мені абақтыға қамап қойды. Бәрі жала. Әлгі өзіңде істейтін келіншекке айтқың, күйеуі көмектессін маған. Менің еш қылмысым жоқ, подстава! – деп жатқан жерін айтып, әңгімесін қысқа қайырды.

Дәл мұндай сұмдықты күтпеген еді.

Сең соққан балықтай әрі-сәрі күйде жүріп, сенерін де, сенбесін де білмей, кешке бұл хабарды күйеуіне айтып еді, ол жылан шаққандай шоршып түсті.

– Мұны саған кім айтты?

– Жанна. Подполковник күйеуінен естіпті. Пәтер тонап жатқанда қолға түскен дейді. Тіпті сенбеймін, ол үлкен бизнесмен емес пе еді?

Жарас көзі жыпылықтап, дереу үйден шығып кетті.

Құстай ұшып Боксшыға жетсе, ол жаңа пәтерге көшіп алып, мәре-сәре балаларын ойнатып отыр.

– О, кел-кел! Төрлет! Міне, жаңа үй алдық! Жақында келіншегіңмен шақырып, біраз дос-жаранның басын қосып, шәй береміз.

– Асығыспын! Далаға шығып сөйлесейікші! – деді бірден.

Есік алдында жаңа салынып жатқан балалар алаңында бұл хабарды естігенде басына жай түскендей Боксшы сәкіге сұлқ жүрелеп отырып қалды. Біраздан кейін бәрін тәптіштеп қайта-қайта сұрады.

– Шегірдің бұл не қылғаны? Қалай ғана қазір ұрлыққа барды? Бұл сұмпайы нені ойлады, ә? Бізді алдамақ па? Қудың соңы – сұм болады.

Өз-өзінен күбірлеп, ары-бері жүргіштеп, тас талқан ашуланды.

– Жүр кеттік! – деп Шәлтікті добалдай қолымен қышқыштай қыса ұстап, долданып шыға келді.

«Волга» машинасын Фараби көшесімен қайықтай зырлатып, тауға өрге бұрылып, «Горный гигант» ауылын тіке тіліп өтіп, тау етегіндегі бұралаң қара жолға түсті.

Екі көзі отша жайнап, Боксшы тістеніп, ойы сан-саққа жүгірді.

Шегір ұрлықпен түссе, бұрын бірнеше мәрте отырғаны бар, қанша жылға сотталады? Бәрін кесіп-пішіп, біткелі тұрған үлкен шаруаны тас талқан еткенін қарашы. Үш бөлме үй алып, ішін жаңа дүние-мүлікке толтырамын деп оңбай қарызға батты. Қап-ай, қап!..

Ғұмыр бойы қысқа жіп күрмеуге келмей, жоқшылық пен жетімдіктің зарын тартып, қу сүйегінен өтті-ау…

* * *

Әлі есінде беске толар кезінде әкесі жетектеп әкеп Алматының төмен жағындағы жетімдер үйіне тапсырды. Шомбал денелі, тақыр бас әкесі:

– Балам, келіп тұрамын. Қайтейін, шешең қайтыс болмаса, сені осында өткізер ме едім. Өзім күн-түні шахтадамын, алып кетемін кейін, – деп қоштасарда көріктей кең кеудесіне қысып, жыламсырағаны көз алдында.

Жып-жылы, шуақты көкесі құшағынан ажырағанда өкіріп жылап, ақ халат киген толық әйелге бой бермей, ұстаған қолын күшпен тістеп, қашып шығып соңынан жүгіріп шықты. Алабажақ кір-кір қар жамылған сыртта жан адам жоқ, ары-бері жүгіріп, биік көк темір қақпаны тоқпақтады. Соңынан жүгіріп жеткен екі-үш тәрбиеші мұны жұлқи тартып, дедектете сүйрей жөнелді.

Бағанағы қолын тістеген толық әйелге алып келгенде ол шапалақпен екі тартып еді, жұлындай ұшты.

– Сен детдомның директорын жаралағансың ба? – деп еркек кісі жатқан жерінде үстіне міне түсіп, тұншықтыра мытып-мытып алды.

Бір ай бойы физрук пен тәрбиешілерден әбден таяқ жеп, ақыры мөнді-мөнді боп, мұрнын қорс еткізіп қойып, осы жердің тәртібіне мойынсұнды.

Күндіз-түн әкесі есінен кетпейді, одеялды түнде тарс жамылып алып, жабырқап, мұңайып, ішін шер кернеп, әкесін ойлап, сағынғаны-ай!..

Титтей жүрегі тілім-тілім болып, сор мен мұңға малынып, ешкімге жоламай, тұйықталып, біреу тиіссе өліспей беріспейтін шақар баладан бәрі тайсақтап жүреді. Ағаш біткеннен сары ала жапырақтар үзіліп, жол бойын, сылдырай аққан арықтағы су бетін жауып тастаған жып-жылы маужыраған күзді күні әкесінің келгені бар емес пе?!

Өзі қатарластарымен қара тер болып футбол ойнап жүргенде:

– Ахмет! Папаң келді! – деп бір бала айтқанда жатаханаға құстай ұшты.

Ағаштар аясындағы сәкіде отырған әкесі түрегеп бұған қарсы жүрді. Құйындай жүгіріп, кең құшаққа кіріп, көзінен жасы бырт-бырт үзіліп жылап жіберді.

«Бір жыл бойы неге келмедің? Қайда жүрсің жан әке! Сенен басқа менің кімім бар? Сені сағынып, сарғайдым ғой? Күндіз есімнен, түнде түсімнен шықпайсың. Мені алып кетуге келдің бе?».

Өкісіп-өксіп ол ішкі зарын айта алмай тас қып құшақтаған күйі айырылмай бүкіл жан-дүниесі тебіреніп теңселіп, егілгені-ай…

– Балам, алтыным!.. Қоя ғой, қане!.. – деп көкесі дауысы қарлығып шашынан иіскеп, арқасынан сипалап әзер тыныштандырды.

– Папа, мені алып кетесіз бе? – деді бірден жұлып алғандай.

– Бұрын «Көке» деуші едің ғой құлыным…

– Осы жердегі балалардың бәрі әкелерін «Папа» дейді.

– Ахмет, алтыным! Танысшы жаңа мамаңмен, – деп сәкіде отырған әйелге дейін көтеріп әкелді. Қобыраған шашын бос жібере салған келіншек топ толық көрінді.

– Мамаң жақында бөпелі болады. Текелідегі шахта жабылып, бізді

Қарағандыға алып кетті. Жақында үй береді деп күтіп отырмыз.

Әкесі жапақтап толық келіншекке қарай берді.

– Қарағым, қарның ашқан жоқ па? Міне саған тамақ әкелдік, – деп жаңа мамасы бір сөмке ұсынды. –Ахмет, шырағым, келе қойшы, – деп орнынан ауыр түрегеліп келіп, қайратты тікірейген шашынан сипап, бетінен сүйді. Бала келіншекке мейірлене елжірей қарады.

– Мама! Маматай мені алып кетіңдерші, – деп құшақтай алды.

– Қарағым-ай, үйіміз болмай тұр ғой. Папаң үй аламын деп шахтадан шықпайды, қап-қара боп, азып кетті. Қалай пәтер береді сені алып кетеміз.

– Мама ішіңіз бүлкілдейді…

– Бөпе ғой, бауырың. Сені танып, қуанып жатыр. Құдай қаласа бәріміз бір шаңырақта мәре-сәре болып отырамыз, – деді жаңа мамасы.

– Балам, сәл шыда. Мә, балмұздақ алып же! – деп әкесі үш сом ұсынды.

– Папа, міне былтыр сіз берген бір сомды әлі сақтап жүрмін, – деп қалтасынан баяғы сарыжағал ақшаны алып көрсетті.

– Алда қарағым-ай!.. Алтыным-ай! Сен көп боласың, көбейеді екенсің. Қазір келемін, – деп әкесі тапырақтай сыртқа шығып кетті.

Толық әйел бірден ұнады, дорбадағы өзі пісіріп әкелген тамақтарынан дәм татқызды.

– Әкең сені аузынан тастамайды, келер жылы Қарағандыда оқуға бірінші сыныпқа барасың. Мына бөпені өсіреміз, үйлі боламыз, – деп майдан қыл суырғандай әңгімелеп отырғанда папасы келді.

– Міне, жолдастарыңмен бірге бөліп жеңдер! – деп бір корзина толы балмұздақ әкеп берді.

– Айналайын, балам, тәртіпті бол! Жаңа детдом директоры сені бұзық, тентек деп жатыр – деп әкесі қап-қара болып кеткен күректей алақанымен беті-басын сипалады.

– Қарағым, күт, жақында алып кетеміз. Қандай сүйкімді баласың, – деп аяғы ауыр жаңа мамасы маңдайынан сүйгенде бүкіл денесінде ыстық ағыс жүгіріп, мейірім шуағын аңсаған жүрегі тыпырши соқты.

Кемпірқосақ секілді әп-сәтте тез көрінген әкесі мен жаңа мамасы жанында шәй қайнатым уақыт қана болып, асығып кетіп қалды. Іші уылжып, әкесі отырған сәкіні сипалап, сағынатын, сарғайып ойлайтын болды.

Күн күтті, түн күтті, ай ауысты, жылжып жыл өтті, папа-мамасынан еш хабар жоқ.

Жеті жасқа толғандарды жаңа жетімханаға ауыстырарда қаз-қатар тұрған олардың әрқайсысының басын сипап, арқасынан қағып қоштасқан директор қол соза бергенде баданадай ала көзімен от шашқан Ахмет:

– Керегі жоқ, – деп білегімен қағып жіберді.

– Әй, мына жүгірмек не деген кекшіл. Түбі кісі өлтіреді, – деп директор өрттей қызарып, ашуланып шыға келді.

Жуан-жуан діндері қабыршық-қабыршық қалың бұтақты ағаштарға оранған Бағанашыл деген қаланың тау жағындағы ауылдағы екі қабатты балалар үйіне әкеліп табыстады.

Бұл тұл жетім балаларға арналған жатақханасы, асханасы бар жетімхана. Ал, мұндағы балалар мектебі жоқ болғандықтан көрші «Горный гигант» деген жердегі мектепке шұбырып барып, тізіліп келіп, қатынап оқиды.

Ә деп келген күні өзімен бірге ала келген заттарынан жұттай айырылды. Аласұрып іздегенімен таба алмай жүргенде қыли көз ұзынтұра бала:

– Не іздеп жүрсің? – деп сұрады.

– Сөмкемде сақтап жүрген заттарым бар еді, біреу алып алса керек.

– Мен де бірінші сыныпқа барамын. Енді бірге оқитын боламыз, – деп жыпылдап бұған жақындап, айналшықтап шықпады.

Жаңа балалардың бәрін жинап таныстырғанда:

– Ахмет Жүнісов – дегенде ортаға шықты.

– Борис Иванов – дегенде әлгі қыли көз ұзынтұра қасына келіп тұрғанда:

– Сен орыссың ба? – деп таңқала сұрады.

– Жоқ, таза қазақпын. Сельсовет осылай деп жазып, детдомға өткізіп жіберіпті, – деді жақтырмай қарап.

Арада оншақты күн өткенде бұл баяғыда әкесі әкеп берген құйтақандай бәкісін қыли көз баладан көріп қалды. Дереу бас салып:

– Аһ, оңбаған ұры сен екенсің ғой! – деп төбелесе кетті. Анау да шамдағай әрі ұзын ә дегеннен мұны ұрып құлатып, тепкілей жөнелді.

– Сен менің кім екенімді білмейді екенсің. Мен түрмеден келгенмін, балалар колониясынан, жасым сегізде. Сен күшікті андағы бәкіңмен бауыздап тастаймын! – деп бұрылып кетіп бара жатқанда бұл жаралы қабыланша соңынан атып тұрып, арқасына асыла, екі қолымен мойнынан қыса, қылқындыра бастады. Анау мұндайды күтпей, әп-сәтте есеңгіреп, қиралаң етіп құлап түскенде, бұл оның көзі-басынан ұрғылай бастады.

Қан-қан болған екеуін тәрбиешілер келіп ажыратпаса бұл Борис Ивановты қанша ұрары белгісіз еді.

– Сені өлтіремін! – деп дірілдеп-қалшылдап, долданған оны әзер ажыратып алды.

Қыли көз баланың жанбақы сумақай ұры екенін біліп, бойын аулақ салып, жоламауға тырысатын болды. Анау да мұның ес-түссіз долылығы мен қайсарлығынан қаймығып, қайта беттемей қалды.

Бұл Қыли көз детдомнан қанша рет қашып кетіп, ұсталды. Базар, вокзалдарда ұрлық үстінде қолға түсіп, милицияда ерекше тізімге ілікті. Бесіншіден кейін ересек ұрылармен ауыз жаласып, қылмысқа барып, балалар түрмесіне екі-үш мәрте отырып келді.

Бүкіл жетімханадағылар одан зәрезеп болып, тәрбиеші, басшылардың өзі құлқиып өскен одан іштей қауіптенетін.

«Горный гиганттағы» мектепте сыныптастары арасында Жарас Нұрманов деген жыпылық көз бала көзге түсіп оқу озаты атанды. Алгебра, геометрия, тригонометрия дейсің бе, бәрін шемішкеше шағып қалалық конкурстарға қатысып, математиканың жұлдызы болды. Аққұбаша келген көзілдірікті нәзік баланы Шәлтік деп атап кеткенімен бәрі үй тапырмасын содан көшіретін.

Ахмет жетімханадағы спортзалдан шықпайды, жаттықтырушының көзіне түсіп, біржола бокспен айналысып кетті. Қолы бос болса жүгіреді, алас ұрып, стадиондағы турникке барып асылып, түрлі темір-терсек, зілтемірді көтеріп, алқын-жұлқын жаттығады да жүреді.

Жазғы демалыста атақты «Горный гигант» колхозының бітпейтін жұмыстарына жегіледі.

Жазғы демалыста тамызда оларды алма жинауға топырлатып алып келді. Апорт Алатаудың алқымындағы белгілі бір белдеуде ғана өседі, піскен кезде аңылжып иісі бұрқырап, қызылжиектеніп топ-топ үзіліп түсетіні бар.

Бесінші сыныптан жоғары оқитын әр баланың қолында бір-бір шелек, күніне он шелек алма жинауың керек. Жерге түсіп, бір шеті шірігені жарамайды, тек ақырын, абайлап сатымен шығып, қолмен үзіп алып, жайлап саласың. Бұл атақты күн иісі сіңген жемістер уақыт өте қызыл арайланып Мәскеу мен Сібірге әбден піскенде жетеді. Ахмет қай жұмысқа кіріссе де тындырымды, ұқыпты, бас алмай істей беретін еңбекқор.

– Ахмет, саған шешең келіп, шақырып жатыр, – деп бір ұзынсирақ бала алқынып жүгіріп келді.

– Қайда?

– Анау жол жағасындағы қоста.

Ұзынсирақ баланың соңынан құстай ұшты. «Шынымен шешесінің келгені ме? Анасы тірі екен ғой. Жан ана, осы күнге дейін бір келмей, көрмей, қалай шыдадың? Сені өліп қалды деп алдап, әкем басқа әйел алып алған ба сонда? Қамығып, жабырқап, мама-ау, сені сағынып, мұңға уатылып жүрдім ғой. Біржола жоқ болып кеттің-ау, қайран жан анашым деп жүрдім емес пе?».

Бақ жиегіндегі қос жанында қалқиып тұрған ақ орамал тартқан, қызыл пүліш камзол киген анасын сонадайдан көре сала көз жасын көлдей қылып, еңірей жылап, жүре алсашы. Шөкелеп отыра қалып жылады, қара жерге домалай кетіп, ары-бері аунап бетін басып булыға өксіді. Ішінде зар-запыран, шер шемен болған сағынышы, өкініші, өкпесі бәрі-бәрі көз жасы болып төгіліп жатты. Қарыс жердегі қосқа жете алсашы, буын-буыны босап, не жүгіре алмайды, не тұра алмайды.

Анадан артық, анадан ыстық не бар десеңші, бұл дүниеде!

Ықылық атып, боздап отырған мұны кең ескі қызыл камзолының етегі делеңдеп шешесі келіп қапсыра құшақтады.

Шешесінің ыстық құшағы, аялы алақаны, басынан иіскеп, шашынан сүйгені – қандай рахат, қандай ғажап! Мәңгі-бақи жан ана бірге болайықшы, мені алып кетші…

Жүрегі атқақтап, ол үндей алмай қос қолымен шешесін қапсыра тас құшақтап:

– Мама! Мама сенімен бірге кетемін! – деді егіліп.

– Боташым-ай!.. Құлыным-ай! Әпкемнен қалған асыл тұяғым-ай! – деп басын сипап жатқан әйелдің құшағынан атып шығып, анадай жерге барып, бақаның көздеріндей бақырайып, қарап қалды.

Қарсы алдында шешесі, жоқ шешесінен айнамайтын бір әйел тұр!

– Мамам емессіз бе? Мамам қайда?

– Мамаң баяғыда қайтыс болған, қарағым. Мамаңның жалғыз тал сіңлісі менмін, әпкемнен қалған жалғыз ұл – сенсің, шырағым… Уһ, сен бар екенсің ғой, іздемеген, сұрамаған жерім қалмады. Келе ғой, ботам. Келе ғой, – деп қайта бауырына басқан әйелдің иісі де, түрі де, сөзі де шешесінен айнымайды-ау, айнымайды.

– Оқу басталғанша сені алып кетемін. Біз Қырғызстанда, Тоқмақ деген жерде тұрамыз. Жүре ғой, ботам! – деп қайыстай қара бадырақ көз баланы ертіп, арықтағы суға екеуі бет-аузын жуды.

– Саған құрт әкеліп едім, балаларға таратып бер! – деп бір дорба берді.

Шүпірлеген жаутаңкөз жетімдегілерге бір-бір қол басындай сап-сары құрттан үлестіріп, әпкесінің қолынан ұстап, жолға шықты.

Жаз соңын қырғызда өткізді. Үйлері жағасында болғандықтан Шу өзеніне күнде шомылады, бөлелерімен асыр салып ойнап, күнге күйіп, әл-қуат жинап, ширап оралды.

Жылда оқу бітісімен нағашы әпкесі келіп алып кетіп, жазда қырғыз балалармен бірге өткізеді.

Жездесі – қияқтай мұртты қырғыз, үйде бәрі қырғызша сөйлейді.

– Әпкең, сенің шешең қандай керім жан еді. Істеген тамағы қандай тәтті десеңші, қолынан келмейтіні жоқ, шілтер тоқиды, кесте тігеді. Көп сөзге жоқ, мен сияқты емес тұйық еді шешең, – деп әпкесі кейде мұны шашынан сипап, құшақтап, көз жасын сығып алады.

Мектеп бітірісімен физкультура институтына түсті, біраз жыл Баронның қасында жүріп, күнкөрісіне пұл жинады. Диплом алар тұста үйленіп, пәтер жалдап, бөлек шығып кетті.

Әкесінен үшті-күйлі хабар жоқ, біресе Донбасқа, біресе Кузбасқа кетті деген ұзынқұлақтан еміс-еміс естиді, бірақ тірі ме, бар ма, бар болса қайда жүргені белгісіз.

Өзінің алған жары да алыс жақтікі, бірі жетіп, бірі жетпей жатқан көпбалалы отбасынан шыққан ыстық-суыққа көнімді жан. «Арманым балаларым көп болса!» – деген күйеуінің сөзін жерге тастамай екі балпанақтай ұл тауып берді, енді тағы да айы-күні жетіп отыр. Міне, көптен тілегені қабыл болып, үш бөлмелі үйге қол жеткізді.

Көңілі шалқып, өзін миллионер санап жүргенде Шегірдің абақтыға түсіп қалғанын естігенде ине жұтқан иттей аласұрды. Түрмеден шықпайтын алаяқтың бұл қай қулығы?

Ешкімге көрінбей, ештеңеге араласпай, көзге түспей тып-тыныш бұғып жатамыз дегені қайда? Дереу анау көмулі жатқан мол ақшаны алып басқа жерге апарып жасырып қоюмыз керек. Әйтпесе, кім біледі Шегір абақтыда отырып, біреулерге айтып қоя ма? Оның арамдығына құрық бойламайды, ешуақ сенуге болмайды. Енді Шәлтікті ертіп барып, тезірек басқа жаққа апарып тықпаса, ол жоқ қылуы мүмкін?

Мына шәлтиген банкирге де аузын құлыптап ұстауды айтып қоюым керек. Ана қысыр байталдай қағынған келіншегіне дым білдірмей, сездірмей, тек екеуі ғана біліп, ішке құпия сақтамаса бас кетеді. Болдырған көтерем аттай осы ақшаға жеттік-ау деген сәтте қия іс, қапылыс болмауы керек!

Мамырлаған жүкті әйелі, екі баласы үш бөлмелі үйде мәре-сәре болып, қуаныштары қойындарына симай гүл-гүл жайнап, шаттанып жайраңдап жүргенде Шегірдің мынауысы қай иттігі? Екі ай күтеміз дедік пе, келістік, енді ешкідей секеңдеп бір орында байыз таппай абақтыға не үшін, қалай ғана түсті?

Шәлтіктің жанында отырған Боксшы іштей қатуланып, ширығып, қара қабандай қорсылдап, ырсылдады.

«Горный гигант» ауылынан өтіп, ирелендеген тау жолына түскенде:

– Бұл түрмеден шықпайтын зұлым бәле неменеге шатылыпты? – деп ызбарлана сұрағанда:

– Білмедім. Гуля бәрін сұрап айтып берер, – деп иығын қиқаң еткізіп, көзін жыпылықтатты.

Жотаның етегіне келгенде машинаны өшіріп, екеуі сыртқа шыққанда күн батып, ымырт үйіріліп, сай-сайды иектеген қараңғылық жайлап көтеріліп, тау үстін басып қалды.

Екеуі жан-жағына тінте біраз үн-түнсіз сақтана қарап тұрды.

* * *

Шәлтіктің жүрегі атқақтай соқты. Анау ақша тыққан жерлерінде біреу мылтықпен бұларды көздеп тұрғандай жаны түршікті.

Шынында да ақыр түрмеде шіріп өлетін болғандықтан Шегір бір қарақшыға айтып, екеуміздің көзімізді жойып, ананың бәрін басып қалуды ойлады ма екен, ә?

Осындай сұмдық ойларға шырмалып, қалай ғана Шегірдің қақпанына оңбай түскеніне басы даң. Сұмырайдан су сұрап ішсең де пәлеге қаласың, бәле қуғаннан жөн сұрасаң жалаға қаласың. Міне, енді бастарын тігіп, ажалға кетіп барады? Анау сұлбаланған ескі бейіттердің ара-сында жасырынған көл-көсір ақша жүр-ген жерде – көл-көсір қызыл қан ағады, ажал мен азап әкеледі. Оңай олжа – орға жығады. Оңай дүние – сорға жиналады.

Әкесі марқұм ылғи айтып отырушы еді:

– Бәлелі жерге бармағыңды тықпа. Сен банкте істейсің, көпірген ақшаның көл-көсір ортасында жүрсің. Бірақ, есіңе сақта, ешуақ арам ақшаға қызықпа! Бұл қағаз жапырақ қағаз пұлдың киесі, қасиеті болады. Егер жаман жолмен тапсаң бәле боп жабысады, құлғана боп ауырғандай жұлының үзіледі, жолың кесіледі. Таза жүріп, адал болсаң тауға да шығасың, торқа да киесің, рахаттана күлесің, емін-еркін жүресің. Сұғынба, сұқтанба, асығып-аптықпа! Жайлап, әр нәрсені ойланып баста, бар мақсатың сонда ғана орындалады! – дегені көкейінде сайрап тұр.

Қап! Қап!..

Аһ ұрып өкінгенмен қайта бұрылуға дәрмен жоқ. Қалың бейіті қалқиған жотаға қарай Боксшының соңынан ілби ерді. Қай бұтаның түбінен аңдып жатқан біреу бұларды тарс-тарс еткізіп атып жіберер екен деген үреймен көзі жыпылықтап, жан-жағына алақтап шошына қарай берді.

Егер тарс еткен мылтық даусы естілсе жүрегі тарс етіп жарылып кеткелі тұр. Ентігіп жота үстіне порша-порша терлеп әзер шықты.

Әне, анау өзі туып-өскен Алматысында самаладай шамдар жанып, бүкіл ел бейқам кешкі ас-суларын ішіп, бала-шағасының ортасында отыр-ау…

Соншама неге жанықты?

Әке-шешесі көлкілдетіп, тарықтырмай өсірді, әдейлеп «Горный гиганттағы» аралас мектептің қазақша сыныбына оқуға берді. Ә дегеннен топ жарып, бар сабақты мүдірмей айтып беретін оқу озаты атанды. Не кием, не ішем дегеннен тарықпай, бос уақытын кітап оқып, дәптер толтырумен өткізді. Ешкіммен араласпайды, сыныптастарының ешқайсысымен дос-жаран болмады. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде осы Шегір қыли көз сөмкесіндегі заттарын ұрлап, тартып алып, әлімжеттік жасап, зар илетті. Боксшы ара түсіп қылқиған қыли көз Шегірді бас сап, алып ұрып, ұзын арық мойнынан тас қып қос қолдап қылқындырып:

– Ендігәрі бұл Жарасқа тиіссең, құрыдым деп есепте. Айт жаның барыңда, тиісесің бе?

– Жо-жоқ, жоламаймын! Тиіспеймін, ағатай! – деп қырылдап-сырылдап жалына бастады.

Боксшы ашуланса қара дауылдай көтеріліп кететін нағыз көк долы. Әлгіні тулақ құрлы тік көтеріп алып бақырғанына қарамай биік жардан төмен лақтырып кеп жіберді. Бүкіл балалар шулап, «өлді, өлді» – деп шошына қарап қалды.

Шегірдің жаны шынында сірі екен, сонау биіктен лақтырғанда жағадағы тасқа ұрынбай, өзенге күмп етіп түсіп, көрінбей кетіп, оншақты қадам төменнен сопаң етіп шыға келді де, сүметіліп, сүйретіліп әзер шықты. Жар жағалап топырлаған балалар қасына келгенше бүк түсіп екі иығы селкілдеп жылап отырды. Үн-түнсіз су-су жеңімен көзін сүрткіштеп жетімханаға қарай жүгіре жөнелді.

– Егер ендігәрі бірденеңді ұрласа, тиіссе маған айт! – деді әлі ашуы қайтпаған Ахмет оның соңынан кектене қарап.

Жарас содан бастап қыли көз бұзық баладан құтылды, алқын-жұлқын спортпен айналысып терлеп-тепшіп жүретін Ахметті сағалап, бірдеңе болса соны жағалап, үйіне де анда-мұнда демалыстарда ертіп кеп жүрді.

Мұғалімдер ерте көзілдірік таққан тақылдаған жыпылық көз бұл бала кейін ғалым болып, жаһанды жаңғыртатын жаңалық ашатын ғұлама оқымысты атанады-ау деп таңдай қағып жүрді.

Жалғыз әпкесі Ташкентте университетте оқып жүріп, өзбек жігітіне күйеуге шығып кетті.

Банк-финанс институтына қиналмай түсіп, мұнда да білімімен дүркіреп аты шықты. Бірнеше конференция, байқауға барып, ылғи жүлдемен оралып, тез танылды. Ағылшын тілін еркін меңгеріп, ал математикадан профессор, доценттерінің өзін жаңылдырып, бірнеше ғылыми еңбегі шетелдік журналға жарияланды.

Өмір ағымы тұнық өзендей бірқалыпты келе жатқанда Гүлжанды көріп көңілі айран-асыр бұзылды.

Институт бітірер жылы соңғы курста оқып жүргенде алғаш көргенде-ақ құлап түсті.

Бас корпустың ішінде аудиториядан шығып келе жатқанда қарсы ұшырасты. Түр-тұлғасы керім, ә деп көргенде-ақ жыланға арбалған торғайдай көңілі, сезімі түгел құлап, тұтқындалды да қалды. Қайта бұрылып соңынан еріп бұлықсыған мүсініне, ұп-ұзын бос тарап жібере салған сусылдаған шашына, таңшолпандай жарқыраған келбетіне, қасындағы құрбысы екеуінің сыңғыр-сыңғыр күлкісіне таң-тамаша болып, есіл-дерттен айырылды. Ақыры оның бірінші курс студенті екенін, жанындағы Райхан атты құрбысынан сұрап білді.

Шашы төгілген, үлбіреген періштеге алыстан қана көз тастап, жақындай алмай мысы құрыды. Райхан курстасы бұған түнгі клубқа баратындарын айтқанда, жүрегі көкке ұшып, көзі сықсиып, ұшбұрыштанып жыпылық қақты.

Ажары айдай, үлпілдеген мақтадай Гүлжанмен сол кеште танысқаннан кейін ендігі тағдыры осы қыз деп тастай бекінді.

Махаббат – құштарлықты оятып, адамды да, төңірегін гүл-гүл жайнатып құлпыртып жібереді. Саяжайында туған күнін өткізгеннен кейін енді бұл періште маған бұйырған жазмыштың жіберген қасиетті несібесі, бұдан ешуақ ажырамаймын, менің басыма қонған бақ құсым – осы Гүлжан деп санасына біржола сіңіріп алды.

Махаббат – тағдыр, махаббат – ауыр кесел. Аяқ астынан ғашығынан ұшты-күйлі айырылды да қалды, қайда кеткені белгісіз хат-хабар жоқ, мүлде жоғалды.

Өзі шетелге оқу қуып кетті, әкесі бойбермей «Сенің білімің күшті болса – болашағың мықты болады» деп әлемнің ең атақты университетінде магистрант, докторант болып, қатарларынан мойыны озып, еліне пейдж-доктор атағын алған білімпаз банкир болып оралды. Алғаш бөлім меңгерушісі, көп ұзамай атақты ірі банк бастығының орынбасарлығына көтеріліп, болып-толып жүргенде баяғы көзден ұшқан періште сұлуы кеңсесіне өз шаруасымен келіп қайта ұшырасты.

Махаббат – адамның көзін байлап, жүрегін жаулап алатын алапат өрт. Ай-шайға мойын бұра алмай үйленді.

Көптен армандап жүрген ғашығына қосылып, көңіл құсы аспанда шарықтап жүрді. Әкесі «Енді көп ұзамай банктің бастығына тағайындаласың, іштей дайындала бер. Кейін Астанаға ауысып, еліміздің үлкен басшыларының бірі болып, білімің мен іскерлігіңді танытасың. Сен маған тартып туған ұл болсаң талай-талай асуды алып, шыңдарды бағындырасың. Сен текті атаның тұқымысың, жарып шығасың. Ешуақ қарғаның ұясынан сұңқар ұшып шықпайды» – дегені көкейінде сайрап, жүріс-тұрысы, мінез-құлқын өзгертіп, баптана бастады.

Қалай әкесі аяқ астынан қайтыс болды, көп ұзамай омақаса құлады. Әукесі салбыраған әккі бастығы бір құжаттарға қол қойғызып алып, орға жығып, шалып жіберді. Әйтеуір адал, ешкімнен, ешжерден артық бір тиын алмаған тазалығынан ғана әупірімдеп аман қалып, ілдалдалап осы жай қызметке әзер ілініп қалды.

Ен байлықтың ортасына күмп ете түскен Гулясы да бөтен мінез танытып, өңменінен өтер сөз айтып, жерлеп тастайтын кейіпке көшті. Құлдыраңдап жарының көңілін табам деп әкесінен қалған Астанадағы үйі мен саяжайын, машинасын сатты, екі сұлулық салонын мекен-жайын таңдап жүріп орталықтан ашып берді.

Айтқанын істеп, құрдай жорғалап, ләббай жаным дейтін күйеуін құлақкесті құлына айналдырып, кешегі жібек сезім, әсерлі, әдемі періште бейнесін жоғалтып, долданғанда көкбеттеніп, өршеленіп, өрекпіп кететін әдет тапты.

– Сенің мына айлығыңмен ертең қайыршы болып кетерміз. Неге ел құсап тіршілік жасамайсың? Үйге ақша әкелмеген, қалтасында теңге, доллар жүрмеген еркек еркек емес, шіріген бөрене! – деп қай-қайдағы, жай-жайдағыны теріп, аузына келгенді айтатын болып алды. Ішкі әлемі күйреп, қалай, қайдан пайда тауып, мына ысқырынған қысыр жыландай келіншектің көңілінен шығамын деп шарадай басы шақшадай болып, жүнжіп кетті.

Шегірдің аяқ асты келіп, ұсынысына қалай құлап түскенін өзі де аңғара алмай қалды.

Енді мына ұрлап, тыққан екі миллион евроны алып, мол ақшаға көміп тастағанда Гүлжаны не дер екен? Баладан бала таптырып, көкезуленіп долылығы сәбилі болғанда басылып, мейірім-шапағатты көркем келіншекке айналдырамын-ау деп қиялданатын болып алды.

Тек, мына сұмпайы Шегір дәл осындай кезде неге абақтыға түсті?

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *