КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
612 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Ертеңіне қатып үр жаңа киім киіп, галстук тағып, француз әтірін себінген Шегір кешкі апақ-сапақта Шәлтіктің үйінің төрінде отырды.

Есіктің әндеткен қоңырауын шырылдатып тұрғанда:

– Гуля, Гуляжан сенбісің? – деп темір есікті асыға-аптыға ашқан Шәлтік алдында сықиып киінген ұзын сұсты кісіні көріп, көзілдірігін түсіріп ала жаздады.

– Сізге кім керек еді? – деді кекештене.

– Шәлтік керек! – деп оны қолымен жасқай ысырып, Шегір залға өтіп, шалқайып отырып алды.

– Шаруаңыз болса банкке келіңіз, – деді тіп-тік тұрған бойы көзі жыпылықтап үй иесі.

– Математикадан миың шатасып кеткен ғой деймін. Шегірмін ғой мен, жас кезіңде талай сабағаным есіңде ме?

– А-а, Шегірсің бе? Сені түрмеде деп еді ғой…

– Кім айтты?

– Боксшы. Қалай өзгеріп кеткенсің, баяғы бала кезіңнен түк жоқ. Танымай қалдым ғой. Не ішесің, бірдеңе құяйын ба?

– Нең бар?

– Ақ, коньяк…

– Виски мұзымен әкел.

– Ол жоқ болып тұр.

– Әй, Шәлтік өзің банкте істейсің, генералдың жалғыз тал ұлысың. Сен нағыз байбатшасың ғой.

– Банкте жай қызметкермін. Әкей қайтыс болған. Келіншегім бизнесте, сұлулық салонын ашамын деген соң соған арналған үй әпердім, мына пәтерді сатып алдық. Қазір банкрот болып отырмыз.

– Ақ арағыңды әкел, – деп екі рюмкеге құйып еді:

– Мен ішпеймін ғой, татып алмаймын, – деп Шәлтік азар-безер болды.

– Сендерге не болған? Боксшы да ішпейді, сен де. Жарайды онда мен кеттім, – деп Шегір көтеріп алып тастады.

– Шегір, неге түрмеге түсе бересің осы? – деп түйеден түскендей сұрақ қойды.

– Кісі өлтіргенім үшін. Кім тілімді алмаса, ренжітсе тауықтай бауыздап, басын лақтырып тастаймын.

– Қойшы-ей!

– Адам өлтіргім келіп тұрады. Бұл туа біткен ауру, кеселім ғой. Қанша жанды жаһаннамға жібердім, қаншасын тас байлап көлге лақтырдым. Міне, мынау екі жүзді кездігім куә бәріне, – деп екі жүзді финка пышағын сырт еткізіп ашып, жауып көрсетті.

– Сен нағыз рецедивист – қанышер екенсің ғой.

– Олай деме, түрмеге барғанда көресің, мен сияқтыларға құрмет көрсетіп, атақ береді.

Шәлтіктің кішкентай түймедей көзі жыпылықтап, көзілдірігін бір алып, бір киіп тұрғанда есікті кілтімен ашып келіншегі кірді.

– Гуля, сыныптасым мені іздеп келіпті, – деді алдынан ебелектей жүгіріп шығып.

Тұсақ бөксе, қаз кеуде қоңыр-күрең шашы иығында сусылдап тұрған келіншектің сұлулығына тұтқындалып, көзі жанардай жанған Шегір орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де байқамады.

Аққала тістерін көрсете тәтті жымиып тұрған оның қолын алып, сүйді де, азан қойып шақырған есімін айтып, сыбыр ете түсті.

– Барыс!

– Гуля! – деді де келіншек бөксесі былқ-сылқ етіп бұла жүрісімен басқа бөлмеге кіріп кетті.

– Әй, Шәлтік, адам өлтіре салу оңай деп пе едің. Ешуақ, ешқашан мен адам қанын жүктемеймін. Саған ойнап, қалжыңдап айтқаным ғой. Әлі қорқақ екенсің ғой, – деп ыржия күліп еді, Шәлтік:

– Е-е, солай десеңші, адамды шошытпай, – деп дастархан әзірлей бастады.

Гуля гүлді-гүлді жібек халатын киіп, қастарына келгенде Шегір отқағар көзін одан ала алмай қалды. Банкир зыр қағып, шәугім әкеп, шәй құйды.

– Ау, сыныптасым, сен ішпесең де мына келіншегің коньяк ішетін шығар, – деп еді:

– Жүз грамм ғана… Сіз үшін, – деп хрусталдай үні сыңғыр ете қалды. Екі жүз ішкеннен кейін Гуля бұған наздана көзін төңкере қарап:

– Жап-жас екенсіз. Шашыңызды қап-қараға боятып алмайсыз ба? – деп бір қойды.

– Бізге жігіттер келіп қолына, бетіне, үстіне массаж жасатып, әуелі тырнақтарына дейін алдырып, жасарып шығады, – деп жанарымен шарпып, қылықтана үн қатып, визиткасын ұсынды.

– Гуля, дұрыс айтасыз. Бизнес деп өзімізге қарамай кеттік. Ертең қай уақытқа барайын?

– Сізге қай кезде келсеңіз де есік ашық. Менің сүйікті жарымның досына қызмет көрсету – бақыт қой, – деп күйеуінің арқасынан сипап қойды.

– Үйлеріңе тұңғыш келіп отырмын. Мынау көрімдігім, – деп келіншектің жібек халатының қалтасына бес жүз доллар салып тұрып, ашық қалған омырауына, әппақ мойнына, тырсылдап, дірілдеген қос анарына сұқтанып, бірақ сыр бермей тіп-тік қалпы қоштасып шығып бара жатыр еді Шәлтік:

– Далаға дейін шығарып салайын, – деп емпеңдеп ере шықты.

Көше бойы ары-бері ағылған машиналар, Шегір темекісін алып тұтатты.

– Шегір, әкемнен қалған он бес сотый жері бар дачам бар, соны сатамын. Қатты қиналып, пұл керек болып тұрғаны. Әйтпесе керемет жерде…

– Қанша сұрайсың? – деп бұл тоқ еткізді.

– Гулямен ақылдасайын, – деп ол күмілжіді.

Таксимен пәтеріне келген соң балконға қайта-қайта шығып, темекісін үсті-үстіне тартып, жаңа ойдың жетегінен шыға алмай түні бойы дөңбекшіді.

Ертесіне түске таман сұлулық салонында кешегі кербез келіншекке шашын алдырып отырды.

– Қайда істейсіз? – деп Гуля айналасын көкпеңбек бояп алған көзін төңкере, наздана сұрады.

– Сауда-саттық компаниясының президентімін. Шет елдерден товар алдырып сатамын.

– Нендей товарлар сонда?

– Иномарка машиналардан бастап бір жаныңызға не керек бәрін әкелеміз, – деп оның дөңгеленген бөксесіне, оқтай түзу балтырына, кеудесін жарып жіберердей тырсиған кеудесіндегі қос анарын әдейі көрсеткісі келгендей ақ халатының омырау тұсын ашықтау қалдырған тұсына көз сұғын қадап, жұтынып қойды.

Күлім қаққан келіншек мұны жібермей түкпірдегі жеке бөлмесіне апарып бетіне, екі қолына массаж жасап, түрлі шөптер тұнбасын қайнатып жағып, сылап, сипаған сәтте сыңғыр-сыңғыр қағып, денесі-денесіне тиіп, оттай шарпып кеткенде, қолымен қыпша белінен құшақтай өзіне тартып, бетінен, омыра-уынан қадалып сүйе бастап еді:

– Біреу көріп қояр, – деді қымсына, тұншыға сыбырлап.

– Онда мен бір жерге шақырамын, сонда кел, – деді оның бұлықсыған омырауына қолын сүңгітіп жіберіп.

– Ойбай, ауырттың, – деп сыңқ еткен келіншек – Жарайды, сағат төртте барайын.

– Онда «Жеті қазына» ресторанында күтемін, – деді бұл сыбырлап.

Қалтасынан бір будасын шығарып, оның шетінен төрт жүз долларды алақанына салып еді, Гуля беті алаулап, көзі күлімдеп, мұны қолтықтап, дәлізге шейін шығарып салды. Ұп-ұзын жігіттің соңынан сүзіле қарап қалған оның қасына осында істейтін құрбысы Жанна келіп:

– Бұл сері жігіт кім екен?..

– Өте ірі бизнесмен.

– Саған құлап түсті ғой бірден.

– Мұндай сәтті күн болар ма? Бұл жігітті біраз пайдаланып, қалтасын қағуға болады. Мені кешке ресторанға шақырды.

– Бар. Қазіргі жігітсымақтардың көбісінің қалтасы тесік, күнін көре алмай жүрген сорлылар, – деп Жанна қызыға да, қызғана да қарады.

– Жанна, мен ертерек кетемін, мұнда өзің ие бол, – деп келіншек айнаға қарап, көзі-басын сипалауға кірісті.

Шегірдің әрбір істі бастарда жоспарлап алатын әдеті бар. Алдын-ала өзі барып «Жеті қазына» ресторанында жеке люкс бөлме әзірлетіп, аста-төк дастархан жасатып қойған. Сағат төртте келіншек бұрала басып, бұл күтіп отырған бөлмеге аппақ тістерін көрсете тәтті жымиыспен кіріп келді. Арақ-шараптың неше түрі, сусындар, стол қайысқан тамақтар көздің жауын алады.

Келіншек мұз қосқан виски, ал өзі платиналық «Абсолют» ақ арағын ішті. Екі қайтара көтерген соң әңгімелері жарасып жүріп берді.

– Сіздің келіншегіңіз бар ма? – деп Гуля өзін мазасыздандырған сұрақты қойып қалды.

– Жоқ. Үйленбегенмін.

– Неге әлі күнге дейін отбасын құрмағансыз?

– Қол тимейді. Әлемді шарлап шаруамен жүремін. Бір жөні түзу қыз да кездеспеді. Жарас та кеш үйленіпті ғой.

– Мен болмасам тіпті үйленбей кетер ме еді. Соңымнан қалмай қойды ғой.

– Екі жыл болыпты бас қосқандарыңызға, балалы болуды ойлаған жоқсыздар ма?

– Сіздің сыныптас досыңыздың түк жағдайы жоқ, – деп келіншек томсырайып отырып күйеуін жамандай жөнелді. – Айлығы қазір тым аз, үш жүз долларға жетпейді, сұлулық салонын кредитке алып, бұл қарызға батып қалды. Бәрін қайтарамын, пайда, пұл табамын деумен келеді. Өзі бұдан көп үлкен.

– Кел, сендей перизат үшін алып қояйық! – деп Шегір әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

Виски басына шыққан келіншек алаурай қызарып, көзі сулана жалтырап бұған өліп-өшіп қарап қояды.

– Жүр, кеттік! – деп Шегір орнынан тұрды. Анау ұмсынып мұны құмарлана құшақтауға ұмтылып еді, қолымен жасқап, ымдап сыртқа беттеді.

Қала әлі лапылдап күйіп тұр. Бір көшеден кейін дайындап қойған үш бөлмелі сыңғырлаған еврожөндеуден өткен люкс пәтеріне әкелді. Кірісімен тік тұрған қалпы жасалып тұрған дастарханнан қызыл балық жеп, жүз грамнан тартып алып, бір-бірін аймалай, құшақтай жатын бөлмеге сүйрелей жөнелді. Күйеуін менсінбейтінін ашық айтқан еркетотай кербез келіншек ақ сазандай денесі бұлқынып, жыланша оратылып, қылықтана неше түрлі өнер көрсетіп, талықсып, талып ұйықтап кетті.

Бұлар оянғанда тастай қараңғылық орнап, сағат он бірді көрсетіп тұрды.

– Жоржик? Мен Жаннаның үйіндемін. Қазір барамын, – деп күйеуіне телефон соғып қойды.

Стол шетіне жайғасып, тамақ ішіп, бастарын жазып отырғанда да сылқым келіншек үстіне ештеңе кимей анадан жаңа туғандай қалпында ту мүсінін көрсетіп жүріп алды. Көз құмарын қандырып Шегір шыдамай пүліштей мамық денесін сипалай, тәттілік уызына малынып, күзгі күйегі келген арқардай тұмса келіншектің сүйсінген қылығына үн қосып, дәурен салды.

– Жаным, – деді кербез келіншек моншаға түскендей терлеген мұны сипалап – Жаным, алтыным! Сіз қандай серісіз, жомартсыз. Маған қарызға қаржы керек болып тұр, қатты қысылып қалдым, – деді үлбірей құлағына сыбырлап.

– Ой, ол қиын мәселе емес қой, Гуляжан!

– Кездесіп тұрайықшы. Шәлтік досыңыз тура қоян, түк қызығы жоқ. Қай уақытта да телефон соқсаңыз мен дайынмын, – деп келіншек үздігіп, өліп-өшіп сүйді.

– Қой тұрайық. Шәлтіктен ұят болар, – деп бұл түрегеп киіне бастады.

– Енді қашан кездесеміз? – деген қылымсыған келіншекке:

– Өзім хабарласамын, жаным, – деп қоштасты.

Үшінші күні кешке осы өзі болған пәтерге Гуля дедектеп асығып келе жатты.

Жексенбі күні Шегір көзілдірігін жарқыратқан Шәлтіктің саяжайын аралап көріп жүрді. Қызыл кірпіштен салынған монша, асханасы бөлек, алма бағы қоршалған нағыз демалыс орнына лайықты, қаладан жырақ, у-шу естілмейтін таудың әсем бөктерінде болып шықты. Тек адам тұрып қаралмағандықтан күтімі кетіп, алма ағашының арасы қалың қурай, есік алдындағы төселген гранит кетіліп, сынып, үйдің сырты да көптен әрленбегендіктен қожалақтанып қораш көрінеді.

– Көлемі он бес сотық, бөліп тағы бір үй салуға болады. Мына саяжайда электр, газ, су бәрі тартылған, істеп тұр. Жүр, үйдің ішін көр, міне, қатырып жөндеп қойғанмын, жатын бөлме мен асханадағы барлық зат-мүлікті жаңадан сатып әкелгем. Анда-санда Гуля екеуміз демаламыз, ол құрбыларын ертіп әкеп девичник жасайды, монша жаққызып, шашлык пісірткізеді. Рахаттанып көңілденіп қайтады.

– Әй, Шәлтік неге балаларың жоқ? – деп Шегір тосын сұрақ қойғанда ең жанды жерін ауыртып кетті-ау деймін:

– Ал, сен неге осы күнге дейін үйленбей жүрсің? – деп көзілдірігін жарқ еткізе қадала қарады.

– Жақсы қыз тауып беріңдерші, қазір үйленемін, – деп Шегір өтірік ыржаңдап күле берді.

– Гуля қор жинап, жұмысын бір жолға қойып алса бала тауып беремін деп отыр. Мына дачаны да сол үшін сатпақшымын. Әйтпесе әкемнен қалған мұра ғой…

– Дача керемет екен, сату бағасын айт!

– Шын аласың ба? Үш жүз мың доллар.

– Келістік, әкел қолыңды, – деп Шегір күректей қолымен Шәлтіктің жапырақтай жұқа алақанын қысып тұрды.

– Мен шәй қояйын, мұздатқышта бәрі бар, – деп көзі жыпылықтаған үй иесі епелектеп кетті.

– Шегір, сен неге ескі «Жигулимен» жүрсің? Басқа машинаң жоқ па?

– Бұл машинаның сырты көне болғанымен іші түгел иномаркінікі, зырлап тұр. Көзге түспей жүре тұрамын. Келіншегіңе мені түрмеден шыққан, қылмысты жан деп айтпағаның дұрыс болған. Ірі бизнесмен деп қой. Түсіндің бе?! Шәлтік, сені керемет байытқым келіп отыр, – деді Шегір мұздай көзін оқтай қадап.

– Қалай? Қашан? Неге? – деп банкир сенерін де сенбесін де білмей дегбірі қашып жыпылықтаған көздерін сүрткілей берді.

– Тыңда! Жаныма жақын отыр! Сенің банкіңнен мол ақша алып шығатын байлар болады. Соның ең майлысын маған айтасың.

– Шегір, мені қылмысқа итермелемеші. Әкем «Ешуақ біреудің ала жібін аттама» – деп отырушы еді.

– Ала жіппен мойныңнан сені осында іліп кетемін керек болса. Ол заман өтіп кетті. Қазір кім мол қарпып асап, жеп қалады соның дәуірі. Ұқтың ба?! Егер көнбесең ажалың менен.

Мұздай жанарынан жасқанған Шәлтік дастарханды шұқылап отыра кетті.

– Бір шетелдік инвестор зауыт соғып жатыр, сол Европадан жеті миллион евро алып, жұмысшыларына жалақы таратпақшы.

– Әй, жарайсың, басың бас емес компьютер. Қашан, қай күні, қай уақытта алады?

– Біздің банктің бастығының құлқыны сұмдық, әлгі ілмиген миллионер европалыққа қолма-қол ақшаға аударып беру үшін өзіне жарты миллион тастап кетесің деп келісіпті. Мені шақырып алып құжаттарын әзірле деп тапсырды.

– Өзіңе не береді?

– Түк те татырмайды. Біздің бастықтың кеңірдегі кернейдей қорқау, керемет сараң.

– Шәлтік, керек пе кейін сені банктің бастығы жасаймын. Ал, мына операциядан кейін сен де миллионер болып шыға келесің. Сен ештеңеге араласпай, көзге түспейсің. Маған нақты дерек беріп тұрсаң болды.

Үрейленіп алдында қашқақтағанымен бірте-бірте мойынсұнып, зәр шашқан Шегірге жалтақ-жалтақ қарап қойып банкир ақыры келісім берді.

Қаладан түсісімен Боксшыға тартты. Бұл жөндеу шеберханасында оншақты адам істейді. Ахметтен басқасының бәрі орыс, немістер. Қашан келсең де кезекте тұрған машиналар, таныс шеберлерін іздеген шоферлар сапырылысып жүреді.

Сырты алқам-салқам «Жигулиін» алыстау жерге қойып, түсе бергенде комбинизон киген Боксшыны көзі шалып қалды. Дәу терезелерін қараңғылап тастаған джиптен екі адам түсті, біреуі оны қолтықтай бері қарай жүріп, шеттеп келіп, бірдеңелерді айта бастады. Екіншісі оққағары болса керек, анандай жерде жан-жағына алақтап, тінте қарап тұрды.

Жаңа семірген жандар қарнын мәпелеп сипай береді, анау шар секілді домаланған жігіт те солай істеп, әлденелерді айтып, Боксшыға түсіндіріп әуре.

Ақыры шардомалақ жігіт қара көзілдірігін шалқайта киіп, оққағары ашқан машинаның артқы есігіне паңдана кердеңдей басып келіп кірді.

Олар ұзап кетісімен Боксшыға телефон соқты.

– Ұйғыр кафесіне жұмыстан кейін кел, қолдан созған лағман жейік, – деп шақырды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *