ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ТІЛІН САҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Білім
713 Views

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі 2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізіндебасталды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тұжырымдамалықмақаласында санамызды, тілімізді жаңғырту үшін жазуды реттеу керектігі басакөрсетілді.

Латын негізді жаңа әліпбиге көшу бізді зор жетістікке жеткізетіні даусыз дегенді айтады тіл ғалымдары. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Басы артық таңбаларға(орыс тілінен енген) қатысты емле, ережелер де қысқарып тілдің табиғи қалпы сақталады. Уақыт та үнемделеді.Білім беру жүйесі барлық сатысының (мектептен ЖОО-ға дейін) оқу үдерісінің тиімділігін арттырады. Заман талабына сай жаһандық қауымдастыққа ықпалдасуға мүмкіндік береді. Әліпбиімізді латын графикасына негіздеудің басты себебі — халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеру екенін — Елбасы Н.Назарбаев айтқан болатын. Төрт жылдан бері бұл тарапта біршама жұмыстар атқарылды. Оларға нақты тоқталар болсақ: 2017 жылы ҚР Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Премьер-Министрінің өкімімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды.

Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуінің іс-шаралар жоспары 2025 жылға дейін әзірленді, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі 4 жұмыс тобы құрылды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережесі Тұжырымдамасы әзірленді.

Латын графикасында алғаш рет шығарылған «Til-Qazyna» ақпараттық-танымдық газеті ұсынылған. Газеттің электрондық нұсқасы оқырмандар үшін «Tilalemi.kz», «Tilqazyna.kz» сайттар арқылы ұсынылады.

2019 жылы Қазақ әліпбиін балаларға үйрету мақсатында 3 D форматтағы «IQdos» мультфильмі әзірленіп, «Селтең сері» анимациялық фильміне латын әліпбиінде титр жасалды, мемлекеттік тілде дубляждалды.«Тіл-Қазына» орталығында жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерін зерделеу бойынша оқыту сыныптары ашылды.

2020 жылғы 4-5 наурызда еліміздің барлық өңірлерінде ЖОО-ның, колледждердің және мектептердің филолог ғалымдары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен әдіскерлері қатыстырылған республикалық ашық талқылау өткізіліп, оған 630 маман қатысты. Талқылаудың нысаны — Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері дайындаған жетілдірілген әліпби жобасының құрамына С, W, X таңбаларын енгізу және и, і, ж, ң дыбыстарын таңбалау, ц, ч, дыбыстарына таңба арнау. Еліміздегі 9 өңір Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері дайындаған жетілдірілген әліпби жобасын еш өзгеріссіз сол қалпында қалуды қолдады. 16 өңір С, W, X таңбаларын әліпбиге енгізбей, тек пернетақтада ғана сақтауды жақтаса, 15 өңір Ц және Ч дыбыстарын әліпбиге енгізуге қарсы болған.

Латын графикасына көшу бойынша жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның айтқан ойлары орынды да өзекті.

«Латын әліпбиіне көшу арқылы біз жазуымызды реттейміз. Яғни, орыс тілінен енген сөздерді қазақшалауға,бастапқы қазақы ұғымға келтіруге жол ашамыз. Бұл — тілдің мәртебесін арттырады.Өйткені тілдің өзінің ішкі ерекшелігін сақтау механизмдерін, тетіктерін іске қосады. Бұған дейін орыс тілінен енген сөздің бәрі қазақшаланған, қазақша жазылған, бірақ қазіргі кезде қазақтың санасында кирилл графикасы орыс тілінен енген сөздің бәрін орысша жаз деген стеротиппен бірге отыр. Ол стеротипті кирилл жазуынан, кирилл әліпбиін қасаң стеротиптен екеуін бір-бірінен ажыратып ала алмайтындай халге жеттік. Сондықтан жаңа әліпбиге ауыссақ, ешқандай стреотиппен былғанбаған, таза әліпбиге ауыссақ біз шет тілінен енген сөздерді қазақшалап жазуға жол ашамыз. Ол мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің өзінің болмысын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл — бір. Екіншіден, латын әліпбиінің қазіргі жаһанияттағы қоғамның санасында қалыптастырған мықты концептісі бар. Ол концепт — сапа деген оң бағамен байлаулы тұр. Мәселен, сіз қандай да бір тауар немесе қызмет атауын кирилл және латын жазуымен жазсаңыз, латынмен жазған нұсқасына деген жұртшылықтың сенімі зор болады. Өйткені, ол — латын әліпбиі біздің жаһандық қоғам санасында сапалы дүние деген ұғыммен ассоциация тудырады. Мәселен, жапондардың да танымал брендтері жапон иероглифімен емес, латынмен жазылуының себебі сонда болар. Сондықтан латыннегізді әліпбиге көшу, сөз жоқ, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, нығайтуға септігін тигізеді».

Жалпы алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз — дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын да қамтитын жазу жүйесі болары анық.

Жазу — таза тілтанымдық қана құбылыс емес. Жазу — мемлекеттіліктің нышаны. Мемлекет пен халықтың арасындағы қатынас құралы. Тұтас бір мемлекеттің жазуы болғандықтан сол жазумен мемлекеттік құжаттар, ресми құжаттар толтырылады. «Латын әліпбиіне көшудегі мақсат — жаһаниятқа ілесу ғана емес, алдымен тілдің таза, ұлттық қасиеттерін сақтап қалу. Тілді жаңғыртсаң санаң да жаңғырады. Неміс ғалымы Гумбольд: «Тіл деген — рух» дейді.Тілің саламатты болса — рухың да саламатты. Тілің таза болса — рухың да таза. Тілің күшті болса — рухың күшті дейді неміс ғалымы.Ал, рухың күшті болса ой-санаң да, өмірің де,экономикаң да күшті болады. Сондықтан, біз тілімізді тіктейміз десек, рухымызды жаңғыртамыз десек алдымен жазуымызды реттеуіміз керек» деген, тілші ғалым А.Фазылжанның пікірімен толықтай келісуге болады. Себебі, қазақ тілін латын графикасына көшіру, жазуымызды жаңартудың маңызы зор. Латын әліпбиі — жазуымызды реттеп, қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, тынысын кеңейте түседі.

Куляйша СУЕНДЫКОВА,

«Механика және машина жасау» кафедрасының аға оқытушысы,

М.Әуезоватындағы ОҚУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *