МАЙДАННАН КЕЛГЕН ХАТТАР сұрапыл жылдардан сыр шертеді

Рухани жаңғыру Таным
2 389 Views

Жат жерді жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.

…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым, – деп ақын Мұқағали қара өлеңнің құдіретін жырлап өтті.

Майданнан келген хат – бір отбасының жәдігері. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп, ұрыс арасында, қолы қалт еткенде жанын шүберекке түйіп отырып жазған хаттар ерлердің елге деген шексіз сағынышының белгісі.

Майдан даласында өмір мен өлімнің арасындағы арпалыста, қолы қалт етсе үйіне, ата-ана, туған-туысына амандығын білдіріп жазған сарбаздың жан сыры. Ақынжанды халықтың ұрпағы емес пе, майдандағы қазақ жауынгерлері хаттарын қара өлең үлгісінде жазған. Сұм соғыстың ертерек аяқталып, жеңісті аңсаған, жақынымен қауышар сәтті асыға күткен батыр бабалардың хаттары. Оқи отырып, туған жер мен мыңдаған шақырым қашықтықты жалғаған бір бума сарғайған қағаздан сағыныш пен қайғы-қасіретті байқау қиын емес…

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасында соғыс даласынан жазылған хаттың бір нұсқасымен таныстым. Бұл хатты Ақылбеков Оспан әскери қызметте жүріп жолдаған.

Ақылбеков Оспан Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Зертас елді мекенінің тумасы. Колхозда бас есепші қызметін атқарған. 1939 жылы Белоруссияға, Минск қаласына армияға қызмет етуге кеткен. Екі жылдық әскерге аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Елін сағынып жырлар жазады. Қиындыққа көндіккенімен, асқақ арманы жүрегіне байыз таптырмайды. Ол елге аман оралған соң, ақын болсам деп армандайды. Хаттарының барлығын өлең түрінде жазады. «Сақтап қоя беріңдер» деп аманаттайды. Хат латын әрпінде жазылады. Аман келсем, елге қызмет етемін деп армандаған боздақ 1944 жылы қаза тапқан. Кезінде хаттарын жылап оқыған туыстарының көбісі дүниеден өтті. Хаттардың кейбірі жыртылып, кейбірі жоғалып кеткен. Оспан атамыздың қарындасы Үміткүл Ақылбекова сақтап, латын әліпбиінде жазылған хатты журналист Құралбек Ергөбекке алып барады. Хатты қазақша аудартып алады. Кішкене кітапша етіп құрастырып, «Отырар» кітапханасын тапсырады.

Кітапханада «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар бағыт» деген атпен талқылаулар жиі өтуде.

2017 жылдың 13 қыркүйегі күні «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» тақырыбында облыс әкімі, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары, түрколог-ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысуымен кеңейтілген отырысы өтті.

Сол отырыстан соң ел ішінен латын әліпбиінде жазылған қолжазбалар жинақталды. Кітапханада латын әліпбиінде жазылған қолжазбалар таныстырылды. Сол іс-шарада «атамның жазғандары» деп, студент қолжазбаны тапсырды. Қолжазбадағы жырды оқып шықтым. Жалғасы болуы мүмкін. Себебі жауынгер атамыз өмірінің соңына дейін елге хат жазып тұрды ғой. Амандығын өлеңмен жеткізген. Сол өлеңдерден көп жайтты аңғардым. Сол өлеңдерді кітап етіп шығаруды армандаған екен. Ол арманға жете алмады. Бірақ, ұрпақтары қолжазбасын біріктіріп, кітапша етіп дайындапты.

Алғашқы хаттары 1940 жылы әскерге аттанған сәттерін суреттейді. Елден әскерге суыт аттанып кеткені, ондағы тәртіп жайында баяндап береді.

Бісіміллә сөзді бастадым.

Өлеңді естелік етіп тастадым!

— деп, бастайды хаттарын ылғи.

Сан жылдар бойы сақталып, сарғайған хат өткен күннен сыр шертеді. Ол туған жерін сағынып, өз еліне жете алмай, опат болған қазақтың бір азаматының сағынышты сәлемі.

Зылиха ЖАНТАСОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *