МАРАТТЫҢ КӨЗСІЗ ЕРЛІГІ

Қоғам
770 Views

Өзгелерге оқыста келген қатерге тойтарыс беру үшін өлімге басын тіккен жандар туралы аңызға бергісіз ақиқаттар қазақ халқында өте көп. Оған қоса қолында сайманы болмаса да батылдығының арқасында білек күшіне сеніп тосыннан шабуылдаған жауға қарсы шыққан қаншама батырларымыз ел аузында айтылып жүр. Ал бүгінгі заманда сол бабаларымыздың қанымен келген қасиет, яғни ерлікке пара-пар іс-әрекетке барып, азаматтарды ажалдан аман алып қалып жатқан қайсар адамдардың қаһармандығы, батырлығы көпке үлгі. Дәл осындай жағдай облыс полицейлерінің де басынан өтті. Осыдан бірнеше күн бұрын, 2020 жылдың 2 ақпанында орын алған оқиғаны полицейдің өз аузынан естідік.

– Қаһарлы қыс мезгілі. Оқиға болған аймақ Жетісай ауданында күн түнеріп, бет қаритын суық жел соғып тұрған болатын. Түстен кейінгі уақыт, шамамен сағат 16:50. Өзім қызмет атқарып жүрген Жетісай аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан сыртқа қарай шығып, қызметтік көлігіме беттеген сәтім. Осы бір санаулы секундтар ішінде рациямнан «Достық каналында бала суға ағып бара жатыр, құтқару керек» деген дауыс естілді. Қасымдағы әріптесіммен бірге көлік дабылын қостық та оқиға болған аймаққа қарай зулай жөнелдік. Қызметтік көлігімізбен каналға небары үш минутта жеттік. Жағада жиналған бірнеше адам мен айқайлап секіріп жүрген балаларды. Ал судың орта тұсында тұншығып батып бара жатқан баланың сұлбасы ғана көрінді. Қар еріп, каналдың ішіндегі су одан сайын арнасына толған уақыт қой. Күннің ызғарында суық суға түсіп баланы құтқарып қалуға ешкімнің дәрмені жетпей немесе жүзе алмайтындар жиналса керек, әйтпесе үлкені де кішісі сонда жиналған. Кейбіреулері қызық көргендей ұялы телефонмен бейнетаспаға түсіруде. Канал жағасына жеткен бойда сырт киімімнің бәрін шешіп тастап, тастай суға қойып кеттім. Одан соң су шетінде жатқан шланганы қолыма мықтап қысып алып, балаға қарай бар күшіммен жүзе жөнелдім. Өйткені ағыс қатты, су да әжептеуір терең. Екеуімізді де су түбіне тартып кетуі мүмкін еді. Осындай жағдай болғанда ең болмаса баланы шлангаға орап құтқарып қалайын деген ой болды.

Жасөспірім бала бір батып, бір шығып, жан ұшыра айқайлап жатыр. Бар күшіммен жүзіп, санаулы секундтың ішінде оған жеттім. Балада әл-дәрмен қалмаған. Су жұтып қойыпты. Мен жеткенде ол да сылқ түсті. Судың астына батып бара жатқан ұлдың денесін жұлқи тартып, бір қолыммен қапсыра құшақтаған күйі жоғарыға қарай құлаш сермедім. Осылайша баланы қармаған күйі жағаға қарай бойлап, жүзе бастадым. Кенет жағаға жақындауға 5 метрдей жер қалғанда аяғымды қайырып алдым. Бала болса қолымда. Батып кетеміз бе деп едім, алайда бір Алла тағала жар болды ма, бойыма күш жиналып, қайта жүзе бастадым. Жағадан әріптестерім күтіп алды. Уақытты өткізуге болмайды, баланың денесі былқ-сылқ етіп, жансызданып бара жатты. Жағаға шығысыммен, жедел жәрдемді күтпей, қызметтік көлікке дереу салып алып, ауруханаға қарай зуладық. Жолда кетіп бара жатып бар дәрменіммен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірістім. Біресе жатқызып, біресе отырғызып, жас өскіннің жұтып қойған суын шығарумен әлектендім. Ес-түссіз жатқан оны жасанды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасадым. Оған қоса суықта тоңып қалған мұздай денесін жылытайын деп уқалап, бар білген медициналық көмектерімді көрсеттім. Әріптесім бірнеше минут ішінде көлікті емханаға жеткізді. Осыдан кейін баланы ақ халатты жандардың қолына табыстадық. Осы сәтте барып бар демімен «уһ» деп, көңілім орнына түскендей болды.

Небары 12 жастағы жеткіншек емес пе, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Әрине, баланың ата-анасы ағына жарылып алғыстарын айтты. Бұл мен үшін ерлік емес, құрмет көрейін, белгілі болайын деп те баланы құтқарғаным жоқ. Менің орнымдағы кез-келген адам осылай істейді. Бар ойым баланы аман алып қалу болды», – дейді Жетісай АПБ-нің анықтаушысы, полиция капитаны Марат Нұрымбетов.

Бұл ісін ерлік санамайтын полицей 1990 жылы қазіргі Түркістан облысының Жетісай ауданында дүниеге келген. Артынан ерген інісі Мұрат Шаймерденов те ағасы секілді ішкі істер органында қызметте. Ол Жетісай ауданында учаскелік полиция қызметкері. Сондай-ақ қаһарман кейіпкеріміздің жары Ұлбосын екеуі өткен жылы ғана шаңырақ көтеріп, Сардар атты батыр ұл дүниеге келген.

Жалпы Мараттың осындай батылдық қасиеттері ата қанымен дарыса керек-ті. Өйткені атасы Шаймерден Нұрымбетов 1923 жылы дүниеге келіп, 10 сыныпты бітіргеннен кейін бірден әскерге аттанған. Ал 1942 жылы Ленинградты жаудан азат етуге қатысып, одан кейін Эстония, Финляндияның қалаларын азат еткен жауынгер. Ол соғыста ерлігімен көзге түсіп, «За отвагу», «За победу над Германией», «Красная Знамя» орден-медальдерімен марапатталған. Өзі туып-өскен ауданның Құрметті азаматы деген атаққа ие болып, ауданға еңбек сіңірген абыройлы кісі болған. Шаймерден ата 2012 жылы 90 жасында дүние салды.

Тап осы Шаймерден ата немересі әрі ұлының үлкен ұлы Маратты бауырына басып, қайсарлыққа, адалдыққа тәрбиелесе, әкесі Рахмет пен анасы Мәдина бауырмалдық пен білімге баулыған. Ардақты ата-анасы – Жетісай ауданында ұлағатты ұстаздар. Қатер төнген шақта бауырмалдық пен батылдық танытып, бірден шешім қабылдап жас баланы құтқарып қалған ұлымен асыл анасы да, арқа сүйер елі де мақтанады.

Өз өміріне қауіп төнсе де ойланбастан өзгенің өмірі үшін тәуекелге бас тіккен полицеймен біз де мақтанамыз. Тәуелсіз еліміздің тыныштығы үшін күресіп жүрген тәртіп сақшыларының үлгі боларлық ерлігі еленіп, елдің алғысына бөленіп, ұзақ ғұмыр жасауларына тілектеспіз.

Гүлнар АБДУРАХМАНҚЫЗЫ,

Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *