МИЛЛИОНЕР (Әңгіме)

Әдебиет
1 093 Views

Бірінші сыныпқа Топарда жүргенде барғанмын ғой. Онда әкем ұжымдық шаруашылықтың танасын бағатын.

Енді міне, арада қырық жыл өткенде сол бірінші сыныпта бірге оқыған Сапар іздеп келіпті. Толысқан, өңі қоңыр күреңітіп шашын тықырлатып алып тастаған алпысқа таяған жігіт ағасы кабинетіме екпіндей кіріп келгенде бірден таныдым.

– Бақытжан, мың сан шаруаң бар, бастықсың. Келген жағдайымды айтайын. Баяғы Топарды бөліп-бөліп жекешеге алып жатыр, маған мына жерді алып беруге көмектес, – деп алдымдағы орындыққа отырысымен маған картасы бар қағаз ұсынды.

Дереу облыс әкіміне телефон шалып, Топардағы жерді Сапарға алып беруге өтініш айттым. Сөзімді жерге тастамайтын өз сөзіне берік, іскер азамат бірден бар құжатын алып, өзіне келіп жолықсын деді.

Сапар мәз болып келгені қандай тез болса, кетуі де тез болды.

Арада айдай уақыт өткенде телефон шалды.

– Бақытжан, саған мың да бір рақмет. Қалаған жерді алдым. Білесің бе, баяғыда өзіміз балық аулайтын екі көлі бар Жиделі бойын түгел берді. Сыңсыған тоғай, мұрты бұзылмаған тұмса жер. Енді өзің келіп көріп, қайт. Демалып тұратын курортың болады.

Сапар саңқылдап маған алғысын жаудырып, жекешеге алған жер-су аттарын тәптіштеп айтып жатыр. Қайран аңқылдаған құрдасым-ай, өмір бойы трактор айдап, ауылдан ұзап шықпапты. Бірінші сыныпты бітірген соң көшіп кеткенбіз. Міне, арада қырық жыл өткенде өзі іздеп келіп тауып отыр.

Басқа облысқа қызметке ауыстым, одан Астанаға көштік. Жиырма жылдай жұмыс бабымен сыртта жүріп, Алматыға университет ректоры болып оралғаныма жылдан асты. Кезекті жазғы демалысымды алып, тып-тыныш бір жерге барып, көптен көкейімде жүрген монографиямды жазып бітірсем деп ойлағанымда есіме Сапар түсті.

Баяғыдай емес қалта телефонымен тез таптым. Сол саңқылдаған дауысы, баратыныма қуанып:

– Жиырма жыл бойы ат ізін салмай кеттің. Осы жерді сенің арқаңда алдым. Кел, бала-шағаңды түгел ала кел, – деп мәре-сәре болды.

Сапар аудан орталығынан күтіп алды, ары қарай қалың құмды орман, тоғай. Кейде ойдым-ойдым жарқыраған көлдер, оларды жағалай өскен сылаңдаған сұлулардай тербетілген көк құрақтар жүректі тербетіп, сонау балалығыма шақырғандай болады. Дүние түгел быт-шыт болып, асты-үстіне түсіп, ұжымшар-кеңшарлар тарап, жерді телім-телім бөліп алып, тоз-тоз болып, берекеті қашқан тұста мына өңірдің қаймағы бұзылмай сол қалпында сақталғанына таңмын. Елі берекелінің – жері де берекелі-ау!..

Бізге арнап Сапар екі киіз үй тігіпті. Бірі асхана, екіншісі жатынжай. Өздері бөлек үйде тұрады, кеңшар орталығынан үй салып алған. Қыста бәрі сонда балаларын, немерелерін оқытады.

Бата сұрап, тай сойды. Бәйбішесі де бес бала тапқан етжеңді, келіскен ажарлы жан екен, келін-балаларымен тік тұрып, құрақ ұшып күтті. Екі күннен кейін Сапар:

– Менің тұңғыш немерем Алматыда үйленіп жатыр. Бүрсүгіні тойы. Соған барып қайтуға рұқсат ет. Мынау Миша деген саған барлық жағдайыңды жасайды. Өзі балықшы, аңшы, тамақтың түр-түрін дайындайды. Кәуап, көктал, аң, құс етінен сорпа істеудің шебері, – деп малын бағып жүрген қоңқақ мұрын, шашын ұстарамен сыпырып тастап, ескі кепкі, керзі етік киген ұзын бойлы адамды таныстырды. Бала-шағаларым олармен бірге қайтып кетті.

Өзім де жазуға отырып, қағаздарыма қарай алмай жүрген басым рұқсатымды беріп, бәрін жолға салып жібердім.

Миша шынында да іскер, тыным таппайды. Таңертең ерте тұрып, сиырларды сауады, сүт пісіріп, айран ұйытады. Екі-үш қырғауыл атып келіп, жүнін жұлып, сорпа жасайды.

Қалың жыныс тоғай, тып-тыныш мүлгіген тыныштық. Үйдің іргесіндегі киізін түріп қойып, рахаттана жазуға отырамын.

– Тамақ дайын, – дегенде ғана керіліп орнымнан тұрамын. Түс ауа масахана ішінде мызғып алып, тағы қағазға қараймын. Кешке движок қосып, электр жарығын жағып, теледидар көреміз. Ол балық аулап әкеліп, оны бірде қуырып, біресе сорпа жасап жүреді.

Екінші күні балық аулауға бірге шықтым. Іле өзенінің бір тармағы – Топар баяу жылжып ағып жатыр, бетінде шолп-шолп етіп анда-мұнда балық секіреді.

Қармағыма қайта-қайта балық қауып, соған мәз болып, шешініп, шомылуға суға түстім.

Қайран, Топар! Баяғыда бұл өзен сұмдық үлкен айдын болып көрінетін. Біз шетіне ғана тайыз жерін тауып шомылатын едік. Қазір тартылған, адам бойлайтын ғана тереңдігі бар. Құлаштай малтып, арғы бетіне шықтым. Жағасындағы ұлпа құмда ары-бері жүріп, денемді жылыттым.

С уға еркін, рахаттана түсіп, бір шетінен балық ұстап, үйге қайттық. Миша уха дейтін балық сорпасын әзірлеп, соны ішіп, масаханаға кіріп, ұйықтап кетіппін.

Кеш батқанда Миша далаға отын жақты. Ағаштың шоғына төрт-бес картөшкені тастап, соны аударыстап, көріп отырған ол:

– Сіз Владивостокта әскерде болдыңыз ба? – деп сұрады.

– Иә, оны қайдан білдің?

– Білегіңізге «Владивостоктан сәлем» – деп жазып қойыпсыз.

– Иә, солдаттар әскерде жүргенде ерігіп инемен піскілеп, жаздыртып алып едік. Өшпейді екен ғой.

– Қай жерінде болдыңыз?

– Владивостоктың өзінде емес, одан жетпіс шақырым Благовещенск деген жерде.

– Ойпырм-ай, а? Тұп-тура сол жерденмін ғой.

– Онда жерлес болдық, Миша.

Ол сырты қап-қара күйелеш піскен картошкаларды шыбығымен түртіп, шоқтың шетіне шығара бастады.

– Флягқа бражка дегенді ашытып, еркектер ертелі-кеш содан екі-үш ожауын сіміріп алып, шала қызу тракторын айдап кете береді. Қыздары топ-толық әдемі болатын, жапон, кәріс қыздары да кездесетін. Үш жыл морской пехотада сол жерде тұрдық қой, – дедім әскердегі кезімді еске түсіріп.

– Сізге әлі жан баласына айтпаған сырымды айтайыншы.

Оның дауысы бұзылып, дірілдей әңгімесін бастап кетті.

* * *

Сізді тағдыр кездестірген шығар. Міне, жиырма жыл болды еш жерде жоқ адаммын. Миша-Михаил да шын атым емес. Тіпті, ешқандай куәлік, төлқұжатым жоқ.

Бәрін басынан бастайын. КСРО тарап, ел жаппай бей-берекеті кетер тұста біз Володя деген жолдасым екеуміз Жапонияға, Қытайға жиі барып, түрлі тауар әкеліп сатып, тез ес жидық. Жалындаған жаспыз, ештеңеден тайынбаймыз. Қорықпаймыз. Жүрексінбей бел шешіп, тәуекел деп кірісіп кеттік. Жапониядан әкелетін көліктерді сататын диллер болып алдық. Қытайдан қаптаған сан түрлі тауарларды тасып, Владивосток пен Хабаровскіде базар аштық. Ваучерлерді жинап, екі зауытқа ие болып, тез байыдық. Губернаторлар бізбен санасатын, арнайы іздеп шақыратын болды. Мәскеуде шешемнің бір туысы генерал, министрдің орынбасары болып, соған жиі-жиі ұшып барып, мәселе шешемін. Қанатымызды кеңге жайып, Сібірдің байтақ жерінен кәсіпорындар ашып, ағаш тасыдық, балық ауладық, мұнай-газ өндірдік, әйтеуір тыным таппадық. Ақша ақшаны жасайды. Сібір мен Қиыр Шығыс тұнып тұрған байлық, есебін тапсаң күреп олжаға кенелесің. Ертеңгісін Токиода, кешкісін Гонгонкте ас ішіп жүрдік, әлемді шарлап, Ресейдің ен байлығын саудалап, талай-талай шетелдіктермен бірлескен сан түрлі келісімшарттарға тұрып тастадық. Володя бизнеске деген білгірлігіме, елмен тез тіл табысып, әрқилы қиын жағдайдан дұрыс жол тауып кететініме таң қалады.

Тарыдай шашырап кеткен көптеген фирмаларымыздың бәрінің басын қосып, ірі холдинг ашу жөніндегі ұсынысыма Володя қатты қуанды. Бәрін жүйелеп, есептеп, ретке келтіріп «Ақ аю» атты холдинг құрып, өзім президенті, барлық банкке, құжатқа менімен бірдей қолы жүретін Володя бірінші орынбасарым болып тағайындалды. Ақша науадай құйылды, ісіміз дүркіреп, шетелдіктер бізбен кездесуге кезекте тұратын болды.

– Заман осылай жаймашуақ тұрмас. Офшор аймаққа доллармен қаржы тығып қояйық, – деген Володяның сөзіне құлақ салдым. Бүкіл дүние-зат, бизнесімізді кепілге қойып, әлемдегі ең ірі банктен қарызға ақша сұрадық. Олар жарты миллиард доллар берді. Володяның ақылымен 100 миллион долларды Ресейге алып кірдік. Ал, 200 миллион доллардан офшор аймағындағы банкке жеке-жеке шотымызға салып қойдық. Холдингтің президенті ретінде өзім қол қойдым.

Жеке тікұшағымыз бар, Енисейдің жағалауындағы демалыс орнымызға ұшып барып, бұл табысымызды тойладық. «Мисс-1997» атағын алған екі қызды алдырып, екі күн жаттық. Мен ары Мәскеуге, ол Владивостокқа қайтуы керек. Жұмыс бастан асып жатыр… Екі күн, екі түн гулетіп тойладық. Үшінші күні кешке қарай шақырған барлық қонақтарды шығарып салып, екеуміз ғана қалдық. Моншаға әбден шомылып, сергектеніп, көп ақылдастық.

Володя ешуақ қарсы шықпайды, айтқанымды істеп, көбіне-көп үндемейді, кейбірде зекіп, ұрыссаң көзін төмен салып, кешірім сұрай береді.

Міне, ол екі шабадан толы долларды әкеліп:

– Сен ал, — деді.

– Маған дәл қазір керегі жоқ. Банк карточкалары бар. Сонша ақшаны алғаның не? – дедім.

– Банктегі қаржы біздікі болмай қалуы мүмкін. Мынаны өзің бір жерге сақтап, тығып қой, бір шабадандағыны өзім алайын, – деді.

– Офшорда әрқайсысымызда 200 миллион доллардан қаржымыз жатыр.

Оны жан адам білмеуі керек. Холдингтің есебінен қарызымызды жабамыз. Қарашы, қанша жобалар дайын тұр, уақытты босқа жібермей пайдаланып қалайық, – деп алдағы жоспарларды жіпке тізгендей айта бастадым.

Енисей, Объ, Лена атты үш дариядай шалқыған өзендердің жағасында қалың орман ішіне демалыс үйлерін салып тастағанымызбен жылына бір мәрте барып тынығуға қол тимейді-ақ.

Міне, Енисейдің жағасындағы сықыған орманды жағалауынан жер сатып алып, жаңа салынған саяжайда алғаш рет демалуға келген бетіміз. Қажетті қағаздарға қол қойып, түннің бір уағында далаға шықтық. Жаздың бел ортасы, өзен жақтан салқын самал еседі.

Енисей – о шеті мен бұ шеті көрінбейтін айдын шалқар болып жататын тұңғиық терең алып өзен. Бетінде теңгедей көпіршіктері ойнап, шымыр-шымыр ағады. Үсті тынық көрінгенімен астындағы ағысы қатты.

– Ана шабадандағылар сенде болсын, Володя.

– Жарайды, керек кезде аларсың. Жүр, Енисейдің жағасына барып тыныстап қайтайық, – деп Володя алға бастады.

Сопаң етіп қалың ағаш арасынан оның еңгезердей қап-қара сақал қойған күзетшісі шыға келіп, көлеңкеміздей соңымыздан ерді.

Біз нән қарағайлар сыңсып өскен өзеннің жарқабағына келдік. Арғы беті бұлдыр-бұлдыр дария қаратұнғиықтанып қырылдай-сырылдай ағып жатыр.

– Енисей – Мұзды мұхитқа барып құяды. Ал Мұзды мұхит – бұл орасан таусылмас байлық, асты толған газ бен мұнай, ал мұзы – тұщы таза су. Болашақта Володя оны да біз екеуміз игереміз. Әлем бізге таң қалып, ісіміз дүркірейді, – деп мен салқын самал сергіткен күймен әсерлене сөйлеп кеттім. Дәл шүйдеме әлдене сарт ете қалды, жалп етіп ұзыннан құлап түстім. Көзім жарқ етіп барып, сөне берді.

Құдайдың жаққан шырағын ақымақ үрлеп өшіре алмайды. Туа сала пешенеңе жазылған тағдырыңнан қашып құтыла алмайсың.

Ең әзәзіл дұшпаның, жауыздық жасайтын жауың – төңірегіңде. Күншіл, қызғаншақ жан – нағыз опасыз жауыз. Күншілдер Күнді көлеңкелеп тұрғысы келеді, Айды адамзаттан жасырып, жұлдыз біткенді өшіруге өршеленеді. Жымысқы қызғанышын ішіне сақтап, жауыздықтың небір сұрқия, сұмпайы түрлерін ойлап табады. Олардың қолынан су ішпе, су емес, у ішкізеді.

Миллион-миллиардтарды шыр айналдырып, төрткүл әлемді сатып алардай есіп тұрған қайран басым, есімді тастай су астына батып бара жатып,әзер жиып алдым.

Беліме гир байлап Енисейге лақтырып жіберіпті. Өлген денесін балықтар жесін, сүйегі Мұзды мұхиттың астында қалсын деген жоспары болған шығар. Гир байланған белдігімді жалма-жан шешіп тастап едім, сопаң етіп су бетіне көтерілдім. Тас-түнек қараңғы, тастай қара су, жағаға қарай жүзе жөнелдім. Құмдауыт жағаға шығып, қалың қара орман ішіне кіріп, жандалбасалап қаштым.

Бір ауылда, тіпті бір көшеде бірге өскен, бір мектепте бірге оқыған ең сенімді досым деп жүрген Володя өлімге қиды-ау. Өлтіргісі келіп жүр-ау деп тіпті ойлаған емеспін. Оны осынша әлетке жеткізіп, шалқыған байлыққа кеңелткен өзім емес пе едім?

Е нді Володя тірі қоймайды. Сібірдің атышулы бүкіл баскесерлерін сол басқарады. Біздің бизнесімізге, өзімізге көз алартқан «қараларды» — бандит, рэкетирмен ол сөйлеседі. Ал «ақ жағалылар» – деп атайтын полиция, прокуратура, тағы басқа да тексерушілермен мәселелерді өзім шешетін болып келіскенбіз. Өзі де жастайынан дойыр, бұзық болып өскен оның жанында аннан қашқан, мұннан қашқан басбұзарлар жүреді.

Иә, Володя мені өлтіріп, бәріне өзі ие, өзі қожа болып қалғысы келген екен ғой. Жан досым, ақыреттік айырылмас жолдасым деп жүрген мені жоқ қылып, ен байлыққа кенеліп қалуға қараниеттеніп, қиялдап жүрген сұрқия болды.

С тансаға жетіп, алғашқы пойызға отырып, ұлы Сібір жерінен қаштым, біржола ұзай бердім, ұзай бердім. –«Қаш! Қаш! Қаш!», – деп жүрегімдегі үрейге пойыз дүрсілі қосылады. «Қош! Қош! Қош!», – деп желбіреген сыңсыған Сібірдің қалың орманы қол бұлғап қалып жатыр, қалып жатыр.

Не жаздым бұл өмірге? Ешкімім жоқ. Әке-шешем мен қарындасым бұрын жол апатынан қайтыс болған. Енді міне, ең адал досым деп жүрген жан өлімге қиды. Володя «Өлтірдім, сүйегі шашылып Енисеймен ағып, мүлде бітіп, мәңгіге жоқ болды», – деп қуанып жүрген болар.

* * *

Баяғыда Тайгада екі құрдас бала бірге өсіпті, жан алып, жан беріскен бір-бірімен дос болыпты. Жігіт шағында аңшы болып, орманға шықса Сергейдің жолы болғыш па, атқанын құр жібермейді. Толик анда-санда бір тигізеді. Сергейдің мылтығымен атса да тигізе алмайды. Таудан құлаған қар көшкінінің астында қалып, екеуінің де шаңғыларының күлпаршасы шығады. Тайгада шаңғысыз күнің қараң, қыс жаңа қаһарына мінді, әлі алты ай қалың қар басып жатады. Жарты жыл бойы ел-жұртты көре алмайды, жазғытұрым жол ашылғанда ғана аңшылар келе бастайды.

Екеуі ағаштан ағаш кесіп, таңдап шаңғы жасауға кіріседі. Шаңғысыз күйің жоқ, аштан қатып өліп қалуың мүмкін. Сергей атқан оқтай зырылдаған әп-әдемі шаңғы жасап алады, Толик қанша әуреленсе де жонған ағашы морт сынып, әуре болып жасаған шаңғысы қарда жөнді жүрмей ит ығырын шығарады. Шаңғысы зырылдаған Сергей аң атса да дәл тигізіп, қыстық қор жинап, Толик тоғанаяқ болып шаңғысы малтығып жүрмей, атқан оғы далаға кетіп, итәуресі шығады. Толиктің ішіне қызғаныш кіреді, ол ұлғая-ұлғая кекке айналады. Қызғаныш деген ібіліс шайтанның азғырғанынан болатын жайт қой. Әзәзіл құлағына күні-түні сыбырлап, ішкі дүниесін қап-қара ғып, Толикті Сергейге іштей жауыққан, көре алмаған жан ғып тастайды.

«Сен Сергейдің көзін жой, шаңғысына мін, мылтығын ал. Ол барда сен өстіп шоңқайып, көлеңке болып қана жүресің», – дейді шайтан азғырып.

Егей берсең тас та тесіледі. Күншілдік соңы – күңіренген қайғы. Қызғаныш деген – тағдырыңды қиып түсер жүзіне у жалатқан алмас қылыш. Күндестік пен қызғанышқа берілдім десең – шайтанның азғырғаныма ердім деп есепте.

Толик те есіріктеніп, қызғаныш уытына малтығып, екі көзі қанға толып, ұйықтап жатқан Сергей досын шоқпармен басынан соғып өлтіреді. Денесін айдалаға апарып тастайды. Дереу шаңғысына мініп, мылтығын алып аңға шығады. Кешке дейін ешнәрсе кездеспейді. Ыза буған ол үңгірінде ұйықтап жатқан аюды атады. Жараланған аю атып шыққанда қайта атайын десе мылтығы от алмайды, қашайын десе шаңғысы сынады.

Долданған жаралы аю оның парша-паршасын шығарып, бұтын бұт, қолын қол, быт-шыт қылады.

Қар кеткенде жазғы аңшылыққа келген аңшылар екеуінің сүйектерін тауып алып, бір молаға жерлейді. «Тірлігіңде де айырылмас достар еді, енді мәңгілік бірге жатсын» деп бейіті басына «Сергей+Толик – достар» деп жазып қалдырыпты.

* * *

Иә, бұл аңызды сібірліктер жиі айтады. Ешбір құжатым жоқ, тек ішкі қалтамда он мың доллар қалыпты. Соның жартысын аяқ киімімдегі ұлтарақ астына тықтым.

Жолаушылар пойызы Қазақстан шекарасынан өтер кезде кеденшілердің қалтасына кішкене доллар сүңгітіп едім, дереу өткізіп жіберді.

Алматыға келіп түсіп, басқа киім сатып алып, кешке көшеде жатын орын іздеп жүргенде бұзақылар киімімді, қалған тыққанымды түгел тонап алды.

Көшеде жалаңаш қалғанымда полицейлер ұстап алып, қамап тастады. Тек аяқ киімім бар еді, соған көзі түсіп, әбден бәрін білетін сұмырайлар ғой, ұлтарақ астына тыққан қалған долларымды сыпырып алып, көшеге айдап шықты.

Қоқыс тастайтын жәшіктерді қарап жүріп, ескі-құсқы киімдерді үстіме жапсырып, вокзал маңында қаңғып жүргенде осы Сапар кездесе кетті. Мал бағуға бомж іздеп жүр екен.

– Ешбір құжатым жоқ, маскүнем боп, емдеуден шықтым. Барар жер, басар тау, ешбір туған-туысқаным жоқ. Түбім қарағандылық, – деп өтірік айттым. Сапарға ілесіп осында келдім.

Алғашында ол сеніңкіремей жүрді. Арақ-шарапты татып алмаймын, берген ісіне тиянақтымын. Өтірік айтып, өсектемеймін. Табандатқан жиырма жыл болды, ен тоғай ішіндемін. Көретінім көк аспан, жан баласына жоламаймын, сөйлемеймін. Осында біреу-міреу келсе қалың тоғай ішіне кіріп жасырынамын да аралға өтіп, жасап қойған күркеме барамын.

Жұрт бомж деп есептейді. Ал шынында «лыжник» – шаңғышымын. Қаңғып жүрген жанды тауып, соның құжатымен банктен әсіресе шетелден үлкен қаржы қарыз алдырып, көзін жоқ қып жіберетін жанды – лыжник деп атайды. Міне, Сіздің алдыңызда шетелде офшор аймағында шотында 200 миллион доллары бар миллионер отыр.

* * *

Ол түрегеліп барып қураған ағаштарды сындырып, отқа тастады. Үйден күпәйке әкеп арқама жапты.

– Миша, енді неге сол қаражатыңды алмайсың?

– Шын есімім Миша емес. Степан. Шетелге шығар ешқандай құжатым жоқ. Сіз құтқарыңыз. Маған төлқұжат алып беріңіз. Екеуміз шетелге офшор аймағындағы банкке ұшып барайық. Ондағы екі жүз миллионды қақ бөліп алайық.

– Банкте ақша алар кезде шын аты-жөнің болуы керек қой.

– Керек емес. Банктегі құпия сейфке бес саусағың мен алақаныңды бассаң код шығады, сол кезде шот нөмерімді терсем, шотым ашылады. Ал, сол қаржыны қалай аударасың, қалай жұмсайсың оны тек өзің білесің. Банкте сенің аты-жөнің, құжатыңның түк керегі жоқ. Міне, сол қаражатымнан 100 миллион долларды Сізге аударып беремін.

– Жүз миллион долларды ма?

– Иә. Маған сеніңізші. Банктегі қаржы 25 жыл иесі болмаса, келмесе мұрагеріне беріледі. Үйленбегенмін, ешкімім жоқ, мұрагерім деп Володяны жазып қалдырғанмын ғой. Егер ала алмасам бес жылдан кейін ол қаржыға Володя ие болып шыға келеді. Енді тездетіп алмасақ, қапы қаламыз.

– Ал, оны алған соң не істейсің?

– Мигрант болып, Еуропаға өтіп, тып-тыныш өмір сүремін.

– Миша, жо-жоқ, Степан, ақшаны судай шашып жүрген сәтіңде неге үйленбедің?

– Көздеп жүрген екі қызым болды. Соның біріне үйленемін деп жүрген едім. Біреуі Лена деген. Лена өзенінің жағасында тұратын мұғалім, екіншісі Мәскеудегі министрдің Вера деген сылқымы. Вераны маған нағашым таныстырып: «Осы қызды алсаң бағың ашылады, жолың болады», – деген. Екеуі де бұйырмады ғой.

Бір адамға айтпаған жан сырымды Сізге ақтарып салдым. Сапар жылдық ақыма бір бұзау береді, міне, қазір 20 сиырым бар. Соның бәрін алыңыз да төлқұжат жасаттырып беріңіз. Ал, Сізге айтқан 100 миллион долларды аударып беремін. Ал, бірақ мен жөнінде, бүгін айтқан әңгімем туралы тірі жан білмеуі тиіс. Көп ақша жүрген жерде бәле-жала да көп болады.

Келістік пе Бақытжан Жарасович! – деп ол қолымды ұстай алды.

– Володя қазір қайда?

– Ол ит шошқадай семіріп алыпты. Теледидардан көремін, қазір Думаның депутаты, губернатор болсам деп сайлауға әзірленіп жүр дейді.

Гүр-гүр етіп көлік жарығы қараңғылықты тілгілеп Сапарлар келді.

Түні бойы сан түрлі ой шырмауына шырмалып, ұйықтай алмай шықтым. Ертесіне қалаға қайттым.

– Кездескенше, – деді қолымды қысып қоштасарда миллионер Миша-Степан.

Жүрегім шімірігіп атқақтай соқты…

– Кездескенше?!

Бал балалығым өткен қайран көрікті де қасиетті Топардың базарлы қалың тоғайы, киіктің жанарындай жарқыраған көлдері, сұлудың бұрымындай сылқым өзендері қалып барады.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

қоғам қайраткері, жазушы, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы.

2019 жылғы шілде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *