МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МАҢЫЗДЫ

Саясат Қоғам
1 831 Views

Адам баласының тағдыры түрлі-түсті жіппен тоқылған өрнек секілді. Кейде сол өрнектің жібі аяқ асты қара түске боялып, тағдыр жазуы тәлкекке салып, пендесін қиындықтарымен сынаққа салып жататыны бар. Бір адам мұндай қиындыққа аяқ асты болатын жазатайым жазымдардың, ауру-сырқаулардың салдарынан тап болып жатса, енді бірі туабітті кемістіктердің салдарынан тап болып, мүгедек, болмаса, қазіргі қоғам тілімен айтсақ, мүмкіндіктері шектеулі деген топқа жіктеліп жатады. Олар өзінің қабілетіне қарай тіршілігін жасайды, оған мүмкіндігі жоқтары үкіметтің көмегіне арқа сүйейді. Елбасы айтқан мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін «кедергісіз кеңістік» құру бағытындағы жұмыстардың да жанданып келе жатқандығын айтуымыз керек. Қазір, шүкір, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өзгелермен тең дәрежеде қызмет істеу, білім алу құқықтарына ие болып отыр. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінуде. Оларды әр салада қолдауға арналған іс-шаралар көптеп жасалуда. Мұның өзі еліміздегі жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың жемісі деуге болады.

Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейілінше өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада еркін өмір сүрулеріне қажеттіжағдайларды жасауға тырысып-ақ жатыр. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда мүмкіндігішектеулі жандарға жасалып отырған қазіргі әлеуметтік қамқорлықтардың жер менкөктей айырмашылықтары бар. …Әңгіме ауанынан аңғарған боларсыз, бүгінгімақаламызда әлеуметте әлжуаз топ саналатын мүмкіндігі шектеулі жандардыңбүгінгі хәлі қаузалмақ.

Бүгінгі таңда мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету,азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғау бағытында Түркістаноблысы, Шардара ауданында тың тірліктер жүзеге асуда. Соның ішінде кембағалжандарды жұмыспен қамту маңызды мәселе болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы №326 қаулысы қабылданған. Аталған қаулының негізінде мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту бойынша Түркістан облысы, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қолда бар мәліметке сүйенсек, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардан әлеуметтік оңалтуға 801 өтініш келіп түскен. Оның ішінде жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметін алуға 90 өтініш түсіп, 87 азаматқа жеке көмекшінің қызметі көрсетілуде. Ымдау тілі маманының қызметіне 30 азамат өтініш беріп, 29 азамат ымдау тілі маманының қызметін алуда. Санаторий-курорттық емделуге 421 мүмкіндігі шектеулі азаматқа республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ағымдағы жылы 294 азаматтан өтініш түсіп (2020 жылы курорттық емделумен қамтамасыз етілмеген 150 азамат та ағымдағы жылы емдеу шараларымен қамтамасыз етіледі), 167 азамат әлеуметтік қызметтер порталы арқылы емдеу орындарын таңдаса, 79 азамат санаторлық-курорттық емдеуден өтті. Жүріп-тұру құралдарына (қоларбаларға) 15 өтініш түсіп, 3 мүмкіндігі шектеулі азамат 4 қоларбамен қамтамасыз етілген. Протездік-ортопедиялық құралдарға 81 азаматтан өтініш түсіп, протездік ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары басталуда. Сурдоқұралдарға 15 өтініш түсіп, 4 адам (14 құралмен) қажетті құралдармен қамтылған. Тифлоқұралдарға 16 өтініш түсіп, 2 адам (10 құралмен) тиісті құралдарын алған. Міндетті гигиеналық құралдарға 260 адамнан өтініш түсіп, 217 азамат (133 403 құрал) гигиеналық құралдарын алған. 2020 жылы әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылып, орнын толтырушы құралдардың 24 түрі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы балама түрде көрсетілген.

2020 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтің 5 түрі толығымен әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізіледі. Олар:

1)жеке көмекшінің қызметі;

2)ымдау тілі маманының қызметі;

3)протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету;

4) міндетті гигиеналық құралдар (жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге);

5)жүріп-тұру құралдары (қоларбалар).

Бұдан басқа үйде күтім көрсетілетін мүмкіндігі шектеулі 87 балаға үйде қызмет көрсетілуде. Төрт айдың қорытындысы бойынша үйде оқитын 72 мүмкіндігі шектеулі балаларға 816 000 теңге, АИТВ жұқтырған 2 балаға 550 800 теңге қаржы төленді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жартылай стационарлық 54 мүмкіндігі шектеулі балаларға келу мүмкіншілігіне қарай әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, дефектологиялық, логопед, массаж қызметтері көрсетілуде. Жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес І,ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі 5 азамат «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» барып ем қабылдады. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инватакси қызметі тұрақты түрде көрсетілуде.

Әлеуметтік маңызы бар объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету: Маңызы бар объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауданда ведомствоаралық комиссия құрылып, мүгедек адамдардың мұқтаждығына бейімдеуге жататын 109 бірлік ғимараттар мен объектілер комиссияның қабылдауынан өтіп, «Кедергісіз орта» порталына енгізілді. Ағымдағы жылы бұрын бейімдеуден өткен 15 нысанды қайта бейімдеуден өткізу жоспарлануда.

Жұмыспен қамтамасыз ету: аудан әкімінің 2019 жылғы 14 тамыздағы №308 «Мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу» туралы қаулысымен ағымдағы жылы 13 мүмкіндігі шектеулі азаматты квота арқылы жұмыспен қамту бекітілген. 2021 жылдың төрт айының қорытындысына сәйкес 400 азамат жұмыспен қамтылса, оның 35 мүмкіндігі шектеулі азамат, оның ішінде 1 мүмкіндігі шектеулі азамат квота арқылы жұмыспен қамтылған.

Осы орайда айтарымыз, мүмкіндігі шектеулі жандарды еш­кім қоқыс сынды сыпы­рып, не сыртқа итеріп тастай алмайды. Оларды мемлекеттің мойнына артылған масыл деп айту да асылық. Себебі, ешкім ертеңгі күнінің қай бағыттан шығарын білмейді. Олар да солай. Өмірлерін өздері өрнектеген емес, маңдайға жазғанға мойынсұнғандар. Сондықтан, кеудедегі жұмыр етте жан барда еңсесін ешкімге ездірмейді. Бұған мемлекет те жол бермейді. Осыған байланысты Түркістан облысындағы, соның ішінде Шардара ауданындағы атқарылып жатқан игі шаралар көңіл қуантады. Бұл жүзеге асырылып жатқан істердің негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыру екені даусыз.

Кемтар адамға деген көзқарасыңды өзгертпеу және оның саған ұқсас емес ерек­шеліктеріне құрметпен қарай білу әлеуметтік қатынасты жақындастырады. Жаңа ұғымдық дүние, өзара түсіністік кедергісіз қоғам қалыптастыруға кепіл болады. Бұл – қаншама Ұлы адамдардың жете алмаған арманы. Әйтсе де біздің ғасыр сол көзге көрінбейтін шекараны бұзып, бейбіт, бірлікті қоғам құруға таптырмайтын кезең.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *