ОБЛЫС ӘКІМІ ҚОС АВТОКӨЛІК КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

Білім Спорт
838 Views

Халықаралық білім күні қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов спорттық мектеп-интернат ұжымы мен студенттерін аталмыш мерекемен құттықтап, қос автокөліктің кілтін табыс етті.

2001 жылы Қызылорда облысында тұңғыш рет даңқты батыр Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортшы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып ашылған оқу орнының тарихы терең. Бүгінде бұл мектеп-интернат өзінің өсу-өркендеу жолында тәуелсіз елдің белгілі спортшыларын оқытатын, тәрбиелейтін колледж дәрежесіне дейін көтерілді.

Аталмыш білім ошағынан есімдері елге танымал Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері түлеп шықты. Олар: ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды түлектер білім алған. Сондай-ақ, биыл Қазақстан Республикасының ІХ жазғы мектеп және колледж оқушылары арасындағы спартакиадада мектеп-интернат-колледж оқушылары спорт түрлерінен 57 медальға қол жеткізді. 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында мектеп-интернат оқушысы байдарка және каноэде есуден Диас Бахрадин алтын жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Сәпи Есенгелді мен Бекболат Рахат жеңімпаз атанды.

Аймақ басшысы өз сөзінде спорттық мектеп-интернаттың осы уақыт аралығында жеткен жетістіктеріне де тоқталып өтті. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында мектеп-интернат оқушылары республика чемпионаттарында 111 медаль иеленсе. Биыл 5 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 40 спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалып, ұлттық құрама команда сапына 32 оқушы енді.

Оқушылардың білім алуы мен спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында мектеп-интернат-колледжге, жатақхана, асхана, оқу орталығы мен әкімшілік бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда білім ордасында «Спорт жаттықтырушысы-оқытушы» мамандығы бойынша 40 студент білім алып, спорттық шеберліктерін шыңдауда.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *