ОЙ САЛАР

Әдебиет
543 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

70

Қазақтың дана сөзін жаттап алып,

Ешкімнің ала жібін аттамалық.

Жау тисе Қазағыма, бір кісідей,

Жұмылып жұдырықтай аттаналық.

71

Жастар көп кірпіш болып қаланбастай,

Тірлік ет, кейбір итке таланбастай.

Елемей көре-тұра үлкендерді,

Кейбір жас өте шығар амандаспай.

72

Ақыры не боларын қара да тұр,

Көрмейміз тілге бөлген қара бақыр.

Келетін жоғарыдан іс қағаздар,

Айналып орысшаға бара жатыр.

73

Біз қашан «құлдық» дерттен құтыламыз,

«Қазақ» боп бірікпесек ұтыламыз.

Орысша өз қазағым сайрап тұрса,

Орысқа тілмен бірге жұтыламыз.

74

Ұялам көпшілікке көрінуге,

Именем қамшы болып өрілуге.

Кәзіргі жастарымыз тәрбие жоқ,

Топ құрып, ру жүзге бөлінуде.

75

Құшақ боп ақ пейілмен ашылған бар,

Байлыққа басын ұрып тасынған бар.

Халықтың жүрегінде қалар мәңгі,

«Елім» – деп еңіреп өткен асыл жандар.

76

Шешендер сөйлегенде тілге зерек,

Естиміз таңғажайып күнде дерек.

«Теракт» жер бетінде тиылмай тұр,

Халықтың қырылғаны кімге керек?

77

Сорым ба, әлде менің бағым бар ма?

Сенеміз алдамшы бір сағымдарға.

Дінбасы, үкімет те күреспейді,

Жол ашып қойды діни ағымдарға.

78

Өлтірген қояндарды қамыс болған,

Өлтірген батырларды намыс болған.

Арамдық құпиясын білмесін деп,

Ауылдан ұры-қары алыс қонған.

79

Әр ісі ер жігіттің болаттай-ды,

Ешкімге жамандықты жолатпайды.

Бірлік пен тірлік қылса азаматтар,

Басына бақ құсы кеп қонақтайды.

80

Оранып әйел-қыздар тұмшаланып,

Кірісті басқа ағымға ынталанып.

Өздерін «ЖиҺат» пын деп Сирияда,

Иттерге ағымдағы жүр таланып.

81

Адал жан сеніміңді, талай ақтар,

Жақсыдан жәрдем сұрап саялап бар.

Кіріп ап сеніміне аңқаулардың,

Көбейді алдап соғар алаяқтар.

82

Алдымен сөйлер сөзді жұптағайсың,

Әр кезде жақсыларды құптағайсың.

Шындықты ішіңдегі ақтарып айт,

Ішіңе «алтын сөзді» жұтпағайсың.

83

Соңынан жақсылардың қалмағайсың,

Көңілге жамандықты алмағайсың.

Жансерік астыңдағы тұлпарыңды,

Өтем деп жаман жерге салмағайсың.

84

Ақшаға өтінішім құнықпаңдар,

Еңбегін ата-ананың ұмытпаңдар.

Халқыңа еңбек еткен даналарды,

Көтеріп қолдан келсе ұлықтаңдар.

85

Демейтін туыстар көп, қалайсыңдар?

Жүрегің солар үшін талай сыздар.

Айтарым сол туысқа «Ісің түссе»,

Ертең-ақ артымды кеп жалайсыңдар.

86

Өткіздім өз басымнан талай сындар,

Әлсіреп жүргенімді қалайсыңдар.

Мал бітсе маған егер, көре алмастан,

Аяусыз аш бөрідей талайсыңдар.

(Жалғасы бар).

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *