ОЙ СОРАБЫНА ТҮСІРГЕН ОТЫЗ КҮН

Билік
734 Views

Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың Шымкент қаласына әкім болып тағайындалғанына да әне-міне дегенше айдан асып қалыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт. Небәрі бір айда кешегі Тәшкентті билеген бектер де бір нәрсені қиратып тастай алмас еді. Білімді ұлдары үнсіз қалғанды жөн көріп, есесіне екі сөздің басын құрап жаза алмайтындары «ел сөзін сөйлеп тұрған» қазіргі күндері жұртқа жағу тіпті қиын. Әлеуметтік желілерден ел билеген азаматтарға «Пәленшеев, Түгеншеевті орнынан алып тастауды талап етемін!» деген посттар мен комменттерді жиі оқитын болдық. Осындай заманда ел басында жүрген азаматтарға жұмыс істеу расында да қиын болса, қиын шығар. Бірақ, Айтахановтың іс-әрекеті ә дегеннен-ақ көпшіліктің көңілінен шыққан сыңайлы. Иә, Айтаханов та бір айда ешнәрсені қиратып тастаған жоқ. Бірақ, азаматтың істі бастауы көңілге үміт ұялатады.

Айтаханов істі неден бастады?

Ал айтайық.

«Құлдыраған экономиканы жөндеуге болады, ал руханият саласы бір шатқаяқтаса, оны қалпына келтіру қиын».

«Шымкент қаласының дербес мәртебе алып, жаңадан Түркістан облысының құрылуы қос өңірді бөлу үшін жасалған әрекет емес, керісінше, жақындастыру үшін жасалған әрекет».

«Жат мәдениеттерді әкімшілік әрекеттермен емес, өзіміздің бай мәдениетімізді қарсы қойып қана жеңе аламыз. Ендеше, біздің руханият саласының қызметкерлері елгезектік танытулары керек».

Бұл сөздерді мен айтып отырғаным жоқ. Бұл Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың зиялы қауым өкілдерімен, журналистермен кездесулерде сөйлеген сөздерінен алынды. Бәлкім, мен сөзбе-сөз дұрыс келтіріп отырған жоқ шығармын, бірақ, негізгі ойының жүйесі осыған келіп саяды.

Бұл нені білдіреді?

Бұл Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың ішкі жан дүниесі мен ұлт руханиятынан алыс емес екендігін көрсетеді.

Руханияттың уызына жарып өскен ұл ешқашан ұлтынан бөлек өмір сүрмейді. Елі қуанса, ол да қуанады, елі мұңайса, ол да мұңаяды. Демек, «Он наш человек!» деп «Мәскеу көз жасына сенбейді» көркем фильмінің кейіпкері айтпақшы, «Ерлан Айтаханов наш человек!» «Наш» дегенді мен ұлтын сүйетін, ұлтының салт-дәстүрін ұлықтайтын адамдардың қатарындағы азамат дегенді меңзеп айтып отырмын. Айтаханов дұрыс айтады, руханият саласы бір шатқаяқтаса, оны қалпына келтіру қиынның қиыны.

Идеологияны ұлт руханиятының ішінен алып шықса, ол елді гүлдендіруге жұмыс істейді. Ал әкімдер арзан пиарды идеологиямен шатастырған жерде ол күлкі тудырып қана қоймайды, елдің ашу-ызасын да тудырады. Түсінген адамға елдің ашу-араз көңіл күйі мен хаостың арасы жарты-ақ қадам. Хаос басталған жерден елдің күйреуі де басталады.

Кеткен адамның артынан күл шашып отырған ешнәрсеміз жоқ, бір әңгімені айтпай тағы тұра алмаймыз. Кешегі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовты Шымкентті көркейту үшін жанын аяп қалды деуге ауыз бармайды. Қарым-қабілеті жетпеген жерлер болса, болған шығар, алайда маған Ғабидолланың түбіне айналасындағы ақылшы-кеңесшілері жеткен сияқты болып көрінеді де тұрады. Әйтпесе бүкіл орынбасарларын, басқаларын қызметтік көліктерінен түсіріп, автобусқа отырғызған кезде шын жанашыр біреу табылып, «Оу, көкемнің баласы-ау, не істеп жатырсың? Алдымен мұндай арзан пиарға Шымкенттен алданатын бір адам тауып алсаңшы», – деп ақыл қосса, ондай күлкіге ұшырамас па еді?! Осыдан кейін-ақ Әбдірахымовтың шетел оқып келген орынбасарының идеологиясы халыққа жақын ба, жоқ мазар басып келген Айтахановтың идеолгиясы халыққа жақын ба, өздеріңіз-ақ бағалап бағамдай беріңіздер. Қыр қазағына Сіз қанша жерден «шотландтықтың» юбкасын кигізіп қойғаныңызбен оның жан дүниесі бәрібір қоңыр күйді іздеп тұрады. Міне, Әбдірахымов пен оның айналасы шайтан арбаны тізгіндегенде мына жұрттың селт етпей, Айтаханов руханият туралы айтқанда, елең ете қалғаны содан.

Мына әлемде ешнәрсе де мәңгі емес. Әбдірахымов қызметтен кетті, сағаты туғанда Айтаханов та кетеді. Қалатыны соңына тастаған ізі ғана. Айтаханов ұлт руханиятын ұлықтасам деп отыр екен, оны сол үшін-ақ құрметтеуге болады, сол үшін-ақ оның жанынан табылуға болады. Айтаханов үшін емес, руханиятымызды төрге оздыру үшін.

Ғабидолла әкімнің сыртынан ғайбат сөйлеудің түкке де керегі жоқ, бірақ, Ерлан әкімнің әр ісіне қолдау көрсету парыз.

Ақын Олжас Сүлейменов айтпақшы, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық».

Отыз күн ішінде ой сорабына түскендей әзірге тапқанымыз осы.

Біздің жүрек Шымкенттің шынайы келбеті ұлт руханиятының айшықталатынына кәміл сенеді. Сіздер де сеніңіздер!

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *