ОНЫНШЫДАҒЫ ОҢДЫ ТІРЛІКТЕР

Қоғам
784 Views

Арыста қаланы қалпына келтіру жөніндегі штаб жұмыс істейді. Мұнда еліміздің барлық аумақтарынан мамандар келген. Қала шартты түрде 17 секторға бөлінген. Оныншы сектор Шымкент қаласына берілген. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамытәлиев:

– Шымкент пен Кентау қалаларына бөлінген оныншы секторда 782 нысан орналасқан. Олардың 652-сі тұрғын үй, 130-ы әлеуметтік, коммерциялық, тағы басқа жылжымайтын мүліктер. Біз қаланы қалпына келтіру жөніндегі Жол картасын жасау үстіндеміз. Бұл дегеніміз не? Оған қалпына келтіруге қажетті әрбір нысан, құрылыс, соның ішінде шаруашылық құрылысы, залал мөлшері мен жұмыс көлемінің бағасы жайлы толыққанды ақпарат енетін болады.

Құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының мамандары зақымданған үйлерді бастапқы тексеруден өткерді. 652 тұрғын үйдің зақымданған 627-сі ағымдағы және күрделі жөндеуді қажетсінеді. Соның 415-інде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Түгелдей бүлінген жарамсыз 25 тұрғын үйді қайта салу керек. Соның 15-інде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары біткен 76 тұрғын үй иелеріне тапсырылды. 642 үйге тұрғындар қоныстанды. 524 адам құрылыс жұмыстарына тартылған.

Штаб барлық нысандар техникалық тексеруден өткенге дейін жұмыс істейтін болады. Онда Шымкент пен Арыс қалалары әкімдіктерінің қызметкерлері тұрақты түрде жұмыс істейді. Біздің секторымызға қарасты үйлердің кез келген тұрғыны кез келген уақытта жаңадан пайда болған зақымдану жайттары жайлы хабарлағаннан кейін біздің қызметкерлер оларды да жөндеуге кіріседі, – деді.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаев:

– Бүгінде қаланы қалпына келтіру жөніндегі жұмыстардың 60 пайыздан астамы орындалып отыр. Тұрғын үй қорын қалпына келтіру жөніндегі жұмысқа алты мыңнан астам құрылысшы жұмыс істеуде. Жұмысшылар саны күн санап артуда. Олар күн сайын 150-200 үйді қалпына келтіріп, иелеріне тапсыруда, – деп мәлімдейді.

Өз кезегінде Арыс қаласының тұрғыны Сағатбек Ахметов:

– Шымкент қаласы әкімдігіне бекітілген секторда 617 үй қалпына келтіруді қажетсінеді. Шымкент қаласының әкімдігі құрылыс жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң қадағалауда. Менің үйімнің төбесі қирап, бірнеше жері жарылып, тереземнің әйнектері сынып қалған болатын. Терезелерімнің бәрі ауыстырылды. Қалған барлық жөндеу жұмыстарын келесі аптада бітіретін болады, – деген ризашылығын білдіріп отыр.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *