«ОРДАБАСЫНЫҢ» ОЙЫНЫ ОҢАЛСА ЕКЕН…

Спорт
882 Views

Халқымызда «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген даналық сөз бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Уәде – жігіттің алтын туы» екені де даусыз. Әрине, берген уәде үдесінен шыққан қандай ғанибет десеңізші. Ал, сертінде тұрмай, алдап кетсе ше?!

Биылғы көгілдір көктемдегі футбол маусымы басталар тұста Шымкенттің «Ордабасы» клубының басшылығы тарапынан да бірталай уәде естігенбіз. 7 наурызда «Меgа-Shymkent» сауда-ойын-сауық орталығында өткен «Ордабасының» таныстырылу рәсімінде клуб президенті Бақтияр Байсейітов, бас бапкер, болгариялық білікті маман Георги Дерменджиев, команда капитаны, Шымкент футболының түлегі, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Мардан Төлебек: «Чемпионатта ең жоғары орын алу үшін күресеміз, Еуропа алаңдарында сәтті өнер көрсететін боламыз!» – деп жанкүйер қауымды бір желпіндіріп тастағаны жадымызда.

Шымкенттіктер биылғы маусымды мына төмендегі құрамда бастаған.

Қақпашылар:

№1 Бекхан Шайзада (1998)

№34 Жасур Нарзикулов (1984)

№99 Давид Лория (1981)

Қорғаушылар:

№2 Бақдәулет Қожабаев (1992)

№4 Мухтар Мухтаров (1986)

№5 Дамир Даутов (1990)

№8 Темірлан Ерланов (1993)

№17 Мардан Төлебек (1990) капитан

№19 Абылхайр Зулфикаров (1994)

№29 Пабло Эзекуэль Фонтанелло (1984, Аргентина)

№44 Хрвое Спахия (1988, Хорватия)

№77 Талғат Адырбеков (1989)

Жартылай қорғаушылар:

№6 Ұлар Жақсыбаев (1994)

№7 Факундо Даниэль Бертолио (1990, Аргентина)

№10 Қайрат Әшірбеков (1982)

№11 Кирило Ковальчук (1986, Украина)

№14 Самат Шәмші (1996)

№21 Еркебұлан Тұңғышбаев (1995)

№22 Абдуллай Диакате (1988, Сенегал)

№27 Тимур Досмағамбетов (1989)

№31 Джамбули Джигаури (1992, Грузия)

№33 Никита Бочаров (1992, Ресей)

№96 Дидар Жалмұқан (1996)

Шабуылшылар:

№9 Виталий Ли (1994)

№18 Бекжан Әбдірахман (1995)

№70 Иван Нагаев (1989, Өзбекстан)

№71 Таңат Нөсербаев (1987)

№91 Сергей Хижниченко (1991)

№95 Әлішер Сүлей (1995)

Клуб басшылығы:

Президент Бақтияр Байсейітов

Директор А. Ахымбаев

Спорттық директор Айтқұл Ақынбаев

Спорттық директордың көмекшісі Асылхан Шалтынов

Бас бапкер Георги Дерменджиев (Болгария)

Дене тәрбиесі жөніндегі бапкер Тимур Хакимович Иксанов

Қақпашылар жөніндегі бапкер Владимир Ильич Мура

Сарапшы бапкер Игорь Игоревич Зайцев

Дәрігер Алексей Степанович Левин

Уқалаушы, сылаушы Қайратәлі Нұрәліұлы Күнқожаев

Айтса айтқандай-ақ, шымкенттіктер биылғы футбол маусымын өте сәтті бастады. Алғашқы төрт турда ұпайдан шашау шығарған жоқ. Қарағандының «Шахтерін» 2:1, Петропавловскінің «Қызылжарын» 2:1, «Атырауды» 1:0, «Ақтөбені» 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп «Ордабасы» азулы «Астанамен» бірге Қазақстан премьер-лигасының көшбасында тұрды. Тіпті, биыл олар чемпиондыққа таласатын шығар деген үкілі үміт те пайда болған еді.

Алайда кейіннен көз тиді ме, сөз тиді ме, жағдай нашарлаған үстіне нашарлай берді. Клуб басшылығы өздеріне жүктелген міндетті толықтай орындай алмады. Бұған дәлел ретінде Қазақстан Футбол Федерациясының Шымкенттің «Ордабасы» командасын қаржы-қаражат жағдайына байланысты 2018-2019 жылдардағы Еуропа лигасының жарыстарына қатысу құқығынан айырып тастауы дер едік. Олардың орнына Қостанайдың «Тобылы» ойнайтын болды.

«Ордабасы» клубының басшылығы өздерінің кредиторлық қарызын бақылау мерзімі (2018 жылғы 31 наурыз) өтіп кеткеннен кейін, яғни 2018 жылғы 2 сәуірде өтеген. Әрине, бұл жайсыз хабар жанкүйерлердің жүйкесіне едеуір артық салмақ түсіргені белгілі. Бұдан кейін жеңілістер сериясы жалғасын тапты. Тағаты таусылған жанкүйер қауым «ордабасылықтар» «Атыраудан» 1:4, «Астанадан» 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін клуб президенті Бақтияр Байсейітов пен бас бапкер Георги Дерменджиевті доғарысқа кетуін талап етті. Олар: «Ұят! Дерменджиев, кет! Байсейітов, кет!» – деп ұрандатып айқай салды.

Бұдан кейін Қызылорданың «Қайсарымен» тең ойнап (0:0), Павлодардың «Ертісін» ұтқанымен (1:0), қатарынан үш ойында – Алматының «Қайратынан» 0:2, Талдықорғанның «Жетісуынан» 2:4, Қостанайдың «Тобылынан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Петропавловскінің «Қызылжарынан» 2:1 есебімен басым түскенімен «Атырауға» 0:2 есебімен жол беріп қойды. Осындай ала-құла ойыннан кейін жанкүйер қауым «Вон Дерменджиев! Кет!» – деп тағы да ұрандатып айқай салды.

Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионға өздерінің сүйікті командасының ойынын тамашалауға жиналған жанкүйер қауым осылайша соңғы кездері ойын өрнегі үйлеспей жүрген «Ордабасы» кәсіби футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітовтің доғарысқа кетуін талап етіп, айқай салып жүргеніне біраз уақыт болды. Ол басшылықтан босатылмайынша «Ордабасының» ойыны оңалмайтынын қатаң ескертіп жүргені жадымызда. Болгариялық білікті маман Георги Дерменджиев: «Шымкенттік «Ордабасыға» Қазақстан чемпионатында ең жоғары орындарға таласатын, Еуропа лигасында сәтті өнер көрсететін бәсекеге барынша қабілетті клубқа айналдырсам деген үкілі үмітпен келген едім. Өкінішке орай, қаржылай қиындықтарға байланысты проблемалар аяғымызға тұсау салып отыр», – деп ағынан жарылған.

63 жастағы болгариялық маман 1998/1999 жылдардағы футбол маусымында Пловдивтің «Спартак», 2010/2011 жылдардағы маусымда «Сливен» командаларына жетекшілік жасаған. Ол бас бапкер болған «Лудогорец» клубы Болгария чемпионатында үш рет топ жарып, екі рет Еуропа лигасының топтық бәсекелеріне дейін шыққан. Шетелдік маманның жетістіктерін жіліктейтін болсақ, 2011-2017 жылдары «Лудогорецпен» ел чемпионы, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары ел кубогының жеңімпазы, 2001-2002 және 2003-2004 жылдары «Литекспен» ел кубогының жеңімпазы, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары «Лудогорецпен» ел Суперкубогының жеңімпазы атанып, 2005-2006 және 2016-2017 жылдары УЭФА кубогы турнирінің 1/16 финалына, 2013-2014 жылдары Еуропа лигасының 1/8 финалына дейін жеткен, сондай-ақ 2014-2015 және 2016-2017 жылдары Еуропа Чемпиондар лигасының бәсекелеріне қатысқан жағдайы бар болатын.

«Мен кәсіпқойлықпен жұмыс істегенді жақсы көремін», – деп мәлімдейтін болгариялық білікті бапкердің аяғына қаржылық жағдай тұсау салған сыңайлы. Алайда оның ар-намысы, ұяты бар екен. Екі айдан астам уақыт жалақысыз жүрсе де төзімділік танытып, ақыр аяғында екі апталық үзіліс кезінде ол командамен арадағы келісімшартын үзді. Өзінің Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында: «Жігіттер үш айдан бері, ал бапкерлер төрт айдан бері жалақы алған жоқ. Дәл мұндай жағдаяттың неліктен орын алып отырғаны клуб басшылығына ғана аян», – деп ағынан жарылған. «Ордабасы» клубында кәсіпқойлықтың дәрежесі тым төмендеп кеткені баршаға аян. Команда басшылығы салықты уақтылы төлемегені үшін биылғы Еурокубок жарыстарынан қағылды. Ал Георги Дерменджиевтің Шымкентке кәрі құрлықтың сол бір беделді бәсекесі үшін келгені жұртқа мәлім. Әрине, клуб басшылығы бәрін біледі. Бірақ тіс жарып, ешкімге ешнәрсе айтқысы келмейді. Баспасөз мәслихаты тұсында өзіне қойылған: «Сіз басшылықтан кету үшін не істеу керек?» – деген сауалға міз бақпаған Бақтияр Байсейітов: «Менің келісімшартым бар!» – деп дандайсыған. Дәл сондай келісімшарт Георги Дерменджиевте де болған ғой. Бас бапкер қызметінен кеткенде, клуб президенті майлы орында қашанға дейін отыра бермекші екен дегенбіз сонда.

Жалпы алғанда, Бақтияр Байсейітов клуб басшылығына келгелі бері «Ордабасы» дау-дамайдан арылмай жүргені қалың жұртшылыққа мәлім. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның да «жыры» бітер емес. Ең бастысы, бұл спорт кешені УЕФА-ның өскелең талаптарына сай болмай отыр. Стадионда біресе жарық жоқ дейді. Енді бірде бастырма жоқ дейді. Жарық болса, қаржы жоқ дейді. Әйтеуір шегі, шеті жоқ бітпейтін шаш-етекке толы проблемалар. Сол себепті де жанкүйер қауымның ашынғаннан шыққан ащы даусын бір есептен түсінуге де болатын сыңайлы. Бақтияр Байсейітов сыныптастарының бірінің айтуына қарағанда ол: «Жанкүйерлер қанша қаласа сонша балағаттай берсін, мен ай сайын өзіме тиесілі келісімшарттағы 70 мың доллар жалақымды алсам болды», – дейтін көрінеді. Қолында келісімшарты бар, мұның үстіне егемен елімізге танымал тұлғалардың біріне құда болып келетін оның мұртын балта кеспейтін сыңайлы көрінген көпшілікке. Ау, ағайын, судың да сұрауы бар емес пе?! Мемлекеттің миллиондаған қаржысы қашанға дейін желге ұша бермек?!

Осылайша суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын Бақтияр Байсейітовтің «жыры» таусылар еместей көрінген. Ол осыдан 15 жыл бұрын шымкенттік клубтың тізгінін алғаш рет ұстағаны еріксіз еске түседі. «Ордабасының» ойыны оңалмастан жеңілісі көбейе бергеннен кейін жанкүйерлердің жанайқайымен клубпен қош айтысқан болатын.

Ол араға 13 жыл салып «Ордабасыға» қайта оралған. Клубтың алдына қойған мақсат-мұратын орындап, Еуропа лигасына жолдама әперген В. Кумыков жұмбақ жағдаятта командадан кеткеннен кейін оның босаған орнына келе салған.

Кезінде жасыл алаңда жасындай жарқылдаған, кейіннен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері қызметін де атқарған Бақтияр Байсейітовтің артынан ерген сөз аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернетте оның «Ақтөбе» клубының директоры Д. Васильевпен қомақты қаржы жайын сөз еткен өзара сұхбатының аудиожазбасы жарияланған. Ресейдің тәуелсіз зертханаларының бірінде журналистер жүргізген фонологиялық зертхананың сараптамасы аудиожазбадағы дыбыс әлгі екеуінікі екенін анықтаған. Бірақ, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Д. Васильев басқа бір ісі үшін сотты болған. Ал Бақтияр Байсейітов Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына дейін шағымданып жүріп әупірімдеп аман қалған.

Биыл «Ордабасы» клубын он жыл мерзімге басқару құқығын иемдену жөнінде конкурс өткізілгенін бәріңіз жақсы білесіздер. Алғаш оны бір азамат жеңіп алған, бірақ кейіннен әлгі конкурстың қорытындысы жоққа шығарылып, екінші рет конкурс жарияланған. Оны жеңіп алған белгісіз «біреу» Бақтияр Байсейітовті клуб президенті етіп тағайындаған. Жанкүйерлер мен журналистер қауымы тарапынан қаншама рет сауал қойылса да Бақтияр Байсейітов әлгі «жұмбақ қожайынның» аты-жөнін айтпай қойған. Осылайша әлі күнге дейін оның кім екенін ешкім білмейді.

Клуб басшылығы қаржылық жағдаят жайында да жұмған ауыздарын ашпай келеді. Не себепті Шымкенттің «Ордабасы» клубының орнына Қостанайдың «Тобылы» ойнайтынының да нақты себеп-салдары әлі күнге дейін белгісіз болып қалуда.

Қаржы-қаражат тақырыбы «Ордабасы» клубының бас ауруына айналғаны қашан. Өткен жылғы футбол маусымы жалақысының кешіктірілуіне байланысты дау-дамаймен аяқталғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Тіпті футболшылар кезекті жаттығуларының біріне шықпастан байкот жариялап та үлгерген. Соған қарамастан ғайыптан тайып команда Қазақстан чемпионатының қола медалін қанжығасына байлаған. Олар бұрын-соңды дәл мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізіп көрмеген. Әдетте жоғары жетістікке жеткен команда құрама сақталып қалатын еді. Клуб арасында орын алған проблемалардың өрши түсуінен Самат Смақов, Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев, тағы басқа егемен елімізге танымал бірқатар футболшылар клубпен қош айтысып, өзге командаларға ауысып кетті. Ары қарай не болды дейсіздер ғой. Команданың жаңа құрамы жасақталумен бірге тағы да жалақы жөніндегі берешек белең алды.

Қызғылықты жағдаят. Қазақстан Футбол Федерациясының премьер-лига командалары арасында ел чемпионатын өткізу жөніндегі ережеге сәйкес командадағы легионерлердің саны сегізден аспауы тиіс болатын. Ал өткен жылғы футбол маусымында шымкенттік «Ордабасы» клубының сапында он легионер өнер көрсеткен. Осылайша олар легионерлердің лимитін асырғаны үшін аз емес, көп емес 70 миллион теңге (!!!) қаржыны орынсыз шығындаған. Абдуллаи Диакате (Сенегал), Фабло Фонтанелло (Италия/ Аргентина), Преслав Йорданов (Болгария), Никита Бочаров (Ресей), Кирило Ковальчук (Украина/Молдова), Александр Гейнрих (Өзбекстан), Александр Симчевич, Зоран Рендулич (екеуі де – Сербия), Гогита Гогуа, Отар Марцваладзе (екеуі де – Грузия) секілді легинерлер өнер көрсетті. Клубпен қош айтысқан соңғы үшеуінің орнына Срджан Вуякия (Сербия), Оливер Петрак (Хорватия), Рохер Каньяс (Колумбия) командаға қабылданды. Бұған қоса-қабат 250-300 мың долларға аттай қалап сатып алған беларустық қақпашы Валерий Фомичев жасыл алаңға шығып үлгерместен туған еліне қайтуға мәжбүр болған. Өкінішке орай, пәлен миллион теңге қаржы жұмсап, сатып алған легионерлердің көпшілігі жақсы ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Дәл солардың деңгейіндегі ойыншылар өзіміздің елімізде де табылады ғой. Мұның үстіне бір ғана Шымкенттің өзінде бірнеше футбол академиясы мен мектебі бар емес пе?! Онда тәлім-тәрбие алатындардың балалар мен жасөспірімдердің республикалық, Халықаралық жарыстардан жүлде алып жүргенін ескерсек, біздің басы артық шығынға батып отырғанымыз ұят сыңайлы.

Қыруар қаржы-қаражат жұмсалғанына қарамастан, «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде-ақ сүрініп, ары қарай аса алмастан жанкүйерлерін жерге қаратуда. Орташа деңгейлі легионерлерді сатып алу, айыппұл төлеу, жеңілістен көз ашпау секілді жағымсыз картина жыл сайын қайталана беретіні өкінішті. Ал, жанкүйер қауым олардан жүйелі ойын өрнегін көргісі келетіні белгілі.

«Ордабасы» кәсіби футбол клубының тарихына үңілетін болсақ, олар 2007 жылы Қазақстан кубогының финалында өнер көрсеткен. (Өкінішке орай, шешуші ақтық сында Қостанайдың «Тобылына» есе жіберген). 2011 жылы Қазақстан кубогын, 2012 жылы Қазақстан суперкубогын жеңіп алған. Сондай жарқын жеңісті күндер қайта келе ме екен?!. Қателіктен көз ашпаған клуб басшылығы қаржылай былық-шылыққа батудан арылар ма екен?!. Сол себепті «Ордабасының» ертеңгі күніне алаңдаған жанкүйер қауым клуб президенті Бақтияр Байсейітовтің жедел түрде доғарысқа кетуін талап етіп жүргені қашан. Дәл осындай клуб республикалық деңгейдегі мегаполис қала мәртебесін иемденген Шымкентке де керегі шамалы болып тұр. Өз алдына бөлек облыс атанған Түркістанға керек пе?!

Ал Бақтияр Байсейітов: «Ордабасының» жеңілістен көз ашпай жүргені рас. Футбол алаңында мұндай жағдаяттар болып тұрады. Енді қайткен күнде де өткен жылғы толағай табысымызды қайталаймыз. Бұған грузиялық маман Кахабер Цхададзе көмектесетін болады», – деп ақталғысы келгенін де білеміз.

49 жастағы «Ордабасының» жаңа бас бапкері Кахабер Джумберович Цхададзе бұрын Тбилисидің «Локомотив», «Динамо», грузиялық «Сиони», әзербайжандық «Стандарте» және «Интер» клубтарында, Грузияның жастар және ұлттық құрама командаларында басшылық қызмет атқарған.

Өзінің көмекшісі Гиоргий Александрович Чихрадзе екеуі «Қайратты» екі жыл баптаған. Алматылық клубпен бірге 2016 жылы күміс медальмен қоса-қабат ел кубогын, 2017 жылы Суперкубокты жеңіп алған. Енді сол екеуі жұбын жазбастан «Ордабасыға» оралып отыр. Клуб президентінің көрсеткен сенімі үшін ризашылық сезімін білдірген ол жанкүйер қауымды жақсы ойын өрнегімен қуантуға уәде берген. Өкінішке орай, Кахабер Цхададзе жетекшілік жасаған алғашқы беташар ойынның (14-тур) өзінде-ақ шымкенттіктер Ақтөбеде жергілікті клубтан 1 : 3 есебімен жеңіліс тапты. Кейіннен шымкенттіктер Оралдың «Ақжайығынан» 2:1 есебімен басым түскенімен, «Астанаға» 3 : 5, Қызылорданың «Қайсарына» 1 : 2 есебімен жол берді. Павлодардың «Ертісін» 2:1, Алматының «Қайратын» 2:1 етіп ұтып, Талдықорғанның «Жетісуынан» 1:2 есебімен жеңіліс тауып, Қостанайдың «Тобылымен 1: 1 есебімен тең тарасты. Қарағандының «Шахтерімен» болған кездесуде есеп ашылған жоқ. Сөйтіп үшінші орындағы Қостанайдың «Тобылынан» сегіз ұпай қалып тұр. Мұның үстіне шешуші үшінші айналымда дәл сол басты қарсыласына қонаққа барады. Осылайша шымкенттіктердің төртінші орыннан жоғары қарай көтерілетін түрі байқалмайды. Сол себепті жанкүйерлердің клуб президенті Бақтияр Байсейітовтің доғарысқа кетуін талап етіп отырғаны дұрыс шешім деп есептеп жүргенбіз. Ақыр-аяғында солай болып шықты да.

Қазақстан Премьер-лигасында өткен жылы қола жүлдегер атанған Шымкенттің «Ордабасы» клубы биылғы чемпионатта негізінен алғанда шабуыл шебінде көп қиындықтарға кезігіп келеді. Сергей Хижиниченко ауыр жарақат алған. Ойын өрнегі үйлеспеген Иван Нагаев өзінің туған елі Өзбекстанға қайтып кеткен. Тәжірибесі толыспаған Әлішер Сүлей де командамен қош айтысқан. Виталий Ли де жарытып ойнап жүрген жоқ. Осындай жағымсыз жағдаяттарға байланысты «Ордабасы» бүгінде қазақстандық клубтарда доп теуіп жүрген Мәдижан Айтбаев пен Жасұлан Молдақараевпен келісімшартқа отыруға мәжбүр болған.

Ал, легионерлердің легін франциялық Элтон Дос Реис, хорватиялық Лука Муженияк, босния-герцеговиналық Мирзад Механович, сербиялық Неманья Койич толықтырып отыр. Олардың соңғысы Сербия жастар құрама командасында оннан астам ойын өткізген. Румынияның «Партизан» клубында бірнеше маусым өнер көрсеткен. Екі рет чемпион атанған. 17 кездесуде 55 доп соққан. Түркияның «Истанбулспор» және «Газиантеп» клубтарында да тәп-тәуір ойнаған. Өкінішке орай, Н. Койич биылғы футбол маусымында ешкімге керек болмай қалған. Оны тіпті Түркияның бірінші лигасы да өздерінің құрамына да қоспай қойған. Міне, осындай ойыншыны «Ордабасы» ойланбастан қатарына қабылдап отыр. Сөз орайы келгенде оның ойын мәнері бір кездері шымкенттіктердің сапында әжептәуір өнер көрсеткен балқандық шабуылшы Эдин Юнузовичке ұқсайтын көрінеді. Несі бар, күншуақты Оңтүстікте Н. Койичтің жұлдызы оңынан туып қалар, бәлкім дейміз-дағы.

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының жаңа президенті болып ресми түрде тағайындалған Нұржан Қатаев команда мүшелерімен кездесті. Клубтың бұрынғы президенті Бақтияр Байсейітов енді қаржы жөніндегі директор қызметін атқаратын болды.

Нұржан Жолымбекұлы Қатаев 1983 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Өзінің еңбек жолын 2003 жылы «Ұлттық штаттық командалар мен спорт резервтері» дирекциясында спорт нұсқаушысы ретінде бастаған. 2009-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің қаржы-шаруашылық бөлімінде сарапшы, бас сарапшы болып қызмет істеген. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігіне қарасты құқық департаментінің бас сарапшысы, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі агенттігіне қарасты стратегиялық даму департаментінің бас сарапшысы болды. 2015-2016 жылдары Шымкенттегі қалалық спорт және дене тәрбиесі бөлімін басқарған болатын. Еркін күрестен жастар арасындағы Әлем чемпионы, Азия және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Төлеби ауданының құрметті азаматы.

Көп уақыт өтпестен халық арасында «Шымкенттің «Ордабасы» клубы енді футболдан емес, еркін күрестен Әлем чемпионы атанатын шығар!» деген әзіл-шыны аралас әңгіме тарап кетті. Әзірше әліптің артын бағудан басқа амалымыз болмай тұр. Қайткен күнде де жанкүйер қауым өздерінің сүйікті командасы – «Ордабасы» ойынының оңалғанын қалайтыны ақиқат.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *