ОРДЕН-МЕДАЛЬДІ ҚАЛАЙ АЛДЫМ?

Әдебиет
876 Views

Мендеорден-медаль деген болмаған. Жүдә соның қадірін білген емеспін. Бірақ жоқ та емес. Шақырған жерлерге таныстарымнан сұрап алып тағып баратынмын.

Осылай жүре берер ме едім, теледидарда «Ел аузындағы» өнер шеберлерінің атақты сатып алуға болады деген айтыс-тартысы себеп болды. Қайсыбіреулері: «Сатып алып не керек? Халық өзі біледі» деп те жатты. Білгенше қай заман дедім де осы бағдарламадан кейін-ақ атақ-марапатты сатып алуға дайындала бастадым.

Қарала құнажынымды жемдемек болдым. Бірақ таныстарым, малыңның тұрқы шағын, мол амал ақшаға бара қоймайды деген соң, буаз көк биемді сатпақ болдым. Өздеріңіз де білесіздер. Құлынды бие көктемде қашанда қымбат. Оған екі танамның ақшасын қоссам, әлгі біржарым миллион теңге тұратын «Парасат» орденін алып қалармын деп ойладым. Бағасын білген себебім, айтыс-тартыста әртістердің аузынан естіп қалғанмын. Сіздер мені жоқ-жұтаң жан екен демеңіздер. Байлап отырған қошқарларым да бар. Бірақ оны «Құрметті азамат» немесе «Еңбек сіңірген мұғалім» деген марапатты алуға сақтап жүрмін ғой. Бізде сатылатын заттарды тегін жеткізіп береміз дейтін бипаздамалар бар. Хабарласып қойып едім, орден-медаль сататын менеджер өзі келе қалды. Саудаласа кеттік!

– Бар береке, «Парасат» орденін бір миллион теңгеге бер,- дедім.

– О, не дегеніңіз, «Құрмет» орденінің өзін бір миллион екі жүзге берер ме екенмін. Бізді де бақылап отырған адам бар-ау, – деп анау болса тұрып алды.

– Жарайды. Елу мың қостым. Әкеңнің құны ма? Бұл сауда!

– Жүз қосыңыз.

– Барым осы! Таяқ ұстаған жерден сынбайды…

– Әй, қоймадыңыз ғой.

– Әкел, қолды!

– Ақша бізге, орден Сізге бұйырсын. Ол қорапты ашып берді де, мен асығыс тағып алдым. Осы арада бір ой санама келе қалды. Қазір ғой ақша, таныстың заманы. Орден-медаль кімде жоқ! Мен бие, құнажынымды сатып алдым, мараптты кредит алып сатып алғандар да бар, – дедім де, өзгелерден ерекше болуға әрекет жасап, менеджерге мынадай талаптар қойдым:

1. Орденнің көлемі үлкен болсын.

2. Орденде туған жерім, жылым жазылсын.

3. Руым, пәмилем…

4. Бұл өзі парасатты жан. Орден мына еңбектері үшін берілген деп атап көрсетілсін, – дедім.

Қазір ақшаның заманы емес пе? Менеджерім: Ләппай тақсыр! Айтқаныңыз орындалады. Бірақ үстіне аздап қосасыз, – деді. Азар болса екі-үш қошқарымды сатармын. Жарайды, – дедім. Орденді болғанға не жетсін!

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

ӨҢІР БАСШЫСЫ ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВКЕ

Өмірі ұзақ

Өмірзақ Шөкеев інім!

Оңтүстікке келгелі

Тыныш өтпеді бір күнің.

Батырыңдай баяғы

Арыспен де алыстың.

Сәулетші де өзің,

Сән де өзің,

Түркістанды түлетіп,

Құрылыс салып жарыстың.

Тасқынмен де таластың,

Қамын ойлап халықтың,

«Өз ағаммен» келісіп,

«Сардоба» барып, Сыр астың,

Шапқылап інім жүре бер,

Бәсін бермей намыстың!

МОМБЕК ӘБДІӘКІМ ІНІМЕ ӘЗІЛ

Момбек бұрын кім еді?

Шинзауытта,

«Сайгак» болып жүр еді,

Қазір айтсаң күледі.

Нарық келіп өзгеріп,

Тотықұстай түледі.

Момын деп жүрсек Момбекті

«Крутой» екен!

Шежіреші,

«Жыл жазушысы»,

Профессор да өзі екен,

Өзге де кітабы көп.

Өзі «Сүлеймен қарақшы»,

«Қараман қарақшы»,

Ылғи қарақшылардың

Арасында жүргенін біле ме екен?

Мұны қарашы,

«Зобалаң» тағы бар.

Бірақ,

Осы інімнің бағы бар.

Момбек Әбдіәкім,

Қаладағы «Қаламгерлер» бірлестігіне

Бұл да өзінше әкім.

Біріне бұйырады,

Бірін тәйкесінен шиырады.

Ананың тұсаукесерін өткізеді.

Мынаның шығармашылықтағы жаңалығын,

Оқырманға жеткізеді.

Жігітке жеті өнер де аз,

Кейбіреу екі өнерге мәз.

Момбек інім жігіт-ақ,

Енді опера әншісі боп,

Циркте

Жонглердің өнерін,

Үйренгені дұрыс-ақ!

ХАТШЫ ТЫРНА

Қарғаның түйіндемесіне үңілді,

Үңілді де түңілді.

Қалбақтап

Ұшпаған бұтақты,

Ты…паған төбесі қалмапты.

Бәрін сатып,

Құс біткенді алдапты.

Оны білген Қаршыға

Қарғаның тағасы

Бүркіттен үркіп,

Сонда да

Көкекке көмекші етіп жіберейік депті.

Тырнада жоқ бас киім,

Түзеп қойып «очкиін»

«Если Беркут узнает…

Оданда бөлім басшысы

Онлайн қызмет атқарсын», — депті.

Содан бері

Жиналыс жиындарда

Қарекеңе тыйым бар ма,

Қарқылдап келеді.

ЖҰДЫРЫҚ

Жұдырық

Бір отырып, бір тұрып.

Тиісті мүшелерге

Былай деді құтырып:

— Ей, Мұрын,

Бұрын

Сен кім едің?

Екі тесік едің!

Менің арқамда иіс сезіп,

Мұрын болдың.

Ал ауыз сен

Бәрін жұта беретін,

Ашылып-жабылатын

Есік едің.

Менің арқамда дәм сезіп,

Ауыз болдың.

Ол осылай

Көзге де тиісті,

Құлаққа да тиісті,

Баста қисайып тұрған

Тымаққа да тиісті.

Ешкімді көзіне ілмеді.

Бірақ,

Жұдырық боп жүргені

Жұмылғаны бес саусақтың,

Арқасы екенін білмеді.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

Төле би ауданы,

Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *