ОТАНСҮЙГІШТІК ЕЛЖАНДЫЛЫҚТЫҢ АСҚАҚ ӨНЕГЕСІ

Әдебиет
777 Views

Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл

ОТАНСҮЙГІШТІК ЕЛЖАНДЫЛЫҚТЫҢ АСҚАҚ ӨНЕГЕСІ

Сіз қазақтың балалар қосынына аса ерекше назар аударып, жақсылыққа жан-жақтылы баулып, түзу жолға түсуіне ықпал еткен тұлғалар туралы мәліметке қанықпысыз? Егер бұл тақырып сізді қызықтырған болса, сөзімді бастайын онда. Ыбырай Алтынсарин: “Кел балалар оқылық”, – деп балаларды білімге шақырса, Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін» десе, Жамбыл Жабаев:

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің! – деп жас өрендерге деген өзінің мақтанышын, сүйіспеншілігі мен махаббатын тебірене жеткізеді. Биылғы жылмен күллі қазақ халқының Гомері атанған – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Осы сәтті пайдаланып, ақын атамыздың балаларға арнап жазылған өлеңдерінің өзектілік талқысын назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. Осы күнде мотиватор деген термин пайда болған. Егер Жамбыл Жабаев бұл дәуірде сіз бен бізбен бірге жасағанда, мотиватор, яғни күш-қайрат беріп, рухтандырар жан болған болар еді. Оған бірден-бір дәлел артында қалдырып кеткен өлең-жырлары. Сөзімді нақтылап кету үшін бірнеше мысал келтіре кеткім келіп отыр осы орайда. “Отанды сүй” өлеңінде отанды, елді сүюге шақырып, отанның адам баласына маңыздылығын айтып қана қоймай, халқын да жақсы көруге насихаттап, үгіттейді. Мәселен, мына бір жолдарын оқып көріңізші:

Өсиетім: шындықты, адалды сүй,

Ардақтаған халықты, адамды сүй.

Отансүйгіштікке шақыратын мына жолдары көзіме еріксіз ұшырасып, есімде қалып қойды:

Елдің тіккен іргесін игілікке

Тап бүгінгі бақытты заманды сүй.

Отан сүй, Отан сүйген көсемді сүй,

Соған айт әдемі жыр, сүйкімді күй.

Шабыты тасып, ауызын ашса өлең төгіліп жататын ақын атамыз келесі «Жеңіс жырын сайраңдар!» атты өлеңінде балаларды жеңісті тойлауға шақырады.

О балалар, балалар,

Қарашығы көзімнің,

Қуанышы сөзімнің;

Кеудемдегі жүрегім,

Таянышым — тірегім;

Ардақтысы елімнің,

Гүл шешегі жерімнің;

Алдыңа келді қарияң, – дейді.

Міне Жамбыл ақын, кеудесіндегі дамыл таппай үздіксіз соғып тұратын жүрегіне, сүйенер сүйеніш, тірегіне, жердің көркін келтірер гүл атаулыға, елінің арқа тұтар ардақтысына балайды балаларды. Не деген әсем теңеу, шеберлік десеңізші!

Ойдан келді батырым,

Қырдан келді батырым,

Қаладан келді батырым,

Колхоздан келді батырым,

Сол батырлар ортаға ап

Өзінің сүйген ақынын

Шешіп жатыр жаңадан

Жеңістердің ақылын, – дей келе, сүйіншілеп, жеңістің дәмін татқандағы толқынысын жырына тиек етеді.

Ақынның өлеңдері судыраған сөз, шұбырған жолдардан тұрмайды. Асқақ ой, дархан көңіл, кеңпейілділік өлеңінен мен мұндалап тұратын ақын атамыз бар жан-тәнімен рух берер ерекше өлең жырларын шығарудан жалыққан емес. Балаларға сан кедергі, қиыншылықтардың арқасында жеңіске жетуге болатынын, ол қуанышты халықпен бөлісіп, ел боп бірге қуану керектігін айтады.

Балалардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, отансүйгүштікке өз өлең-жырларымен баулу – абыз ақын өнегесі. Халық – мемлекеттің қозғаушы күші, соның ішінде жас өскін – елдің болашағы, ертеңгі күні өсіп ер жігіт болады, еліне қызмет етеді. Жаугершілік заман тумаса да, балалардың отаны мен халқын сүйе білуі өзекті. Кішкене кезден жақсы жаққа баулып тәрбиелесе, патриотизмді санасына сіңіріп өссе, халқының бағы. Атаулы мерекені жоғары дәрежеде атап өтіп, ақын аруағын бір аунататын сәт туды. Өзі елден ерекше жақсы көрген жас өскін, балалар мен Жамбыл ата ортасында көпір орнату кезегі бізге келді.

Диқан АЙЖҮЗ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультетінің

2-курс студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *