ОҚЫТАМЫЗ ӘРІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

Қоғам
1 076 Views

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Білім беру саласында қолданылатын цифрлық қызмет көрсету секілді салаларды дамыту керек. ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстау керек және төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу, бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер», – деп арнайы атап көрсеткен болатын. Елбасы Жолдауын қолдау мақсатында елімізде ұланғайыр тірліктер атқарылуда.

Қазақстанның барлық аумақтарында ІТ-Start оқу орталықтары жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап ОҚО Шымкент қаласындағы бизнес орталығында жұмысын бастады. ІТ-Start оқу орталығы жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыс орны жоқ жұмыссыз азаматтарды ІТ саласы бойынша сапалы біліммен және жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар оқу әдістемелігі бойынша «Мирас» университеті, политехникалық колледжі бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығы бойынша 30 адам оқуға тартылған. Ал олардың 22-сі тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілуге дайын. Сол үшін де екі қолға бір күрек тауып, яғни жұмыспен қамтылған азаматтардың ІТ-Start оқу орталығы мен жұмыспен қамту орталығына айтатын алғыстары шексіз.

Оқу орталығында тәжірибелі, білікті 6 мұғалім жұмыс істеуде. Осы мұғалімдердің тәжірибелігінің арқасында ІТ-Start студенттері облыс әкімдігінің тарапынан өткізілген ХАКАТОН сайысында бірінші орынды жеңіп алып, 1 миллион теңгелік қаржылай сыйақы иеленді.

Аталмыш оқу орталығы қазіргі заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Web-программирование», «Web-дизайн», мобильдік қосымшалар бағыты бойынша оқу әдістемелік жұмыстар жүргізеді.

Оқу орталығы осылайша белсенді жұмыс жасауын жалғастырып келеді. Оқуға тартылған азаматтарды Қазақстанда ғана емес, төрткүл әлемде бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан. Орталығымыз алдына биік-биік мақсаттар қойып отыр. Қашанда ізденісте жүріп, мына өскелең заманмен иық тірескенде ғана жоғары нәтижеге болары анық. Елбасымыздың таяудағы жылдары әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылу міндеті үлкен-кішінің алдына зор жауапкершілік пен мақсатты жұмыс істеуді талап ететіні анық.

Облыс және қала әкімдіктері бізге үлкен қолдау көрсетіп отыр. ОҚО жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де бізге нақты көмек көрсетуде. Соның арқасында бізге келушілердің қатары күн санап арта түсуде. Егер сіз жұмыс таппай қиналып жүрсеңіз біздің орталыққа келуіңізге болады. ІТ-Start оқу орталығына келемін деушілерді Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесі № 20 Б, Шымкенттік бизнес орталығында күтеміз. Сен де ең мықтылардың қатарында болуға лайықтысың!

Байдәулет ТУЛЕЕВ,

Оқу орталығының жетекшісі.

Қосымша мәлімет үшін байланыс телефоны: 87028140130

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *