ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ІС ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ

Құқық
1 297 Views

Қазақстан Республикасындағы нотариат – нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңына енген өзгерістер қолданысқа енгізілді. Соның бірі нотариустармен 14-1-тарауына сәйкес жасалатын атқарушылық жазба болып табылады. Атқарушылық жазба дегеніміз не? Өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын, борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. Енді атқарушылық жазбаның пайдасы және теріс факторларына тоқтала кетсек. Атқарушылық жазбаның пайдалы факторлары:

  • Сот процесіне қатыспау. Соттан тыс тәртіп.
  • Уақыт үнемдеу.
  • Төмен шығындар (нотариаттық әрекетті белгіленген тарифпен төлеу).
  • Нотариусқа өтініш берген күні нотариаттық іс-әрекетті орындау.

Атқарушылық жазбаның теріс факторлары:

  • Борышкердің қарсылығы болған жағдайда атқарушы жазбаның күшін жою.
  • Борышкердің хабарламаны алмауы.
  • Атқарушы жазбаның күші жойылған жағдайда нотариусқа төленген ақшаның қайтпай қалуы.

Атқарушылық жазбасының орындау шарттары:

  • Егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса.
  • Егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.
  • Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.

Атқарушылық жазбаның қандай құжаттарға жазылатыны Қазақстан Республикасы Азаматтық іс-жүргізу кодексі 135 бабының 1), 2), 3), 4), 10), 11) және 17) тармақшаларына сәйкес анықталады және оның түрлерін талқылап кетсек:

  • Нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемелерді орындау туралы: нотариалды куәландырылған келісімшарттың немесе оның телнұсқасының түпнұсқалары.
  • Орындау мерзімі жеткен және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, соның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген кінә қоюға жауапта мойындаған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы: сату-сатып алу, жеткізу, тасымалдау, сақтау, қызмет көрсету және тағы басқа шарттардың түпнұсқалары; борышкердің келісімшарт бойынша борыштарды төлеу жөніндегі міндеттемесінің пайда болуын растайтын құжаттар (тауарды тасымалдау құжаттары, тауардың жүк құжаты және тағысын сол сияқты құжаттар); Екі жақтың қолдары қойылған жұмыстардың қабылданғанын растайтын құжат (шот-фактура және т.с.с құжаттар); Борышкердың айыппұл сомасын жазбаша түрде мойындауын растайтын құжаттар, борышкердің өз қарызын мойындайтын қарсы пікірге жауап және де заңға сәйкес құзырлы органмен қол қойылған құжаттар.
  • Төленбеген вексельдің наразылығына, акцептінің болмауына және нотариус жасаған акцептінің күні белгіленбеуіне негізделген міндеттемені орындау туралы: вексельдің түпнұсқасы және тағысын сол сияқтылар.
  • Әке (ана) болудың анықталуына немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне байланысты емес кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге арналған алименттерді өндіріп алу туралы: нотариалды куәландырылған алиментті өндіру туралы келісім.
  • Қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтарған үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы: Қызмет көрсету алымдар бойынша соманы есептеу туралы құжат (борышкердің қарыз ақшасы есептелінген және қолы қойылған жеке шоттары). Осы құжатта соңғы төленетін күні, айы және қарызының қай күннен бастап есептелінгені туралы хабарлама болуы тиіс.
  • Іс жүзінде тұтынылған қызметтер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және тағы басқалары) үшін жария шарттардың, сондай-ақ төлеу мерзімі жеткен, белгіленген тарифтерге сай көрсетілген қызметтер үшін өзге де шарттардың негізінде берешекті өндіріп алу туралы: Шарттың көшірмесі Борышкермен куәландырылған, қарыз сомасын растайтын құжат (борышкердің қарыз ақшасы есептелінген және қолы қойылған жеке шоттары). Осы құжатта соңғы төленетін күні, айы және қарызының қай күннен бастап есептелінгені туралы хабарлама болуы тиіс.
  • Жалдау төлемдерінің жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты оларды өндіріп алу туралы: Жалға беру шарты, қарызды өндіру туралы қарсы пікір.

Ал енді атқарушылық жазбаның төлемақысына келетін болсақ, атқарушылық жазба төленуі екі элементтен тұрады: Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мемлекеттік баж мөлшеріне сәйкес келетін және 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі заңды және техникалық қызмет көрсетуге арналған тариф. Мемлекеттік баж салығы атқарушы жазбаны орындауға — АЕК-нің 50 пайызын құрайды. Нотариалдық әрекеттің осы түріне жалпы сомасы — 1,5 АЕК немесе 2018 жылы 3607,5 теңге. Нотариуста жасалатын атқарушылық жазбаның бағасы жеке тұлғадан немесе заңды тұлғадан болып бөлінбейді, заң бойынша өндірілетін төлем сомасына байланысты бөлініп көрсетпейді: 100 теңге немесе 10 млн. теңге болсын, ол әр кезде нотариусқа төленетін шығын 1,5 АЕК немесе 3607,5 теңге болып қала береді. Сонымен қатар атқарушы жазба қолданылатын бірдей талаптар бойынша сот шешімі шығарылған кезде, мемлекеттік баж салығы бойынша талаптарды рәсімдеу кезінде мемлекеттік баждың 50 пайызын құрайды, мүлікті өндіру: жеке тұлғалар үшін — талап қою сомасының 1 пайызы; заңды тұлғалар үшін — талап қою сомасының 3 пайыз болып табылады, ал нотариустың атқарушы жазбасын орындау үшін ұқсас талап арызға сәйкес мүдделі тұлғаға 1,5 АЕК жұмсау қажет болады.

Арайлым САДИРМЕКОВА,

№15000312 лицензиясы негізінде әрекет етуші Оңтүстік Қазақстан нотариаттық округінің нотариусы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *