ПАТРИАРХ

Тұлға
944 Views

«Жақсы сөз – жанға дауа» дейді біздің қазақ! Оны аз десеңіз… «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді қосып айтып, осынау ұлы өнердің ұлт өміріндегі өлшеусіз орнынекі-үш ауыз сөзбен қысқа қайырады, алпыс екі тамырыңызды бойлап кетердейсоншама ұғынықты, әрі анық, әрі дәл етіп жеткізеді. Өмірлік, өмір сүру үлгісін,елмен қарым-қатынасын, дауды шешіп, жаудың бетін қайтарудан бастап, елбасқарудың ғажайып далалық институттарына дейін Сөз дейтін құдіретті өнерге –ұлтты сақтау мен қорғаудың ұлы құралына әркез Төрін ұсынып үйренген қара орманқазақ жұрты осы күндерде өзінің ұлы суреткері, ұлт әдебиетінің патриархы Әбді-Жәмил Нұрпейстің 95 жасқа толған мерейтойын атап өтуде.

Осындай ел мерейі мен суреткер мерейі үстемдік құрып, Алаш жұртының ұлы қаласы дүркіреп жатқан тұста Нұр-Сұлтаннан жеткен жақсы хабар жанымызды жадыратты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ақсақалға еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Қазақстан Республикасының Еңбек Ері» атағы берілгенін естідік. Ел көптен күткен атаулы Жұлдыздың Алаш абызының кеудесінен көрінгеніне қатты қуандық. Әсіресе, қолына қалам ұстаған қауымның қуанышы айрықша болды.

Бүкіл өмірі әдебиет дейтін кірпияз мінезді, кіді өнердің ыстық-суығын қатар көріп, күнгейіне қуанып, көлеңкесіне қуарып, қағазы алдынан кетпей, қаламы қолынан түспей жүріп осындай ұлы жасқа әдемі көтерілген абыз ақсақалдың соңғы жылдары әр-әр жерде жарияланып жүрген сұхбаттары мен мақалаларына сүйсінуші едік.

Ойы, сөзі, сөйлем құрау жүйесі баяғыдай.

Қоғам, дәуір туралы ойлары да қамшы салдырмайды.

Баяғы Әбекең!..

Өзіне талапты қалай қойса, өзгелерге де талапты солай қояды. Талғамы мен таразысы қатар жүретін, Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтқанда, «қайталанбас дарын иесі – жазғанының әр жолына барын салатын», сол баяғы ұлт әдебиетін ұлы биікке көтерген, қанын тамшылатып отырып, шындықты көркемдік ойлау мен түйсінудің шырқауына алып шыққан Әбді-Жәмил Нұрпейс!

Сол баяғы жаны сірі, ойы таза, рухы жасу көрмеген, жүрегінің ұшқыны қалың, сөзінің жалыны мол өзіміздің Әбекең!

«Соңғы парызын» пәлен рет қырнап-жонғаны аздай, елуге тарта елді аралап кеткен «Қан мен терге» қайта оралып, уақыт, заман талабына сай өз жазғанын өзі «пәленін­ші» рет қайта қарап, қысқартып, аяусыз жонған «қатал», «қатыгез» Нұрпейс!

Жазу дейтін ұлы өнерге келгенде «әкесі тіріліп келсе де бұрылуға өзіне-өзі мұрша бермейтін, «жан берісіп, жан алысудан» қайтпайтын осы бір жанның жайшылықта моп-момақан болып отыратын кейпіне қалай таңданбауға болады?! Әбеңнің бір қызығы өзі өмірдей жақсы көретін кейіпкерлерін кескін­дегенде өзін де, әлгі кейіпкерді де аямайды. Шындықтың шырмауына түскен нағыз суреткер көз алдыңа елестейді. Сүйеу қарт пен Судыр Ахмет тілімнің ұшына еріксіз оралады…

Әсіресе, Судыр Ахметтің әр сөзі мен әрбір қимылынан, жазушының жан досы, қаламдас серігі, марқұм Тахауи Ахтановтың тілімен айтқанда, «малейший фальш табу мүмкін емес!..».

Күллі шығармашылық әлемі мен қайраткерлік жаратылысы «мүмкін емес» өмір қиындықтарынан «мүмкін­дік жолын іздеп», отқа да, суға да қатар түсіп жүріп жазушы «жүрегі тола жыр еді» деп таңырқай, таңданып, ана ғасырдың сексенінші жылдарында егіліп, төгіліп отырып ғажайып мақала жазған ұлы Жәкеңнің ­жасына жақындаған тұстағы Әбеңнің бойындағы шалт қимылына, қолтығын сөге шабар шығармашылық екпініне біз де таңырқай қарап, таңданудамыз!

Иә… Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, мына ұлы дүниеге сапарын сонау ат арқасы қиянда жатқан Аралдың құмдауыт жағалауынан, Беларанның ертегіге бергісіз белдеулі белестерінен бастаған қазақтың қаршығадай қара баласы мен бүгінде Алтай мен Атырау, Сарыарқа мен Сыр, Қаратау мен Алатау арасында жатқан Алаштың ұлы байтағы ­аузына қараған абыз қарияның «елім» деп еміреніп, «жерім» деп тебіреніп, асқарлы шыңға көтерілген тұстағы кеудесіне жараса қонған мына жарығы мен шуағы мол Жұлдыз – ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің, сөз дейтін ұлы өнердің иығын тіктеп, еңсесін түзеуге кеткен айлар мен жылдарға айтылған Алғыс!

Бұл, сөз жоқ, бірінші кезекте, уақыт пен ұлттың жүгін қара нардай қайыспай арқалаған суреткердің бойындағы ерлік пен елдікке, төзім­ділік пен табандылыққа, күрескерлік пен қайсарлыққа көрсетілген құрмет! Екінші кезекте әлемдік әдебиетте бұрын-соңды кездесе қоймаған қазақ даласының өзге бітімді кескін-келбетін суреттеген, соны бейнелеп сомдаған әйгілі шығарманы баға­лаудың айқын белгісі.

Ұлт… Уақыт… Қоғам… Заман… Адам дейтін ұғымдарды елегінен өткізе білер оқырман жадынан кете қоймас, көркем бейнелерді, атап айтқанда, жарты ғасырдан астам бізбен бірге жасасып келе жатқан Еламанның тағдырын, ақырғы күн, ақтық сәтін… Аузынан ақ майы аққан бай ауылының қаталап, шөлдеп келе жатқан ақ әскерінің талауына түскен тоз-тоз суреті мен ұлы құмға сіңген Тәңірбергеннің тәкаппар бейнесін… Шалқар көше­лерінің бір пұшпағындағы көне үйді паналап, мезгілсіз опат болған бір момынның жетімектерін күзетіп, басына «өгейлік» жаулығын таңған Ақбаланың… Түйесіне мініп бір-ақ күнде ізім-ғайым жоғалып кеткен, тірлігі қалай болса, өлімі де солай «пәтуасыз», дүйім жұрттың есінен кетпес Судыр Ахметтің… Илікпей ғұмыр кешіп, ажалды да илікпей жатып күтіп алған Сүйеу қарттың… Құдайменді мен Кәленнің… Рай мен Ебейсіннің… Айша мен Қара қатынның бейнелерін қалай ұмытуға болады?!

«Қан мен тер» атты кең тыныс­ты эпопеяның біздің жадымызда қалған күрделі тағдырлары ХХ ғасыр басындағы ұлтымыздың басынан кешкен тарихи кезеңдерін әлемге осылай әрі көркем, әрі шыншыл кескінде танытты! Ұлт әдебиетінің абыройын аспандатты!

Бұл – ұлтты сүю мен халыққа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі!

Бұл – ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, әрі-беріден соң уақыт ұсынған қайсыбір қиянаттар мен әділетсіздіктерді көргенде үндеп қала алмаған, «қылышынан қаны тамған» империя мен империяның аузымен құс тістеген көсемдеріне де айтарын жасқанбай айтатын ­қайра­т­­кер тұлғаға, үлкен жүректі үлкен перзентіне көрсетілген халықтық баға мен құрметтің көрінісі. Әбең, Әбді-Жәмил Кәрімұлы Нұрпейс – кешегі алтын ғасыр әдебиетін өз қолдарымен биікке көтерген Алаш әдебиетінің алыптары – Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдер мен кейінгі жаңа дәуір әдебиетінің арасын жалғап жатқан алтын көпіріміз.

Иә… Алла әуел баста жаратқанда тарихы мен тағдыры егіз өрілген, ғасырлар бойы жұмбағы мен сырын бауырына басып, томаға-тұйық жатқан осынау алып кеңістіктің жантүршігерлік қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен шаттығын ғажайып суреткерлік шеберлікпен ешкімге ұқсамай, ешкімге ұқсатпай жазуды жүрегінің тұсына тұмар етіп түйген жанның ел күткен жаңалықтың осындай ұлт үшін мереке болған тұста келгені бәрімізді шексіз қуанышқа бөледі.

Жұмбағы мен сырын бауырына басқан Ұлы даланың қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен шаттығын ғажайып суреткерлік шеберлікпен ешкімге ұқсамай, ешкімге ұқсатпай жазу Әбеңнің пешенесіне бұйырған.

Ол – өзін бағып-қаққан халықтың бар жақсы қасиеттерін бойына сіңіре отырып, Өзіне дейінгі Алаш жұртының ой бағып, сөз жұптаған даналары мен адамзат баласының рухани кеңістігін кеңейткен кемеңгерлерінің көшін жалғаған ұлы перзент!

Әбе – қазақ халқын қасірет-қайғының ұйығына батырып, өзегін өксік пен нала буған өткен ғасырдың елең-алаң басында өмірге келген қайсар бітімді, күрескер ұрпақтың өкілі. Ойы мен жаны талауға түскен Алаш арыстары мен алыптарының ісін жалғау міндетін де Тәңірі сиректерге жүктейтінін уақыт дәлелдеп келеді.

Әбеңнің кеудесіндегі алтын Жұлдыз – Тәуелсіз Еліміздің ұлт әдебиетіне көрсеткен ұлы құрметі!

Халықты сүю мен халыққа мінсіз қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған ұлт ақсақалына баянды ғұмыр, Сөз дейтін өлмес өнеріне мәңгілік тілеймін!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *