ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ ТАПСЫРМАЛАР ОРЫНДАЛУДА

Құқық
670 Views

Еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік тағы басқа салаларындағы оң өзгерістермен қатар адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз ететін заңнамаларды жетілдіру ойдағыдай жүргізіліп, соған сәйкес сот-құқықтық реформалар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері жөнін­де Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы», – дей келе 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жолдаған Жолдаудың екінші тармағында адамзаттың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударып, осы саладағы өзекті мәселелерді қозғайды.

Судьялар шешім шығарғанда мызғымас екі тіректі басшылыққа алуға құқылы. Ол – ең алдымен заң болса, екіншісі ішкі сенім. Дегенмен, Президент тапсырмасымен сот шешімдерінің сапасын арттыру мақсатында бірыңғай шаралар қолға алынды. Ондағы мақсат – сот шешімдеріне мұқият талдау жүргізіп, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру болып отыр.

Қазіргі таңда Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Президент заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын тыс қалдырғанымыз жайлы да сөз қозғаған болатын. Осыған байланысты қазіргі таңда адам құқығы – бейбітшіліктің негізі деген ұғымды нық ұстанып, оны халыққа түсіндіруде бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, тағы басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты жазалар қатайтылып, осы бойынша сотқа түскен істер жолдаудағы тапсырмаларға сәйкес шешім шығаруда.

Сонымен қатар Жолдауда баса назар аударылған броконерлік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Айталық, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігі заңнамалық және нормативтік тұрғыдан бекітіліп, жүзеге асуда. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау қолға алынған.

Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді деген жоспарда жүзеге асырылуда. Қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт офисін ашуға жұмсалады. Бұл да өз кезегінде аталмыш басқарманың жұмыс сапасының артып, ондағы жауыр болған түйткілдердің шешіліп, халқымыздың құқығын қамтамасыз етуде жасалған оң шара болмақ.

Себебі кез келген реформа ең алдымен адамзат құқықтарын толықтай қамтамасыз етіп, олардың қауіпсіздігінің кепілі арту үшін жасалып жатқанын жадымызда сақтайық.

Елімізде адам құқықтарының қамтамасыз етілуінің тағы бір дәлелі жоғарыда аталған Жолдауда Қ. К. Тоқаев:

«Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады.Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді.Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет.Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.

Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс», – деп айтқаны.

БҰҰ елдері де өз Жарғысында негізгі адам құқықтарына, жеке адам басының қадір-қасиеті мен құндылығына және ерлер мен әйелдердің теңдігіне сенімін растап, әлеуметтік прогресс пен адамға лайық өмір сүру деңгейін, нақтыланған бостандықтардан тыс кең ауқымды бостандықтарды арттыруға жәрдемдесу керек деген шешімге келген.

Сол себепті біздің елде де адам құқықтары ең алдынғы қатарға шығуын қамтамасыз ету – басты мақсаттарымыздың бірі. Адам баласы – қоғамның барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтынын танылған, бостандық пен әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі болуы тиіс.

Осы орайда құқық қорғау органдарының жұмысын ретке келтіру олардың Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған маман болып, ел мен жер қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беретін адал азамат болуына әкеледі. Мұндай жағдайда ел келешегіне нық сеніммен көз тастай аламыз.

Ермахан РАХМАНБЕРДІ,

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *