ПРОБЛЕМАЛАР КАРТАСЫН ЖАСАУҒА КЕҢЕС БЕРДІ

Билік Саясат Қоғам
1 104 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Облыс басшысы халық таңдауынан шыққан жаңа әкімдерді сайлаудағы жеңістерімен құттықтап, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.

«Әкім — істің адамы. Ауыл әкімі халықпен етене араласуға міндетті. Ауыл әкімдерінің қызметі әрбір тұрғынның күнделікті тыныс тіршілігінде туындайтын қажеттіліктермен тікелей байланысты. Сондықтан да бұл — өте абыройлы да жауапты жол. Ең алдымен, өзекті мәселелерге талдау жүргізіп, проблемалар картасын жасау керек. Оның ішінде басымдыққа ие жобаларды нақтылап, шешу жолдары бойынша ұсыныстар енгізу қажет. Ең бастысы – әлеуметтік мәселе. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға күш салу, жаңа кәсіпорындар ашып, инвестиция тарту керек. Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын арттыру, қоқыс полигондарының санитарлық жағдайын ретке келтіріп, қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету керек»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ, облыс әкімі заң аясында, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, жеке тұрғын үй салуға, шаруа қожалықтарының жұмысына жерлер бөлу, ортақ жайылымдық жерлер мәселелерін шешуді тапсырды.

Ауылшаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу, тамшылатып суару, жылына 2-3 өнім алу әдісін пайдалану, ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында тоғандар салу мүмкіндіктерін зерделеп, ұсыныстар енгізуді міндеттеді. Мал басын асылдандыру, ветеринариялық қауіпсіздік жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.

Сайлау қорытындысымен, Түркістан облысында 60 әкім сайланды. 32-әкім (53%) жаңадан сайланды.

ТҮРКІСТАНДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНУДА

Түркістанда жағажай туризмі дамиды. Шаһарда елімізде баламасы жоқ жасанды көлі бар заманауи демалыс аумағы ашылады. Жалпы ауданы 85 га. жерде орналасатын ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңде жүзеге асады. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы – 2,5 млн.м3. Көл суы «Кеңсай-Қосқорған»-2 су реттегішінен жиналады. Жаңа демалыс аймағы өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын тағы бір орталыққа айналмақ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық құрылысының барысымен танысты. Қазір мұнда қазу жұмыстары жүргізіліп, дамбалар тұрғызылған. Су келетін жалпы ұзындығы 550 м каналдың жер жұмыстары, бетон құю жұмыстары аяқталған. Жағалау толық бекітіліп, топырағы нығыздалған. Құрылысқа 15 техника мен 70 жұмысшы жұмылдырылған. Нысан құрылысының алғашқы кезеңін қазан айында аяқтау жоспарлануда. Бірегей демалыс кешені келер жылы ашылады.

«Түркістан» туристік-рекреациялық орталығында су спорты түрлерімен айналысуға арналған арнайы орындар пайда болады. Жасанды көлдің жағалауында емдік қасиеті көп шағыл құммен қыздырынуға жағдай жасалады. Жағажайға арналған ағаштар отырғызылып, балалар демалыс аумағы салынады. Элиталық коттедждер мен қонақүйлер бой көтеріп, демалыс аумағында саябақтар мен гүлзарлар салынады. Айнала абаттандырылып, көгалдандырылады.

ОН МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛЫҚ ӨСІРУДЕ

Төлеби ауданы Алатау ауылдық округі Қосағаш елді мекенінің тұрғыны Темірбекова Әлима өз ауласында балық өсіру шаруашылығын қолға алған. Кәсіпкер ауласынан шағын бассейн жасап, онда балықтың сазан және маринка түрлерін өсіруде. Балықты шабақ кезінен күтіп баптаған Әлима Темірбекованың тұқымбағында бүгінде 9000-нан астам ірілі-ұсақты балық бар.

«Қолдан балық өсіру оңай шаруа емес. Себебі балықты дер кезінде жемдеп, судың деңгейін қадағалап отыру қажет. Балық өсіруді осыдан 4 жыл бұрын жолдасым бастаған еді. Мен жолдасымның аманатын жалғастырудамын. Өзен мен тұщы су қоймаларының балықтарында йод, бром мен D дәрумені біршама аз, бірақ онда ақуыз жеткілікті мөлшерде болады. Етке қарағанда балық ақуызында метионин сынды маңызды аминқышқылы болады. Балық ақуызы ағзаға тез сіңеді, сондықтан оны асқазан ауруларының алдын алу үшін пайдалануға болады. Балық құрамындағы йод пен фтор эндокринді жүйе ауруларын емдеуге ықпал етеді. Үй шаруасында оны жемдеп, күтіп, қарағандықтан болар, балықтардың салмағы да жақсы. Күздің күні екі бассейнді біріктіріп, балықтарды сатылымға шығаруды көздеп отырмын. Кейіннен босаған бассейндерге жаңа шабақ алып, өсіремін», — деді кәсіпкер.

1 МЛРД. ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛМАҚ

Түркістан облысы, Келес ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 334 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұлкөрсеткішті биылғы жылдың 9 айында 1 млрд. 165 млн. теңгеге жеткізу көзделуде.Жалпы өнім көлемі бойынша облыстағы Келес ауданының үлесі 6,8 пайызды құрайды.

Келес ауданында 14,5 млрд. теңгенің көлемінде ауыл шаруашылығы саласы өнімдері өндіріледі. Оның ішінде 12 млрд. теңгеге жуығы мал шаруашылығы өнімдері, 2 млрд. 750 млн. теңге өсімдік шаруашылығы өнімдері. Жалпы биылғы жылы өндірілетін өнім көлемі 60 млрд. теңгеден аспақ. Елдегі пандемиялық жағдайға қарамастан, жыл соңында жоспар артығымен орындалады деп күтілуде.

Биыл өңірде әртараптандыру әдісімен ауыл шаруашылығы дақылдарын 24 500 гектарға жеткізу немесе өткен жылғы егіспен салыстырғанда 300 гектар артық орналастыру жоспарланған. Бүгінгі күнге жер жырту жұмыстары 100 пайызға орындалып отыр. Көбіне көкөніс, дәндік жүгері мен мал азығы егілді. Нақты атап өтсек, бидай – 1784 гектарға, дәндік жүгері – 3750 гектарға, бұршақты астық – 439 гектар, көкөніс – 10254 гектар, көкөніс – 10254 гектар, техникалық дақыл – 243 гектар, бақша – 2266 гектар, картоп – 2102 гектар, мал азығы – 3662 гектарға аумаққа егілген.

ЕКІ ЖАРЫМ МИЛЛИОН ТҮП СЕКСЕУІЛ ЕГІЛДІ

Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайға барар жолдың бойындағы 1700 гектардан астам алқапқа 2,5 млн. түп сексеуіл көшеттері отырғызылды. Тағы 2500 гектар жерге 20 мың кг. сексеуіл тұқымы себілді. Ал, 400 гектардан астам алқапқа 125 мыңға жуық жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, Кентау тас жолының бойындағы 600 гектардан астам жерге 500 мың әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылды.

Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһарды айналдыра ағаш егіп, «Жасыл белдеу» құру жұмыстарының барысымен танысты. Сала басшыларына қоршаған ортаны көгалдандыруға қатысты бірқатар кемшіліктерді жоюға уақыт берді. Өңір басшысы саялы жасыл алқапқа айналатын 7700 гектар жерді жасыл желекке бөлеу арқылы шаһардың аптап ыстығы мен ызғарлы желінен қорған құруды көздейтінін талай айтып келеді. Жасыл белдеуге жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау үшін білікті мамандардың көмегіне жүгінуді, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.

Сала мамандарының мәліметінше, отырғызылған жапырақты ағаш көшеттерінің көнімділігі орташа есеппен 65-70 %-ды құрайды, сексеуіл көнімділігі 35-45 пайызды құрайды. Оның басты себебі – ауа райының әр түрлі болуы (көктем айынан бастап күннің ыстығы, желдің ұдайы тұруы, жердің құнарсыздығы және тұзданып кетуі). Жасыл белдеу құру жұмыстары аясында мердігерлермен келісімшарт жасалып, былтыр көктем, күз мезгілінде 1000 гектардан астам жерге жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылған. 2020 жылы күзгі санақтың қорытындысы бойынша, отырғызылған көшеттердің көнімділігі (өнімділігі) – 23 пайызды құрайды.

Биыл көктемде мердігерлер 2 мың гектардан астам алқапқа жапырақты ағаш көшеттерін және 2600 гектар алқапқа сексеуіл ағашы көшеттерін отырғызған. Жалпы көшеттер отырғызылған алқаптың көлемі 5 мың гектарға жуық. Сондай-ақ «Жасыл аймақ» КММ-сі күшімен 3 мың гектардан асатын жерге жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.

КАНАЛҒА СУ СОРҒЫСЫ ОРНАТЫЛУДА

К-19 каналына ағын су жеткізу мәселесінің орын алғанына бірнеше жыл болған.

Мақтаарал ауданына қарасты Достық ауылдық округінде жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған канал 4 мың гектардан астам алқапқа секундына 4 м3 ағын су таратады. Достық магистралды каналы арқылы су көзін алатын каналдың ұзындығы 12 шақырымға жуық. Су айдыны монолитті темірбетонмен қапталған. Меншік иесі – «Қазсушар» РМК. Каналдың жоғары орналасуына байланысты егістік алқаптарын суғаруға қажетті су көлемі тапшы.

Мамандардың айтуынша, Достық магистралды каналының арнасынан биікте орналасқандықтан, егістік науқанында ағын су жеткізу үшінДостық каналының деңгейін көтеру қажет болды. Бұрын орнатылған дизельдік сусорғыштардың жарамсыздығы анықталып, электрлі су сорғысын орнату және электрэнергиясымен қамтамасыз ету қажет деп танылған. Мәселені шешу үшін каналға 4дана электрлі су сорғышын орнату керек болды.

Ол үшін 1,6 гектар жер телімі бөлінді. Қуаттылығы 0,5 м3/сек екі бірдей электрлі қондырғы орнату жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, К-19 каналына ағын суды жеткізіп беруге арналған құбырлар тартылуда.

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛДАРДЫ ГАЗДАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА

 Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылы «Қақпақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы (бұдан әрі-АГТС) пайдалануға берілді. Алайда, бүгінгі күнге дейін АГТС түрлі себептермен іске қосылмаған. Түркістан облысы әкімдігі Қазығұрт ауданының әкімдігімен және «ИнтергазЦентральнаяАзия» АҚ — мен бірлесіп «Шымкент» МГҚБ «Қақпақ» АГТС- ін іске қосты.

 Қазығұрт ауданының 5 елді мекені (Қызылсеңгір — 267 үй, тұғыртас — 32 үй, қақпақ — 868 үй, Заңғар — 166 үй, Сырлысай-98 үй), Сарыағаш ауданының 1 елді мекені (Бағыс-292 үй) табиғи газға қосылды. Жалпы 1723 тұрғын үйді қамту мүмкін болды.

Мыңдаған отбасы көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды. Яғни, жиырма мыңнан астам адам енді табиғи газды пайдалана алады.

 Бүгінгі таңда Түркістан облысының әкімдігі Қазығұрт ауданының әкімдігімен және «ИнтергазЦентральнаяАзия» АҚ-мен бірлесіп «Шымкент» МГҚБ «Таскескен» АГТС іске қосылды, Таскескен, Тегісшіл 2 елді мекені табиғи газға қосылды. Сарыағаш ауданының 11 елді мекені (Алғабас, Дарбаза, Мәдениет, Мәдениет-2, Шымырбай, Құркелес, Жаңаталап, Жылысу, Ақүй, Дастан,Таскескен-2), Келес ауданының 6 елді мекені (Еңбекші-1, Еңбекші-2, Дмитров, Амангелді, Жолбасшы, Керегетас) кезең-кезеңімен табиғи газға қосылатын болады.

 Облыс бойынша 14,2 млрд.теңге қаржыға 89 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде биыл 24 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі «Түркістан облысын газдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Жоспарға сәйкес, 2026 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100% газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУІ» АЛҒАШҚЫ ӨНІМ БЕРДІ

 5 мың тоннаға жуық қарбыз бен қауын Нұр-Сұлтан мен Мәскеуге экспортталады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті кәсіпкерге бақша дақылдарын өсірудің инновациялық әдісін ұсынды. Өткен жылдың соңында отырғызылған жеміс ағаштары тек 3-4 маусымнан соң өнім береді, ал қауын мен қарбызды сату кәсіпкердің шығындарын ішінара жабуға мүмкіндік берді. Өмірзақ Шөкеев өңірдегі бизнесмендерді Түркістанның берекелі топырағына салынған әрбір теңгенің қайтарымын арттыру тәжірибесін пайдалануға шақырды.

Осы және басқа да жобаларды іске асыру Түркістан өңірінің су ресурстарын бөлудің жаңа саясатының арқасында мүмкін болды. Осыған дейін судың топыраққа сіңуінен (сүзгілер), канал арқылы 80 миллион м3-ден астам су шығындалып келген. Бетондау жұмыстарынан кейін су үнемделіп, жасыл желек пен диқандарға ағын су жететін болды. Сонымен қатар, Қаратау тау массиві суларының әлеуеті пайдаланылуда. Түркістан қаласын суару маусымының соңына дейін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін платина салынды. Бұрын арық-атыздарда ысырап болған жер асты сулары да сауатты пайдаланыла бастады. Қосымша ұңғымалар бұрғыланды, су басқан Кентау шахталарындағы суды пайдалану жобасы әзірленуде. Жоба жүзеге асқанда жылына қосымша 40 млн.м3 су береді және кеншілер шаһарындағы жер асты суын пайдалануға мүмкіндік туады.

Облыстың екі колледжінің студенттері мен қызметкерлері Түркістанды көгалдандыру шарасының алғашқы жемісін жинауда. Оларды өткен жылыкәсіпкер Болат Әлиев сенімгерлік басқаруға алып, дуалды оқытудың қалай жұмысістеу керектігін көрсетті. Студенттер іс жүзінде агробизнестің қыр-сырынмеңгеріп, қосымша стипендия алуда.

400 гектар жерге қара өрік отырғызған «Dala fruit.kz» ЖШС-ң басшысы 150 га жерге егілген қауын-қарбыздан 3 млн.кг өнім өндірмек. Бүгін жиналған 50 тонна қауын-қарбыз қайырымдылық мақсатында өңірдегі мүгедектер үйі, ардагерлер үйі мен балалар үйіне жеткізілді.

АҒАШ ӨСІРІП, МОЛ ТАБЫС ТАБУДА

Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Махалбай Ускенов павловния ағашын егуді қолға алды. Осы істі табыс көзіне айналдыруды ойлаған кәсіпкер 15 соттық жылыжайға әзірге мың дана ағаш көшетін отырғызған. «Көшетті алдымен стаканда өндіріп алып жатырмын. Өніп шыққан көшетті жылыжайға отырғызып баптаймын. Бүгінде еккен көшеттер жайқалып, өсіп келеді. Бұл ағаш елді мекенді көгалдандырып, көркейтуге таптырмайтын ағаш екен. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді 5-6 апта бойы гүлдеп тұрады. Ерекшелігі құрт-құмырсқа сияқты зиянкестерге бой бермейді. Павловнияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегіні бірнеше есеге көп бөледі», – деді М.Ускенов. Павлония жылына 5 метрге дейін өсетін ағаш. Аса ерекше күтімді қажет етпейтін, төзімді болып келеді. Бұл ағаш өте мол сұранысқа ие. Әсіресе, жихаз дайындауға кең ауқымда қолданылады.

ЕРЕКШЕ СТЕЛЛА САЛЫНАДЫ

Түркістан қаласына кіреберісте «Түркістан» жазуы бар ерекше стелла салынып жатыр. Биіктігі 11 метрге жететін, жалпы алаңы 28 метрге созылған стеллаға 70 жарықшам орнатылады. Жаңа нысанның құрылысы жақын күндері аяқталады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыс барысын бақылады.

Облыс басшысы Түркістан қаласының әмбебап «ЭКО базар» мен автовокзал құрылысының айналасын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Ғимарат айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жасыл аумаққа 5 мың ағаш отырғызылып, жарықтандырылады, суару жүйесі іске қосылады.  

«ЭКО базарда» көтерме саудаға 450 орынға қойма, бөлшек саудаға 3500-4000 орынға лайықтап дүңгіршектер салынуда. Бүгінгі күні базар аумағына орналасуға кәсіпкерлер тартылып, ірі өндіруші мекемелермен келісімшарт жүргізілуде. Отандық кәсіпкерлермен қатар, жаңа базарда шетел кәсіпкерлері де өз өнімдерін саудаға салады.

 Облысы басшысы құрлысы жүріп жатқан Ясауи көшесінің бойында орналасқан желілік саябақты аралады. Қаладағы Яссы көшесін күрделі жөндеу жұмыстары мен «Түркістан — арена» стадионының айналасын көгалдандыру барысымен танысты. Жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІ БОЙЫНША КӨШ БАСТАП ТҰР

Жыл басынан бері Түркістан облысы Түлкібас ауданының кәсіпорындарының өндірген өнім көлемі 6 млрд. 382 млн. теңгеге жетіп, нақтыкөлем индексі былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,3%-ды құрады.Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі – 3 млрд. 560 млн. теңге.

Жыл қорытындысымен жоспарға сәйкес ауданда 15 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп жоспарлануда. Бұл сала бойынша Түлкібас ауданы облыста 1-орында тұр. Бүгінгі таңда ауданда 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтсақ, кен өңдеу өнеркәсіп орны кәсібін дөңгелетіп, тамақ өнеркәсібі бағыты дами түсті. Және бірқатар кәсіпорын құрылыс материалдарын өндірумен айналысады.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРІЛЕДІ

Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. 2021 жылы мемлекеттік грант 3100 азаматтарға, оның ішінде 1553 жастарға, беру жоспарланды. 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін 2500 адам грант алған (81%), олардың 950 жастар, 79 мүгедектігі бар азаматтар, 919 адам аз қамтылған қатарынан, 300 адам көпбалалы отбасылардың мүшелері, 6 қандастар, 1 адам пробация есебінде тұрған, 245 басқа санаттағы азаматтар.

Грант алушылардың 218 адам кәсіпкер ретінде тіркелді, қалған 2282 адам – бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және жүгінген сәтте бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады. Ал, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар гранттар алуда басым құқыққа ие.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушыларға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өту талап етілмейді. Мемлекеттік грант алушы грант алған күннен бастап он екі ай бойы бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайды.

Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грант алған күннен бастап салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын растайды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығы аудан (қала) әкімімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мақсатсыз пайдаланылған мемлекеттік грант қаражатын қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді.

«STREET WORKOUT» ЖӘНЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

 Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе ауыл округі мен Аққолтық елді мекенінде «Street Workout» және балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.

Созақ аудан әкімдігі және «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ кәсіподақ ұйымымен үш жақты меморандум нәтижесінде «Street Workout» және балалар ойын алаңды орнатуға қолдау көрсетілді. Бұл спортты ынталандыру жөніндегі бастаманы «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қолдап, демеушілік жасады.

Ашылу салтанатына Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов пен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ, «Орталық» өндіруші кәсіпорны» ЖШС директоры Жұмағали Маркенбаев арнайы қатысып, жаңа спорттық алаңшасының лентасын салтанатты түрде қиды.

 «Ауылымызда «Street Workout» пен балалар ойын алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Созақ ауданы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында біршама істер атқарылды. Былтыр Баба ата елді мекенінде балалар ойын алаңы салынған еді. Ол ауыл тұрғындары жиналып, уақытын тиімді өткізетін тамаша орынға айналды», – деді Жартытөбе ауыл округінің әкімі Болат Есенқабыл.

 Жартытөбе ауыл округі мен Аққолтық елді мекенінде ашылған «Street Workout» және балалар ойын алаңы 900 шаршы метрді құрайды. Онда 24 түрлі жатттығуға арналған спорттық құрал-жабдықтар және балалар ойнайтын ойыншықтар бар. Жалпы, Жартытөбе ауыл округінде волейбол, футбол, бокс, күрес сынды үйірмелер жұмыс істейді.

5,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы Түркістан облысында жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. «Оңтүстік» АИО еншілес «Ырыс» МҚҰ-мен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың алты айында жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгені құрайтын 914 жоба қаржыландырған. Жүзеге асырылған жобалар аясында 1 077 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бірінші жартыжылдықта «Кең дала» мемлекеттік бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. теңге қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан тартылып 21 жоба іске асырылды. Биыл «Оңтүстік» АИО» ЖШС мемлекеттік бағдарламалар аясында «Даму» КДҚ» АҚ-нан және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан, сондай-ақ басқа да бюджеттен тыс қорлардан қаржы тартуды жоспарлап отыр.

Ал, еншілес «Ырыс» МҚҰ 2021 жылы 6,2 млрд теңгеге 1 300 жобаны қаржыландыру жоспарлауда. Соның ішінде, көктемгі дала жұмыстарын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан тартылған қаражат есебінен 2,8 млрд. теңгеге 750 жоба, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму «КҚҚ» АҚ және «Аграрлық несие корпорация» АҚ-нан тартылған қаражат есебінен 1 400 млн. теңгеге 220 жоба және қайтарылған қаражат есебінен 2 млрд. теңгеге 330 жобаға қаржылай қолдау көрсетілмек.

Өткен жартыжылдықта «Ырыс» МҚҰ тарапынан 3,62 млрд. теңгеге қаржыландырылған 882 жобаның сәтті іске асырылуы 947 (оның ішінде 832 маусымдық) жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді.

Микроқаржы ұйымы тарапынан несиелендіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше бағдарламалар әзірленген. Олар мал және өсімдік шаруашылығы, жылыжай, бизнес, тұтынушылық несие салаларына бағытталған. Сонымен қатар, Түркістан облысының әр ауданында жұмыс істейтін Аймақтық несие сарапшылары мен проблемалық несиелердің азаюына ықпал ету мақсатында жолға қойылған Тәуекел менеджменті қызметі екі есе күшейтілді.

Бұдан басқа, «ОҢТҮСТІК» АИО еншілес ұйымымен бірлесе отырып кәсіпкерлерге несие берудің сапасын жоғарылату және жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту мақсатында орта және шағын бизнес субъектілеріне несие беру бизнес-процесстерін автоматтандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

ЖҮЗ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысы Ордабасы ауданында жыл басынан бері ауылшаруашылық саласында 17 млрд. 700 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,4 пайызды құрады. Нәтижесінде, Ордабасы ауданы облыс көлемінде аудан, қалалар арасында бірінші орында. Аграрлы сала бойынша ауданның облыстағы үлесі – 8,3 пайыз.

Атап айтар болсақ, осы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырма 145%, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 76 пайыз, «Құлан» бағдарламасы 64 пайызға орындалған.

Сонымен қатар, ауданда 2021 жылға 100 бірлік мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланса, бүгінгі таңда 78 пайызы орындалды. Ал, ауылшаруашылық саласындағы жаңа технология – тамшылатып суару әдісін енгізу көрсеткіші 87 пайыз.

Биылғы көктемгі дала жұмыстары бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан үш жақты меморандумға сәйкес, 65 780 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру тапсырмасы жоспардағы көрсеткіштен артығымен (65 904 гектар немесе 100,2 пайыз) орындалған.

Өндіріске қажетті техника жаңарту көрсеткіші 74 пайызды құрап отыр.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер Айнұр Балқыбаева үй шаруашылығында отырып, 200 бас үй тауығын асырап, тәулігіне 180-200 дана жұмыртқа алуда. Қазіргі таңда Темірлан ауылының тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар сауда дүкендерін үй тауығының жұмыртқасымен қамтып отыр. Өз қаражатымен кәсібін бастаған кәсіпкердің алдағы жоспары тауық санын 2000 басқа ұлғайтып, кәсібін жандандыру.

Сондай-ақ, Көктөбе елді мекенінде өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер Досхан Жолдыбаев өз қаражатының есебінен 3 гектар жер телімінен қызанақ пен қияр өнімін егіп, үй шаруашылығында 5000 дана шын ыдыс (банкіге) 6 өнімнің түрін (бүтін қызанақ, бүтін қияр, салаттың 4 түрін) жабуды көздеуде.

Жобаларға ниет білдірушілерге аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан жоба иесіменен мастер-класс, семинарлар өткізу жоспарланып отыр.

Беттерді әзірлеген Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *