РЕКТОРДЫҢ ЕСЕБІНЕ РИЗАШЫЛЫҚ

Білім
999 Views

РЕКТОРДЫҢ ЕСЕБІНЕ РИЗАШЫЛЫҚ білдірген жиналған қауым Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың студенттердің әлеуметтік мәселесін шешуге терең мән беретініне тәнті болды

Ректор сөзінің басында-ақ өткен жылы Елбасы қабылдауында болғанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекет пен қоғамның береке-бірлігі, әл-ауқаты мен дамуы жетекші университеттердің сапасына тікелей қатысты», – деп қадау-қадау тапсырма бергенін атап көрсетіп, 2017-2018 оқу жылында да оқу ордасы ұжымының осы тапсырма үдесінен шығуға әрекет жасағанын атап көрсетті.

Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен жылда университет осы елдік-мемлекетшілдік бастаманың жуан ортасында жүрді. Маған мемлекеттік деңгейде осы бағдарламаның «Туған жер» бағытын басқару жүктеліп, университет – «Рухани жаңғырудың» тұтастай ғылыми-әдістемелік алаңына айналды. Біз Қазақстанның төрт өңірінде болып, жаңғыру іс-шараларын жүйелеуді үйлестірдік. Тіпті осы бағдарламаның ЮНЕСКО штаб-пәтеріндегі (Париж) таныстырылымына да қатыстық.

Университет ғалымдары «Әлемдік 100 оқулықты аудару», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақы латын қарпі» жобаларын орындауға да атсалысып келеді. Былтыр ЭКСПО Халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізудегі ЕҰУ-дың кешенді қызметі Елбасы, Астана әкімі мен осы шара басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ «Білім туралы» заңның толықтырылған нұсқасын, «2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» әзірлеген жұмыс тобында да біздің ғылыми-тәжірибелік әлеуетіміз айқын көрінді. Ал, білім мен ғылымды өрістету, азаматтық даму мен халықаралық қарым-қатынасты ұлғайту, қаржы мен материалдық базаны жетілдіру басымдықтары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді.

«Сырт көз – сыншы» деген, QS рейтингі бойынша біз жас ЖОО ішінде әлемдік көшбасшы ТОП-50-дің ішіндеміз (46-орын). Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің «QS: EECA» (Кью эС ИИСиЭй) өңірлік рейтингінде 24-орынға көтерілдік. QS World University Ranking 2018 рейтингінде Топ-400-діктеміз. QS-тің «физика және астрономия» бағытындағы пәндік рейтингінде Топ-500-дік ішіндеміз.

Ғалымдарымыздан сілтеме жасау индексі бойынша Webometrics «Transparent Ranking: Top Universities by Google Scholar Citations» (Транспэрент Рэнкинг: Топ Юниверситис бай Гугл Сколар Сайтэйшионс) рейтингінде Қазақстан оқу орындары ішінде көш бастаймыз. Таяуда ғана сүйіншілеген хабар келді: ЕҰУ аса беделді әлемдік Times Higher Education рейтингіне енді! Біз өз еліміздегі басты ұлттық рейтингте де топ бастап, үздік үштіктегі жүлделі орында тұрмыз. Қалыптасқан аббревиатурамен айтсақ, НКАОКО мен НААР, кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы осындай баға беріп отыр.

Институционалдық және арнайы аккредиттеуден өту – өмір талабы. 2017-2018 оқу жылы біз бакалавриат, магистратура, докторантураның 169 білім бағдарламасын аккредиттеуден өткіздік. Бұл – 100 пайыз білім бағдарламасының 97 пайызы деген сөз. 30-ға жуық білім бағдарламамыз Германияның ACQUIN (АККУИН) және ASIIN (АСИИН) агенттіктерінің аккредиттеуінен өтті.

Білімдегі сапа – біздің басты міндетіміз. Осы бағытта министрлікпен және жетекші ЖОО-лармен бірігіп «Академиялық адалдық лигасын» құрғанымыз өздеріңізге мәлім. Биыл бізге 7 мыңнан астам білім алушы түсті. Оның 80 пайыздан астамы – мемлекеттік грант иегерлері. Бұл – ел сенімі, жастар сенімі.

Университеттің басты міндеті – білім беру. Сапалы, жаңа заманға лайық, бәсекеге қабілетті білім! Әр ата-ана бізді осы үшін де таңдады. Еуразия университетінің аты бүгінде жақсының жадында, азаматтың арында жүр. Оқу орнымыздың негізін қалаған – Елбасы, тұсауын кескен – елорда. Осы мәртебенің өзі әр ісімізге жауапты болуды жүктейді. 13 факультет – әлеуетті бағыттардың арнасы. 2 мың профессор-оқытушы – жастар қуатына дем беруші тәлімгерлер. Олардың арасында дабысы әлемге кеткен барымыз бен нарымыз бар. Академиктер, Мемлекеттік сыйлықтың және ТМД сыйлығының иегерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері. Біртуар тұлғалар осы ғимараттарда дәріс оқиды. 20 мың білім алушының дені – «Алтын белгі», «Үздік диплом» иегерлері, олимпиада мен спорттық жарыстар жеңімпаздары, өз ауылы мен өңірінің таланттары мен талаптылары. ГПИИР деп қысқартылып айтылатын мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы мамандарын да біз даярлаймыз. Талапты жастар бакалавриаттың – 71, магистратураның – 68, докторантураның – 39 мамандығы бойынша білім алып шығады. 22 бірлескен білім бағдарламасын жүзеге асырамыз. Нәтижесінде жастар біз бен шетел университетінің қос дипломын алып шығады. Үш тілді еркін меңгерген жастарымыз 70 пайыздан асты. Ағылшын тілді топтардың белсенділігі артты. Биыл біз білім айдынына «IT-менеджмент» (В), «IT-аудит» (В), «Экологиялық аудит» (В), «Есептеу лингвистикасы» (М), «Цифрлік криминалистика» (М) сияқты бұрын-соңды болмаған және айрықша мамандықтарды шығардық.

Ғылыми деңгейіміз 70 пайыз: бұл сапта 259 ғылым докторы, 665 ғылым кандидаты, 180 PhD дәріс береді. Президенттің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері – 200. Биыл шетелден білікті 90 профессор шақырдық. 327 профессор-оқытушымыз шет елде білім-білігін көтеріп қайтты. Біліктілікті арттыру институты табысты жұмысын бастады. HR-бөлім маман таңдаудың тетіктерін жетілдіру үстінде.

Білім де өмірдің өзі секілді: жаңарып-жаңғырып тұрады. Елбасы инновация және рухани жаңғыру міндетін алға қойғанда, кемел келешекке батыл көз жібергені анық. Таяуда Астана болашағы туралы деректі фильмде Ұлт көшбасшысы: «Біз Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарына зор үміт артамыз» – деді. Біз сол үмітті ақтау жолындамыз, біз елге қажетті білім мен ғылымды жаңғырту үстіндеміз.

Білім алушылардың әлеуметтік-азаматтық даму жағдайлары бір сәт те естен шығарылған емес. Елбасының «Әлеуметтік 5 бастама» бағдарламасы сендерге де, бізге де зор серпін берді. Біз жақсылықтан үміт етеміз. Өз тарапымыздан да қарап жатпай, әр жылы кемінде бір әлеуметтік нысанды іске қосуға әрекет жасаудамыз. МГУ филиалының жатақханасы, №7 Студенттер үйі түрлі экономикалық қиындыққа қарамай уақытында тапсырылды. Рас, жатақхана бойынша біршама проблема бар. Оны Елбасыға дейінгі ел тұлғалары біліп отыр. Бәрі бірте-бірте шешіледі.

Қазіргі 7 оқу-зертханалық ғимаратымыз, 7 студенттер үйіміз, жас ғалымдар үйі, «Еуразия» спорт кешені, «Тұмар» спорт-сауықтыру базасы, ғылыми кітапхана, стартап – бәрі де әлеуметтік игіліктеріміз. Жаңа №7 студенттер үйінде жастарға арналған коворкинг-орталық ашылып, спорт орталығы жоспарланып отыр. Мұнда ұтқырлық байланыспен келген шетелдік студенттер де лайықты орналастырылды.

Бұйырса, 2019-2021 жылдары үш блоктан тұратын 2467 орындық жатақхана құрылысын бастамақпыз. Бұл – Елбасы тапсырмасын орындаудың жолындағы жауапты іс-шара. Білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуіне барлық қолайлы жағдайды туғызып отырмыз. Жаңа форматтағы Жас ғалымдар кеңесі, Студенттердің ғылыми қоғамы белсенді қызмет етуде. Тұңғыш Президент қорының байқауында ЕҰУ-дың Жас ғалымдар кеңесі республикадағы «Ең үздік кеңес» атағын жеңіп алды.

Түрлі ғылым саласы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура білім алушыларының республикалық байқауында 2017 жылы 48 ғылыми жұмыс, 2018 жылы 39 ғылыми жұмыс жеңімпаз деп табылды. 400 студент Халықаралық және республикалық байқауда топ жарып келді.

Өткен оқу жылы құрылған Жастардың бизнес-инкубаторы 100 жобаны күн тәртібіне шығарып, 26-сын жүзеге асырды. 87 жас азаматқа жұмыс тауып берді. Олардың жаңа 10 бизнес-жобасы сынақ мерзімінен өтті. Біз ІТ бағытына айрықша көңіл бөлеміз. «Цифрлық Қазақстанның» мақсат-мәні де осында.

«Электронды инжиниринг» зертхана кешені, «Кибер қауіпсіздік» зертханасы, СОТСБИ-ге (телефон жүйелерінің – ақпарат қорының сертификацияланған құрылғысы) қатысты интерактивті 2 зертхана ізашар жұмысына кірісті. ГПИИР негізінде жасақталған ғылыми зертханамыз аккредиттеуден өтті. Әр университет үшін кітапхана – білім мен ғылымның кілті. Жаңа заманда оның форматы да, қызымет аясы да жаңарды. ЕҰУ кітапханасының қоры – 1.644.032 дана кітап. 2017 жылы қордың жаңару коэффициенті 26,4 пайызға артты. Әлемдік беделді ғылыми ақпарат, мультипәндік ғылыми дерек қорына енудің жаңа технологиялық негіздері жүзеге асырылды.

Студенттердің кәсіби тұлға ретінде жетілуі, белсенді азаматтық ұстанымдары – ел үшін де, университет үшін де маңызды. Осы мақсатта университетімізде түрлі бағыттағы клубтар мен бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың саны да, форматы да жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл 75 жастар бірлестігі сендердің армандарың мен ойларыңды ұштағалы отыр.

Бұл заманда шығармашылық, кәсіби талғам, қызығушылық деген алдыңғы орында тұруы тиіс. Жастардың шығармашылық ұжымдары 2017-2018 оқу жылы да біршама белеске көтерілді. Мысалы, «Дала сазы» ұлт аспаптар оркестріміз Чехияда өткен «Magiс Stars of Prague» (Мэйджик Старс оф Праг) Халықаралық фестивалінде бірінші орынды иеленіп, ел абыройын арттырды. Аты республикаға белгілі «Самұрық» би мектебі «Тбилиси таланттарды күтеді» Халықаралық фестиваль-конкурсында «Халық биі» және «Заманауи би» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Оларға Санкт-Петербургте өтетін «Салют талантов» атты әлемдік фестивальге қатысу жолдамасы табысталды. «Шаңырақ» студенттер театры Сочи қаласында өткен «Жастар кеңістігі» халықаралық фестивалінде ТМД оқу орындары арасында бірінші орынды иеленді. Осы театрдың студент-әртісі Е.Елемес «Золотой голос фестиваля» аталымында арнайы жүлдені жеңіп алды.

Шығармашылықта шек жоқ. Менің идеяммен ІТ мамандығының бір топ студенті тоғызқұмалақтың мобильдік қосымшасын ойлап тауып, әлемдік байқауларға жолдама алды.

Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» дейді. Ректор болып тағайындала сала осы мәселеге ерекше көңіл бөлдім. Алыстағы «Студенттік клиниканы» жанымызға әкелгендей, өз медициналық орталығымызды аштық. Нарық заманы алқымнан алғанда, елордадағы ең үздік мамандардан құралған медицина орталығы қызметіне жүгіндік. Әрине, заңды түрде! Қазір әр оқу ғимаратында медициналық пункт жұмыс істейді. Саламатты өмір салтын ұстанудың спорттық шаралары да, рухани-танымдық шаралары да тұрақты өткізіледі.

Біз әлеуметтік жағдайы төмен жастарымызды қолдаудың кешенді жүйесін жүзеге асырып келеміз. Бұл – Байқау кеңесі мен Ғылыми кеңес шешімімен құрылған комиссия айқындаған әлеуметтік топтардың оқу ақысына жеңілдік жасау, ішкі грант бөлу, студенттер үйі ақысын оқу орны мойнына алу, материалдық көмек, ата-анасыз балалардың киім-кешегі, тамақтануы, ақшалай өтемақысы секілді іс-шаралары.

Өткен жылы әлеуметтік көмек алған студент-магистранттардың саны 3 647 адамды құрады. Университеттегі жағдайы өз алдына, біз қала мен өңірдегі балалар мен ардагерлер үйіне де тұрақты көмектесіп тұрамыз. Бұл мейірімді арттырады, адамгершілікті шыңдайды.

Біз үшін маңызды орта – студенттердің кемел, әр тарапты білім, ғылым, мәдениет ортасы. Біз әлемнің 52 елінің жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде 343 келісім-шарт жасастық. Мұның негізгі мәні – академиялық ұтқырлық, магистрант, докторант тағылымдамасы, біріккен ғылыми зерттеулер, профессорлар мен топ-менеджерлер шақыру мен алмасу. Мысалы, өткен жылы академиялық ұтқырлық аясында Еуропа, АҚШ, Азия және ТМД елдерінің 19 жоғары оқу орнынан 68 білім алушыны (бакалавриат – 57, магистратура – 11) қабылдадық.

2017-2018 оқу жылы Шығыс академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ЕҰУ-дың 338 білім алушысы АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің 71 жоғары оқу орнына білім алуға аттанды. Соның ішінде ҚР БҒМ қаржыландыратын бағдарлама бойынша – 53, Эразмус+ бағдарламасы бойынша – 26, Mevlana – 2, UGRAD (ЮГРАД) – 1, өз есебі бойынша – 219, жоғары оқу орнының есебінен – 5, қос диплом бағдарламасы бойынша – 28, JASSO (ДЖАССО) – 1, Н.Кенжебеков атындағы стипендиялық бағдарлама бойынша – 1, Корей Үкіметінің стипендиясы бойынша – 1 білім алушы деңгейін лайықты көтеріп қайтты.

Осы оқу жылы Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия, Иран, Ливия, Сирия, Қытай, Ресей, тағы басқа елдерден келген шетелдік студенттердің жалпы саны 574 адамды құрады. Қазақстанда білім беру хабын қалыптастыру – маңызды шара. Осы бағдарламаны орындау аясында шетелдік студенттердің саны жылдан-жылға артуы тиіс. Бұл ретте шетел университеттерінде филиал, өкілдік, мәдени орталық ашу ортақ іске серпін береді. Біз өткен жылы Қытайда, Иранда, Түркияда, Беларусьте өз орталығымызды аштық.

2017-2018 оқу жылы ЕҰУ-да ашылған дайындық бөлімі – білім беру қызметінің жаңа бағыты деуге болады. Биыл тыңдаушылар саны 2 есеге өсті. Бұл – жүйелі еңбек пен сапалы білімнің нәтижесі.

Шетелдік студенттеріміз әлі-ақ Қазақстанның, Астана мен Еуразия университетінің адал досына, мәдени елшісіне айналатынына бек сенімдімін. Ғылыми-зерттеу – кез келген университет үшін айрықша басым бағыт. Мұның үстіне біз зерттеу университеті мәртебесін алу жолында екеніміз Сіздерге белгілі. Ғалымдардың ғылыми белсенділігі, әсіресе, жоғары рейтингті журналдарда мақала жариялауы – әлемдік ортақ талап.

Бұл жөнінен де ауыз толтырып айта аламыз. Соңғы 5 жылда ғаламдарымыз Web of Science (Вэб оф Сайнс) мәліметтер базасында – 949, Scopus базасында – 1329 мақала жариялады. 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2017 жылы Scopus базасындағы жарияланымдарымыздың саны 1,5 есеге артты.

2017 жылы 6 қазанда біз «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығымен» және «Springer» (Шпрингер) Халықаралық баспасымен бірігіп «Springer Nature Awards» (Шпрингер Нэйчюр Эвордс) салтанатын өткіздік. ЕҰУ «Ең көп жарияланатын ұйым», «Ең көп жарияланатын автор» («Биологиялық ғылымдар және биомедицина» – Е.М. Сүлеймен, Ж.Б. Искакова, Ж.А. Ибатаев; «Жаратылыстану ғылымдары» – М.В. Здоровец, Н. Темірғалиев, А.Л. Козловский) және «Жас ғалым» (Д. Шлимас) аталымдары бойынша марапатталды.

Қазір әлеуетті 16 ғылыми журнал шығарып отырмыз. Соның ішінде «Eurasian Mathematical Journal», «Eurasian Journal of Mathematical and Computer Applications» (Еурэйжн Жорнал оф Математикал энд Компьютер Эппликэйшн) журналдарымыз Scopus мәліметтер базасына енді. Осындай деңгейде Қазақстанда төрт-ақ журнал болса, соның екеуі – біздікі.

Ғылыми журналдарымыз 3 тілде шығады, бәрінің де беделді Халықаралық редакциялық алқасы бар. 3 журналымыз тек ағылшын тілінде шығады.

Ғылымдағы маңызды көрсеткіш – біздің жарияланымға сілтеме жасалу деңгейі болса, ЕҰУ ғалымдарының бір мақаласының орташа дәйектелуі соңғы 5 жылда 3,05-ті құрады. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен 2,5 есеге артық деген сөз. Мемлекетіміз де ғалымдарымыздың еңбегін лайықты бағалап келеді. Өткен жылы Түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Ж. Жолдасбеков – бірінші дәрежелі «Барыс» орденін, бірінші проректор Ә.А. Молдажанова мен «Қылмыстық-құқықтық пәндер» кафедрасының профессоры А.Б. Сқақов – «Құрмет» орденін, ал Елтаңба авторы Ж.Мәлібекұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Р.Мырзақұлов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. М.А.Алпысбес, М.С.Оразбек, А.Н.Көпежанова, Д.Б.Ақынова, Р.З.Сафаров мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды.

Төрт жас ғалымымыз (Д.И.Шлимас, И.В. Корольков, Д.Ж. Кәрібек, Е.Тоқтарбай) мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болды.   Біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз! Оларға берілген марапат – Еуразия университетіне берілген марапат.

2017 жылы ғалымдарымыз іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша 113 жобаны абыроймен орындады. Ғылымды қаржыландыру деңгейін 1 млрд. 530 мың теңгеден асырдық.

Ғалымдар мен оқытушылар еңбегін ынталандыру мақсатында 2016 жылы енгізген KPI жүйесі өз нәтижесін берді. Мысалы, 2017 жылы 286 адамға сыйақы берсек, 2018 жылы осындай қаржылық марапатты 781 адам алды. Бұл – толық штаттағы профессор-оқытушылардың 50 пайызы дерлік сан.

Бүгінгі мамандар дайындау сапасын бағалау – әділдік пен тиянақтылықты талап ететін шара. Түлектердің жұмысқа орналасуы – бәріміздің қырағы назарымыздағы шынайы көрсеткіш.

Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Адам мақсатына тек өзін-өзі жетілдіру арқылы ғана жетеді» – деген екен. Ұжым мен қоғам сол адамдардан тұрады. Біз де жылдан-жылға алға жылжуды, жетілуді басты мақсат етеміз. Енді жоспарлаған жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын қысқаша таныстыра кеткім келеді:

«Академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестікті кеңейту» туралы заң жобасы аясында біз өз мәртебемізді коммерциялық емес акционерлік қоғамға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – мемлекет саясаты, Үкімет жоспары. Енді нарық пен бәсеке жағдайында дамуға қажетті қаржы-қаражат көзін өзіміз табуға жұмыламыз. Университетті басқаратын Директорлар кеңесі құрылады. Жаңа мәртебемізді анықтайтын Жарғы жобасын Байқау кеңесі мақұлдады.

Дамуымыздың маңызды көрсеткіші – университетіміздің халықаралық беделді рейтингтердегі орны. Біз сапаны арттыру, алға қарай тоқтаусыз жылжу бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз.

Академиялық дербестік жағдайында білім бағдарламаларының мазмұнын жаңартамыз және оларды батыл жүзеге асырамыз. Қазір жаңа академиялық саясатты, білім беру үдерісін рәсімдейтін ішкі құжаттарды дайындаудамыз.

Басқару дербестігін іске асыру аясында ұйымдастыру құрылымы мен басқару жүйесін қайта қарастырамыз. Атап айтсақ, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер лауазымына конкурстық ережелер дайындалып, біліктілік талабы анықталу үстінде. Биыл 1 қыркүйектен оқытушы-профессорлар еңбекақысын 10%-ға арттырдық. Мұны біз оқу ақысын арттыру есебінен жүзеге асырдық. Ал, оқу ақысының артуы – нарық пен экономикалық ахуалға негізделген заңды қадам екенін айтқым келеді.

Ғылыми кадр дайындау мен олардың деңгейін үнемі көтеріп отыру – университеттердің әлімсақтан келе жатқан міндеті. ҚР Білім және ғылым министрлігі айрықша мәртебесі бар жоғары оқу орындарына философия докторы (PhD) және бейіндік доктор дәрежесін беру құқығын берді. Ендігі міндет – сапа мен мінсіз қызметті қамтамасыз ету.

Ғылым, өндіріс, бизнес интеграциясына (ықпалдастығына) ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Ғылыми-өндірістік коммерцияға негізделген инновациялық және кәсіпкерлік орталық құруға дайынбыз.

Университет инфрақұрылымын жетілдіру бағытында 2019-2021 жылдары үш жатақхана блогын саламыз. Ал, ақпараттандыру, автоматтандыру, цифрландыру барлық бизнес-үдерісіміздің ажырамас бөлігіне айналады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Тұңғыш Президент аудиториясында өткен ректор Е.Б.Сыдықовтың студенттер мен профессор-оқытушылардың, білім алушылар ата-аналарының, қалың жұртшылық қауымның алдында өткен жылдық есеп беру шарасына сонымен қатар Астанадағы қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері, алыс-жақын шетелдердің елшілері мен елімізге кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері де қатысты.

Есептің тағы бір есте қаларлық жай тындырылған тірліктер мен жеткен жетістіктер үлкен экран арқылы көрсетіліп, жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстарды сандық технология тілімен көңілге қондырып, көкейге тоқып берді. Елбасы негізін қалаған іргелі оқу ордасы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті соңғы бір жылда қарқынды жұмыс істеу арқылы халықаралық білім беру кеңістігінде нық бекіп алды.

ЕҰУ ректоры, профессор Е.Б.Сыдықовтың көпшілік алдында есеп беруінің онлайн көрсетілімін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ресми сайтынан көруге болады. Түйіндеп айтқанда, Еуразия Ұлттық университеті әлемдегі ең таңдаулы университеттер сапында келешекке нық қадаммен келе жатыр. Ордалы оқу ордасының алар шыңдары әлі алда.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Бас редакторлар клубының вице-президенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *