РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ТАБЫСТЫ ЕЛ БОЛУЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

Рухани жаңғыру
1 227 Views

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білеміз. Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгенін түсіндік. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жүзеге асуда. Ал, бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептейміз. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды.

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хан айтқандай, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ісімізден санамыз озып жүру керектігі тайға таңба басқандай анық айтылған. Біздің ендігі мақсатымыз – тарихи ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатқан жаңа дүниенің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің қатарына ену. Елбасымыз бұл тұрғыда болашаққа қадам басатынымызды және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы өз қөзқарасымен алға қойылатын мақсатты айқындады. Ал осы айқын мақсаттардың орындалуы үшін жасалатын қадамдар асқан көрегенділікпен жасалуы тиіс. Елбасымыз айтқандай «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу». Себебі, өткеніңді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Ендеше, болашаққа бұлыңғырсыз аяқ басу үшін тарихымызды жаңаша жандандыруымыз қажет. Елбасымыз бәсекелестіктің рухани жаңғыру үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Расында бәсекелестіксіз ешнәрсе болуы мүмкін емес. Елбасымыз айтқан тұжырымды ойлар ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін тәжірибеден өткен қатаң қағидалар. «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегендей, біз Елбасымыздың қадап айтқан қатаң қағидаларын қолдана отырып, дамыған елдердің көшін бастауымыз керек. Рухани жаңғырудың маңызы қандай?

Рухани жаңғырудың маңызы мен мақсаты – санасы сау, тарихын танитын, революциялық емес, эволюциялық дамуды қолдайтын, прагматизмді сақтайтын, заманауи талаптарды жатсынбайтын, әмбебап бола алатын, жаңалыққа құштар, білімдар қоғам қалыптастыру болып табылады. Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Рухани жаңғыруымыз жаңғырық болып қалмас үшін тұжырымды ойлардан, тағылымды тәрбие алып, ісімізден нәтиже шығаруымыз керек.

Гүлнара АҚБОЛАТОВА,

Шымкент политехникалық колледжі радиоэлектроника және байланыс бөлімінің арнайы пән оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *