РУХ ТӘРБИЕСІ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛ

Қоғам
923 Views

Қоғамның тұтастай дамуы үшін оның саяси, экономикалық және әлеуметтік құраушылары өзара үйлесімділік пен үндесімде таразылана қатар өрбуі тиіс заңдылығы бар. Бұл әлемдік тәжірибе Қазақстан Республикасының дамуында да кең өріс алуда. Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынған стратегиялық бағдарламаларда, Жолдауларда кеңінен дәйекті айтылған. Осынау идеялар аясында біз бүгін Қазақстанды бәсекеге қабілетті деңгейге көтерілген қуатты жасампаз елге айналдырып келеміз. Бұл – ­азаматтығымыздың, білім мен бірлігіміздің жемісі. «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – деп Ұлт көшбасшы Н.Ә.Назарбаев әділ баға берген ата-бабаларымыздың ерлік рухының жеңістерінің мен жемістері. Сондықтан әлем мойындап танып отырған Қазақстан Республикасының бүгінгі мәртебесінде олардың да үлесі мол (С.Тойлыбаев, «Рухы бекем елді жау алмайды» // «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр». Құрастырған Нағашбек Қапалбекұлы, Алматы, «Жамбыл» баспасы. 2019 жыл – 488 бет)

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бастамашылығымен елімізде бүкілхалықтық қолдауда, үдемелі және жүйелі түрде жүзеге асып жатқан «Мәңгілік Ел», «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» идеялары халқымыздың ғасырлар бойы жасап келе жатқан тарихи, рухани, мәдени байлығын одан әрі түгесіндеп, зерттеп, зерделеп ел игілігіне, жас ұрпақ тәрбиесі құралына айналдыруға өлшеусіз жаңа серпін беруде. Нәтижесінде Қазақ елінің әлеуметтік-рухани өмірінің бейнесі тарихи, мәдени тұрғыдан күн асқан сайын жаңа зерттеулер мен ізденістер арқасында толыса түсіп, ұлттық патриоттық сананың қалыптасуына қызмет етуде.

Осы мақсатта үлгі болатын «Ұлы даланың ұлы есімдерін анықтау керек» деген еліміздің тұңғыш Президентінің нұсқауын іске асыру жолындағы талпыныстардың бірі ретінде жақында жарық көрген «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» (құрастырған Нағашбек Қапалбекұлы, Алматы, «Жамбыл» баспасы, 2019жыл – 488 бет) атты кітаптың ұлттық рух әлеміне қосар үлесі мол. Кітап – 1728-1810 жылдарда өмір сүрген Жабай Қазыбекұлының өмір жолын, ел тарихындағы тарихи-рухани бейнесін түзетін зерттеулерді жинақтап, жүйелеп, бір арнаға бағыттауды көздейтін мақалалар жинағы. Тарихшы емеспін, ғылым жолына да түскем жоқ. Саналы ғұмырымды жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған педагог мұғаліммін. Сондықтан бұл мақаламда аталған кітапқа талдау жасауды немесе Жабай батыр өміріне қатысты жаңа ізденіс жасауды мақсат еткен жоқпын. Негізгі ойым: қазақ халқының рух әлемі ел өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде ерекше құрал болған, өкінішке қарай бұл сала әлі арнайы зерттеушілерін таппай келеді, мына кітаптың осы олқылықты толтыруға ой салатынына жұрт назарын аударғым келеді. «Азаматтық өмір тәжірибесінде, ғылыми болжамдарында адамда интуиция-сезімталдық, көріпкелдік, болатыны туралы түсінік ежелден-ақ қалыптасқан», – дей келіп, Жабай әулиенің тікелей ұрпағы, медицина ғылымының ғалымы Сәуле Айтбаева ол ұғымның бір көрінісі қазақтарда әруақ болып қолданылатынын, тіптен, ғалымдар адамның биологиялық кеңістігін тапқанын, аура және эфирлік дененің суретке түсірілгенін айтады. «Жер бетінде экстраординарлық қабілеті, сана түйсігі өте жоғары адамдар аз болмаған. Оларды Алланың ерекше ықыласы мен мейіріміне бөленгендер, нұры түскендер деп есептейді дінде. Мұндай адамдар бұл дүниенің тіршілігінде белгілі бір қадір-қасиетке, әулиелікке ие болып, піріне айналады. Жаратқанның өзі бұл пендесін қолдап, қуаттандырып, ой-санасына бағыт-бағдар көрсетіп, қажет ілім беріп отырады… Қазақтың тарихында, дүниетанымында, дінінде әулие-әнбиелерін, пірлерін, олардағы Жаратқанның дарытқан қадір рухын қадірлеу, қастерлеу кең орын алған. Ататегімде де осындай ерекше қасиеттерге ие, қазіргі түсінікпен айтқанда, Жаратушыдан алған энергиясы өте жоғары Жабай Қазыбекұлы бабам болған. Оның бесінші ұрпағымын» (Сонда, Сәуле Айтбаева 442-беттен). Сәуле қарындасым рух ұғымына дәйекті түсінік жасаған. Ол шын мәнінде, жан күші болса керек. Тілі мірдің оғындай нысанаға дөп тиетін жазушы Шерхан Мұртазаның: «Рухы биік елді ешкім де жеңе алмайды», –дейтіні де содан болса керек.

Бұл түсініктің көріністерін қазақтың ертегілерінен де, эпостарынан да, шежіресі мен жырларынан да көруге болатынын айтады. Ертегі пен эпостарда батырға бабалардың қамқоршы әруағы керемет көмек жасап отыратыны тілге тиек етіледі. Әруақ пен рухтың тұтасатын тұстарын, сондай-ақ бір-бірінен ажырағысыздығы көрсетіледі. «…Көшпелі ортада ерекше беделді хандар, сұлтандар, билер мен батырлар, рубасылары және ақсақалдардан басқа қарапайым халық арасында ерлігімен де, ақылымен де атақ-даңққа ие болған тұлғалардың да рухы, яғни әруағы айрықша киелі, бек пәрменді болады», – деп тұжырымдайды зерттеуші Нағашбек Қапалбекұлы (Сонда, 29-бет).

Кітаптағы Рәтбек қажы Нысанбайұлының «Өткеннен – өнеге, бабадан – тағылым» атты мақаласында: «Солардың бірі һәм бірегейі кешегі ел басына күн туып, халық «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атаған заманда халқын қорғап, жауына найза тигізген, еліне шарапатын көрсеткен, көзі тірісінде-ақ әулие атанған, өз халқына құт-береке дарытқан Сіргелі Жабай ата әулетінің орны бөлек» (Сонда, Рәтбек қажы Нысанбайұлы, 290-бет) деп көрсеткені – әділ баға.

Жабай Қазыбекұлы заманында Абылай хан, Төле би, Қойгелді батыр, Қазыбек би, Бұқар жырау, Сасық батыр, Бердіқожа батыр, Тілеуке би сынды тарландармен сан алуан шешімдерге араласқан. Жабайдың діни ілімді де меңгергені, Ташкенттегі Көгалташ медресесін бітіргені, білімді кітап бетінен жинаумен бірге көрген-білгені, естіген-түйгені мол үлкен парасат иесі болып, небір ел тағдырына қатысты сындарлы шақтарда да, баталы әңгіме кезінде де көсемдік танытып, бағдар сілтей алғаны, сөйтіп «көріпкел», «әулие» атанғаны аталған кітапта деректі көрсетіледі. «Абырой – ол тек иманды кісіге жолдас. Иман деген туралық, әділдік. Кісіге абырой кісіліктен жиналады, оны өле-өлгенше кісілікпен ұстап тұруға болады. Осы пікірмен өскенімен, осы пікірмен өмір сүремін», – деген екен Жабай әулие (Сонда, Мұхитхан Миразов, 116-бет). Бұл – ел басқарған, еліне ақылшы болған шағынан хабардар ететін ел есінде сақталған сөз. Кітапта «Батыртану» деп аталған тарауша бар. Батырлық – адам бойындағы рух қуаттылығының көрінісі. Ол – рух ұғымының маңызды бір құраушысы. Ол – ел мүддесі, ел мұраты, ел азаттығы үшін басын тіккен ерлік күрескерлік қасиет. Кітапта қазақ батырлық институтының көрнекті қайраткер батырларының есімдерін, рухын ардақтау идеясы алға шығарылған.

Мұндағы мақсат туралы: «Жабай бабамыздың жоңғар, (7-бет) шапқыншылығынан қорғаудағы ерлік еңбектерін халқына жеткізу. Мұның жастардың патриоттық рухын көтерудегі маңыздылығын баса көрсету», – деп көрсетілген. (Сонда, Мұхитхан Миразов 130-бет).

Жалпы, қазақ халқының азаттығы үшін арыстандай арпалысқан, ерлігі мен қол бастаған даналығы көсемдік рухқа айналған Жабай сынды батырлардың есіміне оның ататегі саналатын ру атауын тіркеп айтуда үлкен мән бар. Бұл оның аймақтық ауқымдығы ерлік көрсеткен батыр деген ұғым болып қабылдануы тиіс еместігін білдіреді. Ел бірлігі үшін жекелеген тұлғалар ғана емес, ру-тайпа-Алаш болып күрескенінен хабардар етеді.

Белгілі жазушы Нағашбек Қапалбекұлы кітаптағы мақаласындағы Сіргелі елінен шыққан Төлеш ақынның ел бірлігі үшін ел аузында есімдері сақталған ел қайраткерлерін жырлаған толғауында осы ұлы бірлік идеясының бүкіл халықтық сипаты кең ашылғанын көрсетеді.

Сөз айтам он екі ата Сіргеліден,

Жұрт еді кең тараған ілгеріден.

Бұл елде батыр да мол, дана да мол,

Айтайын мен соларды жөн-жөнімен,–

деп келтіре отырып, ақынның алпыстан астам батырлар есімін жырмен өрнектей отырып, мынадай етіп түйіндегенін бағамдайды.

Тізбелеп жырлай берсем, шешенім көп,

Қол бастап, жау қашырған көсемім көп.

Барлығын қалай айтып тауысайын,

Даңқты аты шыққан ерлерім көп.

Бұзылмай үш қазақтың қайманасы,

Әуелеп таси берсін мейманасы.

Сөз етсем бауырларын бұл қазақтың,

Әруақты сыйламас қай баласы.

Н.Қапалбекұлының осы жырды ұсына отырып, Төлеш ақынның батырлардың руын көрсету арқылы елдік тұтастықты нығайту үшін халық рухын көтеруді мақсат еткенін орынды меңзегенін көреміз.

(«Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр». Құрастырған Нағашбек Қапалбекұлы, Алматы, «Жамбыл» баспасы, 2019 жыл, 488-бет)

Өзім ататек жағынан Шымыр Дулаттың бір қызымын, Шымырдан тарайтын аталардың бірі Құттық баба ұрпағымын. Осыдан біраз болды, Құттық батырға Жамбыл облысының киелі Билікөл өңірінде ас беріп, архитектуралық қазіргі стильде ескерткіш қойып, бүгінгі замандастар рухын бір көтеріп тастаған жайымыз бар. Мұны айтып отырған себебім, Жабай батыр рухы туралы жоғарыда аталған кітапта айтылғандар жанымызға да өте жақын екенін білдіргіміз келеді. Осы орайдан да ұрпақтар тәрбиесі үшін, ұрпақтар рухын биіктету үшін рух туын тіккен бұл кітап ерекше әсерге бөледі.

Қорыта айтқанда, рух тәрбиесінің бір үлгісіндей болатын бұл кітаптың оны оқыған жанның жан дүниесіне рух дәнін, рух күшін дарытатынына сенім мол. Сөйтіп, оқырманды рух сәулесі мен нұрына бөлейтін киелі құрал деп тануға толық негіз бар деп ойлаймыз. Мұндағы ерлік рухы, еліне шапағаты тиген көсемдік рухы, имандылық рухы, әулиелік рух, парасаттылық рухы алдағы уақытта сала-сала ретінде зерттеулерді жалғастыру керектігіне де меңзейді.

Ұлт мұрасын құрметтеу – басты парызымыз. Ұлттық тарихымыздан нәр алатын рухани жаңғырудың рух тәрбиесін де, яғни жан тәрбиесін де, қарастыратыны әр азаматқа үлкен ізгі міндет жүктейді. «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» демейді ме халқымыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мәндегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет», – деп белгілеген міндеттердің жүзеге асуы үдерісінде өзіндік қосылған үн ретіндегі «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» деп аталған жан қуатын күшейтетін кітапты шығарушыларға ел ризалығымен бірге Жабай әулиенің шапағаты дарығай дегіміз келеді. Киелі кітапты оқып, ізгілікке ашылған жүректерді Жабай атаның әруағы қолдағай.

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын

жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері,

Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер,

Алматы қаласының, Жамбыл облысының,

Жуалы ауданының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *