САДУАҚАС САҚЫ ДАСТАНЫ

Көзқарас Мерей мәдениет
2 219 Views

Тұрдықұлов Сүлеймен 1925 жылы 1 қаңтарда Сарыағаш ауданы, Карл Маркс бөлімшесінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда он алты жасқа толмағандықтан тылда қара жұмыста болған. 1942 жылы өзінің өтінішімен соғысқа аттанған. Ленинград шайқасына қатысқан. Бірнеше рет жараланып госпитальда жатқан. Әдебиетке, өнерге жақын жан соғыста ауылға хаттарын өлеңмен жолдаған. Берлинге дейін барып, елге жеңіспен оралған.

Ұлы Отан соғысында “Германияны жеңгені үшін” медалімен марапатталған. 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін медалімен марапатталды.

Елге келгесін қажырлы еңбек етті. «Ұлы Отан Соғысы Жеңісі құрметіне» 20 жыл, «Ұлы Отан Соғысы Жеңісі құрметіне» 30 жыл, юбилейлік медальдармен, КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл мерейтойлық медалімен марапатталады. Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен үлес қосқан. Таскескен ауылында басқарушы қызметтерін атқарған. Жылға ауылының дамуына өз үлесін қосқан. Дарбаза ауылындағы аудандық тұтынушылар қоғамын басқарған.

Отан соғысынан елге аман оралды. Елге келіп отбасын құрған. Алты перзенттің әкесі, 2 ұл, 4 қыз өсірген.

1980 жылы дүниеден озды. Артында көптеген жазба дүниелер қалған екен. Мұқият сақтамағандықтан да барлығы бізге жетпеді.

Тек «Садуақас Сақы» атты дастаны сақталыпты. Дастанды өз қолымен көшірген. Кім жырлағаны туралы дерек сақталмаған. Дастанды оқи келе, аңыз болып тараған Садуақас сақи екендігі анықталды. Аңыз былай сыр шертеді.

Сәдуақас ата туралы аңыздардың бірінде Мұхаммед (с.ә.у) пайғамбардан бір күні бір сахаба мынадай бір сұрақ сұрапты деседі «Уа Алланың елшісі сіздің соңыңыздан ерген сахабаларыңыздың арасында кім сақы?» деп сұрағанда Алланың елшісі ойланбастан «Сәдуақас сақы» деп жауап берген екен. Сахы сөзінің мағынасы қолы ашық, мырза, жомарт, сахи деген ұғымды білдіреді. Сонда сахабалардың арасында отырған Әзіреті Әлі: «Менен өткен сақы кім болушы еді. Ислам діні жолында күрестім, жанымды аяған жоқпын, тапқан олжаны түгел соңымнан ерген сарбаздарыммен ғаріп-ғасірлерге, жетім-жесірге бөліп берумен келемін, басы артық дүние мүлік менде жоқ, дін жолында үш рет құл болып сатылдым» деп үйіне келіп Мұхаммед пайғамбардың қызы, өзінің адал жары, әрі ең жақын досы Фатима анамызға айтыпты. Әлі Шеріге осындай ойдың келгенін Алланың елшісі Мұхаммед (с.ә.у) сезген дейді. Бибі Фатима анамыз Сәдуақастың сақылығын сынамақ үшін «Әзіреті Әлі сырқаттанып қалды, соған Сәдуақастың ұлының қаны емге керек болды» деп қызметшісін Сәдуақастың үйіне жұмсапты. Бибі Фатиманың жіберген қызметшісінен бар жайға қаныққан Сәдуақас сахаба ұлының медреседе екенін айтып, шақырып келмекке ұлының соңынан медресеге барыпты. Сәдуақас ұлы Абдуллаға «Балам алдыма түс үйге қайтайық» дейді, сонда Абдулла «Әке алдымен сіз жүріңіз. Мен сізді соңымнан ертіп, әдепсіздік көрсетіп, Алла алдында күнәһар болармын» деп әкесінің соңынан ілесіпті. Үйге келгеннен кейін әкесі ұлына «Абдулла, сенің қаның науқастанып қалған Әзіреті Әліге ем үшін қажет болып тұр. Сол үшін де сені құрбандыққа шаламын» деді, тұнжыраған қалпы. Сәдуақастың ұлы Абдулла: «Әке менің қаным Әзіреті Әліге ем болуға жараса мен дайынмын. Тек сізден өтінерім менің аяқ – қолымды мықтап байлаңыз, жан шығар сәтте еріктен тыс, ықтиярсыз ышқынғанда қол-аяғымды сермеп, денеңізге тиіп кетіп жүрмесін. Көзімді де қатты таңыңыз, жанарым жанарыңызға түскенде қимастықтан жан шығуы қиын болар» деген екен.

Ем үшін құрбандыққа шалынған Абдулланың денесін ақ матамен жауып, оң босағаға қойып, Алланың ісіне шүкіршілік етіп отырған Сәдуақастың үйіне Мұхаммед пайғамбар кіріп келді – «Тағам әзірлейтін үйде ас қатықтан не бар?» – «Төрт-бес қадақ арпа бар» деді. Сәдуақас. «Онда соны қазанға салдырып ас әзірлет, бүгін кешке сіздің үйден сахабалармен келіп тамақтанамыз» деді. Кешке Мұхаммед (с.ә.у) сахабаларымен Сәдуақастың үйінен дәм татуға келді. Тамақ үстінде Алланың елшісі Сәдуақастан «Абдулла қайда, неге бізбен бірге отырып тамақтанбайды?» деп сұрады. Сәдуақас ұлының әлі сабақтан келмегенін айтты. Пайғамбарымыз оң қолын көтеріп, «Абдулла!» деп қатты дауыстап шақырды. Екінші рет тағы да шақырды. Мұхаммед (с.ә.у) үшінші рет оң қолын көтеріп «Абдулла қайдасың?» деп шақырғанда ғана Абдулла «ләппай!» деп табалдырықтан аттапты. Мұхаммед пайғамбар Абдулланы жанына отырғызып, бірге тамақтанды. Абдулладан шақырғанда неге келмегенін сұрады. «Алланың елшісі, сіз алғаш шақырғанда мен жәннәттің бағын аралап жүр едім. Екінші шақырғаныңызда пейішті қимай артыма бұрылып қараған едім. Міне, үшінші шақырған дауысыңызды естіп келіп тұрмын» депті. Сәдуақас сахаба осының бәріне ризалықпен қарап, Аллаға шүкіршілік, тәубә келтіре білгендігі үшін де, Алланың әмірімен болған жалғыз ұлы Абдулланы құрбандыққа қиғандығы үшін де Сәдуақас сақы атанған. Соның бәрін көзімен көрген Әзіреті Әлі райынан қайтып, Сәдуақастың сақылығына шүбәсіз сенген екен дейді аңыздың сарыны.

Сәдуақас сақы туралы аңыз бар, жыр дастандары жойылып кеткендігі жайлы баспасөзден оқыдық. Тұрдықұлов Сүлеймен осы жырды өз қолымен көшірген. Дастанды Сүлеймен атаның ұлы Бақыт Тұрдықұлов сақтаған. Біз қолжазбаны қағазға түсіріп, әдеби мұраны қолжазбалар қорына ұсынып, келешекте баспадан шығады деп үміттенеміз.

Зылиха ЖАНТАСОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *