САЛЫҚБАЕВТЫ САҒЫНАТЫН БОЛАМЫЗ…

Өмір-өзен
834 Views

Өмір – өзен, ағады да кетеді. Міне, осы қамшының сабындай ғана қысқа өмірде артыңа жақсы із қалдырғаның жөн. Жақсы із дегеніміз не?! Бұл – үлгі-өнегеге толы ісің мен тәлім-тәрбиелі ұл-қыздарың дер едік.

Міне, сондай жомарт жүректі жан, тоқсанның төріне шыққан танымал теміржолшы тұлға, Құрметті теміржолшы, Социалистік Еңбек Ері, Арыс қаласының, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Құрметті азаматы Әуезхан Салықбаев атамыз өмірден озып отыр. Үш жасында әкесінен, сегіз жасында анасынан айырылған балақай мына өмірде көп қиыншылық көрді. Алайда, бар ауыртпалықты, тұрмыс теперіштерін өзінің ерен ерік-жігерімен, мұқалмас қажыр-қайратымен жеңе білді.

Он төрт жасында туған жері, тоғыз жолдың торабы тәріздес Арыс теміржол саласына жұмыс істеуге келді. Сан түрлі қызмет атқарды. Осылайша отызында орда бұзған ол қырыққа жетпестен Социалистік Еңбек Ері атанды. Ердің жасы – елуінде Шымкент теміржол бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Ерен еңбегі еленіп, кеудесіне жарқыратып орден-медальдар тақты. Талай талантты шәкірттер тәрбиелеп, олардың теміржол саласының сан түрлі мамандығын меңгеруіне ықпал жасады. Әкелік, ағалық қамқорлығын аяп қалмады.

Ол отбасында да бақытты жан еді. Рәтай жеңгемізбен бірге тәрбиелеп-өсірген перзенттерінің бәрі жоғары білімді маман атанып, бүгінде халық шаруашылығының сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүр. Отбасына, ағайын-туысқа, дос-жаранға, құда-жегжатқа сыйлы, абыройлы, қазыналы қария болатын. Ауыл-аймақтың ғана емес, елдің, жердің тағдырына алаңдап, қуанышына сүйініп, қайғысына қабырғасы қайысып жүретін.

Алайда, қатал тағдырға, сұм ажалға қарсы тұрар амал бар ма?! Біздің газетіміздің белсенді оқырманы, шынайы жанашыры атанған Әуезхан атамызды жер қойнына тапсыра отырып, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын дейміз. Пейіште нұрыңыз шалқығай!

Әуезхан Салықбаев, біз Сізді сағынатын боламыз…

Республикалық қоғамдық-саяси,

тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *