«САНАМЫЗДА БІЛІМ ЕМЕС, ДИПЛОМ ТҰР…»

Білім
733 Views

Талжан РАИМБЕРДИЕВ, т.ғ.д., профессор: «САНАМЫЗДА БІЛІМ ЕМЕС, ДИПЛОМ ТҰР…»

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері, инженер-механик, техника ғылымының докторы, профессор, Түркістан қаласыныңҚұрметті азаматы Талжан Пердешұлы Раимбердиевпен еліміздің қазіргі таңдамойындай алмай жүрген ащы шындығы мен шешімін таппай келген білім мәселесі, ІVөндірістік революция кезеңінде алға шығатын мамандар және оған дайындық туралыәңгіме өрбіген келелі де кескінді сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Құрметті Талжан Пердешұлы, егемен еліміздің бас басылымдарының бірі – «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақалаңызды оқып таныстық. Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында IV өндірістік революцияға қатысты айтқан мәселелерге, білім саласына, соның ішінде ІТ технологиясына ерекше тоқталған болатынсыз. Осындай өзекті ой-толғамдарыңызды қазақ оқырмандарына да кеңінен айтып өтсеңіз?

– Жалпы, бүгінгі заманда технологиялар өте жылдам өзгеруде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында да осындай процестің өзектілігі қозғап өтілген болатын. Сөзсіз инновация технология сынды мәселелерге өте үлкен дайындықпен келу керек. Әсіресе, қазіргі өндірістерде инвесторлар бизнес өкілдерінің салып жатқан зауыттарына әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті технологияларды енгізіп жатыр. Оқу бағдарламалары да осы талаптарға сәйкес жедел адаптациялық процесте болуы керек.

Өкінішке орай, қазіргі нарықтық заманда білім жүйеміздің жаңа технологияға ілесуі біршама баяулау жүріп жатыр. Әрине даму бар, статистикалық көзқарастарды шешу және орындау жұмыстары бар. Бірақ әттеген-ай дейтін мәселелер басымырақ. Қазір студент жастардың білім сапасы тек теориямен қамтылмай, тәжірибеге қарай бейімделуіне көңіл бөлгеніміз жөн. Баршамызға белгілі, Кеңес Одағы кезінде кәсіпорындар мемлекеттік болғандықтан, ол міндетті түрде жоғары оқу орындарының тәжірибелік базасы ретінде пайдаланылатын. Қазіргі таңда да жеке кәсіпкерлердің өндірістеріне студенттерді кіргізуге, сол үдеріспен тығыз байланыста тәжірибе өтуге мүмкіндік жасалса, жақсы болар еді. Дегенмен, бизнес саласы мұндайды жақтырмайды, оны формальды түрде меморандум, тағы басқа да жолдар арқылы өткізіп жатады.

Сонымен қатар ЖОО-ларды нарықтық жүйе қыспаққа алып отырған жағдайы да бар. Ұзаққа бармай-ақ қояйық, әлемнің көш басында тұрған Германия IV өндірістік революцияға 10 жылдық дайындықпен келген. Ресей Федерациясы да ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізіп, IV өндірістік революция мамандарын, басқаша айтқанда, «инженер спецназдарды» даярлауда. Ол елдерге бүгінгі күннен 10-15 жыл ерте қаруланған жас мамандарды дайындау қазір жемісін өзінің беруде.

Біздің ЖОО-ларды толық білмеймін, бірақ, Оңтүстік өңіріндегі оқу орындары кенжелеп тұр. Әрине бұл отандық кадрлардың, ғылыми мектептердің және жалпы ғылымның үлкен мәселесі.

– Сіз киелі Түркістан қаласында Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұзақ жылдар жұмыс істедіңіз. Түркі елімен тығыз байланыста болып, талай-талай шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Енді осы оқу орындағы жағдай қалай? Елбасы айтқандай, ІТ технологияға болашақтың мамандығы ретінде көңіл бөлініп жатыр ма? Осы жердегі көңіл көншітерлік мәселелер туралы айтып өтсеңіз.

– Жалпы айтқанда, ІТ инженерлерді бүкіл технологияның мәселесін шешеді дегеннен аулақ болуымыз керек. Барлық инженер мамандардың физикалық-математикалық дағдысы жоғары деңгейде дайындала отырып, олар ІТ технологиялардың негізгі мәселелерімен қамданып, болашақ маманы атануы керек. Бұл – мектептерде пәнаралық ғылым өте жоғары деңгейде қамтылуы керек деген сөз. Сол пәнаралық ғылымның дамуы арқасында ІТ технологияларды пайдалана отырып, дамуға көшеміз.

Қазір мысалы үшін әлемнің алдынғы қатарындағы бренд өндірістер автомобиль шығарады. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, осы бағыттарда әрқайсысы дами түседі. Жыл сайын технологияларын үздіксіз өзгертіп, жаңартып отырады. Бұл – оларда ІV өндірістік революция кезеңіне сай келетін мамандар қиындық туғызбайды деген сөз. Ал, бізде қалай? Бізде 4 бағытына сәйкес келетін өндірістер жоқтың қасы. Бірақ 3-ке тартатын өндірістер бар. Оның өзіне толықтай сай келетін оқу орындары санаулы ғана. Мұндай құбылыстың бір себебі, оқу орындарында қаржы тапшылығына байланысты болып отыр. Ғылыми-зерттеу алаңдарына үлкен зертханалық қондырғыларды орнатуды университет қаржысы көтермейді.

Біз білім саласын, зертханалықтарды жабдықтауда кеш қалдық. Неге екенін білмеймін, осы мәселе мақсатты түрде оқу орындарына бөлінген жағдайлар да болды. Бірақ ол қаншалықты тиімді пайдаланылып, табысты жұмыс жасап жатқаны туралы білмейміз.

Тағы бір түйткіл, классикалық ғылыми мектептердің көпшілігінен айырылып қалғанымызда. Ол ғылыми мектептерде Кеңес Одағының үлкен ғалымдары болған еді. Қазір зертханаларымыз да таязданып кетті. Бұған қоса, обьективті, субьективті түрде ректор таңдауда сала министрлігі тарапынан жіберілген қателіктер де бар. Ректор таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мысалы, Консерваторияда инженер мамандығы бар ғалымды ректор етіп қоя алмайды ғой. Өйтетін болса, ел-жұртқа күлкі болады. Қазір ғылым атағы бар екен деп ректор етіп қоя беруге болмайды. Оның базалық білімі, зерттеу алаңдары қай салаларға сәйкес келетінін қарау керек. Сонда ғана сол бағыттың ғылым, білімін арттыру жүзеге асады. Қазір профиль келе ме, жоқ па, атағы бар ма, жоқ па, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Конкурстың жағдайын да білмеймін. Әйтеуір, конкурс бар, бірақ, шешім басқа. Ең бастысы – нәтиже жоқ. Осы қателік біздің ғылым саласына түбегейлі кедергі жасап жатыр. Ректор патриоттық тұрғыдан ерекше жанашырлықпен, шешімнің қаншалықты дұрыстығын ойлай отырып, субьективті оймен емес, обьективті зерттеу жұмыстарынан кейін тағайындалуға тиіс. Жалпы, төртінші өндірістік революцияға дайын, осыған сай мамандар шығару үшін, оқу орындарын дайындау үшін, арнайы бағдарлама не «жол картасы» керек деп ойлаймын.

Кадрларды, оқытушыларды сараптау керек. Бәрінде әйтеуір атақ бар, бірақ ол қандай деңгейде маман дайындауға шамасы келеді? Бұл мәселені Ресей Федерациясы 2013 жылы қолға алған. Солтүстік көршіміз не істесе, соны жасаймыз ғой, бірақ 100 пайыз көшіруге де болмайды. Мысалы, онда рейтингі жоғары ғылыми мектептер сақталған. Олар фундаментальды ғылымы сақталған оқу орындарын таңдай отырып, сол жердің базасында орталықтарын ашты. Ал, ол орталықтарға мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау көрсетілуде. Тиісті қаржы жеткілікті мөлшерде бөлініп отыр. Студенттердің ішінен ең алғырларын сол жерде оқытып, дайындауда. Олардың докторлық дипломдық, магистрлық зерттеулері бүгінгі заманға сәйкес өндірістер қандай талап қойып жатқаны және сол талаптарының мәселесін шешу жолдарын зерттейді. Оларды төртінші революциялық өндіріс кезеңінің нағыз маманы деп айта аламыз.

Магистратура, докторантура, РҺ докторлар – біздің ғылыми әлеуетіміз. Болашақта ғылымды дамытатындар осылар. Ал қазір олардың жалақысы өте төмен. Ғылым кандидаты, доцентінің жалақысы мектеп мұғалімінің жалақысымен теңесіп қалған. Кеңес Одағында ғылым кандидаты, доцент бірінші хатшыдан жоғары жалақы алатын. Бүгінде мықты мамандарға ғалым жалақысы ынталандыра алмағандықтан, олар бизнеске, тағы басқа да салаларға кетіп жатыр.Ғалымдардың күн көрісі бар демекші, оған қоса зертханалықтар талапқа сай емес. Енді олар қайда барады? Қаржыны қай жақтан табады? Сол себепті осындай жағдай орын алуда. Ғалымдардың жалақысы жақсы болса, олардың ішіндегі мықтылары осы салаға келер еді.

Осының әсерінен сапасыз РҺ докторлар мен профессорлардың талайын шығарып тастадық. Қазіргі жас ғалымдарға даму алаңын беріп, «Ал, ғылымыңды дамыт» десек, тоқырап қалады. Себебі, деңгейлері жетпейді. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазақстандағы ғылым қазір, күрең бұлтты ауа-райы сияқты болып тұр. Қазір қанша қаржы бөлсе де 40 жасқа дейін жастар, жас ғалымдардың атап өткен обьективті себептерге байланысты жарқын болашағы бар деу қиындау. Мамандарда талап, тәжірибе аз. Біздің санамызда басымдық не? Балон процесінің кемшілігі не берді? Біздің санамыз әлі күнге дейін білім емес, диплом деп ойлап отыр. Мұндай санаға Балон процесін, Батыс мәдениетін әкеліп қоюға болмайды. Батыстық мәдениетте диплом үшін емес, білім үшін оқиды. Бізде керісінше. Десек те неге Батыс демократиясын толықтай өзімізге көшіріп алып келуге болмайды. Себебі, бұл ұлттық тұрақтылыққа, егемендікке кері әсерін тигізіп. Санамыз әлі оған толықтай пісіп-жетілмеген болса да біз оны әкелдік те ойланбастан білім саласына кіргізіп жібердік. Оны енгізгеннің өзінде реформалар жасап, өзіміздің менталитет пен ахуалға бейімдей отырып кіргізу керек еді. Сонда жағдай мұншалықты ушықпас еді.

Қазіргі таңда ІТ-саласындағы мамандардың кадр тапшылығы да сезіледі. Сондықтан, «Болашақ» бағдарламасындағы бакалавр мамандықтарына ІТ мамандықтарын қайта әкелу керек. Бұл жерде тек магистратура ғана қарастырылған. ІТ-мамандықтарды, жаңа технологияларды игерген жастар көп, бірақ кафедраларда жоғары қызметте істей алмайды, өйткені олардың ғылыми атақтары жетіспейді. Сондықтан олардың ғылыми дәрежелеріне қарамай, креативті ойлауларын бағалай отырып көптеген мүмкіндіктер беру керек.

Қазір біздегі магистр, РҺ докторлар ғылымының төрінде деп айта алмаймыз. Бізде бірде-бір зертхананы көрмей, магистр болып жатқандар бар. Мұның барлығы жастардың кінәсі емес. Бірінші – қоғамның, екінші – жоғары оқу орындарының кінәсі.

– Демек мемлекет, министірлік, ЖОО басшылары болып барлығы ғылымға жанашырлық танытып, әлі де жөнге салуға кеш емес деп айта аласыз ғой?

– Әрине, қазір қолға алар болса әлі де кеш емес. Ғылыми мектептерді тірілтіп, жандандыру керек. Біздің ЖОО-ларда зейнет жасына жеткендерді қызметтен шектейді де, орнына жастарды қояды. Жастардың креативі, ішкі білімінің, ғылымдағы креативі төмен бола отырып, олай жасауға болмайды ғой. Жастарды алға жылжыту керек. Әрине, ондай саясат бар. Бірақ, ғылымда олай істеуге болмайды. Бұл туралы үлкен ғылыми кеңестерде, конференцияларда да айттық. Осы ғылымның болашағы әрі кетсе бес жыл екені туралы да сөз сөйледік. Бірақ, нәтиже болған жоқ.

Өзім Санкт-Петербургтың ғылым мектебінен өткенмін. Сонда ғылым сатысына алғаш қадам басқан кезім болатын. Мен мұнымен мақтанамын. Сол кездердегі ұстаздарым ғалымның екінші тынысы жасы 60-тан асқан соң ашылады дейтін. Ал біз енді ғана екінші тынысы ашылып жатқан ғалымдарымызды зейнетке жібереміз. Егер біз сол ғалымдардың, зертханасын, кафедрасын тартып алсақ, ғылыми мектептеріміз қалай бәйтерек болмақ? Ол адамдарды бір жыл келісімшартқа отырғызады да содан соң шығарып салады, ойын жеткізуге еркіндік бермейді. Ғылымда олай жасауға болмайды. Әрине, жасы келген мамандар кейде қиындықтар туғызуы мүмкін. Ондай жағдайларды да түсінуге болады. Кейбір мәселелерге сараптау арқылы, жанашырлықпен, болашақты ойлап келу керек. Ғылыми мектептеріміздің тоқырауының негізгі себептері осы.

– Сіз ОҚМПУ-да проректор қызметінде болдыңыз. Ол да Сіздің бұрын еңбек атқарып кеткен қара шаңырағыңыз. Бүгінде жастардың ІТ технологияға, инженерлік технологияға қызығуы қандай деңгейде?

– Бізді тағы бір ақсатып отырған жүйе – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұдан әділдік пен тазалыққа жол ашылып жатса да мектеп түлектерінің көбісі физика мен математикадан нашар. Түлектер математикадан міндетті түрде сынақ тапсырады. Бірақ, физика мен химия бар жерден қашады. Содан гуманитарлық пәндерге көп бейімделеді. Талантты жастарымыздың өзі грантқа түсемін деп немесе оқу жеңіл болсын деп оңай жолдарды іздейді. Ата-аналар мен мектептердің өзі осыған бағыт-бағдар береді. Үміт күттірер балаларымызды Ресейге, тағы басқа шет мемлекеттерге алып кетіп жатыр. Әрине, инженерлік бағыттарға гранттың көп бөлінуі сияқты оң жаққа бетбұрыс та жоқ емес. Жалпы, осы мәселелер басшылық тарапынан да талқылауға түсіп жатыр.

Негізі төртінші өндірістік революция кезеңінде көп мамандықтар нарыққа қажет болмай қалады. Тіптен сән индустриясының өзі цифрлық технологияға байланып қалмақ. Сондықтан, креативті маман болу үшін физика-математикалық қабілеті өте жоғары болып, ІТ-дің нағыз маманы ретінде оның логистикалық жүйесін түсінуі керек. Қазір Санкт-Петербургта орналасқан үлкен инженерлік орталық супер компьютерлер арқылы бір жылда шешетін есепті бір күнде шешіп жатыр. Мысалы, Владимир Владимирович Путиннің лимузин көлігін «Aurus» модельдеп жасап шығарған да осы орталық. Бұл қазір әлемдегі ең қауіпсіз көлік. Аталмыш орталық айтарлықтай алдыға кетіп қалған. Қазақстанда мұндай орталық түгіл, соған сәйкес келіп, олардың деңгейінде сол есепті шешетін мамандар да жоқтың қасы. Атап айтар болсақ, Әл – Фараби атындағы Ұлттық университетінде осы сала бойынша мамандардың сапасы көңіл көншітерлік, физика-математикалық біліктіліктері жоғары. Бұл оқу орнының барлық сала бойынша мамандары сұранысқа ие. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсіловтың жүргізіп отырған жұмыстары жоғары баға беруге тұрарлық. Мамандар дайындау бойынша еліміздегі ЖОО-ларды сапасымен басып озып, алдынғы қатарда көрінуге лайық білім ордаларының бірі десек әсте қателеспейміз.

Ал өңірлердегі жағдай қалай? Ол ЖОО-ларды кім басқарып отыр? Кафедраларды кім басқарып отыр? Мысалы үшін бір ЖОО-ны білемін, информатика пәні бойынша мектеп мұғалімінің маманы, педагогика ғылымының ғалымы компьютерлік және математикалық моделдеу деген кафедраны басқарып отыр. Бұл – масқара ғой. Әркім өз саласының маманы болуы керек. Қазір ол ауысты ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, осыған менің жүрегім ауырады. Біз неге өзімізді өзіміз осылай алдап отырмыз ?..

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Германияға іссапармен барып, болашақта білім сапасы, ғылым, технология қалай дамитыны туралы баяндамалар оқып, белсенді қатысып қайтты. Өз Жолдауында білім мен педагогтардың мәртебесін көтеру туралы сөз қозғап еді. Әсіресе, ұстаздарды дайындайтын ЖОО-ларға ерекше көңіл бөлемін деді. Себебі, кей университеттердің жағдайы қазір белгілі болып, сыртқа шығып жатыр. Мұның бәрі ғалымдарға, профессор-оқытушылар қауымының жүрегіне әсер етіп жатқаны белгілі. Осы туралы не айтасыз?

– Жалпы педагогикалық бағытта білім беретін оқу орындарын жеке бөліп шығарған дұрыс болды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаны да құптарлық. Дегенмен, ертерек қабылданса дұрыс болар ма еді? Жалпы, бұл жерде барлық мектеп болсын, ЖОО болсын барлық білім беру ошақтарының арасындағы үйлесімді байланыста кемшіліктер кезігеді.

Тағы бір айтарымыз, инженерлік мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысын жоғарылату туралы ұсыныс. Керек болса екі есе жоғарлатсын. Ғылымға қаражат бөлініп жатыр. Бірақ, ол қаражат аз болса да ғалымдарға зертханалық қондырғы сияқты қажеттіліктері әлі де жетіспей қала береді. Оларды сатып алып, толық жабдықтау мәселесі бар. Оған мемлекет өзі кіріспесе болмайды. Себебі, білім беру мекемелерінің өз қаражаты жетпейді. Қазір әлеуметтік мәселеге байланысты ЖОО-лардың оқу ақысын өсірмеу туралы тапсырма болып еді, содан соң ол біраз уақытқа дейін бақылаусыз келеді. Қымбат дүниеде сапалы білім болады ғой. Мысалы, Түрік елінің халқы, бағасы арзан оқу орнына бармайды. Олардың менталитетінде баға төмен болса, сапа төмен деген ұғым бар. Ал біздің халыққа қай жер арзан болса болды, әйтеуір диплом керек. Біздің трагедия осында.

Бір кездері Назарбаев университетінің профессорымен сұхбаттасып едік. Өзі ағылшындық екен. Сол кезде мен өзім жұмыс атқарып отырған оқу орнымның жетістіктерін айтып мақтай бастап едім, ол үндемей отырып, соңында «Білемін, Қазақстанның оқу орындары негізінен таксист дайындайды», – деді. Сол кезде өңешіме бір нәрсе тұрып қалғандай, ызаландым. Бұл мен үшін ең ауыр сөз болды. Ащы болса да ақиқат екені рас. Түлектердің көпшілігінде жұмыс жоқ. Ал қазір өзінің күнін көру үшін таксист болып, адам тасып жүрген азаматтардың көпшілігінің қалтасында жоғары білім алғаны жөнінде дипломы бар.

– Сіз Түрік елімен Қазақстанның жастарының арасында байланыс орнатуда көп тер төктіңіз. Университет қабырғасында жүріп «Жас Отан» жастар қанатын да басқардыңыз. Қазір сол жастарыңыздың көбісі жоғары қызметте жүргені байқалады. Ғылыммен қатар жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген болатынсыз. Түркістанның Құрметті азаматы болдыңыз. Мұны еліңіздің, әріптестеріңіздің, Сіздің еңбекті елеп көрсеткен құрметі деп білеміз. Осы орайда жастарға айтар ой-толғамдарыңыз болса.

– Иә , Сіз айтпақшы, Түркияның көп оқу орындарында болдым. Сараптап салыстырар болсақ, техникалық болсын, гуманитарлық сала болсын, сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Олардың зертханалық орталықтарын көріп, ерекше таңғалдым. Мен сол кезде бір шәкіртіммен барған едім, шыққан соң оған: «Біз университетті жаба салуымыз керек», – дедім. Ол кезде инженерлік бағыттағы оқу орындарын жайлы айтқан едім. Өзім университетте жұмыс жасаған соң біздегі қиындықтарды жақсы білемін ғой. Оларда барлығы толықтай цифрлы технологиялармен жабдықталған. Теория мен тәжірибе керемет ұштасқан.

Жастарға тоқталар болсақ, біздің жастар керемет дер едім. Тек оларға жағдай жасап, терең білім беру керек. Өзім жастармен көп араласамын, достарымның көбісі де солар. Студенттермен серуендеп жүргенімді көрген Түркістандағы әріптестерім айтады екен: «Бұл кісінің достары жоқ па, әріптестері жоқ па, қашан қарасаң студенттермен жүреді», – деп. Мен сонда айтамын, ең кіршіксіз, жүректері таза періштелер олар – жастар. Жастармен жастарша араласамыз, сырласамыз, ақылдасамыз. Менің ең үлкен байлығым – жастар, шәкірттерім. Түркістанда «Намыс» деген жастар қоғамдық бірлестігін құрдық. Бұл ұйым, нағыз патриот, шынайы жастардан жасақталған. Жастармен қарым-қатынас та шынайы болу керек. Өздерін көрсетуге мүмкіндік жасау керек. Мен 30-40 жылдық ұстаздық тәжірибемде мақтана алатын жастарым бар. Мысалы Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің орынбасары Ілесбеков мырза. Мен соның сопраматымын оқытқанмын. Қазір өзім оқытқан Ұлан Сүлейменов ОҚМПУ-да ғылым жөніндегі проректор болды. Менің жұлдызды шәкірттерім осылар.

Ұлтымыздың болашағы жарқын болуы үшін жастар эмоцияға берілмеу керек. Ақымақтар мен ақымақ болудың қажеті жоқ. Біздің еліміз аяққа тұрып, халқымыз 30-40 миллионға жетіп, жан-жағымызға нық сеніммен қарай алғанда өз мүддемізге толықтай жұмыс жасай аламыз.

Еліміздің болашағы бұлыңғыр болуын тілейтін көршілеріміз де жеткілікті. Халықтың тыныштығын бұзғысы келетіндер де жоқ емес. Олай болса біздің жағдайымыз әлдеқайда төмендеп кетеді. Бізге қазір шыдамдылық, сабырлылық керек.

Енді саясаттың мәселесінде де көп әңгіме бар. Мүмкін мені біраз оқырмандар жақтырмайтын шығар, «қазақта намыс жоқ», – деді деп. Сыртымнан балағаттайтындар да бар шығар. Намыс бар, бірақ ол дара, биік болуы тиіс. Намыс эмоцияға сілтеме жасаса, онда ол жақсы болмайды. Дана ойлар жүректе болуы керек. Әрине, бізде бірінші мәселе қазақпен қазақша сөйлесейік деген мәселе орындалмай отыр. Ал, ол неге орындалмайды? Біз басқа ұлттарды қазақша сөйлетпей-ақ қояйықшы, алдымен өзімізге көңіл бөлейік. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келе жатыр. Елордамыз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттің кейбір тұрғындары орыстілді қазақтар. Олардың ішкі намысы жоқ. Біз оларға айналайын қазақша сөйлеңдер дейміз. Олар тыңдамайды. Енді қараңыздар астанада оралмандардың бала-шағалары ана тілін ұмытып бара жатыр. Ұмытып кетті де қазір. Себебі есік алдында сөйлесіп ойнайтын бала-шағаның бәрі орысша. Мен несін жасырамын немерелерімнің де кейбіреуінің қазақша сөйлеуі қиын болып жатыр. Ата-анасы қазақша сөйлегенмен, кейін өздері теледидарға қарап отырады. Отандық телеарналардағы әлемдік деңгейдегі белгілі мультфильмдердің орыс тілінде көрсетілуі оларды сол тілде сөйлеуге бейімдеп отыр. «Балапан» телеарнасының мультфильмдері қазақ тілінде болғанымен, оны балалар көрмейді, оларға қызық емес. «Диснейдің» мультфильмдерін мемлекеттік тілге аударып шығарса, жақсы болар еді. Жоғарыда отырған лауазымды азаматтарымыздың құлағына осы мәселені сіңдіру керек. Қазір баланың негізі орысша қаралып жатыр. Біз бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарауымыз керек. Қазақ тіліндегі балабақшалар көп, жеткілікті, бірақ сол балабақшаға баратын балалар өздерінің ана тілін білмейтіндер. Біздің осыған қарайтын ғалымдарымыз қайда? Тағы бір жанайқайы, басқа азаматтарға қатысты болмай-ақ қойсын, әзірше, бірақ, ана тілін білмеген қазақтарды мемлекеттік қызметке алмау керек. Сонда барып қазақ тіліне сәл болса да бетбұрыс болады. Егер мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлей алмаса, ол қазақтың ең бірінші жауы шығар. Ондай адам тілді құрметтемейді деген сөз ғой. Қазір қазақ тілінен тест тапсыртатыны да бар шығар. Бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Мысалы, Түркияда кез келген ұлт өкілі сол елдің ана тілін білу керек. Бірақ, өзіміз жөнге келмей, біз оны басқа ұлттарға қазір міндеттей алмаймыз. Мәселе осында.

– Талжан Пердешұлы, редакциямызға арнайы келіп, ғылымдағы жалпы жағдай, жастар мәселесі, профессор-оқытушылардың болашағы, көнекөз ғалым ағаларымыз бен жастар арасында байланыс орнату туралы айтқан келелі, кесінді ойларыңызға рақмет айтамыз!

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *