САТЫЛҒЫШ ШЕНЕУНІКТЕР

Әдебиет
560 Views

Қазір бизнестің түрі көп. Біреу шағын бизнес кәсіпшілігін ашса, енді бірі егіншілікпен айналысып, гектарынан пәлен тоннадан өнім алып жатады. Мен де өз бизнесімді бастамақ болдым. Әр тойдан бес-алты мың доллар табатын әнші емеспін ғой. Адам талпынса бәрі болады екен.

Бизнесімнің құпиясының өзі сол, той жасағанда той иесі өсіп-өнген бе, жекжаттарының қызмет-лауазымы қандай, саусақ бүгіп санап отырмыз. Ал ішінде айтарлықтай шенділері болмаса: «Пәленшенің тойы дейсіз бе, е, өтті ғой әйтеуір» – деп қол сілтей саламыз.

Әлеуметтік айырмашылық па? Айырмашылық! Нарықтың заңы қызық. «Ешкім жасамағанды жаса» – дейді. Тап осы арадан саңылау таптым да бизнесімді бастай жөнелдім.

Ол былай:

Шенді шенеуніктерді қызметтен соң сағатына төлеп сатып аламын да, әлгі жекжаттары нашар: шофер, сантехник немесе базарда арба итеруші боп келетін той иесіне той өткенше «туысы» боп отыруға жалға бере қоямын.

Айталық, той егесі жоқ-жітік, жұтаңдау болса бір офистегі кішірек шенеунік және кешке қарай ерігіп, қызмет көлігімен қайда барарын білмей жүрген МАИ-сержантын сағатына келісіп сатып ала қоямын. Қызығы сол, қызметі төмен болған соң осы шенеуніктер айтқаныңа келіседі. Ал, той жасаушы жағдайы жақсы, ішіп-жемді болса керісінше шенділердің лауазымы жоғарлауын сатып алуға тырысамын. Сіздер ойламаңыздар бәрі оңай өтеді екен деп. Бізде атақ-абырой іздеген адамдар көп. Шын туыстарын менсінбей, төрінде онанда жоғары шенділердің отырғанын қалайтындар бар. Қайсыбір тойда солай болды. Той иесі келінді солтүстік өңірден алған екен. Тойым төрт құбыласы сай дүрілдеп өтсін деді. Барымды салып кірістім. Кімдерді сатып алғаным дұрыс? Тізімді той егесіне көрсетіп едім, жеке сот орындаушысы мен салық агентін сызып тастаңыз, қалғандары болады деді. Той жасаушының ол азаматтарды ұнатпайтынын қайдан білейін. Менікі тойы абыройлы өтсін дегендік.

Сонымен:

«Бөлесі» боп бір облыстың бір департаментінің қылмыстарды анықтау бөлімінің басшысы полковник мырза отыратын болды.

«Жиені» боп отыруға қалалық жер бөлімінің басшысын сатып алдым.

«Түп нағашы» әкесінің кейінгі шешесінің ағасының балалары, әкімнің үшінші орынбасары болады деп келістік. Осы лауазым иесі «нағашысы» боп отыруға келіспеп еді, сұрағанын беріп жүріп әзер сатып алдым.

Енді қалай болды дейсіздер ме? Ол былай: Солтүстіктегі құдалар менің шенділерді сағатына келісіп сатып алғанымды қайдан білсін. Оңтүстіктегі құдаларымыз өскен-өнген жандар, тіреп түр екен деп аттанатын болды. Міне, біз де риза. Сатылып келген шенді шенеуніктер де риза!

Оу, «Екі жас бақытты болсын», «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп тост айтып, ішіп-жеп кету не тұрады оларға. Ең керегі лауазым иелері жұмыстан кейін де ақша тауып, жемқорлық деген пәле құритын болды деп қуандым. Бизнесім де өрлей жөнелді.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *