СОТ ЖҮЙЕСІ ОҢТАЙЛАНДЫРЫЛУДА

Заң Құқық
1 985 Views

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін оңтайландыру, заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне, яғни коммуналдық қызметтер, қарыз сомаларды өндіру туралы талаптар нотариустардың құзырына берілуіне байланысты мәселелі сұрақтарды талқылау мақсатында Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының мәжіліс залында осы аудандық сотының төрағасы Айдос Едігеұлының төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның талаптарын іске асыру» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» жиыны болып өтті.

Іс-шараға Еңбекші аудандық сотының, Шымкент қалалық сотының судьялары, медиаторлар, үкіметтік емес ұйымдар, прокуратура, адвокатура органдары, Шымкент қаласының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы, Түркістан облыстық және Шымкент қаласы Нотариалдық палатасы, «Қазақтелеком» АҚ, «Энергопоток» ЖШС, Түркістан облыстық және Шымкент қаласы кәсіподақ орталығы, «Су ресурстары маркетингі» ЖШС және «Энергоорталық» АҚ және БАҚ өкілдері қатысты.

Мәжілісті ашқан Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы Майя Ильясханқызы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында баяндама жасады.

Ол 2019 жылғы 21 қаңтардағы №217 – VI Қазақстан Республикасы заңының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның өміршеңдігін, халыққа тиімділігін жеткізіп, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі», «Банктер және банк қызметі», «Төлемдер және төлем жүйелері», «Бағалы қағаздар нарығы», «Кредиттік серіктестіктер», «Тауар биржалары», «Микроқаржы ұйымдары», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру», «Прокуратура» туралы Заңдағы енгізілген өзгерістер төңірегінде тарқатып айтып өтті.

Заңдағы жаңалықтар негізі сот жүктемесін төмендетуге бағытталған. Сот орындаушыларының әрекеттерінен борышкерлердің мүлкіне тыйым салуды санкциялау алып тасталды. Банк шоттарына тыйым салуды санкциялау және банк құпиясын құратын ақпаратты талап ету прокуратураға беріледі. Шешімдер жылдамырақ қабылдануы үшін бұйрық өндірісі талаптарының жартысына жуығы нотариустардың құзырында болады.

Қатысушылар тақырып аясында бірқатар проблемалық мәселелерді талқылап, басылым беттерінде заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесі туралы ақпараттарды беру қажет деген ортақ шешімге келді.

Шара қорытындысы бойынша аталған заңнамалық өзгерістерді үйретіп, түсіндіру мақсатында алқалы жиындар, тренингтер, «дөңгелек үстел» жиындарын тағы басқа шараларды қолға алуға ұсынымдар қабылданды.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *