СЫН САҒАТТА БАС ДӘРІГЕРДІ ТАППАЙ ТҰРМЫЗ

Денсаулық
662 Views

Түркістан облысының әкімі Ө.Е.ШӨКЕЕВ пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.А.БІРТАНОВТЫҢ назарына!

СЫН САҒАТТА БАС ДӘРІГЕРДІ ТАППАЙ ТҰРМЫЗ

Осындай күрделі уақытта қоғам денсаулығын сақтау білікті басшылардың, нақты айтқанда денсаулық сақтау саласының майталман дәрігерлері алдыңғы шепте болары сөзсіз. Бүгінде Түркістан облысының аумағында 11 азаматтың коронавирус жұқтырғаны айқындалып отыр. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көш басына шығаруда Өмірзақ Естайұлы Шөкеев қарқынды қызмет етіп келеді. Өкінішке қарай облыста бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың қайда жүргені белгісіз болып отыр. Біз редакция тарапынан аталмыш басқармадан тиісті мәліметтерді алу мақсатында хабарласып, тұшымды жауап ала алмай отырмыз. Міндетін атқарушыны да табу қиынға соғып отыр бүгінгі таңда. Облыс басшысы күндіз-түні халықтың қауіпсіздігін ойлап, тиісті шараларды жасап жатқанда оның жанынан басқарма басшысының көрінбеуі түрлі ойларға жетелейді екен адамды. 2020 жылдың басында Өмірзақ Естайұлы халыққа берген есебінде де денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер болатынын атап айтқан болатын. Сын сағатта облыс басшылығының бұл салаға да жіті назар аударатынына, қатаң тәртіпті орнатып, білікті басшыларға таңдау жасайтын уақыты жетіп отыр. Мұны облыс халқы да бірауыздан қолдайтынына бек сенімдіміз. Өйткені, олардың жанайқайы редакциямызға да келіп жатады. «Кадр бәрін шешеді» деген келелі ойды назарға алсақ облыс бүгінде бұл саладағы реформаға зәру болып отырғаны айдан анық. Осындай сын сағатта қызмет орнынан табылмай тұрған сала басшысы қайда жүр екен?! Біздің бұл үндеуімізге облыс басшылығы бей-жай қарамайтынына сенімдіміз.

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *