СҰҢҚАР СӘКЕН РУХЫ ӘСПЕТТЕЛДІ

Руханият Қоғам
992 Views

2019 жыл – үш арысымыз Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай елімізде республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар бастау алып, атқарылуүстінде. Соның бір дәлелі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қабырғасында 2019 жылдың 24 қазан күні филология факультетінің ұйымдастыруыменөткен «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция дер едік.

Жиынға еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, шетелдік тәжірибелі ғалымдар арнайы қонақ ретінде шақырылды. Алқалы басқосуды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов кіріспе сөзбен ашты. Шараға арнайы шақырылған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев «Сәкен Сейфуллин – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында баяндама жасап, конференцияға қатысушыларды бір серпілтіп тастады.

«Ұлы ақын-жазушыларын ұйымдастырудағы Сәкен дәстүрі» атты баяндамасында ҚР Жазушылар одағының төрағасы, әйгілі ақын Ұлықбек Есдәулет Сәкен Сейфуллиннің жазушылар арасында атқарған рөлі мен жасаған игі істері жөнінде сөз қозғады.

Ал,филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Сәкен Сейфуллин поэзиясы: дәстүр мен жаңашылдық» баяндамасымен Сәкен Сейфуллин поэзиясының маңызы мен Азиядағы жаңашылдықтары туралы тебірене сөйлеп, жиналғандарды ұйытып алды.

Халықаралық деңгейдегі шара болғандықтан, Қырғыз Республикасы ҰҒА Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Амантурұлы Акматалиев «Сәкен Сейфуллин және Қырғыз руханияты», Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, Ресей Ғылым және мәдениет орталығының директоры Константин Павлович Воробьев «Сәкен Сейфуллин и русская литература начало ХХ века», Корея Республикасының Данкук университетінің профессоры, РhD, шығыстанушы Ан Са Хун «Сәкен Сейфуллин Азия және Еуропа құндылықтары туралы» баяндамалары оқылып, Сәкен Сейфулиннің мұрасына шетел ғалымдарының қызығушылықтары қандай деңгейде екені баршаны тәнті етті.

Алқалы жиынды ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов «Сәкен және тұлғалар тағылымы» атты келелі баяндамасымен жалғастырып, өрелі ойларды өрбітті.

Сөз кезегін алған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Светлана Ананьева Сәкен шығармашылығына тәнті екенін ғылыми терең талдауларымен сабақтады. Ол «Сәкен Сейфуллин: тернистый путь первопроходца» баяндамасымен жұртты риза етті. «Сәкен және мемлекеттік тіл» атты баяндамасында Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры,ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі – Ерден Қазыбек өз ойларын ашық айтып, Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлігіне ерекше мән берді.

ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы, әлемге әйгілі қоғам және мәдениет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов ТҮРКСОЙ шығарған «Үш арыс: Сәкен, Ілияс, Бейімбет» кітабының таныстырылымын жасады. Оның лентасын елімізге әйгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері кесті. Ал өз сөзінде түркі әлемінің тұлғасы Дүйсен Құрабайұлы үш тұлға туралы салиқалы да мазмұнды әңгіме өрбітті.

Атаулы жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың айтқан маңызды пікірлерін ортаға салуды жөн көрдік:

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:

«Сәкен ағамыздың жан-жақты адам болғаны, Иманжүсіпті Қызылордаға алдырып, оны іздеп барып, әнін тыңдап, онымен түнімен сырласқаны әлі күнге дейін есте. Жалпы, Сәкен қазақтың бағына біткен тұлға дейтініміз – әдебиеттің, мәдениеттің қай саласына болсын үлкен еңбегін сіңіріп кеткен қайраткер. «Тар жол, тайғақ кешу» еңбегін айтатын болсақ, оның жанры қазіргі уақыттағы тілмен роман-эссе болып шығады. Нағыз эссе – осы «Тар жол, тайғақ кешу» деп есептейміз. Ол жөнінде біз Ғабеңнен асырып айта алмаймыз. Ол: «Роман-эссенің өзіндік бір ерекшелігі бар. Оны екінші бір адам қайта ешкім жазып шыға алмайды. Тарихи сәттерде сол сәтте мөр басып жазылған шығарма.» Сәкен, Ілияс, Бейімбет – қазақ еліне қызмет етті, оларды нағыз патриот ретінде бағалауымыз керек. Қазіргі таңда «қазақ» болып жүргеніміз осы Сәкеннің арқасы. Л.Н.Гумилев университеті – білімнің алтын діңгегі, Сәкен әруағын аспандатып жатқандықтарыңызға көп алғыс білдіргім келеді.»

Серік НЕГИМОВ, профессор:

«Мың сипатты, мың әуезді, мың құпиялы Сәкен поэзиясы – айрықша бір көркем әдебиет. 1928 жылы «Көркем әдебиетке қажет үш нәрсе» дейтін мақаласында әуезді, күйлі, көркем, әуелді сөздерді қолдана білсек, ол жағы оқырманның жүрегіне, көңіліне, ой-санасына ғаламат әсер етеді. Сөз құс. Сәкеннің сөзі – бірде жібектей, бірде сұңқардың дауысындай, бірде найзағайдың отындай, бірде аққудың сұңғылындай, қаздың қаңқылындай. Сәкеннің поэзиясы алуан-алуан дыбыстар шығарады, алуан-алуан құлпырған бояуларға боянады. 1919 жылы жазған «Бабаларыма» деген өлеңі бар:

«Қу заман басқа салды мұндай шақты,

Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.

Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел бол,

Деуші еді бабам Тоқа әруақты.

Ескене, Байбек, Жәнібек – бергі атам.

Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.

Мехнат, қиыншылық басқа түсті,

Жоқ еді, істерімде ешбір қатам».

Егер осы өлеңге жақсылап зер салатын болсақ, Сәкеннің сол кездің өзінде қаншалықты сауатты ақын екенін, мұсылман ретінде де діни сауаттылығын байқаймыз. Ол еш уақытта қателеспеген. Абайдан кейін қазақ поэзиясында өлеңнің буынына, шумағына, құрылым жүйелеріне жаңашылдықтар алып келді. Біздің әкеміз – Сәкен, шамшырағымыз – Сәкен. Ұйымдастырушылдығы, көсемсөзшілдігі, жаңашылдығы, түрікшілдігі, әңгімешілдігі, драмашылдығы, ұстаздығы бізге үлгі етеді. Сәкендей әкеміз мәңгі жасасын!»

Күләш АХМЕТОВА, сәкентанушы, филология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:

«Еуразия» атағын алып, Ұлттық университет болғанмен, университеттің әрбір аудиториясында, шаңырағында Сәкеннің рухы жүргенін сезінерсіздер деп ойлаймын. Ақмола қаласында ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының барлығының да ізі жатыр. Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің. Егер бүгінгі күні Сәкеннің тұлғалық, қайраткерлік қасиеттері жайлы конференция өтіп жататын болса, соны ұмытпай, қатарынан бөліп алып, атап өтер болсақ, онда Сәкеннің қазақ деген ұлтқа сіңірген еңбегі тек шығармашылығында ғана емес екенін дәлелдейді. Егер қазіргі күні егеменді еліміз әрбір тұлғасын, қайраткерін, орын-орынымен құрметтеп жататын болса, осының негізін туғызған да, қалаған да, бастаған да Сәкен Сейфуллин болатын.

1923 жылы астанамыз Орынбор қаласы болып тұрған кезде Ахмет Байтұрсыновтың 50-ге келген мерейтойына өзінің ортасы, бүгінгі күні Алаш арыстары деп бөлетін азаматтардан бұрын, Ахметке бүгінгі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Еңбекші қазақ» газетіне «Ақан елуге келді» деген тұңғыш мақаласын жазған да Сәкен Сейфуллин болатын. Ақанның елу жылдық мерейтойына конференциясын ұйымдастырған да Сәкен Сейфуллин болатын. Сондықтан бүгінгі қайраткерге көрсетіліп жататын той, құрмет, конференцияның барлығы негізінде Сәкеннің өзінің қолымен жасап кеткен бастамасы екенін, мәдениеттіліктің бір көрінісін көрсеткенін естен шығармайық. Қазақ әдебиеттануында абайтанудан кейін сәкентанудың зерттелуін екінші деңгейде көтеріп кеткен – Тұрсынбек Кәкішов.

Еуразия Ұлттық университеті жоғары оқу орындары арасында мәдениеті жетілген, ғылымы өскен, әлемге танылған, Батыс, Шығыс елдердегі атақты университеттермен терезесі тең тұра алатын университет екендігін есітіп, біліп, көріп жүрміз. Соның нақты дәлелі – бүгінгі Сәкен Сейфуллинге арналған конференцияның халықаралық дәрежеде өтуі.Сондықтан, Ерлан Бәттәшұлы Сізге, конференцияны ұйымдастырушы ұжымға Тұрсекеннің атынан, «сәкентанушы» отбасылардың атынан рақмет айтқым келеді. Ал, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері Сәкеннің сәнін ғана алмай, Сәкендей шыншыл, Сәкендей табанды, Сәкендей батыл болсын. Ал, оқытушылар Сәкен талап еткендей, Сәкен арман еткендей сауатты оқытушы, профессорлар құрамы мықты болсын!»

Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, профессор:

«Төлеген Айбергеновтың:

«Жүрегіме жақын сенің есімің.

Әке десем, анам десем несі мін.

Жарқыраған көк тасыңда көшеңнің,

Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің», – деген өлеңі бар.

Төлеген бұл өлеңді Алматыға арнаған. Бірақ дәл осы сөздерді Ақмолаға, Арқа жеріне де толық айтуға болады. Осы Ақмолада кешегі Астанада, бүгінгі Нұр-Сұлтанда, Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған және ол кеуіп кеткен із емес. Ол терең із, жарқын із. Осы жерде Сәкеннің келгені 14 жасында, одан кейін үш сыныптық училищеде оқығаны, одан кейін жаңағы айтып отырған 18 жылы «Тіршілік» газетін құрғаны, «Тіршілік» газеті – қазіргі «Арқа ажары» газетінің ізашары. «Арқа ажары» газеті өткен жылы 100 жылдығын атап өтті. Ал «Егемен Қазақстан» 100 жылдығын биыл атайды. «Егеменнің» басында тұрған тау тұлғалардың қатарында Сәкен ағамыз бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер.

Одан кейінгі Атаман Анненковтың азап вагоны, осы жақтан Петропавлдан 47 күн бойы қазақ көруі барлығы ерекше оқиғалар. Жаңа Ұлықбек айтып өткен біздің жақта деген әнде

«Сарыарқа жерің шалыс, қалдың алыс.

Жат жерде талай елмен болдық таныс», – дейді ғой. Сондағы Сәкен айтып отырған жат жер кәдімгі Сарыарқа бойында қамалы, сол кездегі ұғымда айтып отыр. Бүкіл қазақтың жері осы арқылы ерекше жырланған. Қазақ үшін Сәкеннің орны бөлек екенін осылай айтып жатудың өзі артық. Басқасын былай қойғанда, Сәкен батаға кірген адам ғой. Сәкеннің сәнін берсін деп бата береміз. Батаға кірген адам ол қасиетті адам. Ол символға айналған адам. Сәкен – сұлулықтың, серіліктің, тектіліктің, ерліктің символы.

Сондықтан да символды талқыға салып, соңында саясатқа салудың ешқандай жөні жоқ. Қайта құру кезеңінен кейінгі Тәуелсіздік біршама орнығып, ойымыз сабаға түскеннен дейін тарихымызда талай тұлғаларға көзқарасымыз төңкеріліп, өше бастағаны бар. Солардың бірі – социализм жаршысы, революция жаршысы Сәкен Сейфуллин болатын. Сәкен соңғы 30-35 жыл орайда қайта құру басталғалы бері уақыттың қатал сынына да түсіп шықты. Ұғымдар ауысып, құндылықтар қайта бағаланған кезден де аман-есен өтті, өзінің абыройлы атын сақтап қалды. Сәкен мұрасы қазір Тәуелсіздікке де қызмет етіп отыр. Жалпы қазірдің өзінде Сәкен қорғап өткен, Сәкен жырлап өткен социализмнің соншалықты сұмдық жүйе емес екені, соншалықты жаман қоғам емес екені дәлелденіп үлгерді. Сондықтан өтпелі кезең өткеннен кейін Сәкеннің сөзі басқаша бағалануы мүмкін. Өйткені дүниеде көптеген құндылықтар ауысып, көптеген мәселелер қайта қаралып жатыр.

Сәкеннің жаңашылдығы, өлеңдегі өресі туралы жаңа Ұлықбек те жақсы айтты, Серік ағамыз да жақсы айтты. Абайдан кейінгі тіл жанашырлығы жөнінен көп өзгеріс енгізген, көп эксперимент жасаған адам осы Сәкен. Сәкеннің әсерімен сол кездегі соңынан ерген ақындар Сәкен бастаған зиялылар көп. Осындай тұлғаларымызды мақтаныш етуіміз керек. Сөзімді өлеңмен бастадым, өлеңмен аяқтайын, Сырбай ағамыздың өлеңі:

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Ажалдың құшағына сия алмайтын.

Қазағым қандай десе, мынандай деп,

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».

Рақмет, баршаңызға!

Аманжол ӘЛТАЙ, филология ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры:

«Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның xаты өлмейді”, – деп дала ділмәрі Бұқар жырау айтқан. Жақсы адамның не болмаса, “Единица болмаса, не болады өңкей нөл” деп Абай xакім айтқандай, “толық адамның”, Аxмет Байтұрсынұлы айтып кеткен «білікті адамның», Шәкәрім айтып кеткен «арлы адамның» категориясына, тұлғалық сипасына толық болып жауап бере алатын Сәкен атамыз – кісіліктің алтын кілті. Тар заманда Мағжан Жұмабаев атамызды бауырына қысып, ұлт көсемі Аxмет Байтұрсынұлының мерейтойын өткізуі кісіліктің белгісі емес пе?! Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов «Мен осы жасыма келгенде Сәкеннің жазғандарынан қате тауып алуым мүмкін. Бірақ Сәкеннің адамгершілік болмысынан қателік іздеу күнә» деген болатын. Ендеше бүгінгі қазақ баласына, бүгінгі ұрпаққа кісіліктің үлкен алтын кілтіндей болатын Сәкен атамыз қашан да өнеге мектебі болады. Кешегі қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы Сәкен атамыз қазақ лирикасында үлкен канондар қалыптастырып, жаңашылдық әкелген новатор ақын. Сәкен – қазақ руxаниятының шырақшысы. 28 жасында биліктің ақ тізгінін қолына алып, «қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп не болмаса, «кеңсенің тілі қазақша болмай іс оңбайды» деп ұлтымыздың төл атауын қайтарып беруі, ана тіліміздің жанашыры, қорғаны болуы қайраткер екенінің нар тұлғасын көрсетеді. Біздің ата қазақтың төл ұғымында «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Осы ер жігіт болмысындағы сегіз қыры толық ашылған сан-салалы күрделі тұлға – Сәкен атамыз. Сондықтан, құрметті жас достар, Сәкен атамыздың 125 жылдық мерейтойына арнайы шығарған «Сәкен» кітабы оқырмандардың жүрегіне жол тартатыны белгілі. Тұсаукесері құтты болсын! Бүгінгі ғылыми конференциямен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер!»

Жиын соңында қатысқан ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне «Сәкен Сейфуллин – 125» мерекелік медалімен марапаттау рәсімі жүргізілді. Марапаттау рәсімін мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы мен комиссия мүшелері қадағалады. Конференция соңында филология ғылымының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбектің басшылығымен секция мәжілістері өткізіліп, отыздан астам баяндама тыңдалып, талқыланды.

Ақсұңқар АРЫСТАНБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *