ТАЛАП БИІГІНЕН КӨРІНЕМІЗ ДЕСЕК…

Заң Құқық
652 Views

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ СОТЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУДЬЯЛАР ОДАҒЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУДЬЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ VIII-СЪЕЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЗАҢГЕР БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВТЫҢ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

ТАЛАП БИІГІНЕН КӨРІНЕМІЗ ДЕСЕК…

(ҚР судьяларының VIII съезд материалынан)

Бүгінде кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін ең алдымен заңның үстемдігі қамтамасыз етіліп, оны қадағалап, жүзеге асыратын сот пен құқық қорғау органдарының қалтқысыз жұмыс істеуі қажет.

Осыны мықтап ескерген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, заң мен құқық қорғау ісіне қатысты алқалы жиындардың бәрінде бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, кемшіліктерді бүкпесіз ашып көрсетіп, алда атқарылатын істерді айқындап, бағыт-бағдарларды белгілеп беріп отырды.

«Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бүгінгі күні сот жүйесінің ең осал буыны судьяларды іріктеу болып отыр. Судьяларға қойылатын талаптар тиімді емес. Соның салдарынан судьялар корпусында сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатады. Судьялар жабық корпорация іспеттес қоғамдық сыннан алшақ болмауы тиіс. Қоғамдық сын сыбайлас жемқорлық кеселіне ем болып табылады», – деген еді. Сыбайлас жемқорлық туралы заң қабылданғанына 22 жыл өтсе де, біздің қоғамдағы осы бір жегі құрттай жеп келе жатқан, кеселден құтыла алмай келе жатырмыз. Оның себебі заңның үстемдігі мен қатаңдығын өз дәрежесінде қолданбай келе жатырмыз. Сыбайлас жемқорлықтан болған оқиғаны баспасөз, телевидение, радио арқылы халық құлағына жеткізгенмен, ол насихат дәрменсіз болып отыр. Жалпы қоғамды осындай дерттен айықтыруға мемлекеттік жүйе қауқарсыз болып отыр. Мұндай жағдайда пәрменді күрес жүргізетін тетіктерді іске қосқан дұрыс. Заңды барынша қатайту керек. Үгіт-насихат, моральдық уағыздаулардан бұл қылмыс тыйылатын болса, заң қабылдағаннан бері аз мерзім өткен жоқ. Елбасының сот саласына бұл тұрғыдан қойған талабы да шешімін тапты деп айта алмаймыз.

Біз бүгін судьялар қауымдастығының VIII съездін өткізе отырып, VII съезден кейінгі жеткен жетістігіміз бен кемшілігімізді, жіберген қателіктерімізді ашық айтып, көп болып талқылау – саламыздың салиқалы іс атқаруын жақсартуға өзіндік үлесін қосады. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Қажманұлы баяндамасынан және қауымдастық төрағасы м.а. Сәкен Абдолланың баяндамаларынан аңғарғанымыз, замана көшінен қалмай, сот жүйесінің де өзіндік ілгерілеу жұмыстары байқалады.

Атқарған, орындалған, жүргізіліп жатқан сот реформасының негізгі бағыттары Президент айқындап берген бағдарламаға сәйкес ілесіп келе жатыр деуге болады.

Ендігі біздің ашық айтып, пікір алмасатын тұсымыз жіберілген кемшіліктеріміз бен түзетуге болатын сот жүйесін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек.

Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар, ал біздің сот жүйесінде бір емес, жүздеген, тіпті одан да көп құмалақ бар, ал біз олардың судың бетіне шыққан балықтай бір-екеуін көріп қаламыз да, басқа жағымыз саудай сезінеміз. «Қолға түспеген ұры емес» демекші, шындығында қолға түспей жүрген «ұрылар» жетерлік.

Сыбайластық дегеніміз – тек пара алу-беру емес, оның сыры тереңде, ол туыстық, өзіне беріліп қызмет істеуіне қарай таңдау, протекционизм арқылы да сыбайластық орын алып тереңдей түседі. Пара да осындай байланыстар арқылы дамып қоғамда да, сот жүйесінде де кең етек алған.

Судьялардың пара алуын тоқтату үшін, оларға мемлекет тарапынан бұрын соңды болмаған қамқорлық жасалды. Айлықтарын жоғары дәрежеге көтерді, үйі жоқтарға, қызметтік үй сатып алып беріп, оны кейіннен өз жеке меншігіне сатып алу құқығын берді. Барлық соттарға жаңа ғимараттар салып беріп қызмет орнындағы жағдайларын жақсартты. Қызмет орындарын компьютерлендіріп жұмысты жеңілдетті. Салалық соттар құрылып іс қарауды оңтайландырды. Бұл күнде универсал судьялар жоқ, барлығы мамандандырылды, жеңілдіктер қарастырылуда, әліде қарастырыла бермек. Осындай жағдайда да судьялар арасында парақорлық жойылмай отыр. Не істеу керек? Халықта «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген сөз бар. Меніңше бұл бос сөз емес. Сол секілді судьялардың пара алуын тоқтату үшін, ондай жағдай орын алса, қылмыстық кодекске тек судьялардың пара алу қылмысына сай жаза алуы мақсатында арнайы бап енгізу керек. Бұл бап – өте қатаң болуы тиіс. Жазаны жеңілдік тәртіппен өтеуге яғни шартты (условно) немесе мезгілінен бұрын (досрочно) шығу деген болмауы керек. Жазаның ең төменгі мөлшері он жылдан кем болмағаны жөн. Жаза өтеп шыққан соң, мемлекеттік қызметке жолатпау қарастырылуы, ондай судьялардың балалары судьялық қызметке жіберілмеуі керек. Бәлкім, сонда болашақ ұрпағы үшін ойланар ма еді. Мұндай қатаң тәртіп орнаған жағдайда, судья ақша жерде жатса да, көтеріп алмайтын болар. Мұндай тәртіп әлемдік тәжірибеде кездеседі және ол оң нәтижесін берген.

Әлемдік тәжірибеге сүйендік деп, Жоғарғы сот кеңесін Жоғарғы сот ықпалынан ажыратып, кадр таңдау мен іс қарау бір жүйеде, бір бастықтың ықпалында болмасын деп, жоғарғы сот кеңесін мемлекеттік жүйе етіп, өз алдына құрып, отау тігіп, оңаша шығарып, кадрларды, яғни судьяларды таңдап орналастыруды тапсырдық. Бірақ бұл жүйе де шала туған баладай өмірге келді. Оның құрамына қызметі лауазымына сай биік мансапты тұлғалардың енгізілуінен, олардың кадр таңдауға үстірт қарауы байқалады. Олардың өз жұмыстарынан қолы да, бастары да бос емес. Өйткені, олар тікелей өз басы жауаптылықты алмайды. «Сот кеңесіне сенім білдіреміз», – дегеннен арыға бара алмайды. Өз жұмыстары бастарынан асып жатқандықтан тікелей көңіл бөлуге уақыттары жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, оларды бұл қоғамдық жұмыс атқарудан босату қажет. Жоғарғы сот кеңесінің құрылуын қайта қарап, олардың жұмыс тәсілін түбірінен өзгертіп, нақты іс-шараларды белгілеуді жөн деп есептейміз. Жоғарғы сот кеңесінің мүшелері өмірлік тәжірибесі мол, тазалық таразысында нық тұратын, материалдық құндылықтан, моральдық құндылықты жоғары қоятын, мемлекет мүддесін, өз мүддесінен биік санайтын, ар биігіндегі адал жандарды, осы салада қызмет жасаған, адам тану ілімін өмірдегі іс әрекетімен дәлелдеген азаматтарды Президент Жарлығымен тағайындаса, сонда бұл жүйе оң нәтиже береді деп үміттенуге болады.

Елімізде судья болғысы келетін талапкер көп те, сот жүйесінде судьялар жетіспей жатады. Себеп неде? Себеп Жоғарғы сот кеңесінен өту сүзгісі темірдей қатаң, оны тесіп өту үшін лайықты білім т.б. құрал керек, ондай құрал әркімнің қолында жоқ.

Қазақта «Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Сол айтқандай, судьяларды таңдап орналастыру жүйесінде көптеген келеңсіз әрекеттерге дейін баратын жағдайлар кездесіп жатады. Біздің бір байқағанымыз судьяларды таңдап орналастыруда пайдакүнемдік орын алып, тіпті қасақана жасалып жатыр ма деген ойға жетелейді. Бұл күнде судьялыққа үміткерлердің арасында «бермесең өтпейсің» деген ұғым қалыптасқан. Кадрларды таңдап әрі орналастыру деген алты ай, тіпті одан да көп уақытқа созылып, елдің ішінде тіпті талапкерлердің арасында, теріс пікірлердің тууына себепкер болып отыр. Бұл тәртіпті жою керек! Мұндай әрекет сот жүйесінде былық-шылықтың артуына, істердің мерзімінде қаралуына кері әсерін тигізіп, судьяларға түсетін жүктеменің артуына себепкер болып, арыз-шағымдардың көбеюіне негіз болады. Төменгі сатыдағы сот жүйесінде судьялардың жетіспеушілігі халық талабын қанағаттандыруға кері әсерін тигізіп, сотқа деген сенімге селкеу түсіреді.

Бұрын да айтылған, жоғарғы жақтан қолдау табатынына күдік болмаған еді, бірақ, қызығушы тараптар құлаққа ілмеді, мүдделік танытып, бағдарламаларға енгізілмей қалды. Сот әділдігін заң талабына сай жүргізу үшін заңда көрсетілгендей, судья іс қарауда, шешім шығаруда тек заңға бағынып тәуелсіз болуы керек. Бізде сырттан ықпал етуді айтпағанда, сот төрағаларының істі шешуге араласуы әлі тоқтамай келеді. Халық та сондай ұғымнан ажыраған жоқ. Оны судьялардың өздері де бекітеді. Сондықтан, мұндай лауазымдық тұлғаның ықпалын болдырмас үшін, төраға атауын – аға судья деп алмастырып, оны судьялар өз іштерінен белгілі уақытқа 2-3 жылға өздері сайлап, одан соң, кезектесіп сайлануы керек. Сонда ол өзі тектес судьяның іс қарауына, шешім қабылдауына ықпалы болмайды. Ол тек сот кеңсесіндегі тәртіп пен істердің уақтылы қаралуы сияқты ұйымдастыру жұмыстарымен ғана айналысуы қажет. Сонда жоғарғы сот кеңесін алты айлап, жылдап сот төрағасын таңдаудан босатып, жұмысы жеңілденеді. Бұл үшін тиісті заңға өзгеріс енгізсе болғаны.

Сол кезде Жоғарғы сот төрағасынан бастап, облыстық және олардың коллегия төрағаларының істің шешілуіне ықпал етуі тоқтатылып әділ шешім қабылдауға бет бұрыс болады. Қате шешімге судья тікелей жауапты болуы тиіс. Бүгінгі күнде төраға болуға және оны тағайындауға қызығушылықтың басты себебі, олардың сот жүйесіндегі әлі де ықпалы артып отырғанын көрсетеді. Болмаса аудандық соттарға төраға, коллегия төрағаларының тағайындау жоғарғы сот кеңесінде кемі алты айдан жылдарға созылмас еді. Бұл жерде сыбайластық сыр беріп тұр ма деп те қаламыз.

Жоғарғы сот жүйесіне реформа қажет! Сот жүйесіне реформалар жүргіземіз деп халыққа да, мемлекетке де тиімсіз өзгерістерді заңға енгізіп, өз жұмысымызды өзіміз қиындатқан секілдіміз. Кезінде сот тізгінін қолында ұстап отырған азаматтар экономикалық жағынан тиімсіз, халықтың қалтасын қағатын, көп шығынмен дауын-даулап астанаға аттай ағылатын жүйені заңға енгізіп, тиімсіз жүйе құрып, бұл күнде халықтың жүйкесін жұқартты. Ол қандай жүйе дейсіз ғой. Ол – сотта іс қарау сатыларына енгізілген өзгерістер болды, оның тиімсіз екенін сол кезде айттық та, жаздық та, бірақ құлаққа ілген жан жоқ. Атап көрсеткенде бес сатылы сот жүйесін үш сатылы етеміз деп, теріс түсінік берді. Шындығында бізде төрт сатылы жүйе бар еді. Олар: бірінші саты – аудандық соттың іс қаралуы, екінші саты –кассациялық соттың облыстық сотта қаралуы, үшінші саты – облыстық соттың қадағалау ретінде қаралуы, төртінші саты – аппеляциялық соты жоғары сотта қаралуы болатын. Бесінші саты деп жүргендері – Жоғарғы соттың пленарлық мәжілісінде істі қайта қарау болатын. Оған жеткен іс болған емес, болса да біреу жарым, сонда біз не ұттық, неден ұтылдық, сот сатыларының атын ауыстырдық та, облыс деңгейінде шешім табатын істерді Жоғарғы сотта қарайтын етіп, кассациялық саты құрып, облыстық соттың қадағалау сатысын жоя отырып, жергілікті жерде шешілетін істерді Астанаға алдырып, халыққа қолайсыздық туғыздық. Қарапайым халық арызын арқалап Астанаға келетін болды. Бұл ел тұрғындарының әл ауқатына зиян келтіретін жүйе болды. Ал республика бойынша бұл сатыдағы істерді Жоғарғы соттың қарауына жатқызғандықтан Жоғарғы сот судьяларының санын арттыру қажеттілігі туды. Қазір Жоғарғы соттың судьялар саны отыз екіден алпыс екіге артты. Бұл да аздық етіп жатыр дегенді естіп, құлағымыз шалып қалып жүргені таңсық емес. Олардың әрқайсысы бір миллионнан астам айлық алады. Бұл жағынан алғанда мемлекетке тиімсіз жүйе болып құрылды. Бір таңданатын нәрсе дәл осы кезеңде, қазірде, мемлекеттік билік жүйесін (децентрализация) орталықтандырмай, мәселені облыс деңгейінде шешімін табатын етіп құру жүріп жатқанда, сотта іс қарауды керісінше орталыққа жинақтау орын алды. Бұл шешім Елбасы нұсқаған бағытқа қайшы келді, әрі ел үшін де, мемлекет үшін де тиімсіз болды. Бір таңданатын нәрсе, әлемге аты шулы Американың Жоғарғы соты тоғыз судьядан құралса, біздің Жоғарғы сот 62 судьядан құралып айды аспанға бір-ақ шығарды. Халық санымен салыстырсақ, Америка халқы біздің 18 миллион халықтан 18 есе артық емес пе. Сондықтан, заңдарымызға енгізілген тиімсіз өзгерістерді қалпына келтіріп, жоғарғы сотты реформалау арқылы облыстық сот деңгейінде қаралатын сатыны қалпына келтіріп, қадағалаушы алқа құрып, жоғарғы сот судьялар санын қысқартып, одан босаған штатты облыс деңгейіне жіберсе тиімді болады, олардың айлықтары да бастапқы қалпындай миллион теңгені құрамайды. Бұл жағынан да мемлекетке тиімді.

Сот сатыларын төменгі сатыдан Жоғарғы сотқа өткізіп, Жоғарғы сотта келеңсіз жағдайлар кездескен соң, оны Жоғарғы соттан облыстық сот деңгейіне қайта қайтару бұрын да орын алған. Бұрынғы Жоғарғы сот төрағаларының орын алмасуында, бұл үрдіс тағы да қайталанды. Айналып келгенде тиімсіз жүйеге тірелдік деп айта аламыз. Бұл жерде жеке-дара тұлғаның қызығушылығы жоғары тұрғаны аңғарылады. Бірақ, мұндай әрекеттер бүркемеленіп, заң шеңберінде орындалып жатқандай сезіледі.

Сот жүйесіндегі судьялардың тәуелсіздігін айта отырып, жалпы сот жүйесінің өзі атқарушы жүйеге тәуелді екенін айтуымыз керек. Сот жүйесіне бөлінетін қаражатты үкімет өзі белгілейді, парламент оны бекітеді. Осының өзі тәуелділікке итермелейді. Сондықтан, үкіметке алақан жайып ақша сұраудан арылу үшін, конституциялық заңымызға өзгеріс енгізу керек. Сонда сот жүйесіне бөлінетін бюджеттік қаражат, ұлттық табысымыздың кірісінің белгілі пайызын бөлу арқылы анықталады.

Бұл күнде судьялардың айлығының мөлшерін бекітуде де, тепе-теңдік жүйелілік жетіспейді. Сондықтан судьялардың статусы бірдей болғандықтан қала, дала, экономикалық немесе басқалай соттардың судьясы деп бөлмей, теңдік дәрежеде айлық мөлшері белгіленуі тиіс. Іс қараудағы жүктеме мөлшері ескерілуі қажет болса, окладтық айлыққа араластырмай, үстеме төленуімен шешу керек.

Тағы бір мән беретін жағдай арнайы құрылған сот академиясын бітіргендердің судьялық конкурстан өтпей қалуы бізді ойландырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, бітірушілердің 20 пайызы ғана, судьялық конкурстан өтеді екен. Жалпы судьялар корпусы арнайы құрылған академия түлектерімен толықтырылса, аз жылда сапалы құрамды қалыптастыруға мүмкіндік бар. Академия бітірушілерге қойылатын талапты күшейте отырып, олардың мемлекеттік комиссияға емтихан тапсыруынан кейін, конкурсқа қатыстырмай судьялыққа тағайындауға басымдық берілсе, мемлекеттік жүйенің даярлаған кадрларымен сот жүйесін толықтырып отыруға мүмкіндік туады.

Тіл туралы бірер сөз. Кеңестер одағының құрамында 70 жылдан астам болып, сауатсыздықты жоя отырып, орыс тілді елге айналдық. Бұрынғы астанамыз Алматыда бір ғана қазақ мектебінің болуы осыны көрсеткен еді. Шүкіршілік етеміз, тәуелсіздік алғаннан кейін, өз ана тілімізге өте бастады. Бірақ, бұл үрдіс өте баяу жүріп жатыр. Егемендікке отыз жыл толып келе жатса да, өз тілімізге үстемдік, басымдылық бере алмай келе жатырмыз. Басты себеп, ұлттық рухымызды қорғауға құлықсызбыз, өзге тілде сайрап сөйлесеміз, өз тілімізді өгейсітеміз, өзгелер біздің осы қасиетімізді өз мүддесіне қарай бұрады, тілді меңгеру деген, биік қабілеттілікті талап етеді. Үйренемін дегенге, өз тіліңді меңгеру аса қиындыққа түспейді. Тіл туралы мемлекеттік саясатты іс жүзіне асырудан судьялар шет қалмауы тиіс, республика судьялар корпусының басым бөлігі жергілікті халықтың ұл-қыздары, солай бола тұрса да, істердің мемлекеттік тілде қаралу деңгейі төмен. Бұл жерде ұлттық намыс пен жігерлік жетіспей жатқаны байқалады. Бұл мәселе Ақмола облысында біршама дұрыс жолға қойылып іс жүргізілуде. Талап болса, алынбайтын тіл қамалы жоқ. Барлық мәселені кадр шешеді дегендей, кадр таңдауда тіл мәселесі бірінші талапқа айналса, бұл мемлекеттік дәрежедегі саясаттың дұрыс шешілгені болар еді.

Конституция талабы бойынша мемлекеттік тілді білмеген кандидат Президенттікке жіберілмейді, сол үшін кандидаттан тіл туралы емтихан алынады. Осы талапты судьялыққа емтихан тапсыруда бірінші кезекке шығарса, онда біздің сот жүйеміз мемлекеттік тілде сөйлейтін де, жазатын да болар еді.

Судьялар қауымдастығының әр бір өткен құрылтайында келелі мәселелер көтеріліп, мемлекеттік дамудың басты кепілі болатын сот жүйесінің биік дәрежесін жоғары көтеріп, әділдіктің ақ туын биік ұстап, ұлы бабалар салған сара жолмен сот әділдігін жүргізуде талап деңгейінде болайық. Судьялар қауымдастығында дәстүрге айналған жақсы үрдістер жалғасын таба берсін!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баяндамасынан туындайтын міндеттерді жүрекпен түсініп, ақылдың таразысына салып көрсек, сот жүйесінің тазалығы, халық сеніміне ие болуы қолы, ары, жүрегі таза, ойлау түйсігі мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін жан дүниесімен түсінетін қызметкерлермен толықтырылса, оған жауапты тұлғалармен жоғарғы сот кеңесінің іс-әрекеті шыныдай таза, айнадай айқын болса деген міндеттерді жүктейтінін түсіндік. Осы бағытта жұмысымызды жандандырайық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *