ТАЛҚЫЛАП ҚАНА ҚОЙМАСТАН, БЕЛСЕНЕ НАСИХАТТАУДАМЫЗ

Ел және Елбасы
825 Views

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау, насихаттау мақсатында арнайы жиын өткізді.

Оны ашқан Шымкент қаласы ОККЖ-нің директоры Гүлсім Шатырбекова Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелгі қазақ жеріндегі металл кендеріне, ата-бабаларымыздың аңшылық-саятшылық дәстүрлеріне, әлем назарын аударған Алтын адамға, киелі Алтай даласындағы орта ғасырлық қалаларға, Ұлы Жібек жолының тарихымыздағы алатын орнына ерекше тоқталған. Елбасының мақаласы – руханият әлеміндегі жаңалықтарға бастайтын бағалы дүние. Оны ілгері бастыруға құлшыныс таныту барлығымызға міндет болуы керектігін айтты.

Әдістеме бөлімінің жетекші әдіскері Гүлжан Садық:

– Елбасы Қазақстан аумағындағы тарихи сананы жаңғыртудағы нақты қадамдарды көрсетіп берді. Ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі екеніне тоқталып өтті. Мақалада айтылғандай, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған, Ұлы Даланы мекендеген Қазақ Елі салт-дәстүрін, дінін бекем ұстанып, Ана тілін қастерлеп, болашаққа нық қадам басуда. Қазақ халқы – рухы биік, қонақжай халық. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызбен Азия барысына айналарымыз сөзсіз, – деді.

Абай атындағы орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айшагүл Алиева:

– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында озық дәстүрлерді жаңғыртудың маңыздылығын айтудағы идеясының жалғасы. Қазіргі жаһандану, өркениеттік даму заманында электрондық жүйелер қандай рөл атқарса, Қазақ Елі үшін ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тарихты жаңғыртудың маңызы зор екені белгілі. Тарихты білуге, дәріптеуге деген қажеттілік – қазіргі күннің басты тақырыбы.

Елбасы ат үстінде жүрген көшпенділердің атқа міну мәдениетін Ұлы Дала елінен тарағанын, атты әскердің пайда болуында көшпенділердің рөлін орынды жеткізген. Қазақ халқы ежелден көшпенді тұрмыста өмір сүрді. Табиғатпен біртұтас байланысқан қазақ дүниетанымының қалыптасуында жылқыны – жеті қазынаның бірі санап, оны киелі деп есептеп, жыл қайыруда жетінші орын берген. Мал өсіруге аса қолайлы Қазақстан жерін малсыз көзге елестету әсте мүмкін емес.

Мемлекет басшысы металлургия мәселесін тереңнен қозғады. Ата-бабаларымыз жаңа, берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты деп атап өтті.Бұдан түйетін ой – біздің ата кәсібіміз тек мал бағу ғана емес. Қазақ халқы ежелден-ақ металл балқыту, кен байыту ісін меңгеріп, әлемдік өркениетке де үлес қосқан.

Президент Ұлы Дала дүниетанымындағы болмысын ашатын маңызды құндылық ретінде аң стилін айта кетіп, оның әлемдік өнердегі биік белестердің бірі ретінде көрсетті. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін қар барысы екені кездейсоқтық емес. Бұл ретте аң стилі ата-бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсететінін баса айтып өтті.

Алтай өңірін күллі Түркі әлемінің бесігі деп бағалады. Түркі мәдениеті қала мәдениетінің дамуында, көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналды. Қазақстанның саяси және мәдени өмірінде түркі дүниетанымының маңызы зор. Қазақ халқы ата-тегін «түбіміз түрік» деп түркілермен байланыстырады.

Мерзімді басылымдар залының кітапханашысы Нәзира Сейітжанова:

– Ұлт көшбасшысы ұлттық тәуелсіздік идеологиясы жолында рухани жаңғыруымыздың бір тармағы ретінде тарихымызды тануды тағы бір мәрте айтып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты даму жолын белгілеген өзінің стратегиялық бағдарламалары мен Жолдауларында халқымыздың рухани жаңару процесінің егемендікпен келген рухани бостандық, ұлттық дүниетаным мен тарихтағы дербес танымдардың қалыптасуы нәтижесінде болғанын атайды.

Осы орайда тарихтан тамыр үзбеу үшін оны қазіргі заманауи қажеттіліктермен үндестіре санаға сіңірудің жолдарын айқындап отыр. Жүйелі жобаның түп қазығында – ұлттың тарихына ұрпақтың қанығуы сияқты ізгі ой бар. Біз осынау жаңғыру арқылы жоғалтқанымызды тауып, барымызды түгендей аламыз. Ұрпаққа қандай мұра қалдыратынымызды електен өткіземіз. Мақаланың құндылығы да осында болса керек.

Қорыта айтқанда, Шымкент қалалық ОККЖ қызметкерлері Елбасы мақаласымен танысып қана қоймастан, оны оқырмандар арасында кеңінен насихаттауға да белсене кірісіп отыр. Бұл жұмыс аталмыш жүйеге қарасты кітапханалар бөлімшелерінде де қызу қолға алынуда.

Раушан СҰЛТАНБЕК,

Шымкент қаласы ОККЖ әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *