ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТАРАЗ

Тарих
1 955 Views

Отан – атамекен, туған жер! Өйткені, онда бәріміз өмір сүреміз. Отанды Анаға теңейді, әрине ол бізді асырап сақтайды, қорғайды. Отан – алтын бесік. Отанымыздың арқасында қияға қанат қағып, қиядағы арманымызды жүзеге асырамыз. Өнерді, жақсы өмірді де Отанымыздың аясынан табамыз.Халқымыздың аталы мақал сөздерінің бірінде «Ынтымақты елге ешкім жетпес, Ынтымақ кетсе, өкініші бітпес» дейді. Қазақ халқы ынтымақ пен бірлікті жоғары орынға қояды. Ақын Күләш Ахметова туған елін, атамекенін өз өлеңінде «Жан далам – жәннат далам» деп жырға қосады.

Жан дала, Қазақстаным!

Керемет гүл өріледі өлеңімнен.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,

Жасампаз далам, сан асуды аласың, –

деп жырлайды. Отанымыз талай асуды алып, жаңарып, жасарып дамып келеді. Соның бір дәлелі қасиетті жерлерімізді таныту мақсатында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Туған елге саяхат» эскурсиясына қатыстық. Біздің экспедиция өз саяхатын Тараз қаласына арнады.

Тараз. Тарихи Тараз. Қайран, Тараз! Не көрмеген бұл Тараз! Қарағай басын шортан шалған талай-талай заманды көрген екен бұл Тараз! Уа, Тараз! Сен кімге астана, кімге бас қала болмадың ?!

Уа, бүгінгі Тараз! Сендегі әулие бабамыздың кесенесі бұрын арамтамақ дүмше діндарлардың, өтірік қожалардың оңай олжа табу ошағы, аңқау елден алдап-сулап алудың болғанын да байқаймыз. Сол әулие атамыздың күмбезі – бұл күнде «Өлкетану» музейі, облысымыздың өркендеу жолын көрсететін ғылыми мекеме, жастарға, мына бізге білім, тәрбие беретін ағарту орны.

Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Таразда керемет киелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбезін күнге сүйгізіп, аймақтың атын шығарып, асқақтап тұр. Өңірге туристер тартудың кілті де осы әулиелі жерлерге байланысты. Аймақтың алтын кілті іспеттес Айша бибі кесенесіне келіп, тәу етушілер көп. ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші халықаралық ЮНЕСКО ұйымының көмегімен қайта жаңғыртылған. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілген. Көнеден жеткен кесененің бұрынғы қалпын бұзбай бүгінгі күнге сәйкес үйлестіруде асқан шеберлікті көрсете білген. Ақыры сеніп тапсырылған ауқымды жұмыстың атқарылуының арқасында халық игілігіне ұсынылған Айша бибі мен Қарахан батыр арасындағы шексіз махаббат бізге аңыз болып жетті. Бұл кесененің суретін сан рет көрсем де өз көзіммен барып көру арманым еді. Қос ғашықтың кесенесін көріп, тамашалау мен үшін ерекше бақыт болды. Айша мен Қарахан арасындағы сезім біз сияқты жастарға үлгі болары анық.

Сонымен қатар Айшаның күтушісі Бабаджа хатунға арнап соғылған кесене де бар екен. Кесененің композициясы мен құрылымы өте қарапайым, артық-ауыс безендірулері жоқ. Ою-өрнектері үйлесім тапқан бұл кесене ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Ең ғажабы, кесенені соққан шебердің есімі сақталмаған екен.

Туған жерім Меркі өңірі. Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі жері табиғатымен, асқар тауымен, Аспара өзенімен ерекшеленіп тұрады. Өзіндік тарихы бар туған өлкемнен 16 батыр шығып, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған. Сыпатай, Жауғаш, Тілеміс, Қарпық батырлардың ерлігі ересен.

Батырға деген құрмет пен тағзым ешуақытта ортаймайды. Оның дәлелі Сыпатай батыр кесенесіне барып дұға оқып, бата жасау бір сәтке де тоқтаған емес. Елі үшін ерлік жасаған батыр рухына әрқашан да бас иеді.

Өз Отанымды, туған жерімді шексіз сүйемін. «Елдің даңқын ер шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген даналар сөзі бекер айтылмаса керек. Туған жеріміз мақтан тұтар перзенттерімен мерейлі, ал оның ұрпақтары таусылмас қазынасы – туған жерімен айбынды.

Жайқалған жасыл құрағы,

Ырыстың сенсің бұлағы.

Басына қыдыр дарыған,

Бабамның болған тұрағы, – деп ақын Шырын Мамасерікова апамыз жырлағандай, қасиетті мекенім Қазақ елінің қыраны мәңгілік биікте самғай берсе екен деймін!

Диана ЖЕКСЕМБИЕВА,

№ 6 жалпы орта білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *