ТҮРКИЯНЫҢ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Саясат Қоғам
573 Views

Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Түркияның Алматы қаласындағы бас консулы Али РызаАкынджы және қала әкімі Мұрат Әйтенов құрметті консулдықтың ғимаратын аралап,алдағы жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бұл шараға «Ахыска» түрік этномәдениорталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, құрметті консул Латипша Асанов,«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент филиалының өкілдері мен түркиялықбизнесмендер де қатысты.

Кездесу кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов пен түркиялық делегация мүшелері консулдықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысы жайлы мағлұмат алды. Жаңадан ашылғалы отырған консулдықтың мақсаты – екі ел туризмінің дамуына ықпал ету, кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беру, болашақ инвесторларды қаладағы индустриалды аймақтардың мүмкіндіктерімен таныстыру және оларға өнеркәсіп салаларына қатысты толыққанды ақпарат беру. Орталықта өткен кездесуде тараптар екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

–Миллионнан астам халқы бар Шымкенттің дамуында шетелдік инвесторларды тарту айрықша маңызға ие. Осы орайда түркиялық кәсіпкерлер қаламызда құрылыс, медицина, тоқыма өнеркәсібі сияқты салаларда инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыруда. Біз осы байланыстарды одан әрі нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Өз кезегінде Уфук Экиджи халқы тығыз орналасқан, аумағы кең, климаты жайлы Шымкент бизнес-жобаларды жүзеге асыруға таптырмас қала екенін айтты.

– Қазақстан мен Түркия – ортақ тарихы мен мәдениеті бар мемлекеттер. Қазақстан қоғамдық келісім мен ынтымақ-бірлікті сақтай білді. Бұған барлық азаматтар мен этностардың теңдігін қамтамасыз ету арқылы қол жеткізді. Екі ел арасында ерекше достық, бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің Шымкент шаhарына келуіміздің негізгі себебі – екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту, – деді Уфук Экиджи.

Кездесудің соңында қала әкімі шымкенттіктер жыл сайын Наурызды алғашқы болып қарсы алатынын айтып, мәртебелі меймандарды келер жылы Ұлыстың Ұлы күнін Шымқалада қарсы алуға шақырды.

ДЕНДРОСАЯБАҚҚА 130 МЫҢҒА ЖУЫҚ ДЕМАЛУШЫ КЕЛГЕН

Шымкент қаласындағы көрікті демалыс аймақтарының бірі – А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ. Саябақ 5 тамыздан бастап тұрғындарға қайта есігін ашты. Карантин режимін сақтай отырып таңғы 9:00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасауда. Мұнда биыл 128 170 демалушы келген.

Дендросаябақ – жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Салық кодексіне сәйкес мұндай аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшері 0,01 АЕК болып белгіленген. Соған сәйкес саябаққа кіру құны – 27.78 теңге. Бұл мемлекет меншігіндегі өзге орталықтармен салыстырғанда ең арзан баға. Келушілерден түскен қаржы қала бюджетіне құйылады.

Айта кету керек, саябақ аумағына таңғы уақытта кіретін мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққан азаматтар мен ардагерлер үшін арнайы 1 айлық абоненттік карта қарастырылған. Сондай-ақ саябаққа өзіңіздің жеке скейтборд немесе велосипедіңізбен келіп серуендеуіңізге болады. Саябақта күнделікті суару, тазалық, бауды күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп тұрады.

ЖАСЫЛ АЙМАҚ 13 МЫҢ ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ

Шымкент жыл санап жасыл желекті қалаға айналып келеді. Мегаполисте жасыл аймақтың аумағы алдағы бес жылда 13 000 гектарға ұлғаяды. «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2020-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарын әзірлеген. Жоспарға сәйкес, 2021 жылы жаңадан 500 гектар жерге 620 000 түп ағаш көшеті отырғызылады. Биыл 800 мыңға жуық ағаш егу жоспарланған болса, көктемде соның 72 мың түбі отырғызылған. Ал, күзде 700 мыңнан астам көшет сенбіліктер аясында егіледі. Сонымен қатар биыл 8 айда 201,1 мың шаршы метр аумаққа жаздық гүлдер мен 18,5 мың шаршы метр жерге газон және 159 700 түп лигуструм егілген.

Жасыл аймаққа егілетін ағаш көшеттерін әзірлеу мақсатында қалада 8 гектарлық тұқымбақ ұйымдастырылды. Қазіргі таңда тұқымбақтың 1 гектар жері толық суғарылып, 300 келі емен тұқымы және 100 дана бұта тәріздес легустра ағашының қаламшалары отырғызылуда. Жалпы, тұқымбаққа алдағы уақытта әр түрлі ағаштардың 3 195 тонна тұқымын себу, бұта және ағаш көшеттерінің 65 000 дана қаламшаларын егу жоспарлануда.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ 15 ҚАЗАННАН БАСТАП ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

– Қалада қоғамдық көліктерде электрондық төлем жүйесін енгізу 15 қазанда іске қосылады. Ал бұл жүйеге 1 қарашада толық көшеді. Жолаушылар ол уақытқа дейін қолма-қол және төлем карталарын қолдану арқылы төлейді. Жоба «QazSmartTrans» компаниясы инвестициясының арқасында жүзеге асып отыр. Яғни, жобаға мемлекет қаржысы жұмсалып жатқан жоқ. Электрондық билеттендіру жүйесі бәріне де тиімді. Мәселен, қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау барысында көмегі көп, – деді М.Исахов.

Баспасөз мәжілісінде белгілі болғандай, бұл жүйені енгізудегі негізгі мақсат – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, цифрлық шешімдері мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту мен жолаушыларға қолайлы жағдайларды жасау және қалалық бюджетке түсімдерді арттыру.

Мақсұт Пернебайұлының сөзінше, бұл жүйенің мүмкіндіктері мол. Атап айтқанда, икемді тарифтік саясат арқылы қоғамдық көліктің тартымдылығын арттырып, жолаушылар ағынының таралуы бойынша нақты статистикалық есебін береді. Одан бөлек, маршруттық желісін тиімді пайдалану және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялау барысында пайдасы орасан.

Ширатып жеткізсек, қоғамдық көлікте жол жүру төлемақысын төлеу үшін көлік карталарының 4 түрі қарастырылған. Олар – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушылары мен студенттерге арналған және жеңілдік картасы. Құны – 500 теңге. «QazSmartTrans» ЖШС тарапынан 14 мың көлік карта Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне («ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар) «батыр ана», «алтын алқа», «күміс алқа» төс белгілерімен марапатталған және І топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.

Сондай-ақ, төлемақы төлеудің бір ерекшелігі – жолаушылар көлік картасынан бөлек, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып төлей алады. Бұл орайда смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымша әзірленгенін айта кеткен жөн. Ал қала тұрғындарына тиісті мәліметті беру үшін CALL-орталығы (8 775 811 2222) ашылған.

Айта кетейік, бүгінде жүйені енгізу үшін көлік компанияларымен шарт жасалып, автобустарға валидаторларды орнату жұмыстары жүргізілуде.

ҚАЛАНЫҢ ГЕОПОРТАЛЫ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов өзінің инстаграмдағы парақшасында жариялады. Шымкент қаласының геопорталы – қалада орналасқан әрбір нысан туралы толық ақпарат жинақталатын арнайы сайт болады дейді.

Аталған порталды кезең кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 1 кезең іске қосылады деп күтілуде. Онда жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы енгізіліп, толығымен автоматтандырылады. Яғни қаланың Бас жоспары, жерге қатысты ақпараттар, мекенжай анықтамасы қосылады.

Жалпы портал – қала аумағындағы нысандар мен процестер туралы шынайы және өзекті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Жоба аясында сәулет және жер қатынастары саласында кәсіпкерлік бағытындағы процестерді автоматтандыру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату және мерзімін қысқарту жоспарлануда.

Атап айтқанда, сәулет-жоспарлау тапсырмасын және инженерлік коммуникацияларға қосылуға арналған техникалық шарттарды алу, оларды келісу және құжаттарды беру секілді процестерін геоақпараттық сервис арқылы автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Сервис арқылы кез келген қала тұрғыны (инвесторлар, кәсіпкерлер және т. б.) жер учаскесі туралы, оның кадастрлық құны, кепілдік жарнасы, жер учаскесінің орналасқан жері және өзге де ақпаратты көре алатындай етіп әзірленеді.

Сондай-ақ, нысанның орналасуы және сол аумақтың даму бағытын көру арқылы кәсіпкерлер өз кәсібін қандай көлемде жүргізу керектігін бағамдай алуына мүмкіндік бар. Одан өзге, кәсіпкер немесе инвестордың техникалық шарттарды дайындау және келісу кезеңдерінде өз өтінішін бақылай алады.

Кәсіпкерлерді қолдауды оңтайландыру мақсатында газбен жабдықтау, электр және сумен жабдықтау, жылу жүйесіне қосу, байланыс және телекоммуникация желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алу процестері және оларды келісу, сервис арқылы «техникалық шарттар» құжатын беру толығымен автоматтандырылады дейді порталды дайындаушы мамандар.

Аталған жоба ашықтық негізінде жасалады. Техникалық шарттарды алудың мерзімдерін қысқартады, ведомствоаралық келісу процесін жеңілдетеді.

ШЫМКЕНТТІКТЕР ОНЛАЙН АРҚЫЛЫ ЖИІ ТІРКЕЛЕ БАСТАДЫ

Жыл басынан бері Шымкент қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы үш мыңға жуық азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелген. 2020 жылы egov.kz порталындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жер бойынша тіркеу» қызметіне сұраныс екі есеге жуық өскені байқалады.

Пандемия электронды қызметтердің дамуына үлкен серпін берді. Егер бұрын үлкені де, кішісі де қарапайым анықтамалар үшін халыққа қызмет көрсету орталығына баруды жөн көретін болса, карантин жағдайында денсаулықтарына алаңдаған азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн түрде ала бастады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласындағы баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның айтуынша, ол қызметті пайдалану үшін,тұрғын үй иесі мен онда тіркелу ниетін білдірген азаматта электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе смс-пароль көмегімен (мобильді азаматтар базасында тіркеудің болуы міндетті) порталда авторизациядан өтуі қажет.

– Өтініш беруші – жылжымайтын мүлік иесі болса, өтінімді толтырып, содан кейін ЭЦҚ-мен немесе SMS-пароль арқылы қол қоюы жеткілікті. Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда, өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ын, жылжымайтын мүліктің мекенжайын, уақытша тіркелудің мерзімін көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін сұрау салуды жіберуі қажет. Тіркелуші азамат өтініш жасап, мүлік иесі оны растауы қажет – деді Алтынай Татаева.

Мемлекеттік қызметті Egov.kz электронды үкімет порталында «Тұрғындарды тіркеу қызметін «Азаматтық, миграция және иммиграция» – «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен шығару» бөлімінен табуға болады. Осыдан кейін, өтінім ҚР ІІМ жүйесіне түседі, оның өңделуіне 10 минуттан аса уақыт кетеді. Өңделіп болған соң, порталда «Мекенжайдың тіркелуі сәтті түрде өтті» деген мәртебе көрсетіледі. Тіркелу туралы ақпарат азаматтың Жеке кабинетінде көрсетіледі.

ҚОСЫМША 3 МЫҢНАН АСА АДАМҒА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ БЕРІЛЕДІ

Биыл Шымкент қаласында өз кәсібін бастаушыларға «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 491 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 1 420 адамға грант берілген. Оның 901-і аз қамтылған отбасылардың мүшелері. Ал, 90-ы көпбалалы аналар. Тағы 306 адам аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері. 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік грант саны көбейді. Қосымша 3 423 адамға мемлекеттік грант үйлестіруге қаржы қарастырылған.

Аталған 3 423 орынға аз уақыт ішінде 7 мыңға жуық қала тұрғыны құжат өткізді. Олардың құжаттары комиссияның қарауына ұсынылған. Мәселен, биыл 1-2 қыркүйек күндері өткен комиссия отырысында 1 022 адамның өтініші бойынша оң шешім қабылданып, оларға мемлекеттік грант тағайындалды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 500 үміткерге грант қаржысы аударылып үлгерген.

Айта кетейік, «Бастау бизнес» жобасы – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Жоба аясында өз бизнесін бастағысы келетін азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылады. Пандемияға байланысты биыл оқу онлайн режимде өтуде. Оқу мерзімі – 21 күн. Қатысушы оқуын тәмамдаған соң арнайы тест тапсырады. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, оған оқуды бітіргені туралы сертификат беріледі.

Сол сертификатты алған адамның грантқа үміткер атануға құқығы бар. Грант қайтарымсыз беріледі. Бірақ мониторингтік топ грант қаржысының мақсатты жұмсалуын тексеріп отырады. Яғни, бұл өз кәсібін бастаушы азаматтарға берілген бірегей мүмкіндік. Осы орайда биылдан бастап аз қамтылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар «Бастау бизнес» жобасының сертификатынсыз да грантқа тікелей үміткер бола алатынын айта кеткен жөн.

Бетті дайындаған Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *