ТҮРКІСТАН МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ТІРЛІГІ ТОЛҒАНДЫРЫП ТҰР

Денсаулық Қоғам
713 Views

Дана халқымыз дәл тауып айтқандай, «Әуелгі байлық – денсаулық» екені даусыз. Осы орайда жаңадан құрылған Түркістан облысындағы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы тым төмен екені жасырын емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты аудан-қалалардағы бөлім басшылары мен ауруханалардың бас дәрігерлерінің барлығының білім, біліктілігі тым жоғары деп те айта алмаймыз. Олардың кейбірінде басшылар құтаймай келеді. Мәселен, қайтадан құрылған Келес ауданының Абай ауылындағы орталық аурухана бас дәрігерінің орынтағы көптен бері бос тұр. Облыстық салалық басқарма басшысы Шымкентте жүргенде жүзеге асырған кадрлық сапырылыстарын Түркістанда да жалғастыра түсуде. Мемлекеттік сатып алу шаралары, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар да көңіл көншітпей отыр. Бұған бөлінген қомақты қаржыны игеруде шикіліктер бары байқалуда. Тіпті, бағасы қымбат медициналық құрылғылар мен жабдықтарға ақша аударылғанына қарамастан, оны ала алмай отырған аудандар да бар көрінеді. Мұның бәрі сайып келгенде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасының төмендеуіне әкеліп соқтыратыны ақиқат.

Басы ауырып, балтыры сыздап келген сырқаттарға диагноздың (нақтама) дұрыс қойылмауы салдарынан науқастар көп зардап шегуде. Жекеменшік медициналық мекемелердің жұмысы сын көтермейді. Олардағы қойылған баға мен сырқат жандарға көрсетілетін қызметтің сапасы бір-біріне сай келмейді. Медициналық сақтандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілмеу салдарынан ауруханалар мен емханаларда кезек күтіп қалу оқиғалары тыйылар емес.

Жаңа жылдың басында облыстық клиникалық ауруханаға түскен денесінің екі жерінен пышақталған әйел әрең жазылып шыққан. Бейресми деректерге қарағанда ол осы саладағы лауазымды қызметкердің зайыбы көрінеді. Өкінішке орай, соңғы кездері баспасөз беттерінде, телевизия хабарларында (КТК), ақпараттық порталдар (Ernur.kz, Bag.kz, тағы басқалар) мен әлеуметтік желілерде жиі-жиі сынға алынғанына қарамастан, облыстық денсаулық басқармасының басшысы өз жұмысымды жүйеге келтірейін деп ойланып та жүрмеген сыңайлы.

Бізде көрсетілетін ақылы медициналық қызмет бағасының тым қымбаттығына байланысты ауруға шалдыққан азаматтар көршілес Өзбекстанға барып емделуге мәжбүр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен науқастарға тегін таратылатын дәрі-дәрмектер мен сан түрлі препараттардың тапшы екені де ойлантады. Оны айтасыз, қант диабетімен сырқаттанатын жандарға арналған қазақша таңбаланған инсулин препараты Өзбекстанға заңсыз саудаланып отырғаны жайында жайсыз хабар тарауда. Бұл дәрі-дәрмектер көршілес елге Сарыағаш, Келес, Мақтаарал аудандары арқылы өтетіні баршаға белгілі. Мұны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі былтырдан бері біледі екен. Астанадағы құзыретті мемлекеттік орган жолдаған ресми хатқа көрші елдегілер жауап беруге асығар емес. Дәл сол кезде Қазақстан азаматтарына тегін амбулаториялық көмек арқылы алуға тиіс 150-ге жуық науқас қант диабеті ауруына қарсы препарат жетіспейтінін айтып, шағымданған болатын. Ал биыл мемлекеттік бюджеттен инсулин сатып алуға 11 миллиардқа жуық теңге, таблеткалар алуға қосымша 4 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Осындай өткір де өзекті мәселе жөнінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков:

– Өзбекстанға байланысты тексеріс басталды. Хат жолданып, министрлік өз тарапынан денсаулық сақтау басқармаларына қосымша тапсырма берді. Олар аумақтық департаменттермен бірге 2017-2018 жылдары инсулин дәрісінің айналымы бойынша салыстыру жүргізіп, бізге ақпарат беру керек. Сол бойынша әрі қарай жұмыс жасаймыз. Өзбекстан тарапынан бізге әлі ресми ақпарат келіп түскен жоқ. Хатты былтыр жыл соңында жіберіп қойдық. Ал біздің тексерісіміздің қорытындысы 25 қаңтарда шығуы тиіс болатын. 1 ақпанға дейін толық ақпарат береміз, – деп мәлімдейді.

Бүгінде Астана мен Ташкенттегі құзырлы органдар толық құлақтанып отырған, сала министрлігіндегілер түсінік жазып, Бас прокуратурадағылар арнайы тексеріс ұйымдастырып, әлекке түсуде. Түркістан облыстық денсаулық сақтау саласында орын алған осындай жағымсыз жағдаяттарға байланысты прокуратура, ішкі істер (полиция) департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер де өздерінше әрекетке көшкен. Біз алдағы уақытта бұл құзырлы органдардың осы саладағы тексеру нәтижелерін қолданыстағы заң шеңберінде зерттеп алып, жариялайтын боламыз.

Елбасының жаңадан құрылған Түркістан облысына деген көзқарасы мен қамқорлығы ерекше. Бұған қоса денсаулық саласына да қомақты қаржы бөліп келеді. Күні кеше ғана «жедел жәрдем» қызметі үшін мемлекет қазынасынан 27 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеді. Ендеше, тірлігі түңілдіріп тұрған Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына өскелең заман талабына сай реформа жасау жөн шығар. Сөйтіп, жұмысты ұтымды ұйымдастыратын, кездескен кедергілерді батыл жеңе білетін білімді де білікті басшы табу керек сыңайлы. Әліптің артын бағайық!

Ә. ДОСЫБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *