«ТӘРТІП САҚШЫСЫ ЕКЕНІН СӨЗ ЖҮЗІНДЕ ЕМЕС, ІС ЖҮЗІНДЕ ДӘЛЕЛДЕЙ БІЛУГЕ ТИІС»

Ақорда
606 Views

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты.

Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысы ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.

– Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, биыл Қордай ауданында және Сәтпаев қаласында болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет.

– Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.

– Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.

Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.

– Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында жоғарыда аталған міндеттерді толық орындау қажет екенін айтып, ІІМ бұл жұмысты абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сөз сөйлеп, Президентке еліміздегі қылмыстық жағдай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, құқық бұзушылықтың алдын алу, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдар, адам саудасы, есірткі және тонау қылмысы жайында баяндады. Министр ішкі істер органдарына реформа жүргізу, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы да ақпарат берді.

Жиында бұдан бөлек Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов және Ақтөбе облысы Полиция департаментінің учаскелік инспекторы Нариман Ульянов баяндама жасады.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *