ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА БІРҚАТАР АЗАМАТ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Ақорда
585 Views

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Отан» орденімен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Kazakhmys Holding» ЖШС президенті Владимир Ким, «BSB» Қаржы-өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС президенті Рашит Сарсенов; І дәрежелі «Барыс» орденімен Жәния Әубәкірова авторлық мектебінің директоры Жәния Әубәкірова, ақын Шөмішбай Сариев, Алматы облысы «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің төрағасы Виктор Хильниченко; ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен жазушы, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы орталықтың жетекшісі Әлия Бейсенова, Конституциялық Кеңес мүшесі Асхат Дауылбаев, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің ғылыми басшысы Бақберген Досманбетов, Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед; ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев марапатталды.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Парасат» орденіне лайық деп танылды. Олардың арасында Ұлттық ғылым академиясының академигі М.Баймаханов, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК директоры А.Дзюба, «Ақмола-Тіршілік» ЖШС директоры Ж.Ерғалиев, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті Б.Иманғазина, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің антропологы О.Ысмағұлов, «Ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің салалық кәсіби одағы» АҚ төрағасы Е.Каппель, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Т.Мейрамов, Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі Д.Ақышев, Премьер-Министрдің орынбасары А.Смайылов, Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді, ақын Р.Ниязбек, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы ғылыми-практикалық орталықтың директоры Ф.Оразбаева, Қостанай облысы «Фрунзенское» ЖШС директоры Н.Шерер бар.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *