Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ, Төлеби ауданының әкімі: «ТӨЛЕБИДЕ ТУРИЗМДІ ДЕ, АГРОСАЛАНЫ ДА ҚАТАР ДАМЫТАМЫЗ!»

Экономика
1 036 Views

Түркістан облысы, Төлеби ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін, қам-қарекетін сараптап, бағамдау мақсатында аудан әкіміТөлеген Телғараевпен сұхбат жүргізу мақсатында шұғыл жолға шыққан едік. ІргеденЛеңгір қаласы Шымкентке тиіп тұр, сондықан лезде көлігімізбен зу етіп жарымсағатта жетіп бардық. Леңгірдің маңында орналасқан ауыл-аймақтар тап-таза,жолдары теп-тегіс екен. Ауданның табиғаты да көз тартарлық, Алатаудың соңғы сілемдеріменжалғасып жатқан Қаратау, Сайрамның жоталары жон арқасын керіле төсеп жатыр.Әсем көрініс. Жалпы Төлеби ауданы туризмді дамытуға ең қолайлы таптырмас аймақ.

Біз барғанда аудан әкімі Төлеген Телғараев таңертеңнен бері ауылдық округтерді аралауға шығып кетіп, түс қайта оралып тұрған сәті екен. Әкімдік ғимараты алдына ауыл ақсақалдары жиылып қалыпты. Бүгін аудан басшысының жеке қабылдау күні екенін біліп, арнайы мұң-мұқтаждықтарын ақтаруға келіп тұрған беті… Тез арада жеке қоғамдық қабылдау өткізген Төлеген Тұртайұлы әрбір тұрғынның көтерген мәселесін мұқият тыңдап, мейлінше тез шешу үшін орынбасарлары, тиісті бөлім басшыларына тапсырма жүктеп жатты.

– Төлеген Тұртайұлы, аудан тұрғындарын жеке қабылдау кезінде көбінде қандай мәселемен бетпе-бет келесіз. Ауыл халқының жиі қоятын сауалы қандай?

– Коммуналдық мәселелер жиі қозғалады. Алдыңғы кезекте ауыз су мен ағын су, табиғи газ және жер мәселесі. Ауданда 55 елдімекен болса, жетеуінде жоқ, қалған ауыл-аймақтарға газ құбыры тартылған. Келесі жылы біз көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылатын боламыз. Енді ауыз суға байланысты айтсам, 55 елдімекеннің 54-інде су құбырлары тартылған. Келесі жылы сол қалып кеткен ауылға су тартып бітіреміз. Бірақ, мәселе бар, су құбырларының тозған жерлері бар. 54 мекеннің 26 ауылында күндіз-түні су ағып тұрады, қалған аймақтарда 18 сағаттық, 20 сағаттық кестемен беріледі.

– Сөзіңіз аузыңызда, тозған су құбырларын жаңалау кезеңі қашан болатынын айта кетсеңіз?

– Жаңа құбыр тартудың жобасын жасап, республикалық және облыстық деңгейдегі қаржыларға ұсыныс білдіріп отырамыз. Биыл ауыз судың ерекше тапшылығы байқалды. Оның себебін білесіздер, құрғақшылық белең алды. Оның үстіне біраз бұлақтардың суы төмендеп кетті. Леңгір қаласының өзінде суға қатысты бірнеше мәселе туындады, оны шештік. Бірнеше жобаны мәслихатқа жолдадық. Жалпы ауданда 12 ауылдық округ, бір қала бар. Соның ішінде коммуналдық мәселесі толық шешілген ауылдар бар, мысалы Ақсу ауылдық округі, Мәдениет, Сарқырама ауылдары. Бұл ауылдарға 99 пайыз жағдай жасалған, тек біреуіне саябақ қажет болса, енді біреуіне спортық кешен салуды қажет етеді.

Биыл жыл басында депутаттар сайлауы өтіп, «Нұр Отан» партиясының 5 жылдық бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламада біраз міндеттер жүктеліп, бағдарлар түзілген. Осы жоспарлар бойынша жұмыс жасап келеміз.

– «Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің қызметін осылай бағалайтынын айтқан болатын. Өзіңіз аудан басшылығына келгелі жарты жыл болып қалыпты. Осы уақыт ішінде қандай жобаларды жасап үлгере алдыңыз? Қай мәселенің шешімін таптым деп айта аласыз?

– Ауданда жер мәселесі тапшы. Биыл біз 5,5 мың гектар жерді мемлекетке қайтару керек едік, қазіргі таңда 11 мың гектарды жекеден қайтарып алып қойдық. Бұл жерлер ешкімге таратылмайды, ешкімге берілмейді. Алдағы уақытқа мұның барлығы ортақ жайылым болатыны сөзсіз. Дегенмен, мәселенің тағы бір ұшы бар. Агрошаруашылықты дамытамыз деп жүргенде, туризм саласы да құр қалып кетпеу керек. Ал туризмді дамыту үшін бірінші кезекте инвесторларға жер керек. Демалыс аймағын саламыз деп жер инвесторлардың қолына өтсе, ауылдағы ағайын малын қайда жаяды? Міне, осы жерде тиімді шешім табуымыз керек. Қазір біздің күрделі мәселеміз осы. Баяғы кооператив ұжымдарының, шаруашылық иелерінің арасында жерге қатысты туындап жатқан шиеленістер бар. Бір-бірімен соттасып жатады, осының бәрі жер дауы.

– Ауданның жер көлемі қанша?

– 306 мың гектарды құрайды. Соның ішінде ауылшаруашылық көлемі 93,9 гектарды құрайды.

– Төлеби Түркістан облысы бойынша шұрайлы, көрікті, туризмін қарқындап дамытуға нағыз таптырмас мекендердің бірі. Өзіңіз Түркістан қаласының туризмі күннен күнге ілгері басып бара жатқанын білесіз. Саяхатшылардан түсетін табыс та артып келеді. Дүниежүзі бойынша дамыған, экономикасы жоғары елдер осы туризм саласы арқылы көшін түзеп, алға шығып отыр. Төлеби ауданы қандай жаңа бастамаларды қолға алды бұл жөнінен?

– Ауданның өндірілген ішкі өнім көлемі 47 миллиард. Мұның ішінде ауылшаруашылық, құрылыс, өнеркәсіп, шағын және орта бизнестің үлесі көп. Ал туризмнен түсетін пайда 0,1 пайыз ғана болып тұр. Біз туризмді дамыттық деп айта алмаймын қазір. Бірақ, дамытудың басында жүрміз. Қасқасуда облыс әкімінің қолдауымен ауқымды демалыс кешенін соғайын деп жатыр. Бұған облыстық бюджеттен нақты қаржылар бөлінді. Бұл күндері инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жарықтандыру, жол салу қолға алынған. Бұл кешенде келешекте тәулігіне 11 мың адам саяхаттауға, демалуға мүмкіндік туады. Осы жобаның арқасында осы кешенге барар жолдағы ауылдардың электр жарығы, жолдары қамтылады деген сөз.

– Инфрақұрылым мемлекеттік бюджет тарапынан іске асып жатқанын түсіндік. Ал, кешеннің өзі қай уақытта бітеді шамамен. Ол да мемлекет есебінен салына ма?

– Жоқ, жеке инвесторлар тартылады. Бұл біртұтас ірі демалыс аймағы болғанмен, мұнда орналасатын кешендер, демалыс орындарын әр инвестор өздерінің қаражатына салуына мүмкіндігі бар. Инфрақұрылымның аяқталуы алдымен бөлінген қаржыға байланысты. 150 миллиардқа жуық инвестиция тартылатын болады. Бәлкім, бұл процесс жылдарға жалғасуы мүмкін. Бұл – Қасқасу бағыты, ал Біркөлік бағытында 150-ден астам орта және шағын бизнес өкілдері өздерінің жеке демалыс кешендерін, саяжайларын салып, өз беттерінде дамытып келеді. Мұнда жылына ішкі туризм бойынша 30 мыңнан астам адам демалуға келеді. «Алма Тау», «Тау самалы», «Қасқасу» секілді демалыс аймақтарын еліміздің түкпір-түкпірі танып қалды. Біз осылай бірте-бірте туризм саласын дамыта беретін боламыз. Туризмнің болашағы зор. Біріншіден, инфрақұрылым дамиды, екіншіден ауданға салық түседі, жұмыспен қамтылады. Дегенмен, демалыс орындарының тазалығы, мәдениеттілігі жағынан ретке келтіру жұмыстарын жүргізудеміз.

– Осы жерде бір сауал туындап отыр. Төлеби ауданы агросала мен туризмді қатар алып келе жатқан секілді. Қайсысына басымдық беруге болады?

– Менің өз жеке пікірім, жергілікті халық болашақта туризм саласын кәсіпке айналдырып алып кететін секілді. Бұл өте ұтымды. Ауылшаруашылығы ежелден келе жатқан кәсіп. Одан бас тарта алмаймыз. Екі саланы да алып жүруге тиіспіз. Еңбек етемін деген адамға жұмы скөп, Төлеби ауданының әлеуеті мол. Қай саланы болса да дамытуға болады.

– Ауданның өнеркәсіп саласына тоқталып өтсеңіз… Қай өнім танымал?

– Сүт өнімдері, соның ішінде Фудмастердің өнімдерін жұрт жақсы біледі. Леңгір балмұздақтары облысқа танымал. Қазір «Түркістан» атты брендік шоколад шығып жатыр. Елімізге танымал болып қалды десе болады. Ірі алма, жүзім бақтарымыз бар. Ақбастау жақта битум шығаратын зауытымыз бар. Леңгір қаласында былтыр пандемия кезінде тігін цех ашылып, ісін дөңгелентіп әкетті. Қазір 120 адам жұмыс істейді, маска тігеді, арнайы спец киімдер тігіледі, түймелер шығарады.

– Төлеген Тұртайұлы, әрине, ауданның әлеуетін көтеру үшін әлі де талай істі атқаруға ниетті екеніңізді білеміз. Алда ең өзекті де маңызды деген нендей бастамаларды қолға алмақ ойыңыз бар?

– Леңгір қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында көп қабатты тұрғынүйлерді салу жоспарда бар. Алайда, кәріз жүйесі мүлдем жоқ. Алдымен кәріз жүйелерін орнату үшін жоба жасап, республикалық бюджетке өткіздік. Қазіргі таңда ауданда 7 мыңнан аса тұрғын әртүрлі санаттар бойынша үй кезегінде тұр. Көп қабатты тоғыз үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. 180 отбасы баспанамен қамтылмақ. Ертең осынша шаңырақ қоныс тойын тойлайды деген сөз. Аудан үшін ұтымды жобалардың бірі – ауыл тұрғындары жеке үйін салмас бұрын алдымен инфрақұрылымын жүргізуді қолға алдық. Мәселен, Зертас, Алатау, 1 мамыр, Көксәйек ауылдық округтерінде учаске бермес бұрын жарықпен, кәріз жүйесімен, сумен қамтимыз.

– Сіздіңше қай сала ақсап тұр? Егер аудан бюджеті толық жеткілікті болса, ең алдымен қандай жобаларға қаржы салар едіңіз?

– Бұл сұрақ күнделікті жұмысымда кездесетін нәрсе. Егер барлық жағынан жеткілікті қаржы болса, ауылдарға көңіл бөлер едік. Алдымен су мәселесін толық шешемін деп ойлаймын. Яғни, ауылдың барлығын 100 пайыз 24 сағат сумен қамтысақ дейміз. Таудың басынан ағып келіп жатқан су көздері, бұлақтар бар. Таза құбырмен тартып әкелсек, ауыз су мен ағын су молынан болар еді.

– Егер бос уақытыңыз болса, немен шұғылданған болар едіңіз?

– Алдымен отбасыма, ата-анама уақыт бөліп, қастарында болар едім. Көбінде жеке мәселелерге көңіл бөлуге уақыт тапшы болып жатады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *