ТӨРТ ТҮЛІК САНЫ ЖАРТЫ МИЛЛИОННАН АСТЫ

Экономика Қоғам
829 Views

Түркістан облысы Ордабасы ауданында 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, мал шаруашылығы саласын дамыту жоспары жүйелі түрдеорындалып келеді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 327 ірі қара малалынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4089 мал алынып, 190,7 пайызғаорындалды. Ал, «Құлан» бағдарламасы бойынша алынған жылқы саны 97 бас.

Нәтижесінде ауданда жалпы төрт түліктің саны 520 мыңға жуықтаған. Оның 73,3 мыңы ірі қара, 420,4 мыңы қой мен ешкі, 25,4 мыңы жылқы, 740-ы түйе. Ал, құстардың жалпы саны 423,9 мыңға жеткен. Сәйкесінше кәсіпкерлер мал шаруашылығы өнімдерін молынан алып, нарыққа шығаруда. Бүгінге дейін ауданда 13 311,8 тонна ет, 33 004,9 тонна сүт, 7 263,8 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Айта кетейік, Ордабасы ауданында мал тұқымын асылдандырумен айналысатын 6 шаруа қожалық бар. Ал, жалпы мал бордақылау алаңдарының саны 355 бірлік, оның 76-сы биыл іске қосылған. Сондай-ақ, 84 сүт фермасы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы 3 отбасылық құс фермасын ашу жоспарланса, бүгінде 4-еуі іске қосылып, жоспар 133 пайызға орындалды.

ОРДАБАСЫДАҒЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 24 МЛРД. ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Түркістан облысы Ордабасы ауданының үстіміздегі жылдың 8 айында ауылшаруашылығы саласындағы өнім көлемі 24 млрд. 277 млн. теңгеге жеткен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 млрд. 325 мың теңгеге артқан.

Биыл ауданда 710 гектар егістік жер айналымға қосылды. Нәтижесінде 65 774 гектар жер игеріліп, жоспар артығымен орындалып отыр. Бұл жоспар негізінен жерді бір санаттан екінші санатқа, яғни жайылым жерлерді суармалы жерге өзгерту және тәлімі жерлерге бау, жылыжай шаруашылықтарын жүргізу есебінен орындалды.

Соңғы жылдары ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны артып келеді. Мәселен, 8 айдың ішінде 11 гектар жерге жылыжай салынып, жоспар 73 пайызға орындалды. Жалпы аудандағы жылыжай көлемі 83 гектарға жеткен. Оның 21-і өндірістік, 62 гектары фермерлік жылыжайларға жатады. Олардан бүгінге дейін 4 708 тонна өнім жиналды. Оның 3 621,5 тоннасы қияр, 1 086,5 тоннасы қызанақ.

Сондай–ақ, аудан халқын жылыжай өндірумен айналысуды тұрақты қамтамасыз ету, халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында ағымдағы жылы Шұбар су ауыл округінен «Шұбар су жылыжай аймағын құру жобасы» қолға алынып, 15 га жер телімі бөлінді.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы саласына 4 млрд. 644 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге арттық.

Аудан бойынша жалпы сыйымдылығы 38 мың 050 тонна болатын 16 бірлік қоймалар бар. Оның ішінде 7 қойма сиымдылығы 8 950 тонналық көкөніс сақтайтын, 9 қойма сиымдылығы 29 мың 100 тонналық астық сақтауға арналған.

Бұл қоймалар қажеттілікті толық қамтамасыз етпейді. Сондықтан ағымдағы жылы Бадам ауыл округінен «Александровский сад» ЖШС-нің жеміс-жидек өнімдерін бастапқы өңдеумен айналысатын сиымдылығы – 1670 тонна. инвестициялық құны 815 млн. теңгені құрайтын заманауи қоймасы іске қосылатын болады.

КЕҢЕСТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ БИЗНЕС МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ КІРІСТІ

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында бизнесмендер кәсіпкерліктің ең өзекті мәселелерін көтерді.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында өңірлік кәсіпкерлермен өткен алғашқы кездесудің қорытындысы бойынша сұрақтар пакеті Премьер-министр деңгейінде көтерілді. Нәтижесінде 84 жүйелік мәселенің 41-і шешілді, қалғандары мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және ЖАО-мен бірлесіп шешу сатысында. Бизнеспен онлайн-кездесулерді тұрақты түрде өткізіп отыратын боламыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы.

Онлайн кездесуде бірнеше ауқымды мәселелер айтылды. Онлайн байланыс арқылы өткізілген жиынға Төралқа төрағасына өңіріміздің экономикалық жағдайы туралы Өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов баяндады. Кездесуде «Қазақ мақта қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Полат Юсупов екінші деңгейлі банктердегі қаражатқа қол жеткізу мәселесін қозғады. Оның айтуынша, ҚР Ұлттық Банкі заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақшаны пайдалануға белгіленген 120 млн теңге мөлшеріндегі лимиті – шитті мақтаны дайындау кезеңінде шаруаларға мүлде жеткіліксіз екенін айтты. Өңірлік кеңестің мүшесі, «Байкенже» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Байкенжеев жылыжайларда қолданылатын энергияға тарифтің қымбаттығын жеткізді. Шығындарды азайту үшін жылыжайларды мемлекеттік қолдаудың шұғыл қажеттілігі, сонымен қатар өнімділікті арттыру үшін инновациялық технологияларды енгізу қажеттілігін баяндады.

Сондай-ақ, Өзбекстаннан шыққан тауарлардың демпингтік және ресми емес айналымы мәселесін «Алтын Адам Тігін Фабрикасы» ЖШС-нің басшысы Балжан Халмуратова көтерді. Ол екі елдің нарықтарында тең бәсекелестікті жүргізу үшін өнімді кедендік рәсімдеу кезінде Өзбекстан тауарларына өзара келісім орнату қажеттігін атап өтті. Бұл шара отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау көрсетпек. Сонымен қатар, «Қуаныш» ЖШС басшысы Инара Намазбаева қаржыландыруға қолжетімділік мәселесін көтерді. Түркістан қаласында Екінші деңгейлі банктердің толық форматты филиалдарының немесе өкілдіктерінің болмауына байланысты қаржыландыруға қолжетімділік едәуір қиын екендігін баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер тарапынан айтылған мәселелер Төралқа Төрағасы мен Басқарма Төрағасының бақылауында болады.

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ ШАРДАРАДА СЕМИНАР КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді. Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.

Балық саласы – ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өсті. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19%-дан астамға 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60%-ы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі – шамамен 70%-ы Түркістан облысына тиесілі.

Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды. А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.

Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның салынуымен танысты.

«BIRGEMIZ» ҚОРЫ АРҚЫЛЫ МАҚТААРАЛДА 32 ҮЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Мамыр айында Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасындағы апатқа байланысты Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында бірнеше ауылды топан су басқан болатын. Бүгінде Мырзакентте жаңа шағынаудан бой көтеріп, үйлер салынып жатыр. Сол үйлердің 20-сын «Nur Otan» партиясы «Birgemiz» қоры арқылы салып беруді ұйғарған. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ауданға арнайы келіп, партия ықпалымен салынатын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Кейін жергілікті тұрғындар мен әкімдіктің сұранысына сәйкес, тағы 12 үйдің құрылысын жүргізу туралы шешім қабылданды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жуырда Мақтаарал ауданына жұмыс сапарында Мырзакенттегі үйлердің құрылыс барысымен де танысты. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары құрылысқа жауапты мердігер мен жұмысшыларға үйлерді сапалы әрі уақтылы тапсыру керектігін айтты. Баспаналардың талапқа сай болуы партияның бақылауында екенін ескертті.

Жалпы Мақтааралдағы су тасқыны кезінде «Nur Otan» партиясы өкілдері елдің арасынан табылып, мырзашөлдіктерге көмектесті. Төтенше жағдайға байланысты жедел штаб құрамында жемісті еңбек етіп, гуманитарлық көмектерді жеткізуді үйлестірді. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы ауданға қаражат бөлініп, 32 үйдің құрылысы жүргізіліп келеді. Әр үйдің құрылысына 17 млн. теңгеден қаралған.

Қазіргі таңда партияның үйлестіруімен салынып жатқан 20 үйдің құрылысы аяқталған. Қалған 12-сінде жұмыс жалғасуда. Жалпы 32 үй де таяу уақытта тұрғындарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ПАЙДАЛАНЫП ШЕБЕРХАНА АШТЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Бабамурад Халдаровқа атаулы әлеуметтік көмекті пайдаланып, ағаш шеберханасын ашты. Ол жылдың басында аталған бағдарлама бойынша көмек алу туралы жергілікті әкімшіліктің тиісті бөліміне өтініш қалдырған. Сосын көп ұзамай ақпан айында 203 460 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сол қаржыға ағаш өңдейтін құрал жабдықтар сатып алып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауды қолға алған. Шебердің сөзінше, оюмен өрнектелген орындық, үстел, желбесік және сандыққа деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.

Шеберхана иесі алдағы уақытта қолынан іс келетін азаматтарды жұмысқа қабылдап, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында үстіміздегі жылдың 8 айында 3612 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның 869-на әлеуметтік көмектің шартсыз түрі тағайындалса, 2349-на шартты түрі тағайындалған.

ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ АНА МАЛ БОРДАҚЫЛАУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Кентау қаласы Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны Қаһарова Ұғылпатша 2015 жылдан бері жылқы бағып, бордақылаумен айналысып келеді. Шаруа ана ең алдымен өз қаржысына 6 жылқы алып кәсібін бастаған. Тынымсыз еңбек пен төгілген тердің арқасында бүгінде жеті қазынаның бірі болып саналатын жылқы малының санын 40-қа дейін көбейткен. Қазіргі таңда бір жылқыдан 250-340 кг аралығына дейін ет алады. Негізінен жылқыны Қостанай облысынан алдыртады. Ет бағытындағы асыл тұқымды жылқылар болғандықтан ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті шаруа күніне жылқыны күтіп баптауға 7-8 сағатын арнайды.

Ұғылпатша ананың балалары да отбасылық кәсіптен алшақ емес. Аналарына қолғабыс болып, ата кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жүрген жайы бар. Тіпті, Ұғылпатша ананың үлкен ұлы ветеринар мамандығын оқып, әр жануардың денсаулығына айрықша күтім жасаудың үлгісін қолдануда.

Жылқы малына сұраныс өте көп дейді еңбекқор ана. Бордақыланған жылқы етін жергілікті тұрғындар алып келеді. Жалғыз басты ананың алдына қойған мақсаты көп. Оның бірі қораларын ұлғайтып, жылқы санын 100-ге жеткізу болса, енді бірі қымыз өндіруді қолға алу болып отыр.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАМЕН ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Ермек Алимкулов «Еңбек» бағдарламасының көмегін пайдаланып, жеке кәсіппен айналысуды бастады. Ол ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры арқылы 2,4 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, 6 бас жылқы малын сатып алды. Оның ендігі жоспары мал басын көбейтіп, бордақылаумен айналысу.

«Көптен бергі арманым кәсіпкерлікпен айналысып мол табыс табу еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Көмектесіп, қолдау көрсеткен кәсіпкерлік мектебінің мамандарына алғысым шексіз», – дейді Е.Алимкулов.

Жалпы Келес ауданында жыл басынан бері 58 кәсіпкердің жобасы сүйемелденіп, оның 32-сі қаржылай қолдауға ие болды. Бұл көрсеткіш пандемияға байланысты өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмендеген.

Аталған мекеменің мамандары биыл 210 азаматқа өз кәсібін бастау үшін тиісті кеңес берсе, соның 62-сі құжаттарын рәсімдеп үлгерген. Сондай-ақ, 22 ірі және 40 орта жоба жүзеге асса, 150 тұрғын кіші жоба арқылы 556 мың теңге көлемінде грант иегері атанды. Қолдауға ие болып жатқан кәсіптің қатарында мал, өсімдік, егін шаруашылығы мен қызмет көрсету салалары бар.

«ҚАЗЫҒҰРТ БАҚТАРЫ» БАУДЫ 350 ГЕКТАРҒА ДЕЙІН ҰЛҒАЙТПАҚ

Түркістан облысы Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылық өнеркәсіптік кооперативінің алма бауы алғашқы өнімін бере бастады. 2019 жылы негізі қаланған алма баудың жалпы жер көлемі 140 гектар. Мұнда Гренни Смит, Айдаред, Голден делишес, Гала атты алма сорттарынан 265 000 дана көшет отырғызылған.

Кооператив иесінің айтуынша алма көшеттері Италиядан жеткізілген.

«Мұндай алып баудың өнімі де молынан болатынын ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін сақтайтын 1000 тонналық қойма құрылысы да басталды. Бақтағы жеміс-жидектер тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған. Бауға қажетті су бастауын таудан келетін «Қошқарата» бұлағынан алады. Ағын судың мол қорын дайындап, тиімді пайдалану үшін баудан 3-4 шақырым биіктікте дамба салынды», – деді кооператив құрылтайшысы Әсет Қайыпбеков.

Сонымен қатар кәсіпкер алдағы уақытта қосымша 80 гектар жерге шие егуді де жоспарлап отыр. Одан бөлек, 130 гектар жерге жеміс-жидектің бірнеше түрін отырғызбақ. Және сол өнімдерді өңдейтін цехты да іске қосатын болады.

Айта кетейік, жалпы ауданда ауыл шаруашылық саласын дамыту мақсатында 21 ірі жоба белгіленіп, оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау беріліп келеді. Бүгінге дейін оның 12-сі іске қосылған.

Айқарма бетті әзірлеген Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *