ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ 11 МАМЫРДА АЯҚТАЛАДЫ

Ақорда
638 Views

Құрметті отандастар!

Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті.

Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін.

Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр. Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде.

Әрине, барлық облыстағы жағдай бірдей емес.

Кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты.

Бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.

Біз ондағы нақты санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз.

Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу.

Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы дерт.

Мұны бүкіл әлем мойындап отыр.

Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет.

Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым.

Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы.

Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Әрине, эпидемия қайта өршіп кетпесе ғана режим тоқтайды. Ахуал күрделене қоймайды деп үміттенемін.

Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді.

Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады.

Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді.

Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес.

Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.

Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз – өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн.

Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.

Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын.

Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды.

Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.

Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді.

Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын.

Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін.

Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын.

Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ.

Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!

Халқымыз  «Береке басы – бірлікте» дейді.

Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!

Біз біргеміз!

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *