ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 354 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Сартылдаған аяқ дыбысы бұның есігіне бұрылмады. Бірақ ханым міз бақпаған қалпы отыра берді. Аяқ дүбірі әлсірей-әлсірей алыстап барып басылды. Зіл тыныштық қайта орнады. Бөлме іші бұрынғысынша қала берді. Ханым сірескен мойнын бір сәт босатып еді, дүрсілдеген дыбыс қайта шықты. Ханым жалма-жан бойын тіктеді. Аяқ дүсірі бірте-бірте күшейе берді. Сырттағы дүсірден бөлменің іші де дүбірлеген үнге толып кетті. Дүсір жақындай түсті. Бұның есігінің алдына келді. Ханымның қаусыра ұстаған қос қолы оқыс әлсіреп, тізесіне қарай сұлқ құлап бара жатты. Дүсір бұның тұсынан тағы да өтіп кетті. Әлден соң тас төселген тықыр аулада жендеттер ортасында кетіп бара жатқан Шидүргені көрді.

Ханым орнынан ұшып тұрып, терезенің алдына барды. Қайқы қылыш ұстағандарға қара аттылар қақ жарылып жол берді. Күнге шағылысқан қылыштар арасынан Шидүргенің алтын тәжі бір жалт етті де, көзден ғайып болды.

Ханым құлазып жатқан аулаға қарап ұзақ тұрды. Көз алдында басын барынша шалқақ ұстап, аяғын маңғаз басқан Шидүрге. Ол көптен сыпырғы көрмей, толарсақтан тозаң басқан сұрқай тас алаңның шетіне жете алмай әлі кетіп бара жатқандай. Артына бұрылып, бірдеңе дер ме екен деп, әйнекке бетін тақап телміре түседі. Шидүрге мойнын бұрар емес. Қайқы қылыштар ортасында шалқақ басып кетіп барады, кетіп барады… Тозаң басқан бозғылт алаң таусылар емес.

Кенет есік қағылды. Ханша бұл оқыс дыбысқа қапелімде түсінбей қалды. Бұрылып қарап еді – алтын жақтаулы есіктің босағасы қызыл күрең қанға боялып келеді екен. Қан бірте-бірте үйдің қабырғасына да жайыла бастады. Міне, бұның қақ алдына жете беріп кілт тоқтады.

Ханым қарсы алдындағы қанжоса қабырғадан жүрегі айнығандай көзін алып қашып, есік жаққа бұрылды. Табалдырықтың қыр көзінде маңдайын жерге тигізе иіліп-бүгіліп тағзым етіп жатқан қызметші әйелді көрді. Жаңағы қызыл қанға малынған қабырға да, босаға да ғайып бопты. Бөлме іші бұрынғы қалпы.

Қарсы алдына байыптап енді қарап еді – таңғұт сарайының бейбіт күндергі әдетімен бетіне ешқандай өрнек салынбаған қан күрең шұғадан жер сыздыра малынтып шапан киген ұзынтұра шал тұр. Қазына ұстаушы. Шапанының етегіндегі зермен көмкерген кез ойықтан қайқы бас көксауыр кебісі көрінеді. Қос қолын кіндік тұсынан буынған жарқылдақ сарғыш кісесіне шірей тірепті. Қатпар-қатпар маңдайдың астынан сығалаған бұқпантай көзінде қалақтай-қалақтай қос көзілдірік жалтырайды. Қалқан құлақтардың деңгейінен басталған көкшулан жүн алқымдыққа жете беріп кідіріпті де, екі жақ қанаты қайқиып-қайқиып жоғары көтеріліпті. Салбыраңқы мұртының да қос қияғы қағылмай, екі езуін қымтап апты.

Ханым қарсы алдына кеп қаздия қалған қазына ұстаушы шалға таңырқай қарады. Шалдың қаймыжық солғын еріндері қимылдайтын тәрізді. Ханым түсінбесе де басын изеді. Қазына ұстаушы тас алаң жақты меңзеп иегін көтерді. Ханым аулаға қарап еді – сол баяғысынша аңылжып жатыр. Ханым назарын қайтадан шалға тіктеді. Ол ханымның тесірейген ойсыз-отсыз жанарына аңыра қарап біраз тұрды да, есіктің қыр көзіндегі қызметші әйелге ымдады. Әйел сол екі бүктетіліп тағзым еткен қалпы басын көтермей ортаға озды. Малынған ұзын жеңнің ішінен дөңгелек күміс табақша көтеріп, төрдегі төрт тағанның үстіне апарып қойды. Сосын қазына ұстаушының есік жақ қапталына барып тіктеліп тұрды.

Айлапат кең бөлмеде шалдың ызыңдай шыққан салғырт даусынан басқа үн жоқ. Ханым ұшып жүрген араның ызыңындай көмескі сөздерге түсіне алмады. Телмірген күйі тұра берді.

Шал сөзін бітірді де, ханымның аузына қарап біраз аңтарылды. Ол ештеңе демеген соң қызметші әйелге ымдады. Әйел жеңін шұбалтып төрт таған жаққа тағы өтті. Күміс табақшаның үстіне тық еткізіп әлдене қойды. Сосын орнына барып тұрды. Гүрбелжін күміс табақшаға көзі түсіп еді, кішкене көгілдір көзі бар алтын жүзікті көрді.

Шал қайта ызыңдады. Тағы да ханымның жүзіне аңтарылып қарады. Тағы да жауап тосқандай сәл мүдіріп тұрды. Сосын төрт тағанның қасына өзі барды. Иіліп күміс жүзікті алды. Бажбиған көгілдір көзін бұрап ағытты. Жүзіктің көгілдір көзіне салынған бір шөкім көк ұнтақты көрсетті. Ханым оның не айтып тұрғанын бұл жолы да ұқпады.

Шал жүзікті табақшаға қойып, орынына кеп тұрды. Әйелге тағы да ымдады. Әйел кібіртіктеп ханым мен шалға жаутаң-жаутаң қарай берді. Шал теріс айналып кетті. Әйел ханымды арбап тұрғандай екі көзін айырмаған күйі малынған атлас шапанының белдігін ағытты. Ар жағынан майлап қойғандай жып-жылтыр қызғылт тәні жарқ етті. Сең соққан кісідей селқос тұрған ханым селк ете қалды. Жалаң тәніне сусыма шапан киіп келген мынау ұятсыз әйелден көзін айыра алар емес.

Әйел кенет сөлекеттеу еңкейіп, оң қолын шапанының ішіне жүгіртті де, тыр жалаңаш тәнінің қай жерінен тауып алғаны белгісіз сопақша сарғыш бірдеңе суырды. Бір қолымен шапанының омырауын ұстап, екінші қолымен әлгі нәрсені күміс табақшаға апарып қойды. Сол-ақ екен манадан бері теріс қарап тұрған қытай шалы жалт бұрылып, білегінен ұстай алды. Әйел кілт тоқтады. Аппақ бордай бетінде бір тамшы қан жоқ. Ұялғанын тісі кіріп кеткенше қатты жымқырып алған астыңғы ернінен ғана байқауға болады. Шал үстіндегі қан күрең шапанының қалтасынан жаңағы әйелдің қолындағыдай бірдеңе алды. Одан жаңғыз-ақ айырмасы өңі қызғылтым. Онсыз да көзі шарасынан шығып кеткен ханымды одан сайын таңғалта түскісі келгендей, әлгі сопақша нәрсені ашып еді, ішінен жұп-жұқа әлдене жылт етті. Шал екінші қалтасынан бір қарыстай қамшы суырып, бір шетін әйелге ұстатты. Сосын әлгі жалтылдақпен бір тартып еді, қамшыны қақ ортасынан орып түсті. Шал «көріп тұрсыз ғой» дегендей ханымның жүзіне бір қарады да, әлгі жалтылдаған қызғылтым қорапшасына салып, күміс табақшаға тастады. Әйелдің қорапшасын өзіне қайтып берді. Сосын тағы да ауланы меңзеді. Екеуі сахнаға шығып өнер көрсетіп болған көзбаушылардай үсті-үстіне тағзым етіп, есік жаққа қарай жылыстай берді.

Гүрбелжін ханым бұның бәрі өңі екенін, түсі екенін біле алмай аң-таң. Біресе жаңа екі қызметші шығып кеткен есікке, біресе төрдегі төрттағанның үстіндегі жұмбақ жүзік пен қызғылт қорапшаға қарайды.

Түс қайтты – Шидүрге көрінбейді. Көлеңке ұзарды – Шидүрге көрінбеді. Сол баяғы тозаң көмген тас аула. Ауланың жан-жағындағы қираған үйлер күн кештеткен сайын кісіні жұтып қоятындай арандарын аша түседі.

Қорғасындай зіл тыныштық мойнына мініп ап, мың сан шеңгелімен сүйек-сүйегінің бәрін мытып, үнтап, үгіп жатқандай сүлдерін сүйретіп төсегіне зорға жетті. Осынша бұралтып тастаған шаршағандық екенін әлде таң атқалы нәр сызбаған аштық екенін өзі де білмейді. Мынау ажары қашып аңылжыған дүниенің ортасында өзінің де тек құлазып құр қаңқасы ғана қалғандай. Жыл он екі ай жүрегін сыздатқан қасірет те, төбе құйқасын шымырлатқан үрей де, көкірегінің басын көмірдің шоғындай тызылдатқан ыза да – бәрі де жым-жылас… жоғалған… өшкен… құрыған… Ойраны шыққан үйлерінен қашып шыққан көр тышқандардай бұның қор көкірегінен енді қасірет пен үрей де безіп кеткен.

Қос қызметшілерінің әлгі әурелері мұны мынау ебіл-себіл тіршіліктен серпілткісі келген ермектері ме, қасірет қаусатып бара жатқан қауқарсыз кеудесіне жан оралтатын шипа әкелгендері ме – ол арасын айыруға да дәл қазір ақылы жетер емес. Ойлануға ыждаһаты да әлдеқашан сарқылып біткен-ді.

«Шидүрге келмеді ғой…»

Кенет жаңа ғана жоғалтып алған үрейі қайта оралды. Бір түрлі ұйығандай боп салдырап бара жатқан аяқ-қолына қан жүгіргендей, жан кіргендей. Төсегінен ұмтылып тұра беріп еді, үйдің қақ ортасына қара мәрмәр тұғырдың үстіне орнатқан құлжаның қос мүйізін көрді. Дереу жанына жетіп барды. Шидүргеге күйеуге шыққанда әкесінің атып әкелген құлжасының мүйізі. Ырым қылып бұған сыйлаған-ды. Содан бері таңғұт үйінің киелі орны – қақ ортада, мынау мәрмәр тұғырдың үстінде тұрған. Шидүрге екеуі екі жағынан отырып алып, осы мүйізге қарап бал ашады. Анау шиыршық атыңқыраған үлкендеуі – Шидүргенікі, кішісін Гүрбелжін иемденген. Көп болса екі-үш қар басқан жас құлжаның жып-жылтыр мүйізіне қанша тесіліп қараса да, бұрын көздеріне түспеген ешқандай өзгеріс таба алмайтын. Сонда мынау бастарындағы бал дәурен мәңгі бақи тұра беретіндей көрініп, жандары жай табатын. Тек былтыр ғана осы бөлменің табалдырығынан аттамай жатып, Шидүрге аңтарыла қарап тұрып қалды. «Неге таңдандың, не боп қалыпты?» – деген ханымға ханзада: «Мына мүйіз қандай тегіс жарқырап түр! Неткен тамаша!» – деген. Ханым күйеуінің қасына барып қараса, құлжаның мүйізі шынында да ғажап екен! Әр бунағына күміс сақина кигізіп қойғандай жалтырап көздің жауын алды. Сүйтсе, қызметшілер алдында ғана мүйізді жылтыратып майлап кеткен екен. Оның үстіне бөлмені шаңқан түстің мол жарығы кернеп алған әсем кез еді. Ертеңіне қайтыс болған кәрі падишаның орнына жас ханзада таққа отырды.

Содан бері Шидүрге екеуі мүйізге талай сағаттар бойы қанша шұқшиып қараса да, ешқандай өзгеріс таба алмаған. Тіпті мынау аяқ астынан тап болған аласапыран тұсында да мүйіз еш нышан байқатпаған. Іргені қиратып, есікті төмпештеп тұрған озбыр жау бұларға ештеңе етпейтіндей, киелі мүйіз жылтырап тұра берер-ді.

Міне, айдан асты. Күні бойы оқ пен оттың ортасында жүріп, қалжыраған Шидүрге кешқұрым бұның бөлмесіне келеді. Әуелі екеуі мүйіздің жанына барып бал ашады. Телміре-телміре көздері талған соң бір-біріне қарап ұзақ отырып қалады. Бұл күйеуінің күні-түні басы қатып, ұйқысы қашып, тағам атаулыдан тәбеті қайтып, әбден діңкелеп, шілмиіп жүдеген сұп-сұр жүзін көргенде іші-бауыры жидіп жүре беретін. Үйленгендеріне жыл жарымнан асса да, оған тап осынша елжіреп көрмеген-ді. Сұрқы қашып, сиқы кеткен осы бір қораш еркекке неге мейірлене қалғанына өзі де түсінбейді. Әлде кейінгі кезде шаруа басты боп, жар төсегіне жуйи да алмай жүргенінен бе екен. Рас, кей түндері бұл әр сыбдырды аңдып, есіктен күйеуі кіріп келе жатқандай болып елегізіп шығады. Ондайда: «Қап, бәлем, таң атсын! Қанша ұят болса да, падишаға аңсарымды айтармын», -деп, өзін-өзі қайрап бақса да, ертеңіне жайрап жатқан қамалды, қырылып жатқан жұртты, беті оңғарылмай қойған шайқасты, күннен-күнге су сорған жар қабақтай мүжіліп бара жатқан күйеуін көреді де, әлгіндейді айтуға дәті бармай, дымы ішінде болып жүре береді. Бірақ оның соңғы айлардағы Шидүргеге деген ықыласы тән дертіне келіңкіремейді. Сонау ерлі-зайыпты дәуреннің алғашқы айларындағы от жалын құштарлықтан, тап осынша тебірентерлік мейірім байқай қоймаған тәрізді еді.

Гүрбелжін ханым некесі қиылмай тұрып, Шидүргенің бет-жүзін көрген емес. Қай қыз жаңа бой жетіп келе жатқанда қиялында өзі көріп жүрген жігіттердің ешбіріне ұқсамайтын, олардың бәрінен көрікті, бәрінен ақылды, бәрінен мейірімді періште жігіттің құшағында жүрмейді дейсің. Ханымның да қапелімде некелі жары – жас ханзаданы қиялындағы аңсарына ұқсата алмай, қомсынып қалған кезі болған-ды. Ақ некенің төсегінде де баяғы қыз күнгі түстерін көріп жүрді. Ол ылғи түсінде ертегілердегідей бір перізада жігітке ғашық болып, елден-жерден безіп, айдалаға барып, құздан ұшып өлгелі жатқанда оянып кетеді. Сонда дәйім қасындағы серігі өзі әлі бұл дүниеден көре қоймаған бейтаныс біреу болушы еді. Ондай түс көрген күннің ертесіне өзінен-өзі қуыстанып, күйеуінің бетіне қарай алмайтын.

Осы жуықта да түс көрді. Тағы да баяғы құздың басы. Соңдарында – қуғыншы. Алдарында – зымыран. Бұл қасындағы серігіне қарайды. Сөйтсе – Шидүрге. Ажал алдында оған деген көл-көсір сүйіспеншілігін білдіргісі келіп, күйеуінің салалы саусақтарын құшырлана қысады. Гүрбелжін күйеуіне деген айрықша ықыласын сол түсінен кейін анық аңғарғандай болды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *