ХИМИЯ ПӘНІН АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ОҚЫТУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Білім
2 495 Views

«Білімді ұрпақ – ел болашағы»

Халық даналығы.

Мақсат:

Орта мектептің химия пәнін оқытуда үш тілді қолдана отырып, оқушылардың білімі мен біліктілігін қалыптастыру және оқушылардың пәнге деген белсенділігін арттыру.

Міндет:

· Химияны оқытуда үш тілді қолдану және үндестіре отырып, оқушылардың білімі мен біліктілігін қалыптастыру.

· Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін пайдаланып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру және химия саласына байланысты тілдік қорын дамыту.

· Химия пәнін орыс тілі және ағылшын тілі пәндерімен кіріктіре өткізу тиімділігі.

· Химия пәніндегі жиі қолданылатын сөздермен глоссарий жұмыстарын жүргізу нәтижелілігі.

Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Үштілдік туралы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің III съезінде сөйлеген сөзінде: «Ағылшын тілінің қажеттілігі – әлемге тән қажеттілік, бүгінгі күн талабы. Ал орыс тілін жақсы білу – біздің байлығымыз» десе, 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Қоғамның бүгінгі әлеуметтік тапсырысы – жаратылыстану-математикалық, химия-биологиялық пәндер бойынша ғылыми дайындықтың әлдеқайда жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сонымен қатар білім беруде осы бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды жүзеге асыру. Ағылшын тілі – ХХІ ғасырдың тілі. Қазіргі таңда көптілді меңгерту – білім беру жүйесінің өзекті мәселесі болып отыр. Химия пәнін ағылшын тілінде оқытудың себебі шетел тіліндегі сөйлеудің пәндік мазмұны басқа білім салаларынан алынатын мағлұматтарға сүйенеді.

Химия пәнін үш тілді үндестіре отырып оқыту – өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым-қатынаста өзін емін-еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсетте алатын, өзге дамыған елдер мен білім басекелестігіне түсе алатын, еліміздің химия саласын дамытуға үлес қоса алатын, көп тілді және көп мәдинетті құзіреттіліктерді игерген полимәдинетті жеке тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. Мектептерде көп тілді білім бере отырып, тілді терең меңгерген шәкірттер білім алып шығуы тиіс. Бір жағынан мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту болса, екінші жағынан орыс тілінің лингвистикалық белсенділігін сақтау және ағылшын тілін жаһандану экономикасындағы ғылыми-ақпарат алудағы желісін кеңейту болып табылады.

Мектеп оқушылары химия пәнінен халықаралық олимпиадаларға көптеп қатысуда. Ал, осы олимпиадалар мен ғылыми жобалар ағылшын тілінде қорғауды қажет етеді. Көп жағдайда химия пәнін жақсы меңгерген оқушылар ағылшын тілін жетік білмегендіктен, осындай мүмкіндіктерге қол жеткізе алмай жатады. Осы кедергілерді жою мақсатында мектепте өтілетін пәндерді үш тілге негіздей отырып өткізген тиімді. Осыған орай елімізде ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер дайындалуда. Өзім ағылшын тілі курсын оқу барысында химия пәнінде жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану жолдарын, оқушыларға жаңа ақпаратты іздеп табуға қалыптастыруды ұғындым.

Химия пәнін ағылшын тілімен байланыстыра оқыту оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, жаңалық ашуға, әртүрлі бақылаулар, тәжірибелер жүргізуге құлшындырады. Қарапайым көрсетулер оқушыны өз бетімен ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағыттайды.

Қысқасы, мемлекетіміздің негізі – қазақ тілін пән ретінде оқытумен бірге орыс, ағылшын тілдерін бүгінгі таңдағы инновациялық технологиялардың озық тәжірибелерімен меңгертуміз қажет. Бұл – бүгінгі өскелең заман талабы.

Раушан САДЫҚБЕКОВА,

Арыс ауданы, С. Адамбеков атындағы жалпы орта мектебінің химия-биология пәні мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *