ШЫМКЕНТТІҢ АРАЛДА ҚАЛҒАН СПОРТ БАСҚАРМАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙҒА КІМ НҮКТЕ ҚОЯДЫ немесе О.В.Почивалов екінші азаматтығын Ресей Федерациясынан алғандығы рас па?

Қоғам
862 Views

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА

ШЫМКЕНТТІҢ АРАЛДА ҚАЛҒАН СПОРТ БАСҚАРМАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙҒА КІМ НҮКТЕ ҚОЯДЫ немесе О.В.Почивалов екінші азаматтығын Ресей Федерациясынан алғандығы рас па?

«Жақсы атқа бір қамшы, Жаман атқа мың қамшы» деген қазақта аталы сөз бар. Айта-айта, жаза-жаза жауыр болған мәселелер жергілікті басқарушы органдарды былай қойып, Ақордаға да жетіп жатыр. Тілге тиек етпекші болып отырған мәселе тағы да – Шымкент қаласының спорт басқармасы. Өздеріңізге белгілі, оқырман қауым спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы О.В.Почиваловқа қатысты Еңбек инспекциясы әкімшілік іс қозғаған болатын. Одан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің тәртіптік кеңесінде оның іс-әрекеті талқыланды. Комиссия қорытындысы бойынша басқарма басшысы қызметіне сәйкес емес және қызмет лауазымын төмендету жазасы тағайындалып, бұл шешім Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке де жолданған еді. Осы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қоғам белсенділері де ел Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаның назарына ұсынып өз парақшаларына жүктеген. Айтылған сынға қала басшылығы тарапынан тиісті шара қолданылмай отырғандығы Шымкент халқын толғандырып келеді.

Ел Президенті Ақордада тұрып «Естуші мемлекет» құрамыз деп халыққа арнаған Жолдауларында арнайы айтып, соған жағдай жасап жатқан тұста жергілікті биліктің оған атүсті қарауы қалай? Сиырқұйымшақтандырмай Шымкент спортына ұлт жанашырларын тағайындауға не кедергі болып отыр екен Әйтеновке?! Шымкенттен көптеген әлем чемпиондарын, көк туымызды бүкіл әлемдік олимпиада ойындарында көкке көтерген батырларымызды, халықтың мақтаныштарын не үшін шетке ысыруда? Неге солардың ұсыныстарын, талап-тілектерін ескеріп, спортты дамытпасқа?! Спортты көтерсе, солар көтеретініне халық сенімді ғой. Мұны қалай дәрежелеуге және сыбайластықтың қай түріне жатқызуға болады? Әлде Президенттің пәрмені Шымкентке жүрмей қойды ма екен? «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, Почиваловқа қатысты тағы бір кесе көлденең «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кебі болып, оның екінші елдің, яғни Ресей елінің де азаматтығын алғандығы белгілі болып отыр. Бұл әзірге бейресми ақпарат. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жан-жақты тексерілуде (суреті қоса тіркеледі).

Біз осы мәселені Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен құрылған БАҚ өкілдерінің іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында да ортаға салдық. Әкімшіліктен «Ресей Федерациясына ресми сұраныс жібердік және оның жауабын күтудеміз» деген жауап алдық. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей бұл мәлімет те бостан-бос шыққан жоқ қой. Бізде жедел талдап, шешім қабылдау жүйесі қайда?! Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндірмейді ме?


Бұл суреттер әлеуметтік желіден алынды. Аталғанмәліметтің рас не жалғандығы қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынантексерілуде. Анық-қанығын белгілі болғанда жария етеміз.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкенттегі бас өкілі ретінде осы мәселе көтерілген тұста Почиваловты уақытша қызметтен босатып, мәселені егжей-тегжейлі талдап, ақты – ақ, қараны – қара деп шешім шығаруына не кедергі болып отыр? Халықтың сенімі осындайда қалай өзгермек не болмаса қала әкімінің спорт саласына жауапты орынбасары М.Исахов не істеп жүр? Өзінің тікелей міндетіне кіретін бұл салаға не үшін немқұрайлы қарап отыр? Оның Почиваловпен қаншалықты жақын дос екендігі өзінің жеке өміріне тиесілі екенін өзі білер, бірақ мемлекеттік қызметте не үшін адалдық танытпайды? Біз осы мәселе төңірегінде екі рет оның қабылдауында болып, мән-жайды айтып, алдынан өттік емес пе?! Президент Шымкент билігін осы азаматтарға сенім білдіріп, тапсырған еді ғой. Ендеше, осындай көлденең сұрақтарға кім жауапты?

Бұл мәселелер бойынша республикамыздың құзырлы орындарына, одан жоғары Президент назарынан бастап, арнайы мәліметтерге толы арыз жазған Шымкент қаласының спорт басқармасына қарасты №3 спорт мектебінің директор орынбасары, заңгер, ҚР Прокуратурасында абыройлы да жемісті еңбек еткен азамат Пралиев Жиембай Тәліпбайұлының арызын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, автор республикалық, қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына осы арыздың көшірме нұсқасын жіберген болатын.

Қуанышбек БОТАБЕК


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *