ШЫМКЕНТ «ҚАУІПСІЗ ҚАЛАҒА» АЙНАЛАДЫ

Білім
1 120 Views

Егемен еліміздегі үшінші мегаполиске айналып отырған Шымкентте ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар аз емес. Өкінішке орай, келеңсіз жағдаяттар да арагідік бой көрсетіп қалады. Соңғы жылдары әсіресе, жастар арасындағы құқық бұзушылық оқиғалары тыйылмай келеді. Қауқарсыз балақайларға зорлық-зомбылық жасау, жасөспірімдердің суицидке баруы секілді айтуға ауыз бармайтын оқиғалар еріксіз жаға ұстатады. Осы орайда, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханқызының бастамасымен «Шымкент – қауіпсіз қала» кешенді іс-жоспарының аясында барлық мектептерде арнайы басқосулар өткізілуде.

Бүгінгі таңда ең күрделі де маңызды мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Жеткіншектер өмірінің қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау сатыларын сараптау – қоғам міндеті. Жастардың көбінесе қылмысқа бой алдыруы ең алдымен отбасы жағдайымен ұштасып жатады. Әсіресе, әлеуметтік жағдайды таразылайтын өрендер өкінішті оқиғаға бой алдыратыны жасырын емес. Олардың суицидке бармауына түрткі болатын маңызды құралдардың бірі – психолог жұмысы. Психолог жұмысы бала тәрбиесінде басты рөл атқаратыны баршаға аян.

Жалпы, өткен жылы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Шымкент – қауіпсіз қала» атты кешенді іс-жоспарлар түзіліп, қалалық білім басқармасына қарасты барлық мектептерде жұмыстар қарқынды түрде жүргізілді. Жергілікті полиция қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар беріліп, аталған аймақтарда бақылау қондырғыларын, учаскелік инспекторлар қызметін күшейту, рейдтік іс-шаралар жоспары түзіліп, барлық білім ошақтарында жұмыстар жүйелі жүргізілді. Кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған сот төрағасымен меморандум түзіліп, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында білім ошақтарында жетіден астам көшпелі сот отырыстары өткізілді.

Алдағы уақытта бұл жұмыстар өзінің жалғасын табатынына кәміл сенеміз. Қаланың біліммен қамсыздандыратын нысандар жанынан «Мектеп патрулі» ұйымдары құрылып, топқа 1 197 оқушы тартылды. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Бала құқығы – адам құқығы» тақырыбында онкүндік ұйымдастырылды. Оның барысында білім беру ұйымдарында құқықтық білім күнін, форумдар, балалар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің көшбасшылар слеті, қайырымдылық акциялары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшыларымен, мәслихат депутаттарымен кездесулер, ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, балалар үйлері, кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталықтары, арнаулы білімді қажет ететін интернат мекемелері тәрбиеленушілерінің, балалар мен жастар қоғамдық бірлестіктері, еріктілер топтары мүшелерінің қатысуымен кең көлемді іс-шаралар, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін барлық өңірлерде, мектептерде жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу бойынша семинар сабақтары жиі өткізіліп келеді. Бұған қоса қала емханаларында жеткіншектер арасында ерте жүктілікті анықтау бойынша психодиагностикалық іс-шаралар да толассыз жүргізілуде. Оқушыларға мектеп педагог-психологі тарапынан да психологиялық көмектер көрсетіліп, үнемі бақылауда ұсталуда. Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен барлық мектептерде аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «Өмірім бәрінен де қымбат» тақырыбында онкүндік акциясы жарияланып, ата-аналар жиналысы, оқушылармен диагностикалық зерттеу жұмыстары және түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұған қоса білім беру аймақтарында суицидті болдырмау мақсатында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен «Сана сезім», «Интелект», кездесулер, дөңгелек үстел мәжілістері, семинарлар өткізіліп, «сенім» телефондары, «сенім» жәшіктері орнатылғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Айта кететіні, өткен жылдың сәуір айынан бастап жергілікті бюджеттен қаражат қаралып, ЮНИСЕФ жетекшілігімен «Жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын алу жобасымен» жұмыс жүргізетін «Bilimfoundation» қоғамдық қорымен бірлескен келісімшарт түзіліп, осы күнге дейін тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 130 жалпы білім беретін мектеп, 4 кешкі мектеп, 3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, 8 жекеменшік мектебі мен 39 колледж жұмыс істеп келеді. Бағдарлама бойынша «Bilimfoundation» қоғамдық қорының көмегімен 315 педагог-психолог, 349 дәрігер біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқытудан өтті.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке АБЫЛАЙХАНҚЫЗЫ:

– Ұрпақ тәрбиесі – бәрімізге ортақ шаруа. Өйткені, бүгінгі жеткіншек жастар – қоғамымыздың ертеңгі үміті мен сенімі. Оларға терең де сапалы білім, тәлімді тәрбие беру – басты міндетіміз. Бұған қоса шәкірттеріміздің қауіпсіздігі мен құқығының қорғалуына да жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Әрбір бала ешкімнен жәбір-жапа көрмей өсуі керек. Бұл үшін біз жоспарлы да жүйелі түрде жұмыс істейтін боламыз. Қала мектептерінде өткізіліп отырған мұндай жиналыстар ешкімді бейжай қалдырмайды деген ойдамыз, – дейді.

Роза Викторовна ПАК, ұлағатты ұстаз:

– Жасөспірімдерді тәрбиелеу – кешенді міндет. Бұл бағытта әсіресе қалалық білім басқармасы көп күш жұмсайды. Қазіргі уақытта жасөспірімдерді тәрбиелеу өзекті мәселеге айналған. Өйткені бұл санат таза психологиялық тұрғыдан осал болып табылады. Біз, ата-аналар, мектеп пен қоғамдық ұйымдар кешенді түрде бірлесіп жұмыс істеуге, оларды тәрбиелеуге тиіспіз. Бірақ бізге кедергі келтіретін интернет бар. Ол географиялық, моральдік шекара дегенді білмейді. Балалардың бойына осы тұрғыда тиісті мәдениетті сіңіру – біздің басты мақсатымыз!

Республикалық маңызы бар ірі мегаполиске айналған тұста Шымкент қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуды ниет еткен ата-аналар жиналысы өтті. Бұрын-соңды қала мектептерінде тәртіп сақшылары мен мектеп инспекторлары, ата-аналар бас қосқан алқалы жиын қала мектептерінің барлығында өткізілді. Мақсат айқын. Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мүдде!

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *