ЭМОЦИЯ

Әр алуан
1 357 Views

Эмоция – француз сөзі. Адамдарда қорқыныш, қуану, ренжу кезінде көрініс беретін субъективті реакция екен. Қысқасы, сәттік сезімге берілу. Негізі біздің жұрт біледі. Не көп, байқау көп! Неге ағылшынша ән айтып, би билейді десем, ол эмоцияға берілгендік екен. Менталитетіміздің өзі қызық. Еліктегішпіз ғой.

Осы эмоция деген пәлеге бір беріліп көрейін деп ойладым. Оңайлықпен қуанып, қорқа қоймайтын әдетім бар.

Сонда да болса эмоцияны қуануға беріліп бастамақ болдым. Қалай етсем қуанбақпын? Таптым! Ол ақша, табыс. Ақша кімде болуы мүмкін. Министрлерде!

Қиялымда міне, білдей бір министрмін! Санамда өзіме белгісіз менмендік түйсік оянып, қуанып кете бардым. Эмоцияның әсері. Аймақтардан келген арыз-шағым, вицелердің өтініші жайына қалып, ақ бұлттардың үстінде қалқып жүргендеймін. Айналам сақшы. Құрақ ұшқан түрлі деңгейдегі шенді-шекпенділер. Келетінімді күні бұрын хабарлап қойса керек, қайда барсам да жалынды ұрандар жазылған мата керіп, құшақ жая қарсы алады.

Бірде көршім зат сұрап келген. Ренжу эмоциясына беріліп отырғанмын. Қайта келместей етіп қуып шықтым. Тағы келгенде бірді екі еселеп көтеріп жібердім. Неге? Қуану эмоциясында отырғанмын ғой.

Біздің жұрт сұхбат бергенде неге ң-ды н, жаңағыны жанағы деп айтады десем, эмоцияға беріліп, мәдени жетілген, ң-ға тілі келмейді, оқыған деп ойлайды дейді екен ғой.

Эмоция пәленің қазекеме жасамағаны қалмады. Тіпті өнер шеберлерінің өзін басынып алған. Кәстөмін көрермендерге лақтырып, өз иығына өзі қарап, дірілдеп ән айтатын әншілерді білетінмін. Безгек болған шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, эмоцияның әсері екен. Оны кім білген? Осының бәрі риза болғандағы эмоция. Енді ренжу, қорқу эмоциясына беріліп көрмек болдым. Жарық, газ… түрлі жетіспеушілік төлемдерді білгеніме ренжи қалдым. Жұмыссыздық, қымбатшылық есіме түскенде аяқ-қолдарым дірілдеп қорқа бастадым. Әне Сізге субъективті реакция!

Біздің заң орындары тексергіш қой. Менің емес, түрлі бабпен тармақтарды үйіп қойып, оның сөзін сөйлегенде эмоция деп осыны айтыңыз. Қорыққанымнан қалтырап, жүруден қалдым. Бір ғылым кандидатынан осы эмоцияға берілгенім дұрыс па деп едім дұрыс деді. Мұнда француздардікі дұрыс екен. Психологтан анықтағаным, менде еш қиындық жоқ деп денеңізді бос ұстаңыз деді. Сонда орталық жүйке жүйесі жіберіп, бәрі қалпына келеді екен. Бос ұстадым-ақ! Эмоцияға берілгіштік қанымызда болса мен қайтейін? Содан да салық агенті, базарға орынға талон жыртушы болып та көрдім. Әр эмоцияның өз орны бар. Сәтіне қарай бола береміз де.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *