ЭПИДЕМИЯ КЕЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЛАЙ САҚТАНДЫРУ КЕРЕК?

Денсаулық
557 Views

Көптеген сарапшы коронавирустың екінші толқыны болатынын айтып, дабыл қағуда. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарына сенсек, COVID-19-дың екінші толқыны болатыны сөзсіз.

Осыған дейінгі індет толқынын зерделеуде анықталғандай, балалардың 62 пайызы коронавирустың симптомсыз формасымен ауырған. 24 пайызы жеңіл түріне шалдыққан, қалғаны орташа, орташа ауыр түрінен зардап шеккен екен.

Мұндай жаңалықтар адам баласын үрейлендірмей қоймайды. Дегенмен, бос қорқынышқа бой алдырғанша, індет жайлы керекті ақпаратпен қаруланыңыз.

Ең алдымен үйде ғана отыру баланың денсаулығына қауіп төндіретінін ұмытпайық. Ағзаға таза ауаның жетіспеуі – бронхит, тонзиллит, дерматит, демікпе, аллергия мен басқа да ауыр аурулардың таралу қаупін тудырады. Сондықтан, осы пандемия кезінде де балалармен бірге серуенге шығу керек. Алайда вирусты қалай жұқтырмауға болады?

Маңыздысы серуендеу кезінде басқа адамдармен байланысқа түспеңіз. Балаңыз әрдайым бақылауда болсын. Үйіңізге келіп, кетушілердің санын азайтыңыз. Есіктерді, тұтқаларды, лифт батырмаларын барынша ұстамауға тырысыңыз. Сонымен қатар дәрігерлер қолды жиі жуып, антисептикті қолданудың маңызын ерекше еске салады.

Тағы бір сақтық шарасы – дұрыс және уақытында тамақтану. Әсіресе, жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек жеу керек. Сол секілді иммунитет үшін ет жеген және сұйықты мол ішкен пайдалы.

Ал індетті жұқтырғаныңызды қалай анықтауға болады? Ең дұрысы – лабораториялық сынама тапсыру. Науқастар көбінше жөтел мен дене қызуының жоғарлауы байқалады. Мұрынның бітелуі шамамен 5 пайыз ғана адамда анықталған екен.

Ең басты ем – өмірге деген позитивті көзқарас екенін ұмытпаңыз. Сол себепті балаларға жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, үрейге бой алдырмау – дерттен сақтанудың бір жолы бола алады. Сақтық шаралардың қатаң сақталуын да назарда ұстаңыз.

М.М.САЛЫҚБАЕВА,

қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы

2-бөлім меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *