ІСКЕР, ҒАЛЫМ АЗАМАТ ТУРАЛЫ МӨЛТЕК ОЙЛАР

Мерей
575 Views

Бұл дүниеге келгеннен соң айналаңды танып, білу табиғи нәрсе деп білгенімізбен, оның мән-мағынасына терең үңілуге барлығымыздың құлқымыз онша шаба бермейді. Айналаны аса бір ыждаһаттылықпен зерттеу ғалымдардың ісі болғанымен, танымның бәрін оларға үйіп тастау да артықтық етеді-ау. Дегенмен, танымға философиялық тұрғыдан да,жай көзқараспен де бажайласақ, бұл әр адамның міндеті болмағанымен, әркімнің қолынан келе бермейтін де іс. Сондықтан да халқымыз «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп мақалдатқан.

Қолымызда барында алтынды қадірлей алмайтын көбіміз, қарапайым нәрсені көзге де ілмейміз. Сол қарапайым нәрселердің өзі уақыт өте келе аңсататыны да бар. Мектепте оқып жүргенде балабақшаны, студент кезде мектепті, жұмыс арбасына жегілгенде студент кезіңді, қартайғаныңда жастығыңды аңсайтының, тіпті қала берді қарның ашқаныңда тойда жемей кеткен тағамдарыңды, қиналғаныңда жанашырларыңның іздейтінін аңсау табиғи нәрсе болғанымен, бұл бұрылыстардың мәніне, қадіріне дер кезінде жете алмаудың, уақытында тиісінше мағыналы ой тастамаудың да әсері болса керек.

Әуелі өзіңе, сосын көпшілікке ой тастап отырудың да пайдасы шаш етектен. Әсіресе, қасыңда жүрген жақсылар мен жайсаңдар туралы пікір түйіп, олардың жақсы қасиеттері туралы ортаға салып тұру да киелі іс болар. Жақсының жақсылығын айтып тасқа басып отырсаң, бұны оқыған келер ұрпаққа бір пайдасы тиері сөзсіз. Сондықтан ғалымдар, мұғалімдер ортасында танымал қазақ азаматы туралы, оның көпшілікке белгісіздеу басқа да қырларынан сыр шертіп көрейік.

Әңгіме Юнусов Анарбай Ауелбекұлы туралы болмақ. Ол 1951 жылдың 10 қыркүйегінде Тәжікстан Республикасында дүниеге келген. Тәжік Мемлекеттік университетінің Механика-математика факультетін «Математика» мамандығы бойынша бітірген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор. Ол 2000- 2006 жылдары Шымкент университетінде, 2006-2011 жылдары Қазақ-өзбек инженерлі педагогикалық университетінде, 2011-2017 жылдары Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде «Информатика және математика» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеген және 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Информатика және математика» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді.

Ол математика ғылымының ең қиын да шұрайлы, маңызды салалары болып табылатын «Математикалық анализ», «Функционалдық анализ», «Векторлық анализ», «Нақты айнымалы функциялар теориясы», «Комплекс айнымалы функциялар теориясы», «Дифференциалдық теңдеулер», «Математикалық физика теңдеулері» пәндерінің жетік маманы және осы пәндер бойынша дәріс береді.

Юнусов Анарбай Ауелбекұлы «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» мамандығының да үлкен жанашыры және қолдаушысы. Оған дәлел оның осы сала бойынша көптеген оқу-әдістемелік құралдарын әзірлегендігі болып табылады.

Сондай-ақ, «Информатика және математика» кафедрасына қарасты екі аудиторияны математика пәнінің дәрісханалары етіп, оларды су жаңа қажетті әдістемелік стендтермен безендіруді ұйымдастырған.

Ол әр оқу жылында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізілетін «Оқу жетістіктерін сырттай бағалау» іс-шарасына студенттерді әзірлеу жұмыстарын шебер ұйымдастырушы ретінде көзге түскен әдіскер ғалым.

Ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектерінің жалпы саны-301. Ол 50 оқу-әдістемелік құрал мен нұсқаудың авторы. Томсон Рейтер және Импакт Фактор журналдарында 15 мақаласы, ал Республикалық және Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда 120 мақаласы жарық көрген.Әр жылдары жоғарғы оқу орындары оқытушыларының мамандығын жетілдіру, оқу процесіндегі инновациялық технологиялар бойынша білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып, белгіленген оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстар жоспарын орындағаны үшін, шеберлік сабақтарына қатысқаны үшін куәліктер иеленген.

Университет деңгейінде өткізілетін Халықаралық, Республикалық және Аймақтық конференцияларға белсене қатысады. Біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Өзіне жүктелген тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын, білім мен ғылымды қатар алып жүрген ғалым. Университеттің, факультеттің және кафедраның қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысады.Сөзіне берік, ісіне адал.«Информатика және математика» кафедрасының меңгерушісі қызметін бірнеше жыл атқарған, өзіне де, студенттерге де қатал талап қоя біледі. Юнусов Анарбай Ауелбекұлының ұйымдастырушылық және коммуникативтік қабілеті жоғары. Қызметтестермен және студенттермен өзін сыпайы ұстайды, қай ортада болмасын сыйлы, ұжым арасында абыройлы, құрметті азамат.

Оның ғылым және білім беру салаларында еткен ерен еңбектері үшін алған марапаттары мен жетістіктері мынадай:

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы (2012ж), «European scientific and industrial conusortium «Wilhelem Leibniz» медалінің иегері (2013ж.) «Д.А. Қонаев»ғылыми қоғамының үздік жеңімпазы» медалінің иегері, РЖА Академигі, РЖА ғылымы мен біліміне еңбек сіңірген қызметкер, РЖА профессоры, Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің профессоры (2009ж), «Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің құрылғанына 20 жыл» медалінің иегері (2019ж.), 2020 жылы университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше үлес қосқаны үшін Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті ректорының Алғыс хатымен марапатталған (12.2020ж.).

Оның жанұясы үлгілі отбасылардың бірі болып табылады.Ол жұбайы Жақангүл екеуі дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп, оларды оқытып, тәрбиелеп балиғатқа жеткізген, яғни ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған, бүгінде сегіз немере сүйіп, олардың қызықшылықтарына тоймай жүрген абзал жандар – қадірлі Ата мен Әже.

Юнусов Анарбай Ауелбекұлы келесі жылы 70 жасқа толады. Осыған байланысты оның мазмұнды да мағыналы жүріп өткен өмір жолын келер ұрпаққа үлгі болсын деп осы жолдарды жазып отырмыз.

Сөз соңында «Информатика және математика» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Юнусов Анарбай Ауелбекұлына зор денсаулық, қажымас қайрат тілей отырып, оның ғылым мен білім беру салаларындағы еңбектері жемісті де табысты бола берсін, кафедраның ұжымы Сіздің еңбектеріңізді, қамқорлығыңызды құрметтейді және бағалайды дегіміз келеді.

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті «Информатика және математика» кафедрасының ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *