ҒАСЫР ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН БАСЫЛЫМ

Сұхбат
882 Views

«ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНЕ – 95 ЖЫЛ

ҒАСЫР ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН БАСЫЛЫМ

«Қалыптасқан қоғамдық-экономикалық жағдайға оқырманның сипаты мен тіліне орай баспасөз қазір ағартушылық-танымдық, қазақстандық патриотизмді қалыптастыратын сипатқа ие болып отыр. Себебі, біз жаңа мемлекет құру үстіндеміз. Демек, осындай сын кезінде баспасөз халықты біріктіруші, қоғамды алға жылжытатын саяси ойдың алдыңғы қатарда болуын қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан, мемлекетті қалыптастырушы күш ретінде танымдық терең ойлы баспасөзге арқа сүйеместен өз саясатыңды қалай жүргізіп, реформаның мәнін қалай ұғындыруға болатынын түсінбеймін».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Тарихтан қажетті тәлім алу – болашақты көркейту, өркениетті ел болу үшін қажет. Ал тарихтың міндеті – ұрпаққа аса маңызды ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтайтын адамзаттың бастан кешкен қайғы-қасіретін, қуанышын еске салу арқылы өмір қиыншылықтарын жеңіп шығатындай етіп жаңа дүниеге бейімдеу. «Адамзат тарихын санаңызбен саралағанда ғана дәл қазіргі дәуірде өтіп жатқан оқиғаларға кең ауқымды баға бере аласыз», – деп немістің ұлы ойшылы Карл Ясперс айтқандай, көзден кетсе де көңілден кетпеген төл тарихымызда саяси тәуелсіздігіміз 1991 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы декларациядан бастау алады. Тәуелсіздік ғасырлар иірімінен ұлтымызға Жаратушы Алла нәсіп еткен таңғажайып таң шұғыласы, биік мұнарлы, құнарлы несібесі. Ол ілуде бір ұлт пен ұлыстың басына қонатын бақ құсы. Кешегі Абай, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Мұстафа Шоқай, Нәзір, Тұрар, Сәкен, Кенесары, Ілияс, Бейімбет, Қайрат Рысқұлбековке дейінгі аты-жөнін тізбектей берсең ғасырлар томдығын құрайтын, елім, жерім деп жанын шүберекке түйген азаматтардың қара жер белін қайыстыратын асқақ армандары еді.

Тәуелсіз Қазақстанның өсіп, өркендеп, экономикасы қуатты, халқының ынтымағы жарасты болуы жолындағы қызу тіршілікте газет-журналдардың маңызы ұшан теңіз. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам және мемлекет туралы ақпараттың негізгі көзіне айналды. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елімізде қоғамдық-саяси жүйенің қалыпты қызмет жасауы әсте мүмкін емес. Сондай-ақ олар қоғамның демократиялық жолмен дамуының аса маңызды құралы болып табылады. Саяси жүйенің барлық элементтерінің қызметіне әсер ете отырып, бұқаралық ақпарат құралдары олардың іс-қимылына жаңалықтар әкеліп, серпінділік береді, жан бітіреді, әлеуметтік топтар мүдделерімен байланыстырады. Газет – әрбір азаматтың өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғауға шыншыл да жан-жақты ақпарат ала отырып, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға объективті көзқараспен қарап, дұрыс әрекет жасауға мүмкіндік беретін бірден бір құрал.

XXI ғасырда баспасөздің рөлі бұрынғыдан күшеймесе, кеміп отырған жоқ. Өйткені, баспасөздің рөлін оның санымен емес, ұлттық мүддеге негізделген қызметімен өлшеуге болады.

Заман ауысады. Заманына қарай адамы да өзгереді. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген. Сонымен, биыл облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 95 жыл толып отыр. «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, облыс жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымдардың бірі. Сондықтан да “Оңтүстік Қазақстан” газетінің мерейтойы бүкіл қазақ жұртының ортақ қуанышы, ортақ мерекесі деп айтуға болады. Осыған орай, қаймақтай ұйып отырған аталмыш газет шаңырағына арнайы бас сұғып, бас редактор Абай Бекназарұлы БАЛАЖАН ағамыздан сұхбат алған болатынбыз.

– Абай Бекназарұлы, дүбірлі мереке құтты болсын! Тоқсан бес жыл – торқалы той. Оған дайындық барысында басылымның «өмірбаянына» байыпты барлау, тереңірек талдау жасау қажет сияқты.

– Иә, рақмет! Бір ғасырға жуық бай тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов секілді ұлт жанашырлары қаламының ізі қалған. Сондай-ақ, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Бейсенбай Кенжебаев сынды көрнекті тұлғалар редакторлық қызмет атқарған. «Оңтүстік Қазақстан» газеті ресми түрде 1924 жылы 26 қарашадан бастап шыға бастады делінген. Зерттеушілер дерегіне сүйенсек, газеттің шығу тарихы одан әріде жатыр. Ресми түрде бекітілген датамен есептегенде биыл 95 жыл толып отыр. Аталмыш газет тарихқа бай. Оның алғашқы сандары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов ағаларымыздың қолдауымен шығарылған. Бұл газеттің шығуына Нәзір Төреқұлов сынды белді тұлғалар атсалысқан. 95 жылдың көлемінде қазақ халқының басынан өткен тарихты газет те өз басынан өткерген. 1929 жылы астана Алматы қаласына көшіріл­геннен кейін Сырдария округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» деген атпен газет өз алдына бөлек отау тікті.

Кейін округтер таратылып, аудандар тікелей республика орталығына қарағанда «Ленин жолы» газеті Шымкент аудандық партия комитетінің, аудандық кеңес атқару комитетінің және аудандық кәсіподақ бюросының органы ретінде шығып тұрды.

1932 жылдың көктемінде республикада қайтадан облыстар құрылды. Осыған орай, «Ленин жолы» газетінің негізінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастады. «Оңтүстік Қазақстанның» негізі саналатын «Ақ жол» газеті өмірге келген алғашқы жылдарда қазақтың даңқты да аяулы перзенттері – Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев редакторлық қызмет атқарды.

Газетті 1925-1926 жылдары Қуат Құлетов, 1926-1929 жылдары Сейілбек Үсенов деген азаматтар басқарды. 1929 жылы «Ленин жолы» деген атпен шыға бастаған газетке талантты журналист Кенжеғали Абдуллин жетекшілік етті. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдары сынды оқиғалардың баршасының шежіресі осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің беттерінде сайрап тұр.

Қазақстанда компьютер алғаш қолданысқа енген кезінде ең бірінші тәжірибе жүзінде іске асырып, қолданған басылым – осы «Оңтүстік Қазақстан» газеті болды. Мен бұл газетке 2014 жылы келдім. Сол кезде газет таралымы 33 000 дана болды. Ол 49 000 данаға дейін жетіп, қазіргі таңда қаламыз облыстан бөлініп, өз алдына мегаполис болғандықтан, таралым саны сәл азайып, орта есеппен алғанда 40 000-ның төңірегіне жуықтады.

– Өзіңіз мақтана, марқая ауызға алып, басшылық етіп отырған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің кең көлемде тарауының ерекшелігі неде?

– Жалпы газеттің ерекшелігі – рухани құндылығында. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің өзіндік миссиясы бар. Ол – мән, мағынасы мен маңызын жоғалпай, тіл жанашыры, адамзат қауымына рухани тәрбиеші болу. О бастан осы бағытты ұстанып келеді. Кеңес кезінде қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген заман, ұлтымыздың жойылып кету қаупі болған кездер де болған. Мұндай сәттерде елдің экономикасы емес, руханияты алып шығады. Соны білген Оңтүстік өңірінде аға, апаларымыз 1957 жылдан қолға алып, 1958 жылдан бастап қазақ күресін өткізіп келе жатыр. Ол кездері мұндай жарыстар жоқтың қасы. Сондай қиын сәттерде де, қаражат пен қағаз тапшылығы туындаған заманда да «Оңтүстік Қазақстан» газеті үздіксіз жарыққа шығып тұрған. Аға, апаларымыздың жолын жалғайық деп 2017 жылдан бастап мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан облыстық байқау өткізіп келеміз. Мақсатымыз – балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерді сезіндіру болып табылады.

Руханияттан ажырамаудың бір жолы – эпостық жырларымыздан, тарихымыздан сусындау. Эпостық жырдан нәр ала білген бала өзінің ата-бабасының ержүректігін, батырлығын көріп, бойына батылдықты сіңіріп, Отанын, елін, жерін қорғаудан аянбайтын, енжарлық танытпайтын, жат елдің руханиятына ешқандай бой алдырмайтын болады. 2017 жылы алғаш рет Қамбар батыр жырын жатқа айтудан байқау өткіздік. Бірінші орын алған балаға – 200 000 теңге, ал оны дайындаған ұстазына автокөлік мінгіздік. 2018 жылы Алпамыс батыр жырын жатқа айтуды ұсындық. Ол кезде де жүлде қоры солай болды. Ағымдағы жылы Қобыланды батыр жырын жатқа айтуды тапсырдық. Бұл жолғы жүлде қоры үш-төрт есе көбейді.

Адамзат тәрбиесінде ананың рөлін көріп, біліп жүрміз. Алайда әкенің тәрбиесі де маңызды екенін ұмыт қалдырып жатырмыз. Сондықтан әкелерге арналған айдар аштық. Сонымен қатар бүгінгі жастардың бойында патриоттық тәрбиенің де кенде қалып жатқан тұстары бар. Әскерге баруға ықыласы жоқ жастардың да бары жасырын емес. Осы тұрғыда «Мен әскерде жүргенде…» атты айдар ашқанбыз. Онда қазақтың танымал тұлғаларының әскерде болған сәттері, оның өзіндік қызығы мен шыжығын айту арқылы өзіндік әсерімен бөлісуі көрініс табады. Сол арқылы жастарды әскерден қашпай, ержүрек те батыл болуға баулуды жөн деп білеміз. Тағы бір айдарымыз «Нағыз дәрігер» деп аталады. Бұл өз саласының шебер маманы, адам өмірін ажалдан арашалап жүрген нағыз дәрігерлерді елмен етене таныстыру негізінде жасалған айдар. Жалпы мұндай әрекеттердің бәрі – елге жақындаудың амалы. Қазіргі таңда көптеген газет беттерінен белең алып, көрініп жүрген «Бүгінгі сөз» деген айдардың өзі алғаш осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан. Осылай алға адымдап келеміз, келер күннен де үлкен үмітіміз бар.

– Жалпы еліміздің ақпарат айдынында газеттің рөлі қандай? Ғаламтор желісінің қарқынды белең алуы газеттің дамуына кері әсерін тигізбейді ме?

– Әрине, көпшіліктің пікірі солай. Алайда біз газетке тек ақпарат жеткізуші құрал ретінде қарауды доғарғанымыз жөн. Газет ақпаратты таратумен ғана шектеліп, ешқашан жетістікке жете алмайды. Себебі бұл қоғам техниканың, интернеттің дамыған заманында Сіздің ақпаратыңызға зәру емес. Ақпаратты газет беттерінде ең ерте бердім дегеннің өзінде кемінде бір күннен кейін бере аласыз. Ал оған дейін радио, теледидарды айтпағанда, әлеуметтік желінің өзінде сол сәтте шығып кетеді, яғни ақпарат ескіріп, маңызын жоғалтады. Сондықтан қазақ газеттерінің мақсаты – ақпарат жеткізуден бұрын ұлтқа руханият таратушы болуы қажет. Сөздің өз иесі, киесі болады. Оңды-солды қолдана беруге болмайды. Ол ешқашан абырой әкелмек емес. Бір айта кетерім, әлеуметтік желілер ешқашан идеология жасамайды. Идеологияны жасайтын – бұқаралық ақпарат құралдары. Сол себепті жоғары билік өкілдері басты назарды – әлеуметтік желіден бұрын бұқаралық ақпарат құралдарына аударуы қажет.

– Бүтін жарты ғұмырын журналистика саласына арнаған азамат ретінде, аталмыш газеттің басшысы ретінде төл мерекеге байланысты ойыңызды білгіміз келеді.

– Қалай дегенде де «Оңтүстіктің» 95 жыл­дығы – бір басылымның емес, облыс халқының, барша оқырмандарының ортақ тойы. Жұртымызда «Айнаға қараған бойын түзейді, халқына қараған ойын түзейді» деген қанатты сөз бар. Осы қисынға салсақ, елге пайдалы газет шығару қамында жүрген редакцияның бүгінгі ұжымы қазақтың көсегесі көгере берсін деген ниеттің үстінде еңбек етіп жүр. Таразысы – өздеріңізсіздер. Алда үлкен, ауқымды жоспарлар бар. Халық игілігіне атсалысудан ешқашан жалықпаймыз. Газеттің оқырмандары көбейіп, руханиятымыз арта түссін!

– Ашық та бүкпесіз сұхбатыңызға рақмет! Мереке тағы да құтты болсын дейміз.

Айта кетейік, «Оңтүстік Қазақстан» – өзіндік мектебі қалыптасқан іргелі басылым. Оны ұлтжурналистикасының шеберханасы десек те болады. Әр жылдары бұл редакциядан талайшәкірт тәрбиеленіп, түлеп ұшты. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиықақындар, көрнекті жазушылар қызмет етіп, басылымның беделін асқақтатты. Ендеше,ортақ той құтты болғай!

Сұхбаттасқан А.СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *