ҚАЖЫМҰҚАНДЫ БІЛГЕН ЕЛ ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫН НЕГЕ БІЛМЕЙДІ?!

Қоғам
2 367 Views

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының әкімі Рашид ҚАЙЫПЖАНОВТЫҢ назарына!

 

ҚАЖЫМҰҚАНДЫ БІЛГЕН ЕЛ ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫН НЕГЕ БІЛМЕЙДІ?!

 

Соңғы жылдары Ордабасы ауданының әкімдері жиі ауысатын болды. Оның ішкі сырын біз біле бермейміз. Бір білетініміз: Ислам Әбішевтен кейін бұл аудан бірінші басшыға жарымай-ақ қойды, бірі келіп, бірі кетіп жатады. «Билер кетіп ел қалады, бетеге кетіп бел қалады» демекші, басшылар сапырылысып жатқанымен ел орнында, шешілмеген, қордаланған мәселелер де аз емес. Соның бірі – Қажымұқан ауылының заман, уақыт талабына сай өркендей алмай, өркениет көшіне ілесе алмай отырғаны. Сонда бұған кім кінәлі?

 

Ауыл тұрғындарын кінәлай алмаймыз. О баста, социализм орнап, колхоздастыру басталғанда төбе-төбе, сай-жыралы жерде құрылған ұжымдық шаруашылық Ленин деген атына сай жұмыс атқара білді. Аз жылда аудан, облыс көлеміндегі озат шаруашылықтар қатарынан көрінді. Тіпті сол кездегі социалистік жарыста жоғары марапат саналатын Ауыспалы қызыл туды қайта-қайта жеңіп ала берген колхозға «Ленин туы» деген жаңа ат қойылыпты. Дүниені әбден шарлаған, Қазақстанның әр жерінде тұрып көрген, бірақ тұрақтай алмаған күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы ақыры осы атақты Ленин туы ауылына келіп, іздегенін тапқан, тіпті мәңгілік қайтпас сапарына осы қоныстан аттанған.

«Ленин туы» колхозының бағы күні кеше қайтқан жоқ. Бір кездері мақта егумен бірге егіншілікпен, бау-бақшамен, мал өсірумен, тіпті тауық және омарта ұстаумен атағы шыққан ауыл алпысыншы жылдары колхоздарды біріктіру арқылы совхоздар дүниеге келген тұста құлдырай бастады. «Бадам» мақта совхозының бір бөлімшесіне айналған кешегі гүлденген ұжымшар алдымен бау-бақша, омартасынан айырылды. Сол тұста бір ғана талап белең алды – суармалы жердің бәріне мақта егілді. Н. Хрущевтің заманында колхозшылардың үйіргелік жері қысқартылып, мақталыққа қосылды. Бір сиыр, бес қойдан артық мал ұстауға тыйым салынды. Соған орай жылқы өсіру мүлде тоқтап, мал шаруашылығы құлдырады. Міне осыдан кейін ауылдың еңсесі бір көтерілмей қойды. Бірақ ауыл, аудан азаматтары Қажымұқандай таутұлға жерлестерін ешқашан ұмытқан емес.

Алпысыншы жылдары ел азаматтары ұсыныс айтып, мәселе көтеріп жүріп, балуанның кесенесі тұрғызылды. Кейінірек Темірлан ауылындағы басты көшеге Қажымұқан есімі берілді. «Бадам» совхозының аты да Қажымұқан атындағы деп өзгертілді. Аудан орталығындағы жаңа стадион да сол кісінің атын иемденді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» және Арыс қалалық және Бөген аудандық біріккен «Коммунизм таңы» газеттері қазақ күресін де, атақты балуанды да насихаттауға көп көңіл бөлді. Нәтижесінде қазақ күресінен тұңғыш Қазақстан чемпионаты Темірланда өткізілді. Дәстүрге айналды. Ленин туы ауылынан атағы дүркіреп бір топ балуандар шықты. Дегенмен өсіп-өнудің негізгі іргетасынан айырылған ауыл қайта көтеріліп, баяғы атағын қайтара алмады. Аудан орталығы Темірланмен жалғасып жатып, облыс орталығынан қырық шақырымдай жерде тұрса да жырақ орналасқан, болашағы жоқ ауылдардың күйін кешті. Аудан орталығынан Қажымұқан ескерткіші ашылып, арнайы музей салынып, күш атасын лайықты ұлықтау дәстүрге еніп еді. Алайда кейінгі әкімдер тұсында бұл үрдіс пышырай бастады. Бұған керісінше соңғы жылдары отырарлықтар даңқты жерлестерін қалай ұлықтаудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде (№ 170, 2017 жыл) «Қажымұқан тұрған үй» атты шағын материал жарияланды. Онда жаңағы біз айтқан Отырар ауданындағы бір мектептің (!) бір кездері Қажекең тұрған қоржын тамды қалпына келтіріп, ашық аспан астында мұражай бой көтерілгені жазылыпты. Бәрекелді! Қ. Мұңайтпасұлының кешегі Ленин туы, бүгінгі Қажымұқан ауылында ізі қалған жоқ па? Ендеше Ордабасы ауданы басшылары өздері бірдеңе ойлап таппаса да, отырарлықтардан неге үлгі алмайды, үйренбейді? Қазір елімізде рухани жаңғыру қызу жүріп жатыр. Тарихи, киелі орындарға ерекше көңіл бөлінуде. Туристер тамашалайтын жерлер қалпына келтіріліп, абаттандырылып жатыр. Осындайда Қажымұқан кесенесі неге еске түспейді? Әлде ол киелі, тарихи орын аталуға лайықсыз ба? Әбден лайықты! Олай болса, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық жолының бойындағы балуан кесенесі неге назардан тыс қалады? Кезінде ретсіз түскен бейіттердің ортасындағы Қажымұқан кесенесін осы қалпында туристерге көрсетудің өзі ұят. Бейітті қалың шөп басып жатады. Бұның үстіне әлгі күре жолдан бұрылып келе салатын өткел салынбаған. Кесенені көру үшін жолаушыларға ауылды аралап өтуге тура келеді. Ал бұнда көз сүйсінетіндей, көз тоқтататындай көрініс тағы жоқ. Қысқасы, тау-тастардың арасындағы, алыс шеттердегі түрлі аңыздарға негізделген аңыз аталарға көңіл бөлініп, көне кесенелер жөнделіп, оған апаратын жол салынып жатқанда әлемді мойындатқан күш атасының, кеше ғана арамызда жүрген тарихи таутұлғаның тез ұмытылуы қалай?

Ұмытылғаны емей немене, жоғарыда аталған материалда былай деп жазылады: «Қажымұқан ата-баба қонысына 1934 жылы оралады. Ауылдың биік жотасынан қоржын там салады. Бірақ тіршілік жағдайы қиындаған соң жол бойындағы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылына 1947 жылы көшіп, өмірінің аяғына дейін осы жерде тұрады».

Шындық бұлай емес еді. Біріншіден, ол кезде Ордабасы деген аудан болмаған. Екіншіден, Қажекең сол кездегі Тамерлановка ауылына, бас-қаша айтқанда, «Полезный труд» деген орыс колхозына емес, Ленин туы ауылына, яғни атақты “Ленин туы” колхозына көшіп келген. Баяғы Тамерлановканы шулап жүріп Темірланға айналдырдық. «Полезный труд», «Ленин туы» колхоздары тарихқа кеткен. Қазір Темірлан – Ордабасы ауданының орталығы, ал Ленин туы ауылына күш атасының құрметіне Қажымұқан деген ат берілген. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі Темірланда емес, Ленин туы ауылында тұрған. Жалпы шағын ғана материалда әр шөптің басын бір шалу бар да, дәлдік жоқ. Аузына түскен сөзді айта береді: «… Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан бабамыз өз қолымен кірпішін қалаған, жотаға салған үйінің қаз-қалпына келтірілген нобайы көзге оттай басылады». Апырай, Отырар жұрты елім деп келген, жасы ұлғайып, шау тартқан, салмағы атқа ауыр болғандықтан тек арбамен ғана жүретін күш атасын қалай лайға салып қойды екен? Қателерді қойшы, ол шіркіндер аталған газетте өріп жүр ғой, біздің айтпағымыз: бүгінгі уақыт сұранысына сәйкес келіп тұрған тарихи нысандары бар ауылдың көзден таса, көңілден шет қалуы.

Байқаймыз, он-сан проблемасынан қаша ма, әлде басқа сыры бар ма, әйтеуір аудан, өңір басшылары Қажымұқан ауылы мен ондағы күш атасының кесенесіне бара бермейді. Баратын да, түйінді мәселелерді шешетін де кез келді. Рухани жаңғыру соны талап етіп отыр. Қажымұқан ауылынан шитті мақтаны мол өндіруді ғана талап еткен заман әлдеқашан артта қалды емес пе?!

Ауыл келешегі туралы Қажымұқан ауылдық округінің әкімі Саттархан Өтебаев ештеңе айта қоймас. Аудан әкімі ше?!

Зоя ӘБДИ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *