ҚАЗАҚСТАН АРАБ БИЗНЕСІНІҢ КӨМЕГІНЕ ҮМІТ АРТАДЫ

Саясат Экономика
599 Views

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтты.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша екі елдің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екіжақты күн тәртібі өзара тиімді жобалармен және бастамалармен үнемі толықтырылып отырады. Мемлекетаралық қарым-қатынастардың деңгейін жан-жақты қамтылған стратегиялық серіктестік ретінде сипаттауға болады.

– 2019 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында өзара тауар айналымы 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артып, 500 миллион доллар болды. Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,1 миллиард долларға, ал Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне құйған инвестициясы бір миллиард долларға жетті. Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің 350-ге жуық заңды тұлғалары, филиалдары мен өкілдіктері табысты жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде құны 11 миллиард доллар болатын ауқымды жоспарымыз бар, – деді Президент.

Президент өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктері бизнесмендерінің назарын ашылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперациясындағы зор перспективаларға аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан органикалық және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін араб нарығына жеткізу үшін жер, технология, логистика жағынан жақсы мүмкіндіктерге ие. Сонымен қатар халал өнімдерді, мал еті мен құс етін өндіру, майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен жобалар үлкен қызығушылық туғызады.

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстаннан келетін туристер үшін алғашқы бестікке кіретін ең танымал бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы еліміздің өз азаматтарын тек демалу үшін жіберуге ғана емес, сондай-ақ, Әмірліктерден туристер тартуға ниетті екенін жеткізді. Осыған байланысты Қазақстан араб бизнесінің көмегіне үміт артады.

– Біз туризмді жұмыс орындарын ашатын әрі экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін маңызды саланың бірі деп санаймыз. Екінші жағынан, БАӘ көп жылдан бері әлемдік туристік нарықта мойындалған көшбасшы саналады. Сіздердің компанияларыңыздың тиісті білімі, тәжірибесі мен ресурсы бар. Осыған байланысты сіздерді Қазақстанда туристік бағытты бірлесе дамыту үшін және осы саланы, шын мәнінде, халықаралық деңгейге көтеру үшін шақыруға ниеттіміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент білім және ғылым саласындағы өзара ықпалдастықтың маңызы зор екенін атап өтіп, білім саласында жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларға тоқталды.

Дөңгелек үстелде «Abu Dhabi Global Market» еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік министр Ахмед Али Әл Сайих, «LuLu» гипермаркеттер желісінің негізін қалаушы М.А. Юсуф Али, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, «SABIS» Emirates Kazakhstan Education Investment Group» білім желісінің акционері Халед Әл-Кинди, «International Community School» мекемесінің басқарушы директоры Мұхаммед Әл Шамма және басқа да Біріккен Араб Әмірліктері бизнес топтарының өкілдері сөз сөйледі.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *