ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫНА ҚҰРМЕТ

Тұлға
1 157 Views

Шымкентте аса көрнеті мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, академик, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келген күніне арналған еске алу іс-шарасы өткізілді. Салтанатқа қатысушылар Димекеңнің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиынды Қонаев атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті жолшысы, Түркістан облысының халық құрметтісі Асанбай Әлсейіт қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты. Еңбек ардагері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Нұрмаханбет қажы Әжіметов, еңбек ардагері, Шымкент және Арыс қалаларының Құрметті азаматы Шерім Медеуов, «Жастар таныған Қонаев» атты кітаптың авторы Лаура Бақытқызы Бейсек өз сөздерінде Димекеңнің азаматтық асыл қасиеттерін тілге тиек етті. Колледж студенті Айгерім Хасанова өзінің қазақтың біртуар перзентіне арнаған өлеңін оқыды. Ақын Еділбай Көшербайдың «Атыңа не берсе де жарасады» атты өлеңін Шымкенттегі № 87 жалпы орта мектебінің оқушысы Бағдәулет Андасбеков көпшілік назарына ұсынды.

«Ақ бастау» мейрамханасында Димекеңнің асқақ рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды. Д. А. Қонаев атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы А. Әлсейіт сөз сөйледі. Ол аталмыш қордың тұңғыш төрағасы Бақтияр Әжібековтың ұлы, Шымкент қаласы аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы Камил Әжібековке Қонаев атындағы орденді, ал ғалым, медицина ғылымының докторы, Шымкент қаласының құрметті азаматы Иманәлі Байдәулетов, ақын, сазгер, Қазақстан Сәулетшілер және Дизайнерлер одақтары Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының төрағасы Асқар Мамырбаев пен республикалық «Дөңгеленген дүние» газетінің бас редакторы Талғат Ормановқа Қонаев атындағы медальді салтанатты жағдайда табыс етті. Аталмыш қордың жұмысына етене араласып жүрген бір топ азаматтарға Алғыс хат тапсырылды.

Ә. ДОСЫБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *